Шахтерлер жалақыны көбейту қажет деген уәждеріне жұмыс берушіні иландыруға биыл көктемде де тырысып көрген болатын. Бірақ ол кездегі келіссөздерден түк шықпаған еді. Сондықтан шахтерлер жалақы мәселесін металлургтермен бірлесіп тамыздың 1-і күні өткен еңбек ұжымы конференциясында көтеруді ұйғарған. Бұл үшін "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының кәсіпорындары бар Қарағанды облысы қалаларынан жүздеген жұмысшы Теміртауға арнайы жиналды. Конференция бірнеше сағатқа созылды. Қызбалыққа салынып, залда отырған орнынан айғайлап жатқандар да болғанымен, жұрт әдеп сақтауға тырысты. Қиын жағдайда әрі мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге тура келетінін айтқан кей жұмысшылар тіпті әзілдеп те алды. Залдағы жұрт делегаттардың сөзін қол шапалақтап, құптап отырды. Залда форма киген құқық қорғау органы қызметкерлері де жүрді, оларды тыныштықты сақтау үшін жіберген сияқты.
ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРЫ
Кейбір жұмысшылар жалақыны кемі 30 пайызға көбейту қажет деп мәлімдеді. Өзгелері жалақысы аз жұмысшылардың айлығына 30 пайыздан көп үстеме қосу керек деп санайды.
—Жалақы "Абай" шахтасындағы трагедия ереуілдерге ұласқан 2008 жылы соңғы рет біраз өскен. Ал одан бері жалақымызға индексация ғана жасалды, онда да толық емес. Барлық тауардың бағасы қымбаттады, ал біздің жалақымыз азайып кетті, еңбек жағдайы да жақсарған жоқ. Мен жалақымызды кемі 30 пайызға көбейтуді жай сұрап қоймай, талап етуге құқымыз бар деп санаймын, - дейді Күзембаев атындағы шахтаның кен тазарту орнының кеншісі Прилепко.
Жұрт жұмысшылардың көбінің жалақысы тіпті 100 мың теңгеге де жетпейтінін айтты. Сөйлегендердің ішінде Светлана Фишер деген әйел зейнетақы жарнасы мен табыс салығын алып тастағанда, 69 мың теңге жалақы алатынын айтты.
— Қазақстандағы инфляция деңгейімен салыстырғанда, жалақы деңгейі 2014 жылдан бері 25 пайызға жуық азайды. Сондықтан мұны түзету керек! Жалақыны үнемдеудің кесірі кәсіпорнымыздың жоғары білікті мамандары олардың еңбегін бағалау деңгейімен мүлде келіспейтін күйге жеткізді. Мамандардың көбі жұмыстан кетіп жатыр. Жалақы деңгейін 250 мың теңгеге дейін көбейтетін кез жетті. Осы жиынға мені жіберген ЛПЦ-2 (метал табақшаларды илеу цехы - Азаттық) қызметкерлерінің пікірі осындай. Компанияның кірісі бар, мұны Лакшми Митталдың өзі де айтқан. Жалақымызды көтеретін кез жетті! – дейді ЛПЦ-2 кәсіпорны жұмысшысы Вениамин Марченко.
— Мұнда отырғандардың бәрі ақымақ емеспіз ғой, - дейді металлургиялық комбинат жұмысшысы Анатолий Калин. – Металдың бағасы қалай қымбаттап бара жатқанын біз де байқап отырмыз. Қазір мен айына 160 мың теңге аламын, ал доллар бағамы – 320 теңге. Сіздерде бәрі доллармен есептеледі емес пе, ал менің жалақым осы өндірісте екі есе азайып кетті. Қазір өлместің күнін кешіп жүрміз! Лайықты жалақы төлеңдер!
Жұмысшылар, әсіресе шахтерлер зейнет демалысына ертерек шығару мәселесін дереу шешу қажет деп санайды, өйткені "60 жаста шахтада жұмыс істеу дегеніміз күлкілі нәрсе". Бұған қоса, "компания жұмысшыларға нақты орындалатын өндірістік жоспарлар жүктесін" деген де ұсыныс айтылды. Жұрт металлургиялық комбинаттың білікті мамандарының көбі мардымсыз жалақы кесірінен жұмыстан шығып, көбі Ресейге кетіп жатқаны туралы да айтты. Металлургтер мен шахтерлер өндіріс орнында еңбек жағдайын жақсарту қажет деп мәлімдейді. Кейбір жұмысшылар құрал-жабдықтардың тозғанын айтып, тым болмағанда жөндеп беруді сұрады.
