"Қарметтің" жаңа инвесторы. Андрей Лаврентьев деген кім?

Андрей Лаврентьев. Қазақстандық автобизнес қауымдастығы сайтындағы фото

Қарағанды метталургия комбинатының жаңа инвесторы қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев екені мәлім болды. Тегі үндістандық инвестор Лакшми Миттал 1995 жылдан бері иелік еткен ірі кәсіпорынды басқаруға келген Лаврентьев деген кім? Ақшаны қайдан тапқан? Кіммен байланысы бар?

8 желтоқсанда баспасөз мәслихатында Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев "АрселорМиттал Теміртау" металлургия кәсіпорны (Қарағанды металлургия комбинаты) мен ArcelorMittal Tubular Products Aktau құбыр зауытының акциялары Qazaqstan Investment Corporation мемлекеттік тікелей инвестициялар қорына өткенін хабарлады. Министр екі зауыттың акциялары жақын арада қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьевке берілетінін хабарлады. Және де, жалғыз оған ғана емес, акцияларының бір бөлігіне Лаврентьев иелік етіп отырған компанияларға да берілуі ықтимал.

– Жаңа инвестор жөнінде: Allur компаниялар тобы, Андрей Лаврентьев. Басқару құқығы оларға алдағы бір-екі күнде көшеді, – деді Шарлапаев.

Андрей Лаврентьев Qazaqstan Steel Group компаниясы атынан басқармақ деп хабарлады "ақпарат көзіне" сүйенген ҚазТАГ. 2023 жылы қазанда құрылған бұл компанияның бүкіл акциясына Лаврентьев иелік етеді.

"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының атауы Қарағанды металлургия комбинаты болып өзгеріп, қысқаша "Қармет" деп аталмақ. Министрдің сөзінше, инвестор мәмілені жүзеге асыру шығынын – 286 млн долларға активтерді сатып алуды, ArcelorMittal атты бас компания алдындағы 700 млн доллардың қысқа және ұзақ мерзімді қарыздарын өтеуді толық мойнына алып отыр. Бұған қоса инвестор кәсіпорынға алдағы үш жылда 3 млрд доллар инвестиция құюды міндетіне алады.

Инвесторды кім, қалай іріктегенін және металлургия өнеркәсібі саласында тәжірибесі жоқ компанияға неліктен таңдау түскенін Қазақстан үкіметі түсіндірмеді. Азаттық министрлікке сауалхат жолдады, бірақ әзірше жауап келген жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

"АрселорМиттал Теміртау" қазақстандық кәсіпкерге қалай өтті?

ALLUR ЖӘНЕ АНДРЕЙ ЛАВРЕНТЬЕВ

Андрей Лаврентьев 1979 жылы Алматы қаласында техникалық құрылыс инженері мен СССР министрлер кеңесі мемлекеттік жоспарлау комитетінің экономисінің отбасында дүниеге келген. Алматыдағы жоғары құқық мектебінде білім алған Андрей Лаврентьев еңбек жолын автокөлік орталығында бастаған деп көрсетілген ол туралы жарияланған деректерде. 2003 жылы екі серіктесімен бірге ашқан автокөлік сататын компанияны Allur деп атаған.

Лаврентьевтің серіктестері Нұрлан Әділов пен Гафур Ихсан кейін оның туысына айналған. Әсіресе Ихсанның аты-жөні БАҚ-та жиі көзге түсетін. Оны президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Мусиннің отбасына жақын серіктес" және Айгүл Нұриеваның бұрынғы күйеуі деп атайтын. Нұриева – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қорларының бірін басқарған қазақстандағы бай адамдардың бірі саналады. Кей деректерде ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің де активтерін басқарған деп көрсетілген.

2006 жылы Ихсан сол кездегі Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басшысының күйеу баласымен және тағы екі адаммен бірге "Фаджр" діни қорын құрған деп жазады басылымдар.

Дәл сол жылы Лаврентьев пен Әділов New Way Investment компаниясымен бірлесіп "Allur Auto" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тіркеткен. New Way Investment компаниясының құрылтайшысы қазақстандық экономист Қаби Оқаевтың ұлы Еркебұлан Оқаев еді, ол компанияға 2020 жылға дейін иелік еткен.

Компания біртіндеп ұлғайып, байланыстарын кеңейткен. 2012 жылы Allur Auto "СарыарқаАвтоПром" зауытындағы ресейліктердің үлесін сатып алған. Қазір бұл Қазақстандағы жеңіл автомобиль құрастыратын ірі кәсіпорын.

