Батыс басылымдары британ саясаткерлерінің шетелден "арам" ақша жымқыруды тоқтатуға шақырған үндеуі туралы жазып, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына тиесілі бағалы жылжымайтын мүлікке қатысты дауды еске салды. Ақпарат құралдары пандемиядан кейін Орталық Азияда Қытайдың ықпалы өседі деп болжап, шенеуніктердің артық салмағы мен жемқорлық деңгейінің арасында байланыс барын анықтаған зерттеуге назар аударды.
ЛОНДОНДАҒЫ "КІР ЖУАТЫН ОРЫН" ЖӘНЕ ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕРДЕН КЕЛГЕН "АРАМ" АҚША
Telegraph газетінінің "Лондондағы "кір жуатын орынды" тазартуға және шетелдік байланыстарды үзуге үндеу" деп аталған мақаласында Ресей британ саясатына араласты деген мәлімдемеден кейін "арам" ақшаның ізін Лондон арқылы жасыру туралы талқылау басталғаны жазылған.
Ұлыбританияның жоғары шенді саясаткерлері Лондондағы "кір жуатын орынның" бір бөлігі" деп аталған құқық, есеп, мүлік салаларында тәртіп орнатуға шақырды. Олар компанияларды шетелдік үкіметке немесе саяси қайраткерге көрсеткен қызметі туралы ақпаратты жариялауға міндеттейтін жаңа заң қабылдауды ұсынды.
Парламент мүшесі Боб Сили "ықпалды саудалаушы азаматтардың жұмағына" айналған Ұлыбританияға мұндай ережелер аса қажет екенін айтты. Оның сөзінше, аталған заңсыз Ұлыбританияның құндылықтары мен экономикасына зиян келмек. Ол бұл ойын "арам ақша адал табысты шетке ысырады" деп түсіндірді.
Ұлыбритания билігі шетелдік агенттерді тіркелуге міндеттей алатынын мәлімдеді. Telegraph дерегінше, Ресей мен басқа постсоветтік елдерден келген клиенттер мүлік пен сот істері бойынша жұмыс істейтін британ заңгерлері үшін тиімді табыс көзіне айналған. Басылым "Мүддесін Mishcon de Reya адвокаттық конторасы қорғайтын қазақстандық саясаткер Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев өздерінен байлығының шығу төркінін түсіндіруді сұрап, нәтижеге қол жеткізе алмаған Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық агенттіктен сот шығындарын өтеуге 1,5 миллион фунт стерлинг талап етіп отыр" деп жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Иесін анықтау қиынға соқты". Назарбаевтар мен өзгелердің Ұлыбританиядағы мүлкіСәуірде Қазақстан парламентінің сол кездегі спикері Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев Лондондағы сот процесінде жеңіске жетіп, Лондондағы үш мүлікіне салынған ордерді алдыртып тастады. Ордерді "шығу төркіні белгісіз байлық" деген Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық агенттік салған болатын. Сотта Лондонның бай ауданында орналасқан, жалпы құны 80 миллион фунт стерлинг (100 миллион доллардан астам) болатын, офшорлық компанияның атына тіркелген екі зәулім үй мен пәтердің Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы мен немересіне тиесілі екені белгілі болды. Бұл сот процесі былтыр отставкаға кеткенімен, елдегі ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелеріне әлемдік ақпарат құралдарының назарын аударды. Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық агенттік сот үкіміне қатысты шағым беріп, апелляциялық сотта тағы да жеңіліп қалды. Назарбаева мен оның ұлы сот процесінен кейін сот үкіміне "қуанышты" екенін айтқан.
ҚЫТАЙ ЫҚПАЛЫНЫҢ ӨСУІ
Вашингтоннан шығатын Diplomat газеті "Covid-тен кейінгі кезең: Қытай Орталық Азияда жеңіске жетеді" деген мақаласында Пекиннің өңірдегі ықпалы артады деген болжам айтып, "басқа ешқандай өңірлік немесе ғаламдық держава инвестиция бойынша Қытаймен теңесе алмайды" деп жазады. Автор пандемияның Қытайға біршама әсер еткенін, соған қарамастан, ол өңірдегі экономикалық алпауытқа айналып отырғанын, алдағы уақытта "Бір белдеу — бір жол" бастамасын жүзеге асыруды жалғастыратынын айтады.
