МӘСЕЛЕ БАР, ШЕШІМ ЖОҚ
Атыраулық "Ақжайық" басылымы осы аптада Жайық өзенінің күрделі ахуалы туралы мақала басты.
"Ақ Жайығымыз үшін алаңдаймыз – балығымыз қырылып, жойылып жатыр, арна лайланып, таязданып барады. Әлеуметтік желілерде бір адамның Махамбеттегі көпір жанында өзеннің таязданған қақ ортасын кешіп жүргені түсірілген бейнежазба пайда болды..." деп басталған мақала әрі қарай "Су бастамалары орталығы" қоғамдық қорының сарапшысы Мейрам Арыстанов сұхбатымен жалғасқан.
Арыстановтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында Жайық өзенінің экожүйесін сақтау туралы келісім болғанмен өзеннің ахуалын егжей-тегжейлі баяндаған зерттеу әлі күнге дейін жоқтың қасы. Халықаралық сарапшылар барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін тұрақты орган ретінде институт құруды ұсынған. Маман "ең бастысы өзеннің экожүйесінің нашарлау себептерін анықтау" қажеттігін айтады.
"Жайық өзені бойынша 1915 жылдан бергі көп жылғы деректерді талдай отырып, өзеннің ағын суы жылдар бойы күрт өзгеріп отырады деп айтуға болады. Су мол болған жылдары ағын судың шамасы орташа көпжылдық мөлшерден 3-5 есе асады, ал аз болған жылдары ағын су шамасы өте төмен деңгейде болады" деген Арыстанов совет заманында Жайық өзенінің бассейнінде бірқатар су қоймалары мен су шаруашылығы нысандары салынғанын да тілге тиек етеді. Сол нысандардың өзенге әсері әлі бағаланбағанын еске салады.
"Мысалы, Башқұртстандағы Сақмар өзенінің Январцево торабындағы судың Жайыққа құйылу үлесі - 50-60 пайыз. Су тасқыны кезеңінде Сақмардың үлесі жекелеген жылдар ішінде 80%-ға дейін жетті. Бірақ бүгінде Сақмар зерттелмеген, тіпті Ресей ғалымдарының өздері де ағын судың қалыптасуы, шаруашылық қызметі туралы толық ахуалды білмейтіндіктерін мойындады. Ашық ақпарат көздерінде 2000-шы жылдардан бастап ол жерде бірқатар су қоймаларын салу жұмыстары басталғаны көрсетілген, бірақ толық ақпарат жоқ. Қазір дәл осы бағытта жұмыс жасап, Жайық өзенінің бүкіл бассейніне, оның барлық салаларына толық талдау жасағымыз келеді. Осы талдау негізінде ғана экожүйеге не әсер ететінін айта аламыз" деді Арыстанов.
Өзен ахуалы қаншалықты күрделі болып тұрса да, Арыстановтың айтуынша, тараптар әзірге нақты шешім қабылдамаған.
СОТТАЛУШЫНЫҢ ТУЫСТАРЫ ПРЕЗИДЕНТТЕН КӨМЕК СҰРАДЫ
Шығыс Қазақстан өңірі бойынша ақпарат тарататын Yk-news.kz ОВ 156/2 түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан сотталушы Андрей Кондратенконың әпкесі Ирина Никифорованың президент Қасым-Жомарттан көмек сұрап, видеоүндеу жасағанын жазды. Сайттың жазуынша, Кондратенконы маусым айында тәртіптік изолятор камерасынан дарға асулы күйінде тапқан. Кеудесінде "менің өліміме түрме әкімшілігі кінәлі" деген жазу болған.
"Андрейдің әпкесі Ирина Никифорованың пікірінше, інісін өлтіріп, өзін-өзі дарға асқандай қылып көрсеткесі келеді немесе суицид деңгейіне дейін жеткізген. Себебі, оның айтуынша, түрмеден белгісіз біреулер хабарласып, хат жолдап, онда түрме қызметкерлерінің інісін мазақтап, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан" деп жазды мақала авторы.
Сайт Ирина Никифорованың видеомәлімдемесін де жариялап қойған. Онда ол президенттен інісінің өлімін әділ жан-жақты зерттеуге көмектесуін сұраған. Никифорованың айтуынша, ресми органдар інісінің суицид жасап, қайтыс болғанын айтқан. Бірақ ол бұл болжамға сенбейді.
"Қазақстанда сотталушыларды азаптау оқиғалары бұған дейін де байқалған. Бұл адамдар өздері жасаған қылмыс үшін жаза мерзімін өтеп жатыр. Бірақ ешкімнің оларды қинап, өлтіруіне құқығы жоқ. Заң бәріне ортақ! Егер кімде-кім өзге біреудің өміріне иелік етуге құқығым бар деп ойласа, ешкім де өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Менің ойымша, Қазақстан құқықтық мемлекет болғандықтан мұндай дүниелер болмауы тиіс" деген Никифорова видеоүндеуде.
Шілде айында бұл сайт облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті департаментінің оқиғаға байланысты редакцияға ресми жауап жолдағанын, бұған дейін тараған "суицидке бейім болды" деген ресми ақпараттың расталмағанын жазған. Ол кезде "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша (105-бап) қылмыстық іс қозғалғаны айтылған еді. Бірақ бұл іске байланысты дерек айтылмайды.
ҚОСТАНАЙЛЫҚ БЕЛСЕНДІ СОТЫ
Осы аптада tobolinfo.kz сайты тамыздың 6-ында Қостанайда көп балалы аналар мен тұрмысы нашар, жалғызбасты аналар мәселелерімен шұғылданатын "Аналар әлемі" қоғамдық ұйымының белсендісі Латифа Жұмашқа "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырмақ болды" (488-бап, 3-бөлім) деген айып тағылып, 50 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 325 доллар) көлемінде айыппұл салынғанын жазды.
Іс материалдарына сәйкес, ол "көп балалы аналарды Нұр-Сұлтанға барып, бас прокуратура және жоғарғы сот алдында өтетін митингілерге баруға үгіттеген. WhatsApp-та топ ашып, қостанайлық әйелдерді шараға қосылуға шақырған".
"Сотта Латифа Жұмаш дауласуға тырысып, тіпті сотқа әйелдермен әңгімесінің жазбасын көрсетпек болып еді, бірақ сот бәрібір құқықбұзушылық болды деген шешім шығарды" деп жазды сайт.
Белсендінің сот шешіміне байланысты шағым түсіруіне он күн уақыты бар. Әзірге оның шағым түсіргені-түсірмегені белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тәуелсіз" және "билікшіл" топтар тартысы WhatsApp чаттарына жетті