«Жадыра, мен ауылға барып келгенмін. Мазам болмай жатыр. Осындағы дәрігер Германияға барып, коронавирус алып келіпті. Санавициямен Алматыдан дәрігерлер келіп, алып кетіпті. Ол Германиядан келген соң талай адамды қараған. Сонымен Абай ауылында (Түркістан облысындағы Келес ауданының орталығы – ред.) беймарал инфекция жүріп жатыр дейді. […] Содан қорқып жатырмыз шықпай…»
Осылай деп WhatsApp мессенджерінде аудио таратқан әйелдің үстінен полиция жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғады.
Бірақ аудиода айтылған дәрігердің ақпанның 16-cы мен наурыздың 10-ы аралығында Германияда болғаны рас. Наурыздың 18-інде Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы оның 14 күндік карантинде екенін хабарлады. Басқарма таратқан мәлімдемеде «Қажетті сынама алынып, тексерулер жүргізілген. Қазіргі жағдайы жақсы. Қызуы жоқ. Жалпы Түркістан облысында коронавирус індеті тіркелген жоқ» деп жазылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құрандағы кірпік, сарымсақ пен су. Коронавирус жайлы жалған ақпарат
Наурыздың 18-інде Түркістан облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты таратқан күдіктінің анықталғанын хабарлады. Оның үстінен Германиядан келген дәрігер шағым түсірген. Департамент «күдікті өз әрекетін толық мойындап, қылмыс жасағанына өкініп отыр. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қолхатпен босатылды» деп хабарлады.
Полиция ресми хабармен шектелген жоқ. Күдіктінің кешірім сұраған, басқаларды өз қатесін қайталамауға үндеген» видеосын да жариялады. Бұл жағдайдан бір күн бұрын, наурыздың 17-cінде Алматы облысындағы Текелі қаласындағы орта мектеп директоры да «үш адамнан коронавирус табылыпты» деген жалған ақпарат таратқаны үшін видео арқылы кешірім сұраған. Қала әкімі оның тәртіптік жауапқа тартылатынын хабарлады.
Коронавирус шығып, инфекция пандемияға айналғанға дейін вирустың қандай жолдармен тарап жатқаны, емдеу әдісі мен жұқтырғандар санына қатысты жүздеген фейк пайда болды. Жалған ақпараттар қазақстандық арасында да жайылды. Билік оның кейбірін жоққа шығарып, «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқан» адамдардың үстінен іс қозғады.
Қазақстан қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша, төтенше жағдай кезінде көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқандар үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектелуі не түрмеге кесілуі мүмкін. Былтыр бұл баппен 72 іс қозғалып, оның тоғызы сотқа жеткен.
Азаттық ақпараттың рас-өтірігін анықтаумен айналысатын Factcheck.kz сайтының бас редакторы Павел Банниковпен фейктерді кім тарататыны мен адамдардың жалған ақпаратқа неге сенетіні туралы сөйлесті.
Азаттық: Павел, соңғы кездері мессенджерлерде фейк көбейіп кетті. Бұған не себеп?
Павел Банников: Кризистік жағдайлар кезінде жалған ақпарат жиі тарайды. Биыл ақпанда Масанчи ауылындағы жағдай кезінде (Қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған) фейк көп болды. Былтыр президент сайлауы кезінде де көп жалған ақпарат жайылды. Қазір де коронавирусқа байланысты фейк қатты тарап жатыр. Соңғы он жылда жалпы ақпараттың тарауы бірнеше есе өсті. Ақпарат тарауымен қатар жалған ақпараттың тарауы да өсті. 2010 жылы қанша адамда смартфон болды? Қанша адам Facebook пен Twitter-де отырды? Бірақ тіпті сол кездің өзінде фейктер өте жылдам тарап жатты. Ал қазір мессенджерлердің саны екі есе өсті. 2010 жылы WhatsApp болған да жоқ. Ал қазір WhatsApp – ақпаратты анонимді түрде жіберуге мүмкіндік беретін, әлемде ең көп қолданылатын мессенджер. Түрлі зерттеу бойынша, әлемде интернетке кіретін адамдардың 80 пайызы уақытын мессенджерлерде өткізеді. Бізге қаншама фейктің тарап жатқаны көрінбейді. Сондықтан адамдар арасындағы үрейдің шын мәнінде қандай екенін елесте де алмаймыз ба деп қорқамын.
Азаттық: Орталық Азия елдерінің коронавирусқа байланысты фейктері бір-біріне ұқсай ма?
