Ядролық сынақтан зардап шеккендерге уәделі жеңілдік неге берілмейді?

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағы. 18 маусым 2009 жыл.

Семей ядролық полигонындағы жарылыстардан зардап шеккен халықтың 68 пайызы экологиялық төлемдер алмайды. Бұл дерек Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтанушылары жүргізген зерттеу нәтижесінде анықталған. Үкімет мұндай төлемдер "лайықты деңгейде" болуы керегін, бірақ әзірге оның шешімі жоғын айтады.

"ӘР ЖАРЫЛЫС ҮШІН 70 ТЕҢГЕДЕН АЛДЫМ"

1968 жыл. 17 жастағы Семей тұрғыны Владимир Сулима он сегіз жасқа толардан бір ай бұрын жарылыстарын бала кезінен көріп өскен ядролық сынақ полигонына жұмысқа тұрған. 1969 жылы полигонда ақау болып, радиация тараған. Владимир көп мөлшердегі сәулеленуге ұшыраған.

Қазір Владимир Сулим 70 жаста. Он жылдан бері ауырмайтын жері жоқ: буындары өзгеріске ұшырап, қызыл ет өскен. Владимир көп жылдан бері мүгедектік ала алмай жүргенін айтады.

- Шынымды айтсам, бір басымда екі немесе үш мүгедектік санатын алуға ауру жетеді. Дәрігердің көзімен қараса осылай. Бұл құпия емес, өйткені 2006 жылы менде инфаркт болды. Дәрігер бірден "сізге мүгедек ретінде тіркелу керек" деді. 19 жыл бұрын басқалардан бұрын зейнетке шықтым. Сыйға алғаным осы жеңілдік қана. Айына ең төменгі зейнетақы – 42 мың теңге аламын. Бір реттік жәрдемақының көлемі де сол - 42 мың теңге болды. Кейінірек есептесем, әр жарылыс үшін 70 теңгеден алыппын, - дейді Владимир Сулима.

Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардан зардап шеккен Владимир Сулима экспедиция барған аймақты көрсетіп отыр. Семей, 18 қараша 2019 жыл.

Владимир 1955 жылы мектепте оқып жүрген кезінде жер бетінде жасалған атом жарылысын көрген: мектепте ескерту жариялап, барлық оқушыларды далаға шығарған.

- Екі досыммен бірге шатырдағы терезеге шықтық: ұшақтарды көреміз деп ойладық. Оңтүстік-шығыста жарылыс болды. Дәнекерлеу жұмысынан кейін пайда болатын жарыққа ұқсайды. Көтерілген бұлт әуелі ақ, кейін қара түске боялды. Бүкіл аспан түнерді. Бізді ұшырып әкетті, бірақ терезеден ғана қарап тұрғанымыз жанымызды сақтап қалды. Бұл оқиға өмір бойы есімде қалды. Бізге бұл қауіпті деп ешкім айтқан жоқ. Ересектердің өзі ештеңе білмеді. Бәрі құпия болатын, - дейді Владимир.

Владимир Сулима еңбек кітапшасын көрсетті. Ол Дегелең таулы өңірінде ұңғыма бұрғылаумен айналысқан № 113 экспедицияның құрамында болған. Ол ұңғымаларға орасан зор қуатты ядролық зарядтар салынған. Экспедиция мүшесі 1968 жылы бұл ақпаратты 45 жыл бойы құпия сақтау туралы қолхат берген. Жақында белгіленген уақыт аяқталған, сондықтан Владимир Сулима енді экспедиция барысы туралы басқаларға әңгімелей алады.

- Дегелең тауы сондай әдемі. Ол жерге жаным ашиды. Табиғаты ертегідегідей сұлу болатын. Арқар, киік – жабайы жануардың неше түрі бар еді. Алаңда тұрып дүрбі салып арқар қарайтынмын. Бір шыңның астында түрлі жағынан үш ұңғыма болды. Бір жағында дайын болған ұңғыманы жарады. Біз жарылыс эпицентрінен 300-400 метр қашықта болдық. Айнала жағымсыз гүрілге толады; ит үріп, қайда тығыларын білмей, ары-бері жүгіреді. Көліктен міндетті түрде 50 метр ары тұратынбыз. Өйткені жарылыс кезінде көліктер біраз жерге жылжитын. Аударылып кетпесін деп, көліктің алдыңғы бөлігін тауға қаратып қоятынбыз. Айнала түгел дірілдей бастайды. Таудың төбесі көтеріліп, қайта түседі, тас үгітіліп құлайды. Ондай жарылыс қуатын тек көзбен көргенде ғана сезінуге болады, - дейді Владимир Сулима.

Your browser doesn’t support HTML5

Алғашқы советтік атом бомбасының өтеуі кейін белгілі болды

Семей ядролық сынақ полигонында № 113 экспедиция мүшелері жиналатын алаңда радиация тарағанға дейін жұмыс маусыммен және ауысыммен жүрген. Бұл 1968 жыл болатын. Ол кезде Владимирдің полигонда жұмыс істегеніне бір жыл да толмаған. Владимирдің айтуынша, эвакуация кезінде сынақ алаңында қалған жұмысшыларға радиация туралы ешкім ескертпеген.

