Accessibility links

Назарбаевтың «сиыр саудасы» және қызының «Швейцариядағы қамалы»


Нұрсұлтан Назарбаев "Көкжайлау" тау шаңғысы курортының жобасымен танысып жатыр. Оң жақта қызы Динара Құлыбаева тұр. 1 қаңтар 2014 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев "Көкжайлау" тау шаңғысы курортының жобасымен танысып жатыр. Оң жақта қызы Динара Құлыбаева тұр. 1 қаңтар 2014 жыл.

Батыстың ақпарат құралдары Динара Құлыбаеваның "Женева кантонындағы 17 ғасырда салынған тарихи қамалды сатып алғанын", ал Назарбаевтың наразы әйелдерге "сиыр сатып алуды" ұсынғанын, Қазақстанның молдовалық бизнесмен Анатоль Статимен соттасу кезінде "жалтара бастағанын" жазды.

"Бельрив қамалын иеленетін адам да пайда болды, бірақ 62 миллион [франк] (63,5 миллион АҚШ доллары шамасы – ред.) төлемек" деп жазады Женевада шығатын Bilan іскерлік журналы. Осындай тақырып қойылған шағын мақала авторының сөзінше, 17 ғасырда салынған, ұлттық маңызы бар тарихи объект болып саналатын бұл ғимарат "Қазақстанның [бұрынғы] президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаеваның иелігіне өткен".

БЕЛЬРИВ ҚАМАЛЫНЫҢ "ЖАҢА ИЕСІ"

Bilan-ның хабарлауынша, қамалдың бұрынғы иелері ағайынды Сёрсоктар Женева кантонындағы 28 700 шаршы метр мүліктерін 120 миллион франкқа сатпақшы болған. Үш жыл бойы мұндай ақша шығарғысы келетін сатып алушы табылмаған. Сол кезде "мүлдем дерлік сатылмай тұрған жылжымайтын мүлік" жаңа қожайынға бұйырған.

Басылымның мәліметінше, қамалды 62 миллион франкқа сатып алған-мыс Динара Құлыбаева "2009 жылғы желтоқсанда Женева кантонындағы Аньерде жылжымайтын мүлікті 75 миллионға сатып алып өзіне елді бір қаратқан". "[Бельрив] қамалын оның талғамына сай жөндеп болғасын алдыңғы алғанын сатар-сатпасы әлі белгісіз" деп бір қайырады Bilan.

Динара Құлыбаева.
Динара Құлыбаева.

Швейцариялық БАҚ "ғаламат Аньер коммунасындағы" үлкендігі сегіз мың шаршы метр деп сипаттаған вилланы ерлі-зайыпты Құлыбаевтар (Динараның күйеуі Тимур Құлыбаев Қазақстанның ұлттық мұнай компаниясын басқарады – ред.) 2009 жылы сатып алғанда ел бір елең еткен. Оған жылжымайтын мүліктің бағасы емес, 2010 жылы ақша жылыстату ықтималдығын тексеру себеп болған. Сәл кейінірек швейцариялық билік ерлі-зайыптылар "қаржының қайдан шыққанын" түсіндіріп бергенін, ақша "заңсыз жолмен табылмағанын", 2006 жылы Лондон биржасында Халық банкіндегі "акцияларының бір бөлігін сатқан кезде" пайда көргендерін мәлімдеген. Сол жолғы "акция сатудан" Құлыбаевтар 735 миллион АҚШ долларындай ақша тапқандарын, "оның бір бөлігі вилланы сатып алуға жұмсалғанын" айтқан.

