Wikileaks жариялаған АҚШ-тың дипломатиялық телеграммаларының ішінде қазір түрмеде отырған қазақстандық саясаткер Кәрім Мәсімовтің астанадағы қымбат түнгі клубтардың бірінде жалғыз билеп жүргені туралы есеп болған.
Бұл есепте 2008 жылы сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов президент әкімшілігінің басшысымен және Астана әкімімен бірге жанына орта жастағы үш әйелді алып (саясаткерлердің жұбайлары болуы мүмкін), түнгі клубта сауық құрғаны айтылады.
Өзгелері ортада көңіл көтеріп жүргенде, Мәсімов "Шоколад" түнгі клубының сахнасына шығып, достары болдырып қалғаннан кейін де, 20 минут бойы жалғыз билеген.
Шетелдік ақпарат құралдары жарыса жазып, премьер-министрдің өзі де мойындаған оқиға саясаттың ұшар басына көтеріліп, билік Қаңтар оқиғасынан кейін тығырыққа тірелгенде, бар кінәні арқалап, сахнада жалғыз қалған Кәрім Мәсімовке таптырмас теңеу сияқты.
Қауіпсіздік комитетінің 57 жастағы, жекпе-жек өнеріне әуес бұрынғы басшысы – 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы үшін жауапқа тартылған жалғыз шенеунік.
24 сәуірде Астанада өткен жабық сот отырысында Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен 18 жылға сотталды. Оның үш орынбасары 3-16 жыл аралығында бостандығынан айырылды.
Мәсімовке бәрінен де Назарбаевтың сөзі ауыр тиген шығар. Қазақстанның бұрынғы президенті Мәсімовтің ісіне қатысты журналистер сұрағына жауап беріп, бір кездері адал серігі болған Мәсімовті Иса пайғамбарға сатқындық жасаған Иуда Эскариотқа теңеді.
"Мәсімовпен көп жыл бірге жұмыс істедім. Бірақ қайдан білесің? Иса да жанында жүрген Иуда сатқын екенін байқамады ғой" деді Назарбаев.
Your browser doesn’t support HTML5
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев телеграм-арнасындағы үкім туралы жазбасында Мәсімовті "Қазақстанның саяси алаңында "тірі қалған" тәжірибелі саясаткер деп атап, оның қателескенін айтады.
"Билік үшін таласта бастысы – өз күшіңді жоғары бағалап, қарсыластарыңды осал көрмеу, сәттілікке сеніп қалмау. Түптеп келгенде, әркім қара басының қамын күйттейді" деп жазды саясаткер Abishev Analytics арнасында.
Билік Қаңтар қырғыны үшін бар кінәні Мәсімовтің мойнына арта салған жоқ па?
ЫҚПАЛДЫ АУТСАЙДЕР
Миллиардтаған доллардың арқасында елеусіз елді мекеннен тәуелсіз мемлекеттің астанасына және Назарбаевтың мақтанышына айналған туған жері Целиноград сияқты 1965 жылы өмірге келген Кәрім Мәсімов те ойда-жоқта жарқ ете қалды.
Мәсімов Қазақстандағы оқуын тәмамдаған соң, Пекин университетінде қытай тілін үйренді.
1991 жылы Совет Одағы тарағанда Қытайдағы сауда өкілдігінің заң бойынша кеңесшісі еді. 1994 жылы Қазақстанның атынан Гонконгтағы тап сондай органға басшы болды.
35 жасында көлік және коммуникация министрі болғанға дейін Мәсімов банк секторында басшылық қызметтерде істеді. Ол алғаш саясатқа араласып, министрлік тізгінін ұстағанда, үкіметті мандарин диалектісін жақсы білетін, Мәсімовтен 12 жас үлкен және Назарбаевқа жақын Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын.
2007 жылы Мәсімов Қазақстандағы ең жас премьер-министр болды. 2009 жылы бүкіләлемдік экономикалық дағдарысты еңсеріп, бір жылдай Назарбаев әкімшілігін басқарып, 2014 жылы қайтадан үкімет басына келді.
Аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген премьер-министрдің сол кездегі шетелдік кеңесшісі Мәсімовпен түнгі 1-де танысқанын айтады.
– Мәсімов басқа шенеуніктер сияқты еңбекқор еді. Бізден кешірім сұрап, дастарқан жайғызды, – дейді ол.
Дипломат Тоқаевқа тән деп айтылатын сыпайы мінез Мәсімовте де бар еді.