Мақалада "Коронавирустың өршуімен бетпе-бет келген Орталық Азия мемлекеттерінің билігі мәселені шешуге қауқарсыз екенін көрсетіп, халықтың аз бөлігінің ғана тестілеуден өтуі, дәрі-дәрмек тапшылығы мен ауруханалардың толық жабдықталмауы денсаулық сақтау жүйесінің нашар жұмыс істейтінін, жемқорлық пен біліксіз басқаруды көрсетті” делінген. Автордың пікірінше, қазір экономикалық мәселелер ушығып тұр және алдағы уақытта жалпы ішкі өнім мен басқа көрсеткіштер төмендеуі мүмкін. Осының нәтижесінде Орталық Азия вирусқа қарсы күресте халықаралық көмекке, экономикаға қолдау көрсету үшін шетелдік инвестицияға көбірек жүгінетін болады.
Diplomat басылымы "Халық өңірдегі Қытай жобаларына қарсы болғанына қарамастан, жергілікті билік органдарының Қытай инвестициясын алудан басқа амалы жоқ" деп жазады. АҚШ Орталық Азияға бұрынғыдай мән беріп отырған жоқ, сондықтан сауда және инвестиция салалары бойынша Қытаймен бәсекелесуге тырыспайды. Ресей Орталық Азиядағы саяси және экономикалық ықпалын сақтап қалғанымен, пандемиядан кейін бірқатар экономикалық мәселеге тап болып отыр.
Орталық Азиядағы Қытайға қарсы көңіл-күй бірнеше маңызды фактормен байланысты болуы мүмкін. Джордж Мейсон университетінің профессоры Эрик МакГлинчи "Орталық Азиядағы элитаның даму үшін Қытайдан несие алуға тәуелді болуы және қарызға алған ақшаны жемқорлықпен жұмсауы — өңірдегі Қытайға қарсы көңіл-күйдің ықтимал факторларының бірі" деп есептейді. Өңірдегі Қытайға қарсы көңіл-күйдің өсуіне көбіне Пекиннің Шыңжаңдағы миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де түркітілдес этностарды "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" жіберу саясаты әсер етіп отыр. Орталық Азия елдерінің билігі не Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын қолдайды, не бейтараптылық сақтап, Қытайдағы мұсылмандарды қудалау туралы талқылауларды басып-жаншуға тырысады.
Мақалада "Пекиннің өңірдегі әскери ықпалының артуы — Мәскеу үшін жақсы сценарий емес. Бірақ бұл жағдайдың оларды бір-біріне қарсы қоюы екіталай” деп жазылған. Автордың пікірінше, Ресей мен Қытай бұрын көзқарас қайшылығын жеңіп, ортақ келісімге келген және осы келісім болашақта да жалғасатынға ұқсайды.
Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл:
Diplomat "Қазір Қытай үшін Орталық Азиядағы экономикалық бақылауын нығайтуға жақсы кезең. Бірақ бұған синофобия кедергі келтіріп отыр. Орталық Азия үкіметтерінің Қытайдың экономикалық қызметіне қарсы пікірді басып-жаншу тәжірибесі мәңгілік жалғасуы мүмкін емес. Көшедегі шерулер мен қақтығыстар прогресті тежейтін болады" деп болжайды.
ТОЛЫҚ МИНИСТРЛЕР ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ МЕ?
Бірнеше шетелдік басылым Монпелье бизнес мектебінің экономика профессоры Павел Блаватскийдің зерттеуі туралы жазды. Ол саясаткерлердің артық салмағы мен елдегі жемқорлық деңгейінің арасында байланыс барын анықтаған.