Бельрив қамалы

  • Швейцарияда ұлттық маңызы бар мұра-объект мәртебесіне ие, тарихы бай ғимарат. Құрылысы 1666 жылы басталып, 1672 жылы біткен қамалға бола сол тұста бір-бірімен дүрдараз Савойя мен Женева князьдіктері соғысып қала жаздаған. Тұз қоймасы болады делінген қамалдың бекініске ұқсас етіп салынуын Женева екі тарап арасындағы бейбіт келісімді бұзу деп танып, дипломатиялық дағдарыс туған.
  • Француз революциясынан кейін мемлекет меншігіне өткен. Кейін жекеменшікке берілген. Бұл ғимараттың ең әйгілі қожайыны Садруддин Ага-хан болды. Ол исмаилит мұсылмандардың имамы, қазіргі исмаилиттердің жетекшісі Ага-хан IV-нің ағасы, ханзада Ага-хан III-нің ұлы еді.
  • Садруддин Ага-хан 12 жыл (1965 пен 1977 арасы) БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссары қызметін атқарды. Бұл қызметке 33 жасында тағайындалып, мекеменің ең жас жетекшісіне айналды. Оның жұмыс істеген кезінде босқындарға Еуропа ішінде ғана емес, ғаламдық ауқымда көбірек көмек жасала басталды деген пікір бар.
  • Садруддин Ага-хан 2003 жылы қайтыс болып, артында бала қалмаған соң Бельрив қамалы оның екінші әйелі Катерина Алея Берикетти Сёрсоктың ұлдарына өткен. Ага-хан қамалдың территориясында жерленген.
  • Bilan журналының жазуынша, ағайынды Сёрсоктар Монакода тұрады. Қамалды сатып жіберген соң олардың иелігінде Женева кантонында әлі 15 және 18,5 мың шаршы метрлік екі учаске қалған.

Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар

  • Динара Құлыбаева – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаеваның ортаншы қызы. Forbes журналы жариялаған әлемдегі ең дәулетті адамдар тізімінде күйеуі Тимур Құлыбаев екеуі 715-орында тұр. Forbes-тің мәліметінше, ерлі-зайыптылар бір жылда 14 позицияға жоғарылаған.
  • Журнал Құлыбаевтардың 2018-2019 жылдардағы ортақ дәулетін 6,4 миллиард АҚШ доллары деп бағалаған. Динараға бұл соманың дәл жартысы тиесілі болуы мүмкін. 2010 жылдың наурызынан бері оның байлығы 2,3 миллиард АҚШ долларына өскен.
  • Forbes-тің ақпараты бойынша, ерлі-зайыптылар құрылыс саласына, мұнай өндіруші және газ ұңғымаларына қызмет көрсетуші компанияларға инвестиция салған. Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы мен күйеу баласының ең ірі активі "АЛМЭКС" компаниясы, екеуі сол арқылы елдегі ең ірі Халық банкін басқарады.
  • 51 жастағы Динара Құлыбаева – әкесінің атындағы білім қорының жетекшісі. 2017 жылы "педагогика" саласы бойынша Ұлттық ғылым академиясының қоғамдық және гуманитарлық ғылым бөлімінің академигі атанған. 52 жастағы Тимур Құлыбаев – қазақстандық мұнай-газ және энергетика ұйымдарының ассоциациясы KAZENERGY-дің басшысы, ресейлік "Газпром" компаниясынсың директорлар кеңесінің мүшесі, Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы, Азия олимпиада кеңесінің вице-президенті және Қазақстанның бокс федерациясының жетекшісі.

"ҚАМАЛДАР, СИЫРЛАР ЖӘНЕ ҰРЫСҚАҚ ШАЛ"

Динара Құлыбаеваның есімі және бір батыстық басылымның мақаласында аталады. Eurasianet.org ақпарат сайты "Назарбаевтың ашкөз [көп балалы] аналарды сөккен кезде қызының жаңа сатып алған швейцариялық қамалы туралы ләм-мим демегенін" жазады.

Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" жиынында отыр. 21 тамыз 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" жиынында отыр. 21 тамыз 2019 жыл.