– Жылы жүзді, талқылауға ашық адам. Шетелдіктермен сөйлескенде өз ойын ашық айтатын. Қазақстан әлемде қандай орын алатынын жақсы түсінетіндей көрінетін. Басқа шенеуніктер ашуланып кететін нәрсеге Мәсімов жай күлімсіреп, қай жерін түзету керегін айтатын, – дейді ол.
Бұрынғы кеңесшінің сөзінше, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрді Назарбаев режимінің имиждмейкері ретінде жұмысқа шақыруға Мәсімов ықпал еткен.
Мәсімов – алғашқылардың бірі болып Twitter-ге тіркелген шенеунік.
Ол өзін модернизатор деп білді. Ұлты ұйғыр оған айналаға шынайы көзбен қарайтын, әр қадамына сақ саясаткер болуға тура келді.
– Ол Назарбаевтың сенімді көмекшісі болды. Оның билігін тартып аламын деп ойлаған жоқ. Мәсімов батыл әрі тәкаппар көрінді, – дейді алты жыл бұрын Мәсімовпен кездескен шетелдік дипломат.
Әртүрлі ақпарат көздеріне қарағанда, Мәсімов Назарбаевқа адал болуымен қатар, бұрынғы президенттің күйеубаласы, елдегі ірі банктердің біріне иелік ететін олигарх Тимур Құлыбаевпен де жақсы араласқан.
Мәсімов көлік және коммуникация министрі болмай тұрып, "Халық банкті" басқарды.
– Олар жақсы тандем еді. 2000-жылдары Назарбаевтың үлкен күйеубаласы Рахат Әлиев қуғынға ұшырағаннан кейін Құлыбаев басты тұлғаға айналды және оның мүддесі күннен-күнге арта берді. Мәсімов екеуі бизнесін бірге жүргізді. Құлыбаев бюрократиялық қиындықтардан өтті, Мәсімов оған саяси тұрғыдан қолдау көрсетті. Ол кезде Мәсімов Назарбаевтың қаржылық, қоғамдық және жеке мәселелер бойынша кеңесшісі болатын, – дейді ірі халықаралық компанияда мемлекеттік органдармен байланыс саласында істейтін, бұрын Мәсімовпен сөйлескен қызметкер.
Мамырда Назарбаев Астанадағы өзінің аты берілген университеттің инвестициялық қызметіне Мәсімов жауапты деді. Осыған дейін ақпарат құралдарында Назарбаев университеті туралы зерттеу жарияланып, Назарбаев қайырымдылық қорлары арқылы миллиардтаған доллар активтерді басқарып отырғаны айтылып еді.
Наурызда ұлттық қауіпсіздік комитеті Мәсімовтің жергілікті және шетелдік компаниялардан пара алғанын растайтын дәлелдер тапқанын хабарлады. Қымбат үй мен шабадан толы ақшаның суреті салынған баспасөз-хабарламасында тергеушілер Мәсімовке сыйға тартылған зәулім үйден 17 миллион доллар ақша тапқаны жазылған.
Мәсімовтің АҚШ мемлекеттік департаментінің бұрынғы қызметкері Дэвид Меркель басқаратын PR-науқаны бұл ақпаратты "айыпталушының беделіне нұқсан келтіруге талпыныс" деп бағалады.
ӨТПЕЛІ РӨЛ
Бір кездері премьер-министрмен жұмыс істеген шетелдік кеңесші 2016 жылы Мәсімов ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болып тағайындалғанын естігенде таңғалғанын жасырмады.
– Назарбаев оны кландарға еш қатысы жоқ адам деп ойлап, әртүрлі рөлдерді сеніп тапсырды. Бірақ Қазақстанда жұмыс істеп жүргенімде, сіздерде модернизацияға қарсы адамдар мен модернизаторлар болды. Мәсімов сондай модернизаторлардың бірі еді, – дейді ол.
Не десек те, Мәсімов ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметіне бекер келген жоқ.
Меркельдің Karimmasimov.com сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Назарбаев президент қызметінен кетуді ойлағанда, ол билікті бейбіт жолмен Тоқаевқа тапсыруда маңызды рөл атқарды.
Мәсімовті сынаушылар оның комитеттегі рөлі 2019 жылы билікке келгеннен кейін бұрынғы президенттің жақындары мен саяси серіктестерінің ортасында қалған Тоқаевтың беделін тексеру болды дейді.
Тоқаевтың билігін барынша шектеу үшін Назарбаев Қауіпсіздік қызметін өмір бойы басқару құқығын алды. Бұл Тоқаевтың ықпалына күмәнді күшейтіп, жаңа президентті Мәсімов сияқты тұлғаларды жұмыстан шығару мүмкіндігінен айырды.