Павел Банников: Иә, ұқсайды. Қатты ұқсайды. Кейде Қырғызстанда тараған жалған ақпараттар бір аптадан соң Қазақстанға жетеді. «Бішкек» дегенді «Алматы» деп өзгертіп қана қояды. Кейде бізден оларға барады. Біршама уақыт бұрын Өзбекстанда фейктер соншалық көп емес еді. Әрине, оған интернеттің нашар болуы да себеп. Бірақ төрт күн бұрын Өзбекстанда Covid-19 жұқтырған алғашқы адам анықталғанда Өзбекстанда фейк хабар қаптап кетті. Оның көбі Қазақстанда да тараған.
«СЕНІМ ЖОҚ»
Азаттық: Адамдарға оған не үшін сенеді?
Павел Банников: [Коронавирусқа байланысты ақпарат таратуда] Қазақстан билігі нашар жұмыс істеді. Тым нашар емес бірақ. Сенімді ақпарат алуға болатын дереккөздер әйтеуір бар ғой. Барлық ақпаратты жинақтап жариялайтын бір сайт ашуға болар еді (Наурыздың 20-сында денсаулық сақтау министрлігі коронавирус туралы ресми ақпарат жарияланатын сайт ашылғанын хабарлады. Сұхбат алынып жатқанда сайт әлі ашылмаған еді. – ред.). Бұл – байбаламмен күрестің, нақтылықты көрсетудің жақсы әдісі. Әлі де кеш емес. Биліктің ашықтығы, барынша ашықтығы ғана дүрбелеңді баса алады. Біз, азаматтар, қандай мәселелер барын білуіміз керек. Билік бізден ештеңе жасырып тұрмағын білгенде ғана біршама тыншимыз. Қазір адамдар қатты байбалам салып жатыр. Оған коронавирус туралы ақпараттың әр жақтан келіп жатқаны да себеп. Ақпараттың бәрі жан-жақта жатыр. Адам ол ақпаратты тауып аламын дегенше одан әрі үрейлене түседі.
Ақпараттық сауат болмауының да әсері бар. Ақпарат алаңы осылай тез үлкейіп кетеді деп ешкім күткен жоқ. Сондықтан адамдарды бұған дайындайтын бағдарлама болмады. Адамдардың ақпараттық сауаты жоқ. Қайсысы сенімді, қайсысы күмәнді дереккөз екенін ажырата алмайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Коронавирус жайлы сыбыс азық-түліктің қымбаттауына түрткі болдыАзаттық: Неге мессенджерлерде ресми ақпараттан гөрі фейктер тез тарайды?
Павел Банников: Саясаткерлердің бұрыннан өтірік айтатыны белгілі ғой. Бірақ журналистік, редакциялық стандарттар нашарлаған соң бұқаралық ақпарат құралының бәрінде жалған ақпараттар жариялана бастады. БАҚ-қа сенім азайды. Яғни адамдар не ресми дереккөзге, не БАҚ-қа сенбейді. Сондықтан адамдар фактіге негізделген ақпаратты емес, яғни тексерген нәрсесін емес, өздері қандай хабарды күтсе, соны тарата бастады. Олар жаңа ақпарат емес, өздерінде қалыптасып қалған ойын қуаттайтын хабарды іздейді. Адамдар «Мемлекет бізден мынаны жасырып отыр» деген сөзі бар кез келген хабарға сенеді. Себебі мемлекетке мүлдем сенім жоқ. Фейк ақпаратқа «БАҚ бізді алдап отыр» деп жазып қойыңызшы – жазғаныңыз бірден тарап кетеді.
Азаттық: Сол фейктерді кім құрастырады?
Менің бақылауымша, фейктің 90 пайызын қарапайым әлеуметтік желі қолданушылары құрастырады. Іші пысады, танымалдықты қалайды. Лайк, репост дегендей. Көбі қаралым үшін әдейі істейді.
Павел Банников: Әр түрлі адамдар. Менің бақылауымша, фейктің 90 пайызын қарапайым әлеуметтік желі қолданушылары құрастырады. Іші пысады, танымалдықты қалайды. Лайк, репост дегендей. Көбі қаралым үшін әдейі істейді. Ақпараттық сайттың атын жамылған порталдар да осыған барады. Мемлекет пен БАҚ-қа ешқандай сенім жоқ шақта бұлар тез таралады. Алаяқтар да фейк таратуы мүмкін.
Жаман ойы жоқ адамдар да фейк жібереді. Мысалы, коронавирус өршіген тұста өзім бұрын көрмеген «позитивті фейк» дейтін құбылыс байқадым. Қазір ғана «суда жүзу коронавирусты емдейді» деген жалған ақпаратты әшкерелеген материалды редакциялап біттім. Бұл адамдарға үміт сыйлайды. Бірақ фейктің жақсысы болмайды. Адамды адастыратын ақпараттың бәрі жаман. Айтпақшы, мұны жүзуді үйрететін жаттықтырушы таратқан.
