Accessibility links

Қырғызстанда қолға арналған бірегей биопротез жасады


Қырғызстандық мамандар жасап шығарған биопротезді қолына киіп, сынап көріп отырған қыз.
Қырғызстандық мамандар жасап шығарған биопротезді қолына киіп, сынап көріп отырған қыз.

Алты адамнан құралған топтың тоғыз ай бойғы қарқынды еңбегінің нәтижесі көңіл толарлық: биопротез бұрыннан бар аналогтардан еш кем емес, тіпті кей артықшылықтары да бар, оның үстіне бағасы да басқалардан арзанырақ.

Құрамында қырғызстандық жас бағдарламашылар мен дәрігерлер бар алты адамдық топ күш-жігер біріктіріп, қолға арналған бірегей бионикалық протез жасап шығарды. Тоғыз ай бойы қарқынды зерттеу жүргізілді. Он жасар Әлия алғашқы "клиент": бірінші рет сол қолымен зат ұстап отыр.

- Бұл сәтті көріп, сезіну керек. Қасында тұрған адамдардың көзіне жас үйірілді. Баланың көңіл-күйіне, реакциясына қарап дұрыс бағытта екенімізді түсіндік. Адамдар өмірге деген көзқарасын өзгертіп, үмітін үзбеуі үшін бәрін ең жоғарғы деңгейде жасауымыз керек, - дейді топ жетекшісі, микрохирург Салтан Түкешов.

Қырғызстандық мамандар құрастырған биопротез:

Топ құрамында екі жас бағдарламашы мен төрт дәрігер бар, ал "ғылыми-зерттеу орталығы" 12 шаршы метр тар бөлмеде орналасқан. Әу баста олар шетелдік зерттеуге сүйенді, нәтижесінде бірегей өнім жасап шығарды.

Қырғызстандық протез шетелдік баламасына қарағанда жеңілдеу әрі көпфункционалды. Олар микропроцессорды қолдың білезігіне тіке орнатады, солайша кез келген өлшемдегі протез жасап шығаруға болады.

- Бионикалық протез импульсті, нейроимпульсті ұстайды. Жасалған бағдарлама мен микропроцессордың көмегімен адам саусақтарын қимылдата алады. Бұны "оймен басқару процесі" десек болады: протез білезікті ары-бері қозғалтып, заттарды ұстауға мүмкіндік береді. "Жазу" (қаламды ұстау), жүргізушілер үшін "көлік жүргізу", адам тамақ ішкен кезде қасықты ұстай алатын "тамақтану" режимдерін енгіздік, - дейді Түкешов.

Қырғызстандық мамандар әзірлеген биопротез күнделікті өмірде қажетті түрлі заттарды ұстап, пайдалануға мүмкіндік береді.
Қырғызстандық мамандар әзірлеген биопротез күнделікті өмірде қажетті түрлі заттарды ұстап, пайдалануға мүмкіндік береді.

Шетелдік протез құрылғының бағасы күрделілігі мен өндіру орнына қарай 4 мыңнан 40 мың долларға дейін тұрады. Қырғызстандық биопротез бағасы, оны жасағандардың айтуынша, екі мың доллардан аспайды. Микропроцессорды Қытайға тапсырыс беріп жасатады, ал дизайнын әр адамға жеке дайындайды: егер үзілген қолдың сканерін қолданса, протезді соған бейімдейді, сонда жақсы байланысады.

Топ мүшелерінің айтуынша, жұмыс жолға қойылса, протез жасауға бір аптадан артық уақыт кетпейді.

- Мақсатымыз – ақша тауып, атаққа кенелу емес. Мүмкіндігі шектеулі отандастарымызға көмектескіміз келеді. Кейін экспортқа шықсақ дейміз. Бұл басқа елдерге экспортталатын қырғызстандық өнім болады, - дейді топ мүшесі Дастан Рысалиев.

Бағдарламашылар протезді күн сайын жетілдіреді. Қазіргі кезде тұтас қолдың протезін жасап, оған адамның табиғатына тән мүмкіндіктерді беруді көздеп отыр.

- Кейін физикалық тері қаптасақ болады, солайша адам суықты, ыстықты, біреудің ұстағанын – бәрін сезінетін болады. Мүмкіндік шексіз, - дейді Рысалиев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG