Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайына шағымданған жұмысшылар мен жұмыссыз азаматтардың наразылығы жалғасып жатыр. Жұмыссыздар биліктен мұнай-газ саласында жұмыс тауып беруді, ал осы салада жұмыс істейтіндер жалақыны көбейтіп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді.
Жаңаөзенде елуден астам жергілікті тұрғын мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беруді талап етіп, бір айдан бері әкімдік алдына қонып жүр. Кейінірек оларға қосылған Маңғыстау өңіріндегі "Өзенмұнайгаз" кәсіпорнына мердігерлік қызмет көрсететін "БатысГеоФизсервис" ЖШС жұмысшылары жалақы төлеуде ашықтық жоқтығына шағымданады. "Өзенмұнайгаздың" тағы бір мердігері "Бейбарыс LTD" жүргізушілері ұжымдық шартты рәсімдеп, жалақыны көбейту, әлеуметтік пакет беру тәрізді талаптарына жарты ай ереуілде тұрса да қол жеткізе алмады.
ӨНДІРІСТЕГІ ҚАЗА
15 маусымға қараған түні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы "Кезби" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс нысанында машинист Есен Әбілханов қазаға ұшырады. Бейнеу ауданының 43 жастағы тұрғынының ажалына мұнай ұңғымаларын жөндеу жұмысына қолданылатын көтергіш агрегатта шыққан өрт себеп болды.
Your browser doesn’t support HTML5
"Өрт түнде 3-бригада машинисін 26-бригадаға ауыстырып, жұмысқа жіберген кезде болған. Біз техника ескі, пайдалануға қауіпті екенін айттық, Нұр-Сұлтанға барып, наразылық та білдірдік. Талап қойғандар жұмыстан шығарылды, комиссия кеткен соң ескі техниканы қайта жұмысқа қосты" дейді "Кезби" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Нұрсұлтан Нұрымов.
Маңғыстаудағы ең ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорын "Өзенмұнайгаздың" ұңғымаларын жөндеумен айналысатын "Кезби" компаниясы жұмысшылары жалақыны көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, былтыр жаз бен күз айларында бірнеше рет ереуілге шыққан.
Ал биыл мамырда осы талаппен Нұр-Сұлтанға келген 26 жұмысшы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы алдында он шақты күн бойы далада түнеп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті.
"НЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ, НЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖОҚ"
Азаттық тілшісі Жаңаөзенге маусымның басында, ми қайнататын шіліңгір ыстық кезде барды. "Өзенмұнайгаз" мұнайшыларын өндіріс орнына таситын "Бейбарыс LTD" компаниясы жүргізушілері айға жуық ғимарат алдына қонып, ұжымдық шартты рәсімдеуді талап етіп тұр.
Бірнеше ағаш қадап, үстін салафанмен жауып, қолдан қалқа жасап алған олар көрпе төсеніп, жерге жайғасыпты. Қасына қазан орнатып қойған, ас-суды сол жерде ішеді. Адамдардың тотыққан жүзінен шаршағаны байқалады. Көбі елуді алқымдаған, талай жыл еңбек еткен адамдар.
Өзін Дәулет Сұлтановпын деп таныстырған наразылардың бірі жұмысшылардың әкімшілікке қойған талаптарын түсіндіре бастады. Ол он жылдан бері ұжымдық шарт өзгертілмегенін және қолдарында жоқ болғандықтан, онда не жазылғанынан бейхабар екенін айтып, міндетті әлеуметтік төлемдер – зейнетақы қоры мен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға деп ай сайын жалақыдан ақша ұстағанымен оның тиісті шотқа түспейтініне налиды.
– Ақшаны "жировкадан" ұстайды. Бірақ ол баратын жеріне бармайды. Не зейнетақы, не медициналық сақтандыру жоқ. Заман өзгерді, еңбек шартына құқықтарымызды нақтылайтын өзгеріс енгізгіміз келеді. Талаптарымыз сол құжатта мөрмен бекітілсе орындалады деп санаймыз, – дейді Дәулет.
