Заңгер: «Бір адамдық пикет үшін жаза жоқ»

Митингіге шыққан астаналық. Көрнекі сурет

«Антигептил» қозғалысының мүшелері митинг өткізу рұқсатын сарылып күтпеу үшін жалғыз адамдық акциялар ұйымдастырса да сотқа тартылды. Азаттық жеке дара пикетке шығушыны жазалауға қатысты заңгермен сұхбаттасты.
2013 жылы ресейлік «Протон» зымыран тасығышы апатқа ұшырағаннан кейін Астана қаласында құрылған «Антигептил» қоғамдық ұйымы биыл қаңтардың 12-сі күні «Қазғарыш» агенттігі ғимаратының алдында мүшелерінің жеке-жеке күн сайын наразылық акциясын өткізетінін хабарлаған еді.

Ұйым мүшелері бүгінге дейін 4 рет бір адамдық наразылық акциясын өткізді. Негізінен әлеуметтік желілер арқылы таралған видеосюжеттерде «Қазғарыш» алдына келіп, плакат ашқан ұйым мүшесін құқық қорғау органдарының қызметкерлері тез арада алып кеткені көрсетіліп, сот шешімі бойынша айыппұл салынғаны айтылған.

Осы топтың мүшесі Еділ Мәкен плакат ұстамай келген әріптесінің ғана әкімшілік жауапқа тартылмағанын жазады. «Өйткені Болатбек Біләлов плакатты ашқан жоқ, осыған дейін екі рет қамалған және айыппұлдары да бар. Енді плакат ашса, көп уақытқа қамап тастауы мүмкін еді» деп түсіндіреді ол ұйымның әлеуметтік желідегі парақшасында.

"Антигептил" ұйымының қарсылық акциясы.


«Антигептил» белсенділері «Қазғарыш» агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевты Ресейдің Байқоңырдан гептил атты улы отынды «Протон» зымырандарын ұшыруына қарсы шықпады деп айыптайды.

Азаттық радиосы жеке дара қарсылық акциясын өткізе бастаған «Антигептил» ұйымының мүшелерін сотқа тартудың заңдылығына қатысты құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевпен сұхбаттасты.

Азаттық: - Жеке-жеке наразылық акциясына шыққан «Антигептил» ұйымының мүшелерінің сотынан хабардарсыз ба?

Амангелді Шорманбаев: - Қаңтардың 14-і күнгі Астана қалалық әкімшілік сотында «митингілер, жиындар мен шерулер өткізуге» қатысты сот процесі болды. Бірақ біз оған кіре алмадық. Судья жиналған адамдардың бір-екеуін ғана кіргізді, қалғандарын жібермеді. Бұл да заң бұзушылық. Себебі мұндай сотта мемлекеттік құпияға немесе адамның жеке өміріне байланысты іс қаралмайды, сондықтан процесс ашық өтуі керек. Қазақстанда бұл бап бойынша әкімшілік жаза тағайындайтын сот процестері жиі болатындықтан көбінде олардың ашық өтетінін, яғни қоғамдық белсенділерді, құқық қорғаушылар мен баспасөз өкілдерін кіргізетінін көріп жүрміз. Бірақ Астана қалалық әкімшілік сотының судьялары неге екенін білмеймін, бұл қағидаға қайшы әрекет жасады.
Осыған орай әкімшілік жазаға тартылушы өзінің ісін қарайтын судьядан бас тартатынын, басқа судья тағайындауды өтінген. Заң бойынша, егер ондай өтініш болса, оны басқа судья қарап, қаншалықты негізі бар екенін тексеруі тиіс. Бірақ ол өтініш те ескерілген жоқ. Судья түрлі сылтау айтып, әрі қарай сот процесін жүргізе берді.

Азаттық: - Жеке адамның наразылық акциясы заң бұзушылыққа жата ма? Яғни ол митинг, жиын өткізген боп есептеле ме?

Амангелді Шорманбаев: - Белгілі бір қоғамдық жерде бір топ адамның жиналуы митинг деп аталады. Конституцияның 39-бабына сәйкес егер адам өз құқығын пайдалану кезінде басқа адамдарға немесе мемлекеттік қауіпсіздіке, қоғамдық тәртіпке зиян келтірмесе, ол құқық шектелмейді. Яғни ешкімге зияны болмаса оны тоқтатуға негіз жоқ. Сол себепті бір адамның наразылық акциясынан, яғни пикет өткізуінен ешқандай қауіп жоқ, оны жазаға тартуға болмайды.

Амангелді Шорманбаев, тәуелсіз заңгер.


Азаттық: - Олай болса әкімшілік кодекс Қазақстан конституциясына қайшы болып шықпай ма?

Амангелді Шорманбаев: - Оны қайшы келтіріп отырған құқық қорғау органдарының іс-әрекеті. Ал нақтырақ айтқанда конституцияға әкімшілік кодекс емес, 1995 жылы қабылданған «Митингілер, шерулер, жиналыстар өткізу туралы» заң сәйкес келмейді.

Азаттық: - Қазақстандағы саяси құқықтардың жүзеге асуы, соның ішінде жеке адамдардың наразылық акциясына қатысты шығарылған сот шешімдері халықаралық нормаларға сай келе ме?

Амангелді Шорманбаев: - Жеке-жеке наразылық акциясын жасау оқиғалары Қазақстанда бұрын да болған. Мәселен, Алматы, Қарағанды, Орал қалаларында бірнеше рет өткізгені есімізде. Қазақстандағы сот жүйесінің бір қызығы осындай акцияларға берген құқықтық бағаларынан да көрінеді. Мәселен, егер сіз әлеуметтік мәселелер, үй, несие бойынша наразылық көрсетіп көпшілік алдына шықсаңыз, онда сізді бірден ұстамауы мүмкін. Ал егер билікке қарсы немесе саяси мәселе бойынша наразылық білдірілсе, онда бір адам ба, көп адам ба, қарамайды, бірден қамауға алып, жазаға тартады.
Билікке қарсы наразылық білдірілсе, онда бір адам ба, көп адам ба, қарамайды, бірден қамайды.

Бірақ екі наразылықтың да әрекеті бірдей. Жұрт алдына шығу, плакат көтеру, т.б. Бірақ жауапкершілік екі түрлі. Мұның халықаралық заң нормаларымен, әсіресе, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактімен сай келеді деп қалай айта аламыз? Бұл пікірді кез-келген халықаралық ұйым сарапшысы айта алады деп ойлаймын.

Азаттық: - Қазақстанда саяси құқығы шектелді деп есептейтін мұндай белсенділер халықаралық ұйымдарға қалай шағымдана алады?

Амангелді Шорманбаев: - Қазақстандағы сот шешіміне қанағаттанбағандар БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымдануына болады. Бұл комитет Қазақстанның өзі де бекіткен азаматтық және саяси пакт бойынша жұмыс істейді. Сол себепті саяси құқығы шектелген адамдар осы ұйымға белгілі бір заңдық процестерден өткен соң шағым түсіре алады. Менің білуімше, Қазақстанда ондай шағымданушылар соңғы жылдары көбейген. Ал комитет түскен шағымдарды 2-3 жылға дейін қарауы мүмкін.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.