2014 жылы құрылған "Аллюр компаниялар тобы" акционерлік қоғамы құрамына "СарыарқаАвтоПром" мен ауылшаруашылығы техникасын шығаратын "Агромашхолдинг", дистрибьюторлық компания мен дилер орталықтары кіреді. Компания акцияларының бақылау пакеті (51 пайыз) 2019 жылдан бері Қытай үкіметінің (Қытайдың мемлекеттік мүлікті бақылау және басқару жөніндегі комитеті) иелігінде. Оған дейін акциялар бақылау пакеті қазақстандық бизнесмен Юрий Цхайдың иелігінде болған. Қазір акциялардың 27,48 пайызы – Лаврентьевке, 16,52 пайызы – Цхайға тиесілі, ал бес пайызына "Қазақстанның даму банкі" акционерлік қоғамы иелік етеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Арселордың" Қазақстандағы 28 жылы мен Митталдың болат қорыту империясының өрлеуі

БІРЛЕСКЕН БИЗНЕС ЖӘНЕ САНКЦИЯЛАР

Андрей Лаврентьев "Қостанай трактор зауытында" да үлеске ие. Онымен бірге сол кәсіпорында ресейлік "Петербург трактор зауытының" және "Тобыл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоағымының да үлестері бар. 2019 жылға дейін ол компания "ҚазБелЛизинг" деп аталған. Бұл Қазақстан мен Беларусьтің бірлескен кәсіпорны болады деп жоспарланған еді. Жалғыз акционері Лаврентьев болды. Зауыт "Кировец" тракторын шығарады.

2020 жылы Лаврентьев Chevrolet авткөлігін шығаратын өзбекстандық "Узавтосаноат" компаниясының акционерлерінің біріне айналды. Екі жылдан кейін кәсіпкер компания Allur-мен әріптестік орнатқанын жария етті.

2021 жылы Лаврентьев ауылшаруашылық техникаларына арналған бөлшектер шығаратын орталық салды деген ақпарат тарады. Орталық ашылды деген хабар болғанымен, көзге көрінетіндей нәтиже байқалмайды.

Allur дөңгелек шығаратын зауыт құрылысына да қатысып жүр. 2020 жылы зауытты Лавреньтевтің туысы Мұхамед Талғатұлы Әлімханов QazTyreTech компаниясы арқылы тұрғызып жатыр деп айтылған. Одан бері екі жылдан артық уақыт өтсе де зауыт әлі жоқ.

2022 жылы дөңгелек шығаратын зауытты іске қосуға Ұлттық қордан 98 млрд теңге бөлінеді деген ақпарат тарады. Бұл жобаны Лавреньевтің меншігіндегі "Allur Tyres" ЖШС ресейлік "УК "Татнефть-Нефтехим" жауапкершілігі шектеулі компаниясы мен қазақстандық "СарыаркаАвтоПром" мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп салатыны айтылған.

Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциялары KamaTyresKZ зауытының құрылысына кедергі келтірмегенге ұқсайды, керісінше, зауыт акционерлері қатарына ресейлік "ТатШина" компаниясы қосылды.

"Аллюр компаниялар тобы" акционерлік қоғамының кейінгі жасалған аудиторлық есебінде кәсіпорын ООО Allur KZ деп аталатын дилер орталықтарының бірін "үшінші жаққа" сатып жібергені жазылған. Компанияның қазіргі құрылтайшылары кім екенін көру мүмкін емес. Сонымен бірге ол есепте компания ресейлік екі дилер орталығын "ол бағыт бойынша автокөлік сату тоқтауына байланысты" жауып тастағаны айтылған.

Бұған қоса Андрей Лаврентьев оған қарасты "Агромашхолдинг" компаниясы Ресейге қарсы салынған санкцияларды айналып өтуге септесіп отыр деген айыптауға да қалды. Мұндай әңгіменің шығуына Deutz-Fahr тракторы себеп болды. Кез келген басқа ауылшаруашылық техникасы сияқты Deutz-Fahr тракторын да Ресейге сатуға тыйым салынған. 2021-2022 жылдардан бастап Қостанай трактор зауытында құрастырылып жатқан осы тракторды Ресейде де сатып жатыр деп хабарлады желі қолданушылар. Ресейдегілер болса ол елде ресми дистрибьютер жұмыс істеп жатқанын айтады.

Андрей Лаврентьев өзіне аяқ астынан бұйырған ірі актив туралы әзірше тіс жарған жоқ. Комбинатты қалай дамытатыны, өндірістегі адам өліміне қалай тоқтау салатыны туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Сарапшылар да бұл мәміле туралы "қалай боларын кейінірек көрерміз" немесе "жаңа инвестор бұрынғы қателіктерді жасамайды деп үметтенеміз" дегеннен басқа жарытып ештеңе айтпады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қарағандыдағы шахтада тағы ірі апат. Астана "Арселор" активтерін өзіне қайтармақшы ма?"Күнде өліммен бетпе-бет келеді". Қара жамылған Қарағанды"Ашкөз қожайын" мен "селқос билік". Ондаған адамның өмірін жалмаған апат үшін кім жауапты?