Оның сөзін қоштаған Қанат Сүйесінов бір айда қанша күн болса сонша жұмыс істейтіндерін айтып шағымданды.
– Таңғы бестен тұрамыз. Сағат алтыда аялдамада болуымыз керек. Жұмыста ешқандай жағдай жасалмаған. Мәшинені өзіміз жөндейміз, бізге қажет құрал-жабдықты бермейді. Өзіміз сатып аламыз. Еңбек демалысымыз сынған көлігімізді жөндеумен өтеді. Сенбі, жексенбі дегенді білмейміз. Оны айтсақ ескермейді, – дейді ол.
Сүйесінов жуырда бір жүргізуші жарақат алып, дәрігерге барғанда қарала алмағанын, бәрі ұжым болып, ақша жинап көмектескендерін айтады.
– Себебі медициналық сақтандыру қорына жалақымыздан ұстаған ақша аударылмаған. Ал зейнетақы қорына жылдың басына аз-мұз ақша салыпты, жылдың ортасында ештеңе түспеген. Не айтарымызды білмейміз, көз жасымызды төгуден басқа, – дейді ол.
Жүргізушілер демалыссыз жұмыс істеп жүрсе де жұмыс беруші оларға не жұмыс киімін бермейтінін, не ас-сумен қамтамасыз етпегенін, артық сағат жұмыс істегеніне ақша төлемейтінін, Еңбек кодексінде қарастырылған мереке күндеріне төленетін сыйақы берілмейтінін айтып шағымданды.
Олар мекеме басшысының бұл талаптарды ұжымдық шартта қарастырып, оны 14 ақпаннан қалдырмай беретіні туралы жазбаша жауап жолдағанымен, оны әлі күнге дейін орындамағанын айтады.
"Өзенмұнайгазға" мердігерлік қызмет көрсететін "Бейбарыс LTD" жүргізушілері биыл ортада тағы бір компания пайда болып, енді "Бейбарыс LTD" оның субмердігеріне айналғанын, бұл олардың табысының азаюына әсер еткенін айтады.
Жұмысшылар "Өзенмұнайгазбен" тікелей жұмыс істеуді немесе өздерін "Өзенмұнайгаз" қарамағына беруді талап етеді.
Жаңаөзенде Азаттық тілшісімен кездесуге құлық танытпаған "Бейбарыс LTD" директоры Азамат Әжібаевпен кейін телефонмен сөйлесудің сәті түсті. Ол жүргізушілердың сөзін теріске шығарып, "600 мың теңгеден кем жалақы алмайды" деді.
– Ұжымдық шарт бар, киім бәріне беріліп жатыр. Тамақпен қамту міндетімізге кірмейді. Біз оларға тағы адам алайық десек өздері келіспейді. Енді не үшін шағымданып жүр?! Мен оларға бірнеше мәрте шығып, түсіндірдім. Ал камера алдында есеп беруге міндетті емеспін. 13 адам өздері кетті жұмыстан. Енді маған телефон шалмаңыз, – деп ашулы кейіппен сөйлескен басшы телефон тұтқасын қоя салды.
"17 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕДІ"
"БатысГеоФизсервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшылары да 30 мамырдан бері наразылық білдіріп тұр. Олар жалақыны 70 пайыз көбейтуді талап етеді.
"БатысГеоФизсервис" – мұнай ұңғымаларының түбін өлшеп, ату-жару жұмыстарымен айналысады. Еңбекақы атқарған жұмысына қарай төленеді. Сондықтан жұмысшылар жақсы жалақы шығуы үшін тәуліктеп демалыссыз жұмыс істейтінін айтады.
