Шетелдік студенттермен төбелесті "тұрмыстық жанжал" деп атады

Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің жатақханасы. Шымкент, 24 қыркүйек 2019 жыл.

Шымкентте қазақстандық және өзбекстандық студенттер арасындағы жанжалдан соң "бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалып, университетте күзет күшейтілді. Билік оқиғаны "тұрмыстық жанжал" деп атады. Шетелдік жастар жәрдем сұраған Өзбекстан дипломаттары Қазақстаннан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрайтынын айтады.

ЖАНЖАЛ НЕДЕН ШЫҚТЫ?

Шымкент полиция департаменті қыркүйектің 21-і күні қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын қазақстандық және өзбекстандық студенттер арасындағы жанжалдың "тұрмыстық сипатта болғаны анықталғаны" жайлы ақпарат таратты. Құқық қорғау органы Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлағанымен, олардың аты-жөнін және қай елдің азаматтары екенін айтпады.

Осы аптаның басында әлеуметтік желіде тараған видеода Шымкенттегі жоғары оқу орнында білім алып жатқан өзбекстандық жастар оқу басталғалы бері жергілікті студенттерден қысым көріп келе жатқанын айтып, Өзбекстан елшілігінен көмек сұраған. Өзін Сардор Норбоев деп таныстырған адам "жергілікті студенттердің ұрып-соғып, қоқан-лоқы жасағанын", ал "аты-жөнім – Музаффаржон Тожибоев" деген азамат "дүкенге шыққанда белгісіз жігіттер ақша бопсалайтынын" айтады. "Студенттер төбелесі" туралы тағы бір видеода өзара шекісіп қалған жас жігіттерді өзгелердің арашалап жатқаны, келесі бір көріністе далада бір топ жастың жүгіріп бара жатқаны байқалады.

Your browser doesn’t support HTML5

Студенттер арасындағы жанжалдың анық-қанығы

Жастар арасындағы жанжал 286 өзбекстандық студент білім алып жатқан Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде болғанын Азаттыққа оқу орнының өкілі Нұрбол Әпсеметов растады. Оның сөзінше, қыркүйектің 19-ы күні ағылшын тілі сабағында бір-бірімен сөзге келіп қалған қазақстандық және өзбекстандық екі студент арасындағы дау факультет ішінде шешілген. Келесі күні түсте университет залында "Көңілді тапқырлар клубы" ойыны өткен.

- Шара басталған кезде екі-үш өзбекстандық студент сыртта төбелес болып жатқанын айтып, далаға шығуға әрекеттенген. Өзге студенттер де өре түрегелген. Содан ерегес басталып, қазақстандық және өзбекстандық студенттер өзара тағы да жанжалдасып қалған. Оқытушылар ара түсіп, қазақстандық жастарды университет маңындағы аялдамаға, өзбекстандық студенттерді жатақханаға әкеткен, - дейді Әпсеметов.

Оның айтуынша, аялдамада тұрған қазақстандықтардың бір тобы жұма намазынан қайтып келе жатқан өзбекстандық студенттерді көріп, соларға қарай жүгірген.

- Сол кезде жаппай төбелес қайта басталған. Бұл уақытқа дейін полиция шақырып қойған едік. Полиция аялдама маңындағы төбелестің үстінен түсті. 24 адамды алып кетті. Тергеуден кейін полиция оларды қоя берді, - дейді университет өкілі.

Жанжал барысында зардап шеккен өзбекстандық бір студент ауруханаға жеткізілген. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызының Азаттық тілшісіне хабарлауынша, басынан жарақат алған өзбекстандық студент ауруханаға түскен кезде жағдайы орташа ауыр болған. "Қазір оның жағдайы орташа қалыпты" дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

ҚАЗІРГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Қыркүйектің 24-і күні Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетіне барған Азаттық тілшісі оқу орны ғимаратында күзет күшейгенін байқады. Күзетшілер оқу орнына келген өзге адамдардың аты-жөнін, қандай мәселемен келгенін тәптіштеп сұрайды. Университет өкілі Нұрлан Әпсеметовтің сөзінше, оқиғадан кейін университет пен жатақхана алдына полиция күзеті қойылған. Бұға қоса оқытушылар да кезекшілікке шығатын болған.

Университетте оқитын қазақстандық студенттер өткен аптаның соңында болған төбелес және оның себептері туралы сұраған Азаттық тілшісіне сұхбат беруден бас тартты.

Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті. Шымкент, 24 қыркүйек 2019 жыл.

Университет аумағында орналасқан студенттер жатақханасына барған Азаттық тілшісі сөзге тартқан өзбекстандық студент алда мұндай оқиға қайталанбайды деп үміттенеді.

- Дүкенге барсақ ақша талап етеді. Бір апта ішінде мұндай оқиға екі-үш рет қайталанды. Бірде 6-7 адаммен көшеде төбелескен. Топтасып төбелесу университеттің ішінде, жатақхана маңында болды. Төбелес кезінде өзбек студенті жарақаттанып, ауруханаға түсті. Көшеде кетіп бара жатса "Неге амандаспайсың?" дейді екен. Осының бәрін айтып, Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне хабарластық. Консул келіп, бұл жағдай қайталанбайтынына сендірді. Біз де үміттенеміз, - деді аты-жөнін айтпауды өтінген студент.

Жатақхана маңында жолыққан өзбекстандық студенттер Азаттық тілшісіне пікір білдіруден бас тартты. Ал әлеуметтік желіде тараған видеода есімдері аталған Сардор Норбоев пен Музаффаржон Тожибоевты журналист жатақханада кезіктіре алмады.

ӨЗБЕКСТАН ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, студенттер арасындағы жанжалдан кейін, қыркүйектің 21-і күні Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде өткен жиналысқа Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикром Ниязходжаев, университет ректоры Сандыбай Боранбаев, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Полатов, Қазақстандағы өзбек диаспорасының жетекшісі Икрам Хашимджанов және Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері қатысқан. Министрліктің мәлімдеуінше, жиналыста екі тарап жанжалға кінәлілерді заң бойынша жазалап, мұндай жағдай қайталанбау үшін шаралар қабылдауға келіскен.

Өзбекстанның Қазақстандағы бас консулы Аброр Фатхуллаев. Шымкент, 24 қыркүйек 2019 жыл.

Қазір Шымкентте жүрген Өзбекстанның Қазақстандағы бас консулы Аброр Фатхуллаевтың сөзінше, видеоүндеуде айтылған "ақша бопсалау, қоқан-лоқы жасау" фактілері расталмаған, студенттер айтқан сөздеріне дәлел келтіре алмаған. Ол болған оқиғаны "өзара келіспей қалған екі адамның арасындағы тұрмыстық кикілжің" деп бағалады.

- Екі адамның арасындағы келіспеушілікке байланысты оқиғаны құқық қорғау органдары тергеп жатыр. Бар сұраққа тергеу нүктесін қояды. Біз Қазақстаннан тек азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және тергеуді әділ жүргізуді сұраймыз, - деді өзбек консулы.

Фатхуллаевтың айтуынша, "оқиғадан соң бірде бір студент Өзбекстанға қайтпаған, бәрі оқуын жалғастырып жатыр".