- Кешке әскери бөлімнің алаңына келдік, ол жер бос екен. Ешкім жоқ. Радиация тарапты. Дозиметрмен өлшейтін адамдар бізге жылдам респиратор кигізіп, басқа алаңға алып кетті. Сонда үш тәулік болып, қайта оралдық. Күз мезгілі еді. Бізді басшылық шақырды. Маған экспедицияның жұмысы тоқтайтынын айтты. Жұмыстан шығуды ұсынды. Анамды шақырып, уайымдамауын сұрады, - дейді Владимир. Оның пікірінше, Владимир көп мөлшерде радиация алған деп қорыққан басшылық өз басын арашалап алғысы келген.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы бункер. Шығыс Қазақстан облысы, 22 тамыз 2009 жыл.

Апаттың зардабы кейін Владимир Сулимаға қатты білінді. Ол кезде ағзасындағы радиация мөлшерін ешкім айтпағанымен, 30 жылдан кейін, 1997 жылы Владимирге иондалған сәуленің бір зиверттен артық мөлшерін алғаны туралы анықтама берген. Радиацияның мұндай мөлшері жұққан адамдардың 50 пайызы сәуле ауруына шалдығады.

Владимир № 113 экспедиция құрамында болған басқа адамдар әлдеқашан қайтыс болғанын айтады. Ресми дерек бойынша, № 113 экспедиция жұмысы 1991 жылы тоқтаған.

ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ӘСЕРІ

Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыс салдарынан зиянды сәуле тараған аймаққа Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының бір бөлігі кірген. Бұл өңірлерде иондалған сәуле кесірінен пайда болған ауру көп.

Қазақстан статистика комитетінің дерегінше, қатерлі ісікке шалынғандардың көбі Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында кездеседі. Қан айналым жүйесі аурулары да Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында жиі тіркеледі.

Бұл көрсеткіштер мен Семей полигонындағы ядролық сынақтар арасында байланыс бары анықталмаған. Дегенмен "Семей қаласындағы тәуелсіз әлеуметтік орталықтың" төрағасы Алексей Коновалов аймақ тұрғындарына радиацияның қалай әсер еткені әлі толық зерттелмегенін айтады.

Әлеуметтанушы Алексей Коновалов. Семей, 19 қараша 2019 жыл.

Коновалов биыл өткен Семей полигонының салдарын талқылауға арналған ғылыми конференцияны еске алды. Коновалов конференцияда полигоннан зардап шеккен халыққа арналған оңалту шараларының тиімділігі бағаланған зерттеу жұмысын таныстырған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге сапармен барғанда осы зерттеу туралы айтып, жыл соңына дейін үкімет Семей полигонының халыққа тигізген зардабын анықтайды деп уәде берген.

- Зерттеу нәтижесінің қорытындысы өте көлемді болды. Біз оны әлеуметтік қорғау министрлігіне жібердік. Астанада арнаулы конференция өтіп, оған Жапония, Германия, Беларусьтен ғалымдар келді. Онда дозиметрия мәселесі талқыланды, - дейді Алексей Коновалов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мақсатымызға берік болдық". Кәріпбек Күйіковтің күреске толы өмірі

1992 жылы қабылданған "Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңға сәйкес, Қазақстан аумағы қауіптілік деңгейі төтенше, жоғары және төмен аймақтарға бөлінген. Экологиялық төлемнің көлемі ауданның қай аймаққа кіретініне байланысты тағайындалады. Әлеуметтанушы Қазақстанда радиация сәулесінің әлгіндей аймаққа жататын жерлерге емес, Жапония мен Батыс елдері тәрізді жекелеген адамдарға әсерін зерттеу керек деп санайды.

- Беларусьте 3,7 миллион адам (халықтың шамамен 40 пайызы) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттан зардап шеккен деп танылған. Олар мемлекеттік регистрге енген. Бұл тізімде кезінде апатқа куә болған адамдардың балалары, немерелері мен шөбелеріне дейін бір отбасындағы бірнеше буынның адамдары кірген. Бұл дұрыс шешім. Конференцияда ешкім "иондалған сәуле әсеріне ұшыраған атасының бойындағы ауру генетикалық жолмен келесі ұрпаққа өтпейді" деген кепілдік бере алмайтыны айтылды, - дейді әлеуметтанушы.

Семей полигоны ашылған һәм жабылған күн

Бірқатар клиникалық зерттеулер зиянды сәулеге ұшыраған ата-анадан туған балалар арасында дүниеге кемтар болып келгендер жиі екенін анықтаған. Дегенмен әлі күнге дейін ата-анасы шалдыққан радиация мен кемтар боп туған балалардың арасындағы байланыс жайлы ортақ пікір жоқ.

Қазақстанда Семей полигонының зардабын тартқан тұрғындар бойындағы дертін ядролық сынақпен байланыстырады.

