Қазақстан президентінің Өзбекстанға сапарында қол қойылған одақтастық және шекараны демаркациялау шарттары назар аудартты. Бірі – ресейшіл ұйымдарға мүше, бірі блогтан тыс қатынасты жақтайтын авторитарлы билік орнаған екі ел байланысының сипаты қандай?
22 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға екі күндік сапармен барып қайтты. Мемлекеттік сапар мәртебесіне ие жолығысуларда екі жақты қатынасты арттыру жайы айтылып, ондаған құжатқа қол қойылды. Екіжақты сауданы дамыту және инвестиция бағытында қол қойылған құжаттар құны сегіз млрд долларды құрайды.
Құжаттардың ішінде одақтастық қатынастар шарты және екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шарт басты назарға іліккен.
МӘСКЕУ АРҚЫЛЫ ТАШКЕНТКЕ САПАРЛАУ
Өзбекстан – Қазақстан басшысының президент сайлауынан кейін Ресей мен Францияға ресми сапарынан соң барған үшінші ел. Биыл осыған дейін екі ел басшысы халықаралық жиындар аясында бірнеше рет кездесіп, 12 мәрте телефон арқылы сөйлескен.
Мәскеудің Украинадағы соғыс қимылдары салдарынан халықаралық санкцияға ұшырауы Ресейдің өзге елдермен қатынасын күрделендіре түскен. Бұл Ресеймен тығыз қатынастағы Орталық Азия елдеріне айрықша әсер еткен. Аймақ елдері Кремльдің Украинадағы әрекетіне бейтараптық танытқан. Алайда БҰҰ қарарларына дауыс беруде Ресейді жақтауға мәжбүр екенін көрсетіп келеді.
Президент Тоқаевтың қараша айында Мәскеуге сапарында Орталық Азия аймағындағы газ саудасына Ресей де қызығушылық танытқан. Ресей ұсынған газ альянсын қолдауға Қазақстан дайын екенін білдірген. Ал Өзбекстан газ саудасын «саяси шарттарға айырбастамай», екіжақты қатынас деңгейінде шешетінін жариялаған. Еуропадағы газ нарығынан шеттетілген Ресей енді оны газ жетіспей жатқан Орталық Азия елдеріне сатуға мүдделі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Империяны жаңғырту стратегиясы". Путин ұсынған "газ одағы" Өзбекстан мен Қазақстанның қолайына жаға ма?Президент Тоқаев Мәскеуге сапарында Ресей премьерімен кездесе отырып, өзіне Путиннің «қандай да бір үшжақты одақ құру» жөнінде айтқанын, енді оның Өзбекстан президентіне телефон шалатынын тізбектеген. Путин кейін Өзбекстан басшысына телефон соққанымен, мәселенің егжей-тегжейі айтылмаған. Кремль сайты бұл туралы үш-ақ сөйлеммен мәлімет таратқан. Ал осы сапардан кейін Бішкекте өткен Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) жиынына әуелде қатысады деген бақылаушы мәртебесіндегі Өзбекстан президенті емес, үкімет басшысы ғана келген.
Президент Тоқаевтың Мәскеуден кейінгі Ташкентке сапарында газ альянсы туралы ашық сөз болған жоқ. Алайда жылу электр станцияларында негізінен газ қолданатын Өзбекстан соңғы кездері электр үнемдеуге көшкен. Елде газ тапшылығы сезіле бастаған. Өзбекстан оны түркімен газының есебінен толтырмақ.
ТОҚАЕВТЫҢ ҮШ ЖЫЛЫ, МИРЗИЯЕВТІҢ АЛТЫ ЖЫЛЫ АЯСЫНДАҒЫ ҚАТЫНАС
Қазақстан басшысы осындай жағдайда Ташкентке сапарлады. Сапар қарсаңында Ташкентте аймақаралық бизнес-форумға қоса екі елдің ортақ тарихи мұралары туралы ғылыми конференция және Абай апталығы өткізілген. Сапар кезінде екі ел басшысы апталық аясындағы көрмеге барған. Бұған қоса Тоқаев пен Мирзияев Ташкентте Төле би мен шейх Ховенди ат-Тахур кесенелеріне зиярат еткен.
Президент Тоқаев кездесудің ресми бөлігінде одақтастық қатынас туралы шарттың маңызды екенін айтқан. «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады» деген Қазақстан басшысы.
Тараптар екі ел шекарасын демаркациялау туралы шартты «тарихи келісім» деп атаған. Өзбекстан басшысы көпшілік одақтастық шартының қадірін әлі жете түсінбей жатыр деген. Оның айтуынша, одақтастық мемлекетаралық ынтымақтастықтың ең жоғары дәрежесі мен өзара сенімді көрсетеді.
«Мемлекеттік шекараны демаркациялау шарты екі ел мүддесінің беріктігін дәлелдейді» деген президент Мирзияев оның аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін де маңызды екенін атап көрсеткен.
