ДҮРБЕЛЕҢ
Тәжікстанда "коронавирус жұқтырған науқастар анықталыпты-мыс" деген қаңқу тараған соң, наурыздың 4-інен бастап тұрғындар жаппай азық-түлік сатып алуға кірісті. Сауда орындарында ұзын-сонар кезек пайда болып, баға лезде күрт қымбаттап шыға келді.
Наурыздың 5-і күні өткен брифингте Тәжікстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Шодихон Жамшед мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттіктің екі жылға жетерлік азық-түлік қоры бар деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ішкі қорға қоса шетелден де азық-түлік өнімдері бұрынғысынша жеткізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрінің тағы бір орынбасары Мирхомуддин Камолзода сәрсенбі күні елдегі базарлар мен дүкендерде байқалған жағдайды ретке келтіру үшін ведомствоаралық комиссия құрылғанын хабарлады.
"Қазір дүрбелеңге жол бермеу мақсатымен тұрғындар арасында түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр" деді ол.
БАҒА КҮРТ ҚЫМБАТТАДЫ
Тәжікстанның монополияға қарсы қызметі болса азық-түлік бағасының қымбаттауын талдауға кірісті. Осы мекеме басшысының орынбасары Дилшод Музаффарзода наурыздың 5-і күні Озоди радиосы тілшісіне жұмыс тобы Бас прокуратура өкілдерімен бірге бейсенбі күні таңертең Душанбе базарларын аралағанын айтты.
Бағаны реттеу міндеті жүктелген мемлекеттік орган азық-түлік өнімдері мен тауарлар бағасы айына 20 пайыздан астам қымбаттаған жағдайда ғана араласуға құқылы. Алайда сәрсенбінің кешінде елдегі базарлардың барлығында негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы екі есеге қымбаттап кеткені байқалды.
Озоди радиосының тілшілері бейсенбі күні таңертең сауда орындарында жұрт ұн және өзге де азық-түлік өнімдерін сатып алу үшін кезекте тұрғанын көрді. Халық ұзын-сонар кезекке тұрып, әбігерге түскеннен кейін милиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейтуге мәжбүр болды.
Бейсенбі күні экономикалық даму және сауда министрлігі азық-түлік тауарларын өндіру және сатып алу көлемі азайғаны туралы қауесеттің ешқандай негізсіз екені жайлы хабарлама таратты. Министрлік тұрғындарды ниеті жаман пайдакүнемдерге ғана тиімді қауесеттің жетегінде кетпеуге, дүрбелеңге бой алдырмауға және азық-түлікті қажет шамадан тым артық алмауға шақырды.
МЕШІТТЕР ЖАБЫЛДЫ, ОҚУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус жұқтырудың бірде бір фактісі тіркелмегенін мәлімдеді. Министрлік қазіргі кезде Тәжкстанға Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Иран мен Ауғанстаннан келген 1,5 мың адамды дәрігерлер бақылауға алғанын хабарлады. Қазіргі кезде 320 адам карантинде жатыр. Өзгелерін үйлеріне қайтарған.
Мирхомуддин Камолзода бейсенбідегі брифингте барша жамағат қатысатын намаз бен басқа да көпшілік шараларға тыйым коронавирусқа қарсы сақтық мақсатымен салынғанын айтты.
Неліктен мектептер мен басқа да оқу орындары емес, мешіттер ғана жабылды деген журналистер сұрағына ол "мешітке шетелдік азаматтар да барады, оның үстіне ондағы кілемдерді тәулігіне бірнеше рет сулы шүберекпен сүртіп алуға мүмкіндік жоқ" деп жауап берді.
"Оқу орындарында карантин жарияланбайды" деп хабарлады Мирхомуддин Камолзода. Оның сөзінше, оқу орындарында мектеп оқушылары мен студенттердің денсаулығын тексеру үнемі жүргізілетін болады.
Тәжікстан ислам орталығының үлемдер кеңесі сәрсенбі күні мұсылмандарға үндеу жасап, адам көп жүретін орындарға бармауға, дене қызуы көтерілген жағдайда дереу дәрігерге қаралуға кеңес берді. "Діндар жанға өз дертін жасыруға болмайды, өйткені мұсылман өзіне де, өзгелерге де зиян тигізбеуі керек" делінген үндеуде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі
- Қолыңызды жиі жуыңыз.
- Көзіңізді, мұрныңызды уқаламаңыз, қолыңызды аузыңызға тигізбеңіз.
- Жөтеліп, түшкіріп жүрген жұрттан бір-екі метр алыс жүріңіз.
- Жөтелсеңіз, қызуыңыз көтерілсе, тыныс алу қиындаса бірден дәрігерге қаралыңыз.
- Вирус табылған елден келсеңіз біраз уақыт үйіңізде болыңыз.
Өткен жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус жұқтырғандар, қазіргі мәлімет бойынша, әлемнің 82 елінде анықталған. Осы уақыт ішінде әлемде қауіпті вирустан 3200 адам (көбі - Қытайда) қайтыс болған. Қазіргі кезде әлем бойынша коронавирус жұқтырған адам саны 93 мыңнан асты. 50690 адам дерттен айыққан.
ПІКІРЛЕР