– Жұмысымыз өте ауыр. Айдың 30 күні бойы ұңғыма басындамыз. Ұңғымадан шыққан радиацияны ауамен қоса жұтып кейде таңға дейін жүреміз. Сол жерде тамақ ішеміз. Жұмыс барысында аппарат өте қатты шулайды. Ол үшін бізге құлаққап я басқа жұмыс киімі берілмейді. Осы жерде отырған жігіттердің тең жартысының құлағы мүкіс болған. Мұның бәрін ешкім елемейді, – дейді Мұхтар Жалғасбаев.
Ол бұл мекемеде 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір шебер дәрежесіне дейін көтерілген. Айтуынша, жұмысшылар 80-90 мың теңге, арасында оза шапқанда 100-200 мың теңгеге дейін жалақы алады.
– Мен тек наурыз айында алғаш рет 700 мың теңге алдым. Ол кезде мен 310 сағат тапсырдым. Еңбегіме орай төлегені болар. Енді осыны кім келсе де "біз оларға 300-700 мың теңге төлейміз" деп айта береді. Ал шын мәнінде ешбір жұмысшы бұл табысқа қолы жетпейді, көбі тәуліктеп жүрсе де ұңғыманың түбін таба алмайды, ол күніне ештеңе төленбейді. Жұмысшылар нақты қандай жалақы қалай төленетінін көрсететін түбіртек алғысы келеді. Ашықтық керек, – дейді Мұхтар Жалғасбаев.
Оның сөзін қолдаған Жақсылық Қаленов пен Ерғали Күңқаев та мамыр айында 17-24 мың теңге алғандарын айтты.
– Бір ай жұмыс істедім, үш ұңғыманы анықтадым. 17 мың теңге төледі. Оған қалай күн көруге болады? – дейді Күңқаев.
Ал машинист болып еңбек ететін Қаленов бір ай атқарған жұмысына 24 мың теңге алыпты.
Еңбек жағдайына наразы жұмысшылар арасында мекеменің кадр бөлімінің басшысы Руслан Меңгербаев та бар. Ол да жұмысшылардың сөзін растап, жұмыс берушінің ақпанда жалақыға 20 пайыз қосымша қаржыны бәріне бірдей төлемегенін, алалап берілгенін айтты.
"БатысГеоФизсервис" мекемесі басшысы журналиспен сөйлескісі келмеді.
Компания жұмысшылары сәуірде де жұмысты тоқтатқан. Ол жолы жұмыс беруші сотқа беріп, ереуілді заңсыз деп таныған соң жұмысшылар жұмыс орнына оралған.
Азаттық тілшісі сол жерде мекеме басшылығымен сөйлесуге талпынған еді. Бірақ ол жұмыс орнында болса да, ғимаратқа кіретін қақпаны жапқызып, журналистің кіруіне рұқсат етпеді.
"ӘКІМ ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛМАСА КЕТСІН!"
Қала әкімдігі алдына келгенде көрпе-төсек салып жайғасқан бір топ адамды көрдік. Олар да ары-бері өткеннің тесіле қарайтынына үйренген тәрізді, ешкімге назар аудармады. Тек оператордың қолындағы камерасын көрген соң барып қана бет бұрды. Онда да үміттен гөрі күдік басым. "Біреуміз суырылып сөйлесек, арандатушы деп жауып тастайды" деген олар жұмыс сұрап осы жерде 11 мамырдан бері түнеп жүргенін айтады.
– Әкімнің бізбен шаруасы жоқ, арт жақтағы есігінен кіріп-шығып жүр. Көзімізге көрінбейді. Орынбасарлары мен қызметкерлері қасымыздан бетін теріс қаратып, не күлімсіреп өтіп кетеді. Тұрғанымызға ай болды, осы жерде тамақ пісіріп, түнеп жатырмыз. Жұмыссыздық кезегі деген жылжымайды, онда 1460-шы болып тұрмын, үш жыл болды тіркелгеніме. Кезек кері кетіп жатыр, әкем 70-ші еді, өткенде барса 800-ші болған, – дейді өзін Ерлан Өтенов деп таныстырған жігіт.
Тұрғандар жан жақтан айқайлап, проблемаларын айта бастады. Өзін Бекзат Ізбасаровпын деп таныстырған азамат жеті жыл кезекте тұрып, жұмысқа қолы жеткенде денсаулығы жарамай қалғанын айтып шағынды.
– Мені және тағы жүз шақты баланы әкімдіктің жұмыспен қамту бөлімі "Ақтауойлмаш" деген мекемеге жұмысқа орналастырамыз деп 2014 жылы оқытты. Мен дәнекерлеуші, басқалары электрик, тағы басқа мамандық үйреніп шықтық. Содан соң үй мен әкімдік арасында салпаңдап алты ай жүрдік. Ақыры ол "Ақтауойлмаш" ашылмайды, енді жұмысты өздерің тауып алыңдар деді. Мен сол жылы жұмыссыз ретінде тіркелдім. Кезегім 2022 жылдың наурызында келді. Ауырып қалып, бара алмадым, бірақ ұсынған жерге барғанымда "орның күйіп кетеді, не үйіңнен біреуді тұрғыз, не 1,5 миллион теңгеге сатып жібер" деді. Мен әкемді кіргіздім, – дейді ол.
Бекзат Ізбасаров өзіне лайықты жұмыс іздеп жұмыссыздыққа қайта келгенін, әзірге нәтиже жоқтығын айтады. Үйлі-баранды азамат "әйелімнің табысына қарап отырмын" дейді.
Қала билігі жұмыссыздар мәселесін шешу үшін оларды түрлі мамандыққа оқытуды қайта бастаған. Бірақ наразылар "одан пайда жоқ, себебі жұмыс орны жоқ" деседі. Тұрғандардың көбі өрімдей жастар, шамамен 20-35 аралығында.
Абзал Төлегеновтің жасы 33-те. Екі баласымен бірге медицина орталығында лаборант болып жұмыс істейтін анасының еңбегіне қарап отыр. Ол да үш жылдан бері жұмыссыз ретінде кезекте тұрғанымен кезегі жылжымай қойғанын айтады.
– Менің де кезегім 1475, мен де үш жылдан бері жүрмін. Мақсатым – мұнай саласына кіру. Түрлі жұмыс істедім. Бірақ не қысқартады, не жабылып қалады. "Шабашкамен" күн көріп келемін. Енді қашан дұрыс өмір сүремін. Жеткен болар. Назарбаев кезінде "бір үйден бір мұнайшы болуы керек" деп айтты ғой. Оны Тоқаев неге орындамайды? – дейді ол.
Жиналғандар "тоқетері сол, әкім жұмыс істей алмаса, кетсін" дейді.
"ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫДАН БАСТАҢЫЗ, АРЫ ҚАРАЙ АЛЛАТАҒАЛА ЖОЛ КӨРСЕТЕДІ"
Жұмыссыздар мен бірқатар компаниялардың қыс бойы жалғасқан наразылығынан соң Жаңаөзенде қала әкімі ауысқан. Бұрынғы әкім Мақсат Ибағаров алысқа кеткен жоқ, "Өзенмұнайгаз" компаниясының бас директоры болып тағайындалды. Ал оның орнына Түпқараған ауданының бұрынғы әкімі Айбек Қосуақов келді. Бірақ наразылық білдіріп тұрған адамдар жаңа әкімді көрмедік дейді. Азаттық тілшісі бірнеше рет сұхбаттасуға шақырғанымен, әкім түрлі сылтау айтып, кездесуден бас тартты. Оның орнына әлеуметтік мәселелерге жауапты орынбасары Жаңабай Аймағанбетовпен сөйлестік.
