"Кез келген уақытта қамауы мүмкін". 274-баппен қудалау үрдісі

Qaznews24 әзіл-сықақ парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті көрінеу жалған ақпарат таратты деп тергеп жатқанда, оның жақтастары полиция ғимараты алдында наразылық білдіріп тұр. Алматы, 15 мамыр 2021 жыл.

Қазақстанда кейінгі жылдары көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен істі болған оппозициядағы саясаткер мен белсенді көбейді. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылардың саяси бапты өзгерту туралы үндеуін Нұр-Сұлтан елемей отыр.

"ӘЗІРШЕ КУӘГЕР"

Алматыда тұратын оппозиция белсендісі Абзал Достияров 5 тамызда Қызылордадағы бауырының тойына бару үшін жол жүргелі жатқан. Күндізгі сағат 12-де оған белгісіз нөмірден қоңырау шалады.

Телефон соққан азамат өзін ішкі істер министрлігінің тергеушісі Алмас Тастанбеков деп таныстырады. Ол Достияровқа белсенді былтырдан бері жариялаған әлеуметтік желідегі 11 видеоға сараптама жасалғанын, оның қорытындысы бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды.

Тастанбеков белсендіні сол күні Алматыдағы министрлік өкілдігі ғимаратына "дереу тергеу келуге шақырады". Жолға шығып бара жатқанын айтып, кейінге қалдыруды сұраған Достияровтың өтінішіне көнбейді.

Полиция Шевченко мен Қонаев көшелері қиылысында Абзал Достияровты ұстап әкетіп барады. Алматы, 7 мамыр 2022 жыл.

Бұл – кейінгі төрт жылда оппозиция белсендісіне айналған 36 жастағы Абзал Достияровтың қылмыстық іс бойынша тергеуге алғаш шақырылуы. "Демократиялық партияны" тіркеу бойынша бастамашыл топтың белсендісі бұған дейін әкімшілік істер бойынша бірнеше рет қамауда отырып шығып, айыппұл төлеген.

– Мені қояр да қоймай шақырғанына қарап, осы жолы қамайтын шығар деп бардым, – дейді Достияров. – Бірақ қамамады. Бұл істе статусым әзірше куәгер екен. Қордай оқиғасы (Жамбыл облысы Қордай ауданында болған дүнгендер мен қазақтар арасындағы қақтығыс – ред.) болған 2020 жылдан бастап күні кешеге дейін жариялаған 11 видеомды сараптамадан өткізіпті.

Алматылық тергеуші белсендіге нақты қай видеода қандай жалған ақпарат таратқанын айтпаған. Достияров тек сараптама жасалған кейбір видеоның тақырыбын ғана көріп үлгерген: "Тасмағамбетов билікке келу үшін сұмдық әрекеттерге барды", "Қашқын Байбек қажы атанды".

– Сараптама қорытындысында "аталған видеоларда әлеуметтік араздық қоздыру, полицияны қорлау, Конституцияға қайшы келетін сөздер бар" деп жазылыпты. Мен көрерменді ешқашан зорлық-зомбылыққа, араздыққа үндеген емеспін, – дейді белсенді.

Достияров куәгер статусындағы құқығын пайдаланып, түсінік беруден бас тартқан. Тергеуші іс бойынша "енді не боларын білмейтінін" айтып, бірер сағаттан соң қайтарып жібереді. Содан бері іс бойынша ешбір жаңалық жоқ.

– Бұл, әрине, қудалау. Мені кез келген уақытта қамап тастауы мүмкін, – дейді Достияров. – Бастысы қылмыстық іс ашылды ғой.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ, САЯСАТКЕР, ЖУРНАЛИСТ, БЕЛСЕНДІ…

Қылмыстық істегі статусы әзірше куәгер болғанымен, Достияровтың қамаудан қауіптенуі негізсіз емес.

Көрінеу жалған ақпарат тарату туралы 274-бап қылмыстық кодекске 2014 жылы енгізілгелі Қазақстанда жүздеген адам – оппозициядағы белсенділер, тәуелсіз журналистер мен блогерлер істі болып, ондаған азамат қылмыстық жауапқа тартылды.

Көрінеу жалған ақпарат тарату бабының саяси астары бары бап қылмыстық кодекске енгізілгеннен көп уақыт өтпей-ақ көрінген.

2015 жылы қазанда Павлодар облысында құқық қорғаушы Елена Семенованың үстінен осы баппен іс қозғалды. Ол облыс түрмелерінде кейбір тұтқындардың қамауда азапталғаны туралы жазғаны үшін күдікке ілінді. Бірақ кейін іс тоқтады. Семенова мұны "қорқыту" деп бағалаған.