Intellinews.com іскерлік жаңалықтар сайтына шыққан "Семіз мысықтар: жаңа зерттеу жемқорлықты килограммен өлшеуге болатынын көрсетті" деген мақалада Блаватскийдің зерттеуі 15 постсоветтік мемлекеттегі 299 министрдің портретіне жасалған сараптамаға негізделгені айтылған. Зерттеушілер дене массасының индексін анықтау үшін "компьютерлік көз" алгоритмін қолданған. Бұл көрсеткішті жемқорлықты бағалаудың халықаралық индекстерімен (Transparency International халықаралық ұйымының жемқорлыққа көзқарас индексі, Бүкіләлемдік банктің әлемдегі жемқорлықты бақылау жөніндегі индексі және Мемлекеттік қызметкерлердің адалдығы мен ақша сатылмайтынын көрсететін индекс) салыстырған. Бұдан таңғаларлық қорытынды шыққан: саясаткерлердің артық салмағы көп болған сайын, елдегі жемқорлық деңгейі де жоғары болатыны анықталған.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, шенеуніктерінің дене массасы төмен мемлекеттер қатарына Балтық елдері (Латвия, Литва мен Эстония) және Грузия жатады. Ең үлкен дене массасы Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстанда тіркелген.
Зерттеу нәтижесі бір де бір министрде салмақ жетіспеушілігі жоғын көрсеткен. Өзбекстан министрлерінің 54 пайызы, Тәжікстан министрлерінің 44 пайызы және Украина министрлерінің 42 пайызы семіздік ауруына шалдыққан. Одан бөлек, Қазақстандағы министрлердің 15 пайызы және Украинадағы министрлердің 8 пайызы шектен тыс толық болып шыққан.
"Нәтижеден саясаткерлердің дене массасының индексі сияқты физикалық сипаттамасын елдегі саяси жемқорлықты өлшеуге қажетті прокси айнымалы ретінде қолдануға болады деген қорытынды шығады" дейді Блавацкий.
Ағылшынтілді Eurasianet.org сайтындағы "Зерттеу: семіз саясаткерлер жемқорлықтан хабар береді" деген мақала авторы Блаватскийдің қорытындысына тоқталып, өңірдегі ең жемқор мемлекеттер ең кедей саналатынын, ондағы халықтың басым бөлігінің салмағы аз, ал үкімет мүшелерінің салмағы артық екенін жазады.
"Үлкен саяси жемқорлық <...> семіздік деңгейінің (халықтың аз бөлігін ғана құрайтын) шенді саясаткерлер арасында жоғары, ал жалпы халық арасында төмен болуымен байланысты. Жемқорлық деңгейі төмен елдерде шымыр денелі саясаткерлер мен толық сайлаушылар көп кездеседі" деп жазады Eurasianet.org.
Британдық Economist журналындағы "Артық салмақтағы саясаткерлерге сенім аз бола ма?" деген мақалада Блаватский зерттеуінің нәтижесі талқыланып, 2018 жылы "Барқыт революциясы" болған Армения мысалға келтірілген. Блавацкий Арменияның Transparency International ұйымының жемқорлыққа көзқарас индексіндегі позициясы өзгермегенін, бірақ жаңа үкіметтегі министрлердің дене массасының индексі революцияға дейінгі ескі үкімет мүшелерінің көрсеткішіне қарағанда азайғанын айтады. Блаватский "Бұл елдің жемқорлықты ауыздықтай бастауымен байланысты болса керек" деп топшылайды.
Economist "Аталған корреляция – себеп-салдарлық байланыс емес. Яғни, бұл семіздік ауруына шалдыққан саясаткерлер арық әріптестеріне қарағанда әділетсіз дегенді білдірмейді. Бірақ бұрынғы шығыс блогындағы саясаткерлер арықтаса дұрыс болар еді. Зерттеулер сайлаушылардың толық кандидаттарды таңдауға бейім емесін көрсетеді" деп қорытындылайды.