Тамыздың 23-інде жарияланған мақалаға "Қазақстан: қамалдар, сиырлар және ұрысқақ шал" деген тақырып қойылған. Автор Крис Риклтон: "Өкінішті бір жайт Назарбаев тамыздың 21-інде [көп алдына] қайта шыққанда қазақ азаматтарына өз бетінше күн көрудің қыр-сырына үйретті. Тура сол кезде ортаншы қызының құны 60 миллион АҚШ долларынан асатын швейцариялық бір қамалды икемдеп жатқаны көрінді" деп қағытып өтеді.

Қауіпсіздік кеңесі мен билік партиясының жетекшісі болып қалған Қазақстанның бұрынғы президенті "Нұр Отан" партиясының жиынында сөйлеген еді. Мақала авторы Назарбаевтың неге екені белгісіз парламент сайлауы мерзімінен ерте емес, уақытында өтетінін қатты ескертіп, мажоритарлық жүйеге өтуді ұсынушыларды сынап баққанын атап өтеді.

Видео: Назарбаев сөзіне нұр-сұлтандық әйелдер наразы

Назарбаев сөзіне нұр-сұлтандық әйелдер наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

"Кездесу кезінде ол (Назарбаев – ред.) ең қатқыл сынын табысы аз аналарға сақтап отырған болып шықты. Олардың (көп балалы аналардың – ред.) көбеюін мемлекет демографиялық себеп үшін ынталандырып келген. Бірақ [аналардың] әлеуметтік қолдауды күшейту туралы табанды талаптары биліктің шымбайына батып та бара жатқан. "Бер, бер, тағы кішкене бер" деп сөкті ол наразылық шараларын, демонстранттардың жуырда жәрдемақы өскенін қанағат көрмегенін айтып. "Не деп ойлап ең?" деп сұрады ол отбасын жоспарлауды меңзеуге ұқсайтын сөзінде. Сосын мұқтаж әйелдерге: "Сиыр сатып ал да, жаныңды асыра" деп кеңес қылды" деп келтіреді Назарбаевтың сөзін Eurasianet.org тілшісі.

СТАТИМЕН СОТТЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Бас кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан PR Newswire ақпарат сайтының тамыздың 19-ында хабарлауынша, АҚШ-тың Колумбия аудандық соты (ел астанасы Вашингтонда орналасқан – ред.) Қазақстанның активтерін ашып көрсету туралы талапты тоқтату әрекетін екінші мәрте қабылдамай тастаған және "бұдан былай мұндай әрекетке жол бермейтінін" мәлімдеген.

Қазақстандағы мұнай мен газ саласында бизнес жасап, инвестиция салу кезінде зардапқа ұшырадым деп соңғы бірнеше жыл бойы шығынын өндіріп алмақ болып соттасып келе жатқан молдовалық кәсіпкер Анатоль Стати туралы Азаттық бірнеше мәрте жазған. Қазақстан билігі халықаралық соттарда қаралып жатқан бұл іске қатысты өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып келеді. "Статидің тарабы Қазақстанды шағымданушыға 535 миллион АҚШ долларын төлеуге міндеттейтін сот үкімін орындаудан бас тартқан себепті қазақ активтерінің ашып көрсетілуін тілеп отыр" деп жазады онлайн басылым.

Анатоли Стати
Анатоли Стати

Тамыздың 13-і күнгі шешімінде сот Қазақстанға биылғы қарашаның 8-іне дейін АҚШ-тағы және АҚШ-тан тыс жерлердегі активтерін ашып көрсететін құжаттарды тапсыруды бұйырған. Ascom Group компаниясының үлескері және басшысы Анатоль Стати Қазақстанды "халықаралық заңдық міндеттемелерді орындаудан жалтарып отыр" деп айыптаған. Алғаш рет Қазақстан билігіне халықаралық заң бұзып, Статиді шетелдік инвестор ретінде әділетсіз шығынға ұшыратқаны үшін 500 миллион АҚШ долларын өтеуді міндеттейтін шешімді 2013 жылы швециялық арбитраж соты шығарған. Қазақстан тарабы апелляциялық шағым түсіргенімен кейін бұл елдің Жоғарғы соты әуелгі шешімді күшінде қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG