Билеушілердің көпшілікке айтылмайтын құпия өмірі

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президенті болып тұрған кезде Сара Назарбаевамен бірге Наурыз мерекесінде түскен суреті. Алматы, 22 наурыз 2013 жыл.

Постсоветтік авторитарлық елдерде жоғары лауазымды азаматтардың жеке өмірі мен отбасы туралы ақпарат әдетте қоғамнан құпия сақталады. Бұл танымал саясаткерлердің отбасы мүшелері үнемі халықтың көз алдында жүріп, талқылауынан түспейтін Батыс елдеріндегі жағдаймен салыстыруға келмейді. Сарапшылар мұны саяси мәдениеттің ерекшелігімен және тарихи дәстүрлермен байланыстырады.

АВТОКРАТИЯҒА ТӘН ЖАБЫҚТЫҚ ПА?

Жарты жыл бұрын Қазақстан президенті қызметіне кіріскен 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық саясатта жүргеніне ширек ғасырдан асты – ол парламент сенатының спикері, премьер-министр, сыртқы істер министрі, екі жыл БҰҰ бас хатшысының орынбасары болып істеген. Ондаған жыл бойы халық алдында жүргеніне қарамастан, оның жеке өмірі туралы ақпарат жоқтың қасы. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев (ол мемлекеттік аппаратқа ықпал ету тетіктерін әлі де өз қолында ұстап отыр) президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарған соң Тоқаев президент қызметіне кіріскен күні ақпарат құралдары жаңа бірінші ханымның аты-жөні Надежда Давыдовна деп жазды. Бірақ бір аптадан кейін Ақорда сайтында жарияланған Тоқаевтың ресми өмірбаянында оның "ажырасқаны" айтылған. Президенттің қашан ажырасқаны белгісіз. Бұрын жазылған материалдарда Тоқаевтың "мұнай саласындағы кәсіпкер" деп аталған 36 жастағы ұлы Тимур Тоқаев туралы да дерек кездеспейді.

Бұрынғы бірінші ханым Сара Назарбаева күйеуі президент қызметінде болған соңғы жылдары ел алдына көп шықпады. Ол күйеуімен бірге шетелдік сапарларға барған жоқ, ресми шараларда да бой көрсетпеді. Тұңғыш президенттің сайтында Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Алпысқызы Назарбаева деп көрсетілгенімен, ашық дерекке жататын бірқатар қаржылық құжаттарда, қаржы министрінің есебінде Назарбаевтың әйелі және оның үш қызының анасы Сара Алпысқызы Қонақай деп жазылған. Бұрынғы бірінші ханым шын мәнінде қыз кезіндегі тегін (тұрмысқа шыққанға дейін бұрынғы президент әйелінің тегі Қонақаева болған) қайта алған я алмағаны, ал бұл ақпарат рас болса, оған не әсер еткені белгісіз. 2010 жылы Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, биліктің қырына ілінген Рахат Әлиев (2015 жылы Вена түрмесіндегі камерадан өлі табылған Әлиевтің қазасының ресми себебі суицид деп көрсетілген) Назарбаевтың әйелімен ресми түрде ажырасқанын айтқан.

Қазан айының басында Алматыда өткен баспасөз конференциясында "Дат" оппозициялық газетінің жетекшісі журналист Ермұрат Бапи шетелде тұратын, жемқорлық айыбымен сырттай сотталған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың Назарбаевқа өз адамдары бұрынғы президенттің Лондондағы үйін қоршап, "оның жас әйелін" видеоға түсіріп алғанын көрсетіп, талап қойғанын айтты. Видеоны көзімен көргенін айтып, бейнетаспаның мазмұнын баяндаған Ермұрат Бапи "Байғұс әйел "мен әлемдегі ең бақытсыз әйелмін, сіз мені кешіріңіз, Назарбаевтан кейінгі кезеңде мен сізге кез келген уақытта келемін" деп жылаған дейді. Содан бері үш апта өтсе де, Нұр-Сұлтаннан Бапидың сөзіне байланысты ешқандай пікір немесе оны жоққа шығаратын қарсы уәж айтылған жоқ.

Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы, саяси мансабы бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің өлімінен кейін жоғары өрлеген Дариға Назарбаева қыркүйек айының соңында ел астанасында өткен "Томирис" көркем фильмінің тұсаукесеріне бірнеше жоғары лауазымды шенеунік және "Қазтрансгаз" ұлттық компания басшысы Қайрат Шәріпбаевпен бірге қатысты. Кинозалда ұлттық газ компаниясының топ-менеджері бұрынғы президенттің үлкен қызы және парламенттің жоғары палатасы спикерінің (мемлекеттік қызметтер иерархиясында президенттен кейін екінші орында тұрған қызмет) оң жағында отырды. Бірнеше жыл бұрын кейбір ақпарат құралы 12 жыл бұрын үш баласының әкесі Рахат Әлиевтен ажырасқан Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуі Қайрат Шәріпбаев деп хабарлаған.

Қазақстан парламенті сенатының спикері Дариға Назарбаева (оң жақта) мен "Қазтрансгаз" ұлттық компаниясының басшысы Қайрат Шәріпбаев (сол жақта) "Томирис" фильмінің премьерасында отыр. Нұр-Сұлтан, 25 қыркүйек 2019 жыл.

Дариға Назарбаева шынымен Қайрат Шәріпбаевқа тұрмысқа шықты ма, бұл жайлы ешқандай ресми ақпарат жоқ. Дәл солай сенат спикерінің Асылжан есімді сегіз жасар ұлы туралы да дерек табу қиын. Басылымдар Назарбаеваның кенже ұлы бар екені туралы өткен жылы сенат спикері мен Рахат Әлиевтің қызы Венераның тойы болған кезде жазған.

Назарбаевтар отбасы полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін Ұлыбританияда шартты жазаға кесілген бұрынғы президенттің жиенінің жағдайы туралы да пікір білдірген жоқ. Іс материалдарына сәйкес, Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев биыл жазда Лондонда есірткі қолданған күйі бөтен пәтерде жүрген жерінен ұстамақ болған полиция қызметкерін тістеп алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шартты жаза, айыппұл, есірткіден мәжбүрлеп емдеу. Айсұлтан Назарбаевқа үкім шықты

Мемлекеттегі бірінші тұлғалар туралы ақпарат құпиялығы Қазақстанға ғана емес, басқа бірқатар авторитарлық режим орнаған постсоветтік елдерге де тән құбылыс. Көршілес Ресейде билікте 20 жылдан көп уақыт отырған Владимир Путин отбасы туралы деректі қатаң құпияда ұстайды. Reuters және Bloomberg ақпарат агенттіктері 2015 жылы Мәскеу мемлекеттік университетімен әріптестік орнатқан "Иннопрактика" қорының басшысы Катерина Тихонова - Путиннің қызы деп жазған. Бірақ Путин Тихоновамен туыстық байланысы барын не растап, не жоққа шығарған жоқ. 2017 жылы Ресей президенті немерелері туралы сұраққа жауап беріп тұрып: "Елге мұны білудің қажеті қанша?" деп жауап берген. Кремльдің хабарлауынша, Путин таяуда туған күнін жақындарымен бірге тойлаған. Теледидардан бұл күні Путиннің тайгада қорғаныс министрі Сергей Шойгумен және аты-жөні белгісіз тағы бір азаматпен демалып жатқанын көрсеткен.

Владимир Путин зайыбы Людмила және қыздарымен бірге демалыс кезінде. 2002 жылы түсірілген сурет.

Беларусь президенті Александр Лукашенконың некесіз туған ұлының анасы туралы еш дерек кездеспейді. Ақпарат құралдары "Беларусьтегі ең танымал бала" деп атайтын 15 жастағы Николай бала күнінен әкесі шетелге іссапарға шыққанда бірге еріп жүреді. Ол ресми қабылдау шараларына қатысып, БҰҰ Бас Ассамблеясының жиыны өткен залда отырған. Президент 30 жылдан бері Галина Лукашенкомен ресми некеде тұрады. Беларусь Республикасында Николайдың анасы туралы ештеңе жазылмаған. Бірақ бірқатар ақпарат құралы оның дәрігер боп істейтінін хабарлаған.

Беларусь президенті Александр Лукашенко ұлы Николаймен бірге. Пекин, Қытай, 25 сәуір 2019 жыл.

Қазір Беларусьті паналап отырған, 2010 жылғы сәуірдегі революция кезінде биліктен тайдырылған Қырғызстанның бұрынғы президенті Кұрманбек Бакиев шетелде тоқалы және одан туған екі баласымен бірге тұрады. Бакиев президент болған жылдары оның тоқалы мен балалары туралы ашық ақпарат болмайтын. "Президенттің жас әйелі бар" деген қауесет тарағанымен, тоқалы мен балаларының суреті желіде тек Бакиев елден қашқаннан кейін бір-ақ пайда болды. Оған дейін Құрманбек Бакиевтің ресми некедегі әйелі Татьяна Бакиева, олардың екі ұлы Марат пен Максим деп жазылып келген. 2017 жылы берген сұхбатында Бакиев тоқалы Минскіде қонақ үй менеджментінде жұмыс істеп, отбасын асырап отырғанын айтқан.

Құрманбек Бакиев Қырғызстан президенті болған тұста әйелі Татьянамен бірге сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Сурет 2009 жылы түсірілген.


САЯСИ ДӘСТҮР ЕРЕКШЕЛІГІ

Азаттық сөйлескен сарапшылар авторитарлыққ билеушілер әдетте отбасылық өмірін құпия ұстайтынын, жеке жағдайларға байланысты бұл "құпиялықтан" әр мемлекеттің өзіндік ерекшелігі байқалатынын айтады.

"Отбасылық өмірді құпия ұстау дәстүрі советтік дәуірде Сталиннен басталған" деген Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев совет көсемі Лениннің өмірі туралы оның әйелі Надежда Крупскаяның естелігінен көп дерек белгілі екенін айтады.

- Бұл дәстүр Қазақстанға да жетті. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев "Совет одағының шекпенінен" шыққан. Владимир Путин де сондай – олардың саяси сипаты бір. Аталған президенттердің мазмұны советтік, тек формасы ұлттық кейіпте. Бірақ екеуін салыстырғанда, Назарбаевтың ұлттық формасы көбірек байқалады. Өйткені Путинге өзгерудің қажеті болмады: советтік Путин мен ресейлік Путиннің айырмасы жоқ: екеуі де орысша сөйлейді, советтік жүйедегі Сталин сияқты ойлайды. Путин Сталин сияқты құпия жоспар құрып, шешен соғысы, Украина мен Сирия аумағындағы соғыстар сияқты күтпеген қадамдар жасағанды ұнатады. Ол өзін қолбасшы император санайды. Отбасы арқылы әскери құпиясы белгілі болмас үшін, оларды өзінен алшақ ұстап, жеке өмірін құпия сақтайды, - дейді Досым Сәтпаев.

Ресей президенті Владимир Путиннің отбасын жасырын ұстауы өзін "Ресейге үйленген" жаңа Ресей империясын құрушы рөлінде көруімен байланысты. Сәтпаевтың пікірінше, Путин мұрагерлеріне емес, саяси қарсыластарына қарсы құпия операциялар жүргізуге көмектесетін жеке қызметкерлеріне көбірек арқа сүйейді.

Ресей президенті Владимир Путин әйелі Людмила және қызы Мариямен бірге парламент сайлауы күні сайлау учаскесіне келе жатыр. Мәскеу, 2 желтоқсан 2007 жыл.

Ресейлік саяси технолог және публицист Станислав Белковский Азаттықтың Орыс қызметінің эфирінде Путиннің туған күнінде шыққан бағдарламада осыған ұқсас пікір айтады.

- Путин туыстық байланыстарға тәуелді болудан қорқады. Оның қыздарын мүлде көрсетпейтінін білесіздер. Қыздары лақап есіммен өмір сүреді. Барак Обаманың немесе Дональд Трамптың қыздары әкесінің тегін алмаған дегенді елестету қиын. [Путин] туыстық байланыстарының кедергі болуынан қатты қорқады. Ол - сұмдық интроверт, клиникалық, ауыр интроверт. Туыстық байланыстарын өзіне қысым жасау үшін пайдаланғанын қаламайды. Сондықтан оның туыстары жоқ, ол – жалғыз. Елизавета I патшайымның "Мен Ұлыбританияға тұрмысқа шыққанмын" дегеніндей, Путин де Ресейге "үйленген", - дейді Белковский.

Президент әкімшілігінің стратегиялық зерттеулер және талдау орталығында, Қауіпсіздік кеңесінің талдау орталығында жұмыс істеген қазақстандық саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов билеушілер өмірінің құпиялығын советтік дәуірден қалған саяси дәстүрден көреді. Нұрмұхамедов мұның сырын мемлекет басқарушылардың билікте ұзақ уақыт отыруынан іздейді (мысалы, Владимир Путин Ресейді 20 жылдай басқарып келеді, ал Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылға жуық Қазақстан президенті болды - ред.).

- Ұзақ уақыт билікте отырған басшылар халыққа отбасылық өмірін көрсетіп, олардың наразылығын одан әрі күшейткісі келмейтін шығар. Батыс билеушілері жиі ауысқан соң, ашықтыққа дайын болуымен қатар, кейде мұнысын популистік мақсатқа да пайдаланады. Билікте ұзақ отыру керісінше, мұндай ашықтыққа жол бермейді, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматының іргесіндегі Шымбұлақ шаңғы базасында. 2 наурыз 2002 жыл.

Нұрмұхамедовтың сөзінше, өзін элитаға жатқызатындар әлі саяси элита ретінде қалыптаспаған. Саясаттанушының пікірінше, саяси элита бірнеше буын ауысқаннан кейін ғана қалыптасады.

Үкімет пен оппозицияда болып көрген 71 жастағы қазақстандық экономист Петр Своик ежелгі дәуірден басталатын еуропалық саяси мәдениет қала мемлекеттердің негізінде құрылып, аумақтық мемлекеттер деңгейіне өскенін, бірақ билікте әртүрлі топтардың өкілі болатын қала көлеміне лайық басқару үлгісін сақтап қалғанын айтады. Уақыт өте келе бұл үрдіс билік бөлінісіне әкеліп, оның негізінде бір-бірімен бәсекелес партиялар құрылған. Мұндай жүйеге мерзімді сайлаулар аса қажет. Өйткені сайлаушылар дауысын дұрыс есептеу арқылы ғана басымдыққа ие партия мен оппозиция арасындағы билік бөлінісі анықталады. Сәйкесінше, мерзімді сайлаулардан өткен партия саясаткерлері осындай ойын ережесіне дайын болады. Олар жеке өмірін көрсету арқылы қоғамға өзінің ашықтығын білдіреді.

- Біз саяси мәдениет әуелі қала деңгейінде емес, кеңістік негізінде құрылған, билік бөлінісіне емес, оны бір қолда ұстап тұруға үйренген Еуразияда тұрамыз. Бізде Азиядан – әртүрлі тайпа өкілдерінен әскер құратын Орда мемлекеттік формасы, Еуропадан – православ шіркеуін қоса алғанда, императорлар кез келген институттан жоғары тұратын Византия қалдығы байқалады. Мұндай билік жүйесінде мемлекет басшысынан қол астындағыларға жақын екенін білдіріп, ашықтық таныту талап етілмейді. Тіпті, мұндай ашықтыққа мүлде тыйым салынған. Орда-византиялық басқару типіне сәйкес, билікке алшақтық, жабық болу және мемлекет басшысын пір тұту тән, – дейді Петр Своик.

"ТЫНЫШТЫҚТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ"

"Қазақстанда 1990 жылдары авторитарлыққ билік орнаған соң, президенттің өміріне қатысты деректің бәрі жасырын болып, кейінірек ресми түрде мемлекеттік құпияға айналды" деген Сәтпаев бұл үлгіні Назарбаевтың айналасындағылар да ерекше назарға алғанын айтады.

- "Элитаның" көп өкілі – сол баяғы олигархтар. Олар "алғашқы миллиондарын", жұмсартып айтқанда, "түнек басқан заманда" тапқан. Сол себепті туыстық байланыстары арқылы көлеңкелі капиталдарының көзге түскенін қаламайды. Өйткені мұндай ақпарат Қазақстан қоғамында үлкен наразылық туғызатынын жақсы түсінеді. Сондықтан ақпарат құралдарына "Біреу Швейцариядан кезекті қамал сатып алыпты немесе офшорлық есепшоты бар даулы тұлғалар тізіміне ілініпті" деген жаңалық шыққанда, олар бұл жайлы пікір білдірмеуге тырысады, – дейді Досым Сәтпаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың «сиыр саудасы» және қызының «Швейцариядағы қамалы»

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жүйенің жабықтығын басшылардың "елден жасырар құпиясы барлығымен" түсіндіреді.

- Олар өздерінің материалдық жағдайы, табыс декларациясы туралы артық жағымсыз сұрақтар естігі келмейді. Өздері моральдық тұрғыдан беделді азамат, ал балалары өздігінен жетістікке қол жеткізген "селфмейдмен" (өзін өзі көтерген) тұлғалар емес. Олар "жылы орындарға" жайғасып, меритократияның үлгісін көрсете алмай отыр. Сондықтан биліктің жоғарғы эшелоны "тыныштықты жақсы көреді", - дейді Бақытжан Төреғожина.

Сарапшылар Назарбаевтың отставкасынан кейін басталған билік "транзиті" бар мәселені ушықтырып, билікте жүрген азаматтардың ашықтығына ықпал етпей отыр деп есептейді.

- Бұл жағдай көбі билікті қалап, дәмеленіп жүретін шығыс сарайын еске салады. Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия туралы айтсақ, Түркіменбашының өлімінен кейін босаған орынға сол уақытқа дейін ешкім танымаған Гурбангулы Бердімұхамедов отыратынын бұрын кім білді? Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың өлімінен кейін оның отбасына не болғанын қараңыз, - дейді Сәтпаев саяси, экономикалық ортадағы және күш құрылымдарындағы элиталардың күні ертең кімді жақтап шығарын болжау мүмкін еместігіне назар аударып.