Accessibility links

«Антигептил» белсенділері қазақ жерін ластамауды талап етті


«Антигептил» жиыны
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00
Жүктеп алу

ВИДЕО: Астанадағы «Антигептил» жиыны. 19 қазан 2013 жыл.

«Антигептил» қозғалысының белсенділері Байқоңырдан «Протон-М» ұшыруға қарсылық білдіріп, Қазақстандағы ресейлік әскери полигондарды жабуға үндеді.

19 қазанда Астанада «Антигептил» қозғалысының белсенділері ұйымдастырған қарсылық акциясы жергілікті биліктің рұқсатымен өтті.

Митингте белсенділер қазақ жерінен АЭС салуға және «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруға, сонымен бірге Қазақстанға ядролық қалдықтар әкелуге қарсы екендерін айтты.

Ақын Ұларбек Дәлей жиынның өтетіні туралы әлеуметтік желіден біліп келіпті. Митингтегі сөзінде ол Қазақстандағы шетелдің әскери полигондардың жабылғанын қалайтынын жеткізді.

– Жерімізге гептил және тағы басқа улы заттардың төгілуі – қазаққа жасалып отырған экологиялық геноцид. Бұндай мәселелерден алаш баласы жұдырық болып жұмылғанда ғана құтыла алады, - деді Дәлей.

Наразылық акциясына қатысушылар. Астана, 19 қазан 2013 жыл.
Наразылық акциясына қатысушылар. Астана, 19 қазан 2013 жыл.
Ақынның бұл сөзіне «Антигептил» қозғалысының белсендісі Болатбек Біләлов те қосылады.

– Қазақстан өз жеріндегі шетелдік әскери полигондар мен нысандардан толық құтылғанда ғана шынайы тәуелсіздік орнайды деп санаймыз, - деді ол.

Оның пікірінше, «Антигептил» өткізген акцияға ондаған адамның ғана келуі – Қазақстанда азаматтық сананың «әлі өсіңкіремей жатқандығын» көрсетіп отыр.

– Алғаш осындай шара ұйымдастырғанда небары 70 адам ғана келген. Бірте бірте келушілер саны артып келеді. Алдағы уақытта қатарымыз көбейеді деп ойлаймын, - деді ол.

Саясаттанушы Расул Жұмалы Ресей Қазақстанды өзімен терезесі тең көрші әрі ынтымақтас ел ретінде қабылдамайды деген пікірде.

– Ресейдің жалға алып отырған 6 полигоны Еуропадағы үлкен мемлекеттердің бірі – Польшаның аумағынан үлкен. Оларда түрлі қарулар сыналады, бірақ ол жайында Қазақстанға хабар берілмейді. Халықтың полигондарды жабу туралы талап қоюы – әбден пісіп жетілген заңды құбылыс, - дейді сарапшы.

«Антигептил» қозғалысының белсенділері. Астана, 19 қазан 2013 жыл.
«Антигептил» қозғалысының белсенділері. Астана, 19 қазан 2013 жыл.
30 қыркүйекте Байқоңырдан ресейлік кезекті «Протон-М» зымыран тасығышы ұшырылар алдында «Известия» басылымына сұхбатында Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігінің өкілі «Байқоңырдағы ластанған аймақты зарарсыздандыру аяқталған. Қазақстандық әріптестеріміз бұл туралы біледі. Бірақ ұшыруға рұқсат беруге асықпай отыр. Әлдебір жұмысты аяқсыз қалдырған жеріміз жоқ, осындай жолмен бізге қысым көрсеткілері келеді» деп мәлімдеген еді.

Қыркүйектің 25-інде «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің төрағасы орынбасары Еркін Шаймағамбетов «Қазақстан Ресейге «Протон-М» зымыран тасығышын қайта ұшыра бастауға рұқсат етуі мүмкін» деп хабарлады. Бұған дейін «Антигептил» белсенділері 19 тамызда Астанадағы Ресей елшлігіне барып, Қазақстан жерінен зымыран ұшыруды тоқтатуды талап еткен.

2 шілдеде Байқоңырдан ұша бергенде апатқа ұшыраған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің таралуы Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған еді.

Бірақ қоғамдық белсенділердің қарсылық шаралары қыркүйектің соңында Байқоңырдан ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышының ұшуына бөгет бола алған жоқ. Сол күні Қазақстан парламентіне үндеу табыс етпек болған бірнеше белсендіні Астанада полиция ұстаған еді.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған. Биыл қаңтарда Қазақстан үкіметі «2013 жылы Ресейдің пайда табу мақсатында ұшыратын «Протон-М» зымырандарын азайтамыз» деп мәлімдеген. Ресей ғарышқа 17 зымыран ұшыруды жоспарласа, Қазақстан солардың 12-сіне ғана рұқсат беретінін айтқан.
XS
SM
MD
LG