Your browser doesn’t support HTML5
– Біз олардан қашып жүрген жоқпыз. Жұмыс орындарын ұсынып отырмыз. Кейбірі келіп орналасып жатыр. Бұл азаматтармен бірнеше рет түсіндіру жұмысын жүргіздік. Қала әкімі екі рет шығып сөйлесті. Мен де бірнеше рет кездестім. Жұмыс орындары жоқ емес, бар, бос орындар бар, "Жұмыс істеймін" бағдарламасы бойынша 38 мекемеден құрылыс саласы, тігін фабрикасы, көлік жуу тәрізді орындарға ұсыныс түсіп тұр. 150 мың теңгеден басталады жалақы, оны кейін біліктілігіне қарай 270 мың теңгеге дейін көтеруі мүмкін. Мен қарапайым жұмысшы болып бастаңыз, ары қарай Аллатағала жол көрсетеді дедім, – деді ол.
Әкім орынбасары қалада азық-түлік бағасы тұрақты, ең төменгі жалақы – 42500 теңгеге өмір сүруге мүмкіндік бар деп сендіруге тырысты.
– Өзіңіз 42500 теңгеге күн көре аласыз ба? Қанша жалақы алсыз?
– Енді күн көріп жүргендер бар ғой. Күн көруге болады. Коммуналдық мекемеде істейтіндер бар. Менің жалақым сайтта да тұр, 382 мың теңге аламын.
Жаңабай Аймағанбетов қаладағы еңбек даулары туралы да пікір білдіріп, "ол компанияның ішкі шаруасы" болғандықтан оған араласа алмайтындарын айтып, бәрі заң аясында шешіледі деді.
Қазір қалада 160 мыңнан астам адам тұрады. Оның 80 мыңнан астамы жұмысқа жарамды жаста. Жергілікті билік жұмыссыздар санын 5647 адам деп көрсетеді.
Жаңаөзен 2012 жылы моноқалалар тізіміне енген. 2013 жылы Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға 13 миллиард теңге ақша бөлінді. Ал 2019 жылы үкімет Жаңаөзенді дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын бекітті. Соған сәйкес, 67 жобаны жүзеге асыру үшін 230 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Бірақ қалада жұмыссыздық азаймады. Биыл қаңтар мен сәуір айындағы жұмыссыздардың табандаған ереуілінен соң билік арнайы комиссия құрып, 500-ге тарта адамды жұмысқа орналастырғанын мәлімдеген. Алайда жұмыс сұрағандар одан нәтиже шықпағанын айтады.
Жаңаөзен – Қазақстанның жаңа тарихында елді дүр сілкіндірген екі оқиғамен белгілі болған қала. 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айға жалғасқан ереуілі желтоқсан айының 16-сы күні полицияның бейбіт адамдарға оқ атуымен аяқталды. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпе станциясындағы оқиғаларда 17 адам қаза тапқан. Оқиға куәлары мен құқық қорғаушылар бұдан да көп адам опат болған дейді.
Ал биыл қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарады. Қазақстанның көптеген елдімекенінде қымбатшылыққа, жұмыссыздыққа наразы азаматтар жаппай шеруге шықты. Наразылар әлеуметтік проблемалармен бірге билікке саяси талаптар да қойды.
Бейбіт басталған жаппай наразылықтың аяғы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік мекемелер, сауда орталықтарын мен басқа да нысандар және дүние-мүлік өртеліп-қиратылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялап, "ескертусіз атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 230 адам қаза тапқан. Бұған қоса оқиғадан кейін полиция мен тергеу органдары қамауында сегіз адам көз жұмған. Қаңтар оқиғасынан бері бес ай өтсе де, қоғам талабына қарамастан, билік қаза болғандардың тізімін әлі күнге жарияламай отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Билік бұрынғы ісін қайталап отыр". Қаңтар қырғыны мен Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі ұқсастық"Әкімді халық сайлауы керек!" Жаңаөзенде саяси талап та айтылды. Билік газ арзандайтынын мәлімдеді"Ең бейбіт митинг". Жаңаөзен мен Ақтаудағы митингілерден Азаттық тілшісінің көргені"Тоқаев мәселені шешудің ырымын жасады". Жаңаөзендегі еңбек дауы штабынан пайда бар ма?"Лайықты жалақы не өмірлік өтемақы берсін". Полиция оғынан жараланған жаңаөзендіктердің билікке талабы