Көп ұзамай Тоқаев пен Назарбаевтың арасы бұзылды деген қауесет тарады.
Сарапшылар Назарбаевтың төңірегін (бұл топқа Мәсімовтің де қатысы бар) "кітапхана" деп атады. Өйткені олардың жиналысы көбіне президент кітапханасында өтетін.
2021 жылы Израильдің Pegasus тыңшы бағдарламасының көмегімен әшкереленген ақпаратқа қарағанда, Қазақстан үкіметі Тоқаевты ол билікке келмей тұрып аңдып, бақылауға тапсырыс берген.
Мемлекеттің нысанасына іліккендердің тағы бірі – 2008 жылғы сол бір кеште Мәсімовтің жанында болған сыныптасы, Қазақстанның болашақ премьер-министрі Асқар Мамин.
Дәл осы бағдарламамен телефонынан ақпарат ұрланған Димаш Әлжанов аңду операциясын Мәсімов басқарған деп топшылайды.
– Ол қоғамды үстінен, ал режимді ішінен бақылауға жауапты болды. Мәсімов бұл операцияны Назарбаевтың сұрауымен жүргізді деп ойлаймын, – дейді саясаттанушы әрі белсенді Әлжанов.
Мәсімовке қарсы сот процесі жабық өткендіктен, оған нақты қандай айыптар тағылғаны, істің жай-жапсары белгісіз.
Your browser doesn’t support HTML5
Қолда бар ақпаратқа қарағанда, Мәсімов 5 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысқаннан кейін біраз уақыттан соң қамауға алынған.
Ресми деректерде ол 6 қаңтар күні ұсталды деп айтылады. Бұл кезде елде сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне қарсы басталған бейбіт наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, Алматыда және Қазақстанның тағы бірнеше қаласында әкімшілік ғимараттар өртеніп, көліктер қирады, дүкендер тоналды.
Басқа ақпарат көздеріне сүйенсек, Мәсімов 5 қаңтарда ұсталған.
Бұл деректердің қайсысы рас екені белгісіз, өйткені ресми мәлімдеме 8 қаңтарда бір-ақ шықты.
Бұл кезде Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскері келіп, Тоқаевтың позициясы едәуір нығайып қалған.
Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаев бірде-бір мәлімдеме жасаған жоқ. Кей деректерге қарағанда, ол Қауіпсіздік кеңесінің отырысына да қатыспаған.
Тоқаев интернетті өшіріп, барлық ақпарат арнасын бақылауда ұстап отырды.
Кейінірек Тоқаев "Назарбаевпен сөйлесіп, оны Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетуге көндіргенін" айтады.
Президент өзіне Астанадан қашуды ұсынғандар болғанын айтуды да ұмытпады.
"Кез келген мемлекеттік төңкерістің мақсаты – әртүрлі адамдардың билікке келуі" деді басында Алматыға "20 мың террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеген Тоқаев.
Мәсімов мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған болса, ол мұны басқа ықпалды саясаткерлердің көмегінсіз жалғыз өзі іске асыра ала ма?
Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев "жаппай тәртіпсіздіктің өршуіне ұлттық қауіпсіздік комитеті кінәлі" екенін атап өтті.
Мәсімовтің бірінші орынбасары, Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің жайы не болады?
2019 жылы Тоқаев президент болған кездің өзінде көбі Назарбаевтың орнын Самат Әбіш басады деп болжап еді.
Мәсімовтің басқа үш орынбасарымен салыстырғанда, Әбіш күдікті емес, куәгер ретінде тергелді. Қаңтар оқиғасынан кейін біраз уақыт бойы халық Самат Әбіш қызметінен босатылды ма, жоқ па деген сұрақтың жауабын білмеді.
– Мәсімов мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты деген идея ақылға қонбайды. Ақылды саясаткер еді. Ол ешқашан қазіргі Тоқаев сияқты басты рөлдегі актер бола алмайтынын жақсы білетін, – дейді Әлжанов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Лука Анчески: Мәсімов сотталса да, Қаңтар оқиғасының беті жабылған жоқ"Мемлекетке опасыздық", "билікті асыра пайдалану". Мәсімов пен орынбасарларына үкім шықты"Тоқаевтың әрекетінен реформаторлық сезілмейді, бірақ Назарбаевтан арылу ниеті айқын байқалады"Қанды Қаңтарға бір жыл: "Билігі күшейген" Тоқаев, "Назарбаев пен отбасының жұмбақ рөлі" һәм жауапсыз сұрақтар"Қылмыскерге оқ атуға арнайы бұйрық қажет емес деген заңда бар". Бас прокурор Қаңтар жайлы тағы не айтты?