Осы күндері ең көп тарап жатқаны – Қытай мен Ресей пропагандасының фейктері. Олар «Қытайға вирусты АҚШ әскерилері әкелді» деген ақпаратты жаппай бөлісе бастады. Қып-қызыл өтірік. Бірақ осыны Қытай мен Ресейдің пропагандамен айналысатын сайттар жаза бастады.
Жалпы, мәжіліс пен сенат депутаттары, министрлер де өте көп жалған ақпарат таратады. Олар манипуляция үшін деректерді ұдайы бұрмалайды не көпе-көрінеу өтірік айтады.
ФЕЙКТЕРДІ ҚАЛАЙ АЗАЙТУҒА БОЛАДЫ?
Азаттық: Қазақстан билігі фейктермен қалай күресіп жатыр?
Павел Банников: Қолынан келгенше күресіп жатыр. Бақылайды, әрине. Денсаулық сақтау министрлігі де, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті де нақты Қазақстанға қатысы бар фейктерді анықтап, ресми дереккөздері арқылы ол ақпараттарды жоққа шығарып бағады. Бірақ бұл өте аз. Шынымды айтсам, коронавирус қатты тарай бастаған екі айдың ішінде біз мемлекеттік органдарға қарағанда бірнеше есе көп фейкті әшкереледік.
Азаттық: Фейктер мұнша көп тарамас үшін не істеуге болады?
Павел Банников: Фейктер қайтсек те тарай береді. Бірақ оларды ашықтық арқылы азайтуға болады. Деректердің барынша ашық болуы, биліктің мейлінше ашық болуы шын әсер етіп, адамдарды үрейлендірмей ұстап тұрады. Денсаулық сақтау министрлігіне бәріне бірдей комментарий беру қиын шығар, бірақ олардың жұмысы – сол. Денсаулық сақтау министрлігі кемшілігі болса да, өзінің не істеп жатқанын біршама жақсы баяндап отыр. Қалғандары әзірге нашар. Ішкі істер министрлігі нақты ақпарат, нақты түсіндірме беруі керек. Төтенше жағдайдың комендант сағатынан не айырмасы барын айтуы тиіс. Мысалы, Алматы мен Астанада карантинді қалай жариялағанын қараңызшы. Өте нашар. Хабарламасын түсініп болмайсың. Мұның адамдар өміріне қалай әсер ететінін ашып айтқан жоқ.
«ЖУРНАЛИСТ РЕСМИ МӘЛІМЕТ АЛАМЫН ДЕГЕНШЕ ФЕЙК ТАРАП КЕТЕДІ»
Азаттық: «Барынша ашықтық керек» дедіңіз. Сіздің ойыңызша, бізде ашықтықпен проблема бар ма?
Павел Банников: Әрине. Қараңызшы, журналистер бірде-бір мемлекеттік ведомствоның баспасөз қызметінен шұғыл әрі толымды комментарий ала алмайды. Тіпті оларға хабарласу үшін контактілерін табу да оңайға соқпайды. Хабарлассаң, бір адам басқасына сілтейді. Журналист ресми комментарий алып үлгеремін дегенше фейк әбден тарап кетеді. Журналист жұмысын істеп, ақыры ресми ақпаратты таратты делік, бірақ оны ертерек жасаса, нәтижесі әлдеқайда жақсырақ болар еді. Кейбір ведомствоның ғана баспасөз қызметін ескермегенде, көбі журналистермен өте нашар жұмыс істейді. Министрлерді айтпай-ақ қояйын. Олардікі тіптен нашар.
Азаттық: Фактчекер ретінде, жұмысы «ең нашар министр» деп кімді айтар едіңіз?
Павел Банников: [Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен] Абаев мырза, әрине. Одан комментарий алу қиын екенін былай қойғанда, өзі де жалған ақпарат таратады. Біз кемінде оның екі өтірігін әшкереледік. Ол «Германияда жалған ақпарат таратқан басылымдарға 50 миллион еуро айыппұл салынады» деген. Бұл – өтірік. Біріншіден, мұндай айыппұл басылымдарға емес, әлеуметтік желілерге ғана салынады. Екіншіден, Абаев [басылымдар деп] манипуляция жасап отыр. Заң ең алдымен жеккөрінішке үндеуге, Конституцияға қарсы ұйымдар мен адамдарды қорлауға қарсы қабылданған. Бірақ, өкінішке қарай, бұл өтірікті барлық БАҚ көшіріп басты.
Азаттық: «Қарапайым адамдар фейкті танымалдық үшін таратады» дедіңіз. Саясаткерлердің жалған ақпарат таратуына не түрткі?
Павел Банников: Меніңше, қорқыныш. Билік өкілдері қарапайым азаматтардан қорқады. Ашық болудан үрейленеді. «Таза емес екенімізді» біліп қояды деп секемденетін шығар. Қорқыныш өтірік айтуға итермелейді.
Мақаланы дайындауға Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Дилара Иса көмектесті.