АМТ: "МӘСЕЛЕ ТӘСІЛДЕ"
Кеше жиында металлургтер мен шахтерлер алдында сөз сөйлеген "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының атқарушы директоры Вадим Басин "жұмысшылардың көбірек жалақы алғысы келетінін түсінетінін", себебі кезінде өзі де қарапайым жұмысшы болғанын айтты. Оның дерегінше, болат департаментінде орташа жалақы - 193 мың теңге, ал көмір департаментінде – 218 мың теңге.
— Егер металл бағасы, мысалы капуста сияқты қымбаттаса, жалақы да әлбетте сондай пайызға көбейер еді. Ұсынылған тәсілдерде болмаса, жалақыға қатысты ешқандай конфликт жоқ. Кәсіподақ барлық жұмысшының жалақысын бірдей пайызға көтеруді талап етеді, ал компания әкімшілігі жалақыны әр жұмысшының біліктілігіне қарай өсіруді ұсынады. Қазір компаниялардың көбі осы жүйеге көшіп жатыр. Әлгі жүйеде жұмысшы сұранысқа ие ме, оның компанияға келтіретін пайдасы ескеріледі. Кімге көбірек, кімге азырақ төлеу керектігін анықтап алу қажет. Адамның жалақысын мамандығының нарықтағы маңызына, білік, дағдысына қарай көбейту керек. Қазір [осылай төлеу] жобасы құрастырылып жатыр, - деді Вадим Басин.
Басиннің айтуынша, Қазақстандағы ең ұтымды ұжымдық шарт "АрселорМитталТеміртау" компаниясында жасалған әрі компания бүкіл міндеттемесін орындап, ұжымдық шарттың бір де бір пунктін бұзып отырған жоқ.
— Мен жанжал туындайтын уақыт таяды дегенмен келіспеймін. Әрине, келіссөз өте қиын жүріп жатыр, өйткені біз компанияның үш - болат, көмір және темір кені департаментін біріктіретін ұжымдық шартты тұңғыш рет жасап жатырмыз. Бірақ әлі уақыт бар, сондықтан даулы мәселелерді шешеміз, - дейді Вадим Басин.
Бұған қоса, Басиннің сөзінше, компания өз жұмысшыларына миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгенің әлеуметтік төлемдерін жасайды.
— Олар – материалдық көмек төлемдері, көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы, әйелдерге баласы үш жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы, еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша қосымша төлемдер, қайтыс болған зейнеткерлер мен қызметкерлерді, олардың жақындарын жерлеуге қатысты жоралық қызметтің ақысын төлеу, дәрігерлік пункт пен жедел жәрдем көлігін ұстау, дәрі-дәрмек, қобдишалармен қамтамасыз ету, студенттердің кәсіпорын келісім бекіткен және шетелдегі ЖОО-да оқуының ақысын төлеу (олардың көбі – компания қызметкерлерінің балалары), зейнет демалысыныа шыққан кезде берілетін бір реттік жәрдем, көмірдің ақшасын төлеп беру, дене шынықтыру мен спортты дамыту шығындары, санаторийлер мен балалар лагерьлеріне жолдамалар сатып әперу, - дейді Вадим Басин.
Теміртаудағы жиынға қатысқан «Қазпрофметалл» тау-кен және металлургия салалық кәсіподақ төрағасы Асылбек Нұралин жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасында әлеуметтік диалогты дамытуды құптайтынын, металлургтер мен шахтерлердің талаптарын Астанаға жеткізетінін айтты.
— "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жұмысшыларының талабы әбден орынды. Сөйлеген адамдардың сөздерінен жұмысшылар бәрін айқын әрі дәлелдермен негіздеп бергенін байқадым. Қазір 2016 және 2017 жылдың өндірістік көрсеткіштері жалақыны көбейтуге мүмкіндік береді деп санаймын, - деді Асылбек Нұралин.
Конференция соңында кәсіподақ өкілдері таяу күндері барлық талаптарын хатқа түсіріп, АМТ компаниясына жіберетіндерін айтты. Жұмысшылар "талаптар орындалмаған жағдайда еңбек дауын заң аясында, оның ішінде ереуіл өткізу арқылы шешу құқығын пайдаланатынын" да ескертті.