"ШЕНЕУНІКТЕР ЖАУАП БЕРСІН"
Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы Дамир Фаткулиннің ата-анасы аудандық білім бөлімі, жергілікті энергетиктер мен аудан әкімінің үстінен сотқа шағымданбақ. Көп балалы Гүлмира Фаткулина ортаншы ұлы Дамирдің 2018 жылы қазанның 5-і күні мектеп ауласындағы трансформатор күркесіне кіріп кетіп, күйіп қалғанын, кейін екі қолының иығынан кесілгенін шенеуніктердің жауапсыздығынан көреді.
- Дамир мектеп ауласындағы трансформатор күркесінде тоққа түсіп қалғаннан кейін қылмыстық іс қозғалған. Тергеушілер жауапқа №2 мектеп-гимназия директорының орынбасары мен мектеп электригін тартқан. Аудандық сот оларды өткен аптада ақтап шықты. Мейлі, мектеп директорының орынбасары мен электриктің қолында не тұр дейсіз? Меніңше, жауап жоғарыда отырған шенеуніктерден алынуы тиіс. Бірер күнде Ақтөбеге барып, адвокат жалдап келдім. Жуырда қайтадан қылмыстық іс қозғалуы тиіс, - дейді Гүлмира Фаткулина.
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Дамир Фаткулин мүгедек болып қалғаннан кейін шыққан Шалқар аудандық сотының қаулысы әлі күшіне енбеген. Қаулының заңды күшіне енбегенін алға тартқан Шалқар ауданының прокуроры Арон Әбілов те сот шешіміне пікір айтпады.
Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков "ойын баласының саңылау тауып, трансформатор күркесіне кіріп кетуі" мен мүгедек болып қалуына байланысты нақты ешкімді кінәлап отырған жоқ. "Жауапкершіліктен қашпайтынын" айтқан шенеунік:
- Біз кінәліні іздегеннен гөрі баланың болашағын ойлауымыз керек. Оның толыққанды ел азаматы болып, білім алып, халқына қызмет етуіне жағдай жасауымыз керек. Үшінші тоқсаннан бастап бала сабаққа келіп жүр. Мектеп ұжымы оның білім алуына барлық жағдайды жасап отыр, - деді.
МЕКТЕП АУЛАСЫНДАҒЫ ТРАНСФОРМАТОР
Шалқар аудандық білім бөлімінің мәліметінше, №2 мектеп-гимназия ауласындағы трансформатор күркесі 2009 жылы мектептің балансына берілген. Бірақ, мектеп электригі трансформатордың 380 вольттық бергі бөлігіне ғана қызмет көрсете алады.
Трансформатордың он мың вольттық барлық жауапкершілігін мойнына алатындай арнайы лицензиясы жоқ. Одан бөлек мектеп трансформатор күркесінің айналасындағы тазалыққа да жауапты.
Азаттық тілшісі 2019 жылы қаңтардың 28-і күні №2 мектеп-гимназия ауласындағы трансформатор күркесін барып көрген болатын. Қазір күркенің қоршауында ешқандай саңылау жоқ. Биік қоршаудағы ескерту тақтайшаларының бояуы қанық, жақында ілінгені аңғарылады. Трансформатордың жан-жағындағы төрт темір есікке құлып салынған, есіктердің жақтауынан саңылау байқалмайды.
Шалқар аудандық білім бөлімі Дамир Фаткулин тоққа түсіп қалғаннан кейін аудан мектептерінің территориясындағы 16 трансформаторды түгел тексеріп шыққан. Аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков "олардың ешбірі адам өміріне қауіпті емес" деп санайды. Бірақ зардап шеккен оқушының анасы бұл сөзді жұбаныш көрмейді.
- Дер кезінде қауіпсіздік шараларына мән берілгенде балам мүгедек боп қалмас еді. Енді келіп аудандық білім бөлімінің басшысы "кінәлі емеспін" деп отыр. Кім де болса, басын алып қашады емес пе? Олар "Дамирге материалдық көмек көрсетіп жатырмыз" дейтін көрінеді. Жақында мектеп бес мың теңгенің азық-түлігі мен ақшалай бес мың теңге берген. Ислам деген балама күртеше мен етік берді. Сосын бір қағаздарға қол қойдырып алды. Ол қағаз шенеуніктердің жоғарғы жақтағыларға "Дамирге көмектестік" деп есеп берулеріне қажет болар, - дейді Гүлмира Фаткулина.
ҚАРТТАР ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ
Биыл он жасқа толатын Дамир – көп балалы отбасындағы төртінші перзент. Анасы Гүлмира Шалқардағы "Болашақ" балалар бақшасында күтуші болып жұмыс істейді.
Гүлмира Фаткулинаның сөзіне қарағанда, отағасы көп жылдардан бері жұмыссыз. Жеті баласы бар отбасы Шалқардағы қарттар үйінің бір бөлмесін паналап отыр.
Ас пісіретін бөлмесі ортақ, әжетханасы көшеде орналасқан барак үйге су құбыры да тартылмаған. Қарттар үйінің тұрғындары ауыз суды келесі көшедегі құдықтан тасып ішетіндерін айтады.
- Қарттар үйіндегі жалғызілікті адамдардың бар жағдайын арнайы бөлінген әлеуметтік қызметкерлер жасайды. Менің екі қолы жоқ балама әлеуметтік қызметкер бөлінбесе де, көп балалы, мүгедек баласы бар отбасы ретінде баспана берілсе екен деймін. Ұзақ уақыттан бері тұрғын үй кезегінде тұрмыз. Бірақ ол кезектің жылжитын түрі жоқ. Жақында бір сұрағанымда біздің алдымызда 24 адам бар екенін айтқан, - дейді Гүлмира.
ДАМИРДІҢ АНАСЫНЫҢ АРМАНЫ
Бірақ зардап шеккен оқушыға өз бетімен жәрдем қылушылар да бар. Дамир Фаткулин мектеп ауласында тоққа түсіп, екі қолына ампутация жасалғаннан кейін ақтөбеліктер оның есеп-шотына қайырымдылық ретінде қаржы аудара бастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бионикалық қол зәру жандардың үмітін ояттыАнасының сөзіне қарағанда, қазір Дамирдің есеп-шотында 3 миллион теңгеге жуық қаржы бар. Гүлмира Фаткулина қайырымдылықтан жиналған қаржымен ұлына протез салдырғысы келеді.
- Дамирдің дәрігері 1,5 жылсыз протез салуға болмайды деді. Оған дейін қайырымды адамдардың көмегімен протезге қажетті қаржы жиналса деп армандаймын. 14 түрлі функциясы бар бионикалық протездің бағасы былтыр 30 миллион теңге болатын. Ең болмаса, бір қолына протез салдырып алсақ, - деп армандайды Гүлмира Фаткулина.
Дамир білім алып жүрген Шалқардағы №2 мектеп-гимназияның директоры Гүлнәр Қалдыбаева оқушының үнемі мектеп психологы мен сынып жетекшісінің бақылауында екенін айтады. Мектеп директорының сөзінше, Дамирдің "көңіл күйі жақсы, сабақта белсенді". Ал анасы табиғатынан тұйық ортаншы ұлының соңғы кездері тіпті ұнжырғасы түсіп кеткенін айтады.