- Қоғамдық маңызы бар мәселелердің алғашқы бестігіне халықтың денсаулығы мен оған Семей полигонында болған жарылыстардың әсері кіреді. Халықтың 40 пайыздан астамы созылмалы ауруға шалдыққан, олардың 26,6 пайызы – 29 жасқа дейінгі азаматтар. Созылмалы дертпен ауыратындардың 56,4 пайызы сырқатын Семей ядролық полигоны салдарымен байланыстырады, - дейді Алексей Коновалов.

"ІШКІ НАРАЗЫЛЫҚ КҮШЕЙІП БАРАДЫ"

Коноваловтың сөзінше, ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерді денсаулығынан бөлек, экономикалық мәселелер де алаңдатады.

- Халық "бізді тастап кетті" деп шағынады. Бізді мемлекет өз қамқорлығына алуы керек пе еді? Әлде ядролық сынаққа нақты бір адам кінәлі ме? Олар бізге осындай сұрақтар қояды, - деді ол.

Бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағындағы "Атылған көл". Саржал ауылы, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 13 тамыз 2015 жыл.

Сәуір айында Шығыс Қазақстан облысына сапармен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық сынақтан зардап шеккен азаматтарға берілетін жәрдемақы лайықты деңгейде болуы керегін айтқан.

- Жыл соңына дейін халыққа келген зардапты бағалап, өңір тұрғындарына берілетін әлеуметтік кепілдік көлемін анықтаймыз. Үкіметке жергілікті тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

Қазір көп адам заңды әзірлеу кезінде төлемдер ең төменгі жалақы мөлшері бойынша есептеліп, нәтижесінде төлем көлемі артып кеткеннен, айлық есептік көрсеткіш негізге алынғанын, осыдан бір реттік төлемдердің күтілгеннен аз болғанын айта бастады. Осылай Алексей Коновалов бір реттік төлем ретінде небәрі жеті мың теңге (шамамен 18 доллар) алған.

Одан бөлек, "ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтардың жалақысы мен зейнетақысына экологиялық үстеме ақша қосылады, экологиялық демалыстар беріледі және сауықтыру шипажайларына тегін жіберіледі" деген уәде берілген. Коновалов жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде халық мұндай жеңілдіктерді сирек алатыны анықталған.

- Адамдардың 55,5 пайызында зардап шеккен азаматтың куәлігі жоқ, 63,6 пайызы қосымша экологиялық демалыс алмайды, 68,8 пайызының жалақысы мен зейнетақысына үстеме ақша қосылмайды, 92,2 пайызына емдік шараларға жеңілдік берілмейді, 94,5 пайызы дәрі-дәрмекті жеңілдікпен алмайды, 96 пайызы тегін шипажайларға бармайды, - дейді Алексей Коновалов.

Совет Одағы алғаш рет ядролық қаруын сынап жер бетінде жасаған жарылыс. Семей полигоны, 29 тамыз 1949 жыл.

Әлеуметтік қорғау мәселелерімен айналысатын "Поколение" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ольга Петровская жалақыға қосылатын экологиялық төлемді мемлекет жұмыс беруші компаниялардың мойнына артып қойғанын айтады.

- Сіз жеке кәсіпкерсіз делік. Адамдарды жұмысқа шақырдыңыз. Оларға экологиялық төлем бересіз бе? Сынақты сіз жүргіздіңіз бе? Экологиялық төлем берген күннің өзінде, "саған қолыңа 60 мың теңге берем, оның ішіне барлық төлем кіреді" деп айтасыз. Мысалы, "Теплокоммунэнерго" компаниясы заң бойынша қызметкерлеріне экологиялық төлем мен қосымша демалыс беруі керек. Бірақ ресми дерек бойынша, бұл шығындар біздің тарифтерге әсер етеді, - дейді Петровская.

Алексей Коновалов бұл мәселе шешілген күннің өзінде көмек жеткіліксіз болатынын айтады. Мәселен, зардап шеккендер реестрінде әлі күнге небәрі 144 мың адам тұр. Оның пікірінше, ядролық сынақ зардабына ұшыраған келесі буындарды да ұмытпау керек.

- Мемлекет неге көмектеспейді деген халық ашу-ызасы ақтарылып, жаппай наразылық танытады деп күтудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ ішкі қарсылық күн өткен сайын күшейіп барады. Мемлекет басшысының әрекетіне қарағанда, бұл мәселеге ептеп назар бұра бастаған тәрізді. Өз зерттеуімізде 2020 жылға қарай ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарға ай сайын мемлекеттік бюджеттен өтемақы мен экологиялық демалыс беру керегін көрсеттік. Бұл көмек полигон куәлігі бар адамдарға беріледі. Бұл - әділетті. 1992 жылы ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен адамдарға қамқорлық көрсету мемлекеттің міндеті деп жарияланған, бірақ әлі күнге бұл міндет орындалған жоқ, - дейді зерттеуші.

Қазір Семейдің жаңадан салынған Қарағайлы ауданында полигон әсерінен зардап шеккен азаматтарды оңалту орталығының жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Қоғам өкілдері оңалту орталығының Семей полигонынан зардап шеккендер адамдардың бәріне емес, тек мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана қызмет көрсетіп отырғанына наразы.