Қазақстан басшысы Тоқаев осы кездесуде өзінің президенттікке келген кезінен бергі кезеңге меңзеп, соңғы үш жылда Өзбекстанмен арада мұндай тығыз қатынастың болмағанын айтқан. Президент Мирзияев болса, өзі билікке келген алты жылға меңзеп, мұндай кең көлемде кооперация болмағанына тоқталған.
Екі ел арасындағы былтырғы сауда айналымы 4 млрд доллардан асқан. Алда бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр.
Тараптар жиын кезінде ортақ жобаларды іске қосу рәсімін жасаған.
Бұған қоса Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су ресурстарын бірігіп пайдалану және Арал теңізі апаты салдарын жұмсарту туралы өзара іс-қимылды күшейтуді қуаттаған.
ҚАҢТАР ЖӘНЕ НӨКІС ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ «РЕФОРМАЛЫҚ» САЛДАРЫ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкентке сапарына орай мамандар екі елдің бірінің ЕАЭО-ға мүше екендігіне, екіншісінің блоктан тыс қатынасты басты бағыты санайтынына мән береді.
Биыл екі елде де билік халық наразылығын күшпен басқан. Қазақстан жүздеген адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасын, Өзбекстан ондаған адам қаза тапқан Нөкіс оқиғасын басып, жаныштады. Астана билігі елдегі жағдайды бақылауда ұстау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) әскер алдыртқан. ЕАЭО мен ҰҚШҰ – Мәскеу ықпалындағы аймақтық халықаралық ұйымдар.
Қаңтар оқиғасы Қазақстанда биліктің конституциялық реформа мен кезектен тыс президент сайлауын жариялауына себеп болды. Ал Өзбекстанда Нөкіс оқиғасы жоспарланған конституциялық реформаны кері сырғытты.
Қазақстанда президент өкілеті жеті жылдық бір мерзіммен шектелсе, Өзбекстанда президент өкілетін ұзарту жайы талқылануда. Осындай айырмашылықтарға қарамастан, президент Тоқаевтың Ташкентке сапары екі елдің өте бір ұқсас саяси жағдайда тұрған кезіне дөп келді.
«ГЕОСАЯСИ ЖАҒДАЙДАҒЫ БІРДЕЙ ҰСТАНЫМ»
Қазақстандық саясаттанушы Думан Қабдығалиев президент Тоқаевтың Ташкентке сапары саяси ынтымақтастыққа бағытталды деп есептейді.
– Шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойылуы Орталық Азияда шекара мәселесін қалай шешуге мысал бола алады. Мәселен, бір ҰҚШҰ-ға мүше болса да Қырғызстан мен Тәжікстан биылдың өзінде үлкен жанжалға жол беріп алды. Басқа да елдер арасында ара-тұра шекарада дау-дамай көтеріліп, соңы қару қолдануға дейін ұласып жатады. Осындай жағдайда Қазақстан-Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы құжатқа қол қойылуы аймақтағы бес елдің екіжақты негізде өзара шекара дауын реттей алатындығын көрсетіп отыр, - дейді саясаттанушы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бағыс ауылы Қазақстан картасына енді кірмек. Мәселенің 19 жыл шешілмеуіне не себеп?Оның айтуынша, Қазақстан-Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылуы қазіргі геосаяси жағдай өзгеріп жатқан әлемде ерекше маңызға ие.
– Мұндай одақтастық қатынастар туралы шартқа кезінде Қазақстан-Қырғызстан арасында да қол қойылған болатын. Дегенмен мұндай келісімнің әсері қарапайым адамдарға сезілмеуі мүмкін. Соған қарамастан, мұндай шарт қазіргі геосаяси жағдайда екі ел бір ұстанымды көздейді дегенді білдіреді деп ойлаймын, - дейді Думан Қабдығалиев Азаттыққа.
Саясаттанушы Ресейдің газ одағы ұсынысына меңзеп, осы одақтан бас тартқан Өзбекстанмен арада маңызды құжаттарға қол қою арқылы ресми Астана да Ташкент жағына шықты деп есептейді.
Бұдан алдын қырғызстандық саясаттанушы Эмилбек Жораев та Азаттыққа Өзбекстанның газ одағынан бас тартуы басқа да елдерге әсер етеді деген болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕАЭО саммиті. Путиннің одақ ішіндегі "одағы" кімге керек?Қазақстандық сарапшы Думан Қабдығалиев сапардың экономикалық қыры да маңызды болды деп санайды. Екі ел импорт алмастыру орайында ынтымақтастыққа ұмтылыс байқатты дейді ол.
«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЙМАҒЫНА ҮЛГІ БОЛАТЫН ЖЕТІСТІК»
Өзбекстандық саясаттанушы Фархад Толиповтің айтуынша, одақтастық қатынастар басқа қатынастардан жоғары тұрады.
– Бұл Қазақстан мен Өзбекстанның тәуелсіздік алғаннан бері өзара қарым-қатынастың ең жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді. Екі ел президенті де сапар кезінде тарихи жақындық жайында айтты. Осы жақындық фундаментальды құжат негізінде тіркелді деп айтуға болады. Одақтастық жай қатынасқа қарағанда жоғары дәрежедегі өзара сеніммен ерекшеленеді. Бұл халықаралық проблемалардағы жақындықты, сыртқы саяси әрекеттерді және ортақ қауіпті реттеудегі үйлесімді білдіреді. Сондықтан бұл одақтастық тек екі ел арасында ғана емес, Орталық Азияның дамуындағы жоғары кезең ретінде көрініп отырғанын мойындау керек, - дейді сарапшы.
Фархад Толиповтың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бұл жетістік тұтас Орталық Азия аймағына үлгі бола алады.
– Байланысты қалай қалыптастыру керек, елдер арасын жақындастыру керек дегенде осы үлгіге жүгінуге болады. Бұл Орталық Азия елдері басшыларының консультациялық кездесулеріне де әсер етеді деп ойлаймын, - дейді ол Азатттыққа.
Саясаттанушы Фархад Толипов екі ел арасында қол қойылған мемлекеттік шекараны демаркациялау шарты да Орталық Азияның өзге елдері мен әлемге берілген сигнал деп есептейді.
– Өзбекстанның Қырғызстанмен арада болсын, Тәжікстанмен арада болсын, және аймақтағы өзге де елдер арасындағы шекара жайын реттеуде осы шарт үлгі болады, - дейді сарапшы.
Фархад Толипов сапар барысында өзге де қол қойылған экономикалық келісімдерге меңзеп, оның да аймақ үшін маңызы басым деп есептейді.
- Өндірістік орталық кооперацияның құрылғаны және сегіз миллиард долларлық бірлескен инвестиция жайында жарияланды. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары ашылады, бірлескен өндірістер саны артады. Мұның бәрі тек екі ел үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағы халықының игілігіне қызмет ететін болады, - дейді Фархад Толипов Азатыққа.
«ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ӘЛІ ДЕ КӨП»
Бұрын Өзбекстан үкіметінде жұмыс істеген, қазір Қазақстанда тұратын экономист Сапарбай Жобаев одақтастық шартына қол қойылғанына қарамастан, екі мемлекет арасында шешілмеген мәселелер әлі де көп деп санайды.
- Мәселен, Қазақстан – ЕАЭО мен ҰҚШҰ-ның белсенді мүшесі. Ал Өзбекстан 30 жылдық тәуелсіздігі тарихында мұндай ұйымдарға селқос қарады, кейде оған қарсы жұмыс жасады. Өзбекстан Ислам Каримовтың тұсында біз ешқандай экономикалық ұйымға мүше болмаймыз, өзіміз де кем емеспіз деген қағидатқа сүйенетін. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. ЕАЭО-ға кірмегеннен кейін Өзбекстанның заңнамалары басқаша. Өзбекстан әлі күнге дейін Дүниежүзілік сауда ұйымына да мүше емес. Кеден төлемдерінде де өзіндік ережелерді қолданады. Дегенмен одақтастық қатынас және ынтымақтастық арқылы бұл мәселелерді шешіп, бір келісімге келуге болады. Бар мәселе осында, - дейді экономист.
Сапарбай Жобаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты арттырудың әлеуеті жеткілікті деп санайды.
- Өйткені Өзбекстан – Ауғанстанды қосқанда, Орталық Азия елдерінің барлығымен шекараласатын ел. Екі ел өзара тауар айналымы, көлік-логистика мәселесі бойынша жұмыстарды жақсы жүйеге қойса, тиісті әлеуетті игерген болар еді, - дейді ол Азаттыққа.
Экономист Сапарбай Жобаев екіжақты сауда-экономикалық байланыста кейбір кедергілердің барын жоққа шығармайды.
– Өзбекстан жерінің жартысы құм. Бұл да экономиканың дамуына бөгет. Бұған қоса, Өзбекстан – өзі ғана емес, көршілері де ашық су жолына шыға алмайтын ел. Бір кезде Өзбекстаннан Түркіменстан арқылы Иранға қатынайтын темір жол желісі салынды. Бұл Өзбекстанның Парсы шығанағына шығуына жол ашу керек еді. Алайда бұл желі әлі пайдаланылмай жатыр. Оған Түркіменстан мен Иранның саясаты (Иран халықаралық санкцияларға ұшыраған – Азаттық) бөгет болып отыр, - дейді Сапарбай Жобаев Азаттыққа.
Экономистің пайымдауынша, осы кедергілер болмағанда, Өзбекстан Қазақстан үшін дүниеге шығатын бірден-бір бағыт болып табылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ресейден іргесін аулақ салғысы келетін Орталық Азия екі оттың ортасында қалдыҰмытылған, сырттай сотталған һәм даңқынан айырылған... Орталық Азиядағы тұңғыш президенттердің қазіргі мұрасы Тоқаевтың Мәскеуге сапары: Путин аймақтағы ықпалынан айырылмауға талпынып жатыр ма?Батыс санкциясы және реэкспорт. Орталық Азия және Ресей сауда қатынасы қалай өзгерді?"Қуыршақ кандидаттарға" құмар Орталық Азия автократтары