2016 жылы қарашада жер реформасына қарсы Атырауда өткен митингіге қатысқаны үшін азаматтық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бірнеше айыппен қатар осы – көрінеу жалған ақпарат таратты деп бес жылға сотталды. Адвокаттары бұл айыппен келіспей, белсенділер тек баспасөзде жарық көрген материалдарды бөліскенін айтқан.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сот залында. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

2017 жылы қарашада шымкенттік белсенді Ардақ Әшімнің үстінен "әлеуметтік желіде шенеунік туралы жариялаған пікірі үшін" көрінеу жалған ақпарат таратты деп іс қозғалып, тергелді.

2018 жылы сәуірде Алматы полициясы Ratel.kz және Forbes Kazakhstan журналының редакциясында компьютерлерді тексеріп, құжаттарды тәркіледі. Бірнеше журналистің ұсталғаны хабарланды. Кейінірек олардың үстінен кәсіпкердің шағымы бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғалғаны белгілі болды.

2018 жылы шілдеде ​құқық қорғаушы Елена Семенова Еуропарламент мүшелерімен кездесуде Қазақстан түрмелері мен қамауда ұстау орталықтарына түскен адамдардың ахуалы туралы баяндаған. Кейін Қарағанды облысының полициясы құқық қорғаушының үстінен көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғады.

2018 жылы қазанда Түркістан облысы Абай ауылында зорланған 7 жасар бала туралы жазба жариялаған соң адвокат Бауыржан Азановтың үстінен көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғалды. Кейін бұл іс қылмыс құрамы жоқ деп, тоқтатылды.

2019 жылы қыркүйекте Өскеменде астаналық төрт белсенді ұсталды. Олар Шығыс Қазақстан облысына барып, сондағы ауылдардың бірінде қытайлық кәсіпорын ашылды деген ақпаратты тексермек болған. Полиция олардың үстінен көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғады.

2020 жылы сәуірде азаматтық белсенді, заңгер Әлнұр Ильяшев екі айға қамалды. Ол "Нұр Отан" партиясы – өзге партиялардың тіркелуіне кедергі" деген мазмұнда пікір айтқан. Ильяшевтің үстінен көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғалған.

Азаматтық белсенділігі үшін қудаланған заңгер Әлнұр Ильяшевтің жақтастары сот ғимаратының алдында іске наразылық білдіріп тұр.

2020 жылы сәуірде полиция ұзақ жыл қазақстандық "КТК" телеарнасын басқарған Арман Шораевты полиция ұстап, тергеді. Әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғаған. Кейін "қылмыс құрамы жоқ" деп, іс тоқтады.

2021 жылы мамырда полиция Instagram желісіндегі Qaznews24 әзіл-сықақ парақшасының иесі Темірлан Еңсебекті тергеді. Оның шенеуніктерді келемеждеп жазған күлкілі фейк жаңалықтары бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғалған.

2022 жылы қаңтарда Ақмола облысында полиция белсенді Айя Сәдуақасованы көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыптады. Тергеу оның Қаңтар оқиғасы кезінде әлеуметтік желідегі "әскерилер халық жағына өтіп жатыр" деген жазбасын жалған деп тапқан. Тамызда судья белсендінің бостандығын үш жылға шектеді.

2021 жылы желтоқсанда полиция оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың үстінен көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен іс қозғады. Ал наурызда осы іс бойынша саясаткердің статусын куәгерден күдіктіге өзгертіп, екі айға қамауға жіберді. Мамайға одан кейін тағы екі баппен айып тағылып, саясаткер жарты жылға жуық уақыттан бері қамауда отыр.

Журналист Жанболат Мамай (ортада) және құқық қорғаушы Евгений Жовтис (сол жақта). Алматы, мамыр, 2016 жыл.

– Мысалы, Мамайды 4 қаңтарда [Алматы Арена алдында] "Жаңаөзенде 10 мың адам жиналып тұр!" деген сөзі үшін соттап жатыр. Жаңаөзендегі адам саны қанша екенін ешкім дәлелдемеді. Тек ақпаратты жалған деп тапты. Сөйтіп ол қылмыс жасады деп күдікке ілінді, – дейді Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис. – Тергеушілер 274-баппен айып таққанда негізінен Мамайдың "көрінеу жалған" сөйлегенін дәлелдеуі керек еді. Бірақ оған ешкім бас ауыртып жатқан жоқ.

Қазақстан билігі, Жовтистің дерегінше, оппозициядағы саясаткерлерді, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз журналистерді қудалау үшін ұзақ жыл бойы әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық не діни араздықты қоздыру жөніндегі 174-бапты қолданып келген. Кейін 405-баппен – тыйым салынған ұйым ісіне араласты деп сотталған белсенділер жиілеген.

– Енді қазір осы – 274-баппен жауапқа тартылатындар көбейді, – дейді құқық қорғаушы. – Себебі бұл баппен адамды кінәлі деп тауып, қудалау оп-оңай. Ешқандай сарапшының керегі жоқ. Адамның бір сөзін алады да, оны жалған деп табады. Сөйтіп адамды соттап жібереді. Адам ол ақпаратты бапта көрсетілгендей көрінеу таратты ма, жоқ па – ешкім анықтап жатпайды.

ҮНДЕУ МЕН ҮНСІЗДІК

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін 274-бапты азаматтарды қудалауға қолданбауға кемінде кейінгі бес жылдан бері жария түрде үндеп келеді.

2017 жылы Amnesty International құқық қорғау ұйымы "Жазба жарияламастан бұрын ойлан: Қазақстанда әлеуметтік желілердегі пікірін еркін білдіру кеңістігін жою" атты есебінде 274-баптың азаматтық белсенділерге қарсы қолданылған жағдайларды тізіп, мұндай тәжірибені сынға алған.

Оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың жақтастары наразылық білдіріп тұр. Алматы, 7 мамыр 2022 жыл.

2018 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир қазақстандық журналистер мен редакцияларды көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен жауапқа тартуға алаңдаушылық білдіріп, мұның "ой-пікір еркіндігі мен сөз бостандығын дамытуға септеспейтінін" айтқан.

2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы мәселесі туралы резолюция қабылдады. Онда "Қазақстан билігі әлі күнге дейін 274-бапты қолдану арқылы белсенділер мен журналистерді қудалап келеді. Қазақстан билігі бұл баптарды өзгерткісі келмейді" деп жазған.

Сол жылы қарашада Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан БҰҰ-да есеп беретін күні таяғанда мәлімдеме жасады. Олар "адам құқықтарын жақсартуға уәде берген жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сөзінде тұруға көндіруі керек" деді. Құқық қорғаушылар талап еткен өзгерістер арасында 274-бапты реформалау да бар.

2021 жылы Amnesty International ұйымы "билік оппоненттерін қудалап, жазалау үшін қылмыстың кодекстің көрінеу жалған ақпарат тарату туралы бапты өз мүддесіне пайдаланып отыр" деп мәлімдеген.

– Бұл үндеулерге Қазақстан билігінің бірде-бір реакциясын көрмедік, – дейді "Әділ сөз" баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. – Бұл баптың сот тәжірибесінде қалай қолданылып жүргенін бақылайтын, оны қалай қолдану керегін түсіндіретін Жоғарғы соттан да ешбір реакция жоқ. Әділет министрлігі де үнсіз.

Қазақстан билігінің басқа саяси астары бар баптар бойынша халықаралық үндеулерге реакция білдірген кезі болған.

Мәселен, халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылардың жылдар бойғы мәлімдемелерінен соң 2020 жылы Нұр-Сұлтан жала жабу бабын қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске алмастырды.

– Бұл декриминализация емес. Жай бір заңнан екіншісіне ауыстырды. Жаза мерзімі азайған да шығар. Бірақ билікке ұнамсыз азаматтарды айыппұл салып жауапқа тарту жалғасып жатыр, – дейді Жовтис. – Оның үстіне қылмыстық кодексте қорлау бабы сол күйі тұр. Билік өкілін қорлау бабы да, тұңғыш президентті қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық бабы да, парламент депутатының абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу бабы да әлі өзгеріссіз. Қазақстанда адамды сөз бостандығы құқығын пайдаланғаны үшін жауапқа тартататын баптар әлі өзгерген жоқ. Оның қатарында 274-бап та бар.

– Бұл "Жаңа Қазақстан" туралы айтып жүрген [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев пен оның айналасындағы адамдардың ұстанымына қарама-қайшы, – дейді белсенді Абзал Достияров өз үстінен қозғалған іс туралы. – [Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың тұсында қабылданған 274-бап авторитар билікке азаматтарды қудалауға ыңғайлы болып тұр. Жанболатқа осы бапты пайдаланды. Ұстады да, түрмеге қамады. Енді маған да осыны қолданбақ. Билік соттаймын десе, кез келген сөзіңді өзіне ыңғайлы етіп бұрмалап алады. Маған қарсы саяси іс ашуынан биліктің ешқандай да саяси реформаға ниеті жоғын байқап отырмыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Назарбаевқа құдай статусын бекіту". Сатиралық пост авторының үстінен қылмыстық іс қозғалуы ықтимал"Тергеу құпиясын жарияламау" жайлы қолхат қысым құралы ма?"Бұл — Жанболаттың ғана емес, менің де таңдауым". Инга Иманбайдың күресі"Алға Қазақстан" оппозициялық партиясын құрғысы келетін белсенділер қудаланғанын айтадыДүрбелеңнен кейін телефоннан тыңдалған сөзін қылмысқа айғақ қылды. Ләззат Досмамбетоваға сот үкімінде не айтылды?