Тасқынға кім жазықты?

Ақтөбенің Махамбет ауданындағы тасқынның кесірінен қираған үйді көрсетіп тұрған адам. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбеде сәуірдің 15-інен бері өзендер тасып, мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді. Осыдан кейін «тасқынның алдын алуға болатын ба еді?» деген сауал жиі қойылды. Оған жауап берген құзырлы орган болмады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Су алған тек Ақтөбе облысы емес, табиғатқа ешкім қарсы тұра алмайды»десе, су шаруашылығы өкілдері «нақты болжам бермеген» синоптиктерді кінәлайды. Синоптиктердің де уәжі бар. Ал белсенділер тасқынды өзендер арнасы жылдар бойы тазартылмағанынан көреді.

ЕЛ КӨРГЕН НӘУБЕТ

Ақтөбедегі Елек пен Қарғалы тасыған кезде осы өзендердің бойындағы Кірпішті, Заречный, Садовый, Махамбет тәрізді елді мекендер мен саяжайларға су жайылған еді. Су астында қалған Махамбет - зауыттары бар өндірістік аумақ маңындағы шеткері аудан. Үйлері жұпыны, көшелері тар ауданда мектеп те, емхана да жоқ. Махамбет тұрғындарының көбі тасқыннан кейін баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болды. Өйткені, қамыс, саман кірпіш сияқты арзан материалдардан салынған үйлердің су жайылғалы құлағаны құлап, құламағанының іргесі сөгіліп тұр.

ВИДЕО: Ақтөбедегі су тасқыны

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбедегі су тасқыны

- 2004 жылы саманнан салып алған үйіміз еді. Қабырғалары сыз тартып, құлайын деп тұр. Басқа барар жеріміз болмаған соң қызымның үйіне көшіп бардық. Қазір бір жерде үш семья отырмыз, - дейді Ақтөбенің Махамбет деп аталатын бөлігінің тұрғыны Есенбике Жұмашқалиева.

Махамбетті су алған сәуірдің 15-і күні Есенбике Жұмашқалиева қолына іліккен заттарын ғана алып шыққанын айтады. Қалған дүние-мүлкі су алған үйде қалған. Екі бөлмелі саман үйдің ауласындағы лай балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Тасқын ойрандаған Ақтөбе (суретті басыңыз)

Тасқын ойрандаған Ақтөбе

Тұрғындардың айтуынша, тасқынның алғашқы күні Махамбеттің көшелерінде қайықпен жүру ғана мүмкін болған. Араға бір тәулік салып тасқынның беті қайтқанымен, жайылған су зардабын тигізіп баққан. Қазір бұл ауданда әр тұстан құлап жатқан саман үйлер көрінеді. Қабырғалары сыз тартып, құлағалы қаусап түрған үйлерге жақындау қауіпті. Сол себепті Махамбеттегі үйлердің 90 пайызы қаңырап бос тұр. Шарасыз күйде үйлерін төңіректеп жүрген тұрғындар жергілікті биліктен көмек сұрайды.

- Балаларымыз мектепке бара алмай отыр. Киім-кешек, оқу құралдары бәрі су астында қалды. Бізге көмек керек. Киім, тамақ сұрап тұрғанымыз жоқ. Оны аман болсақ, өзіміз табамыз. Бізге құлаған үйімізді тікейтуге көмек керек. Құрылыс материалдары керек, - дейді Гүлбаршын Қамысбаева есімді тұрғын.

БИЛІКТІҢ ҚАРЕКЕТІ

Сәуірдің 18-і күні Махамбеттің тұрғындарымен кездескен Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев «тасқыннан зардап шеккен бірде-бір тұрғынның қолдаусыз қалмайтынын» айтты. Мемлекет беретін жәрдем мөлшері арнайы комиссия өкілдері үй-үйді аралап шыққан соң белгілі болады.

Суға кеткен Махамбет ауданы тұрғындарымен кездесіп тұрған Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев (ортада). Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Сол күні кешкілік облыс әкімдігінде өткен тасқын зардаптарын жою жайлы жиында сөйлеген мамандар мәліметінше, Ақтөбе маңындағы су қоймаларында су қоры күрт көбейіп, шлюздерді ашуға тура келген. Сөйтіп Елек пен Қарғалы өзендері тасыған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

- Қарғалы су қоймасына үш күн ішінде 164 миллион текше метр су келді. «Қазгидромет» болжамынша, бұл қоймаға 120-200 миллион текше метр су 20-30 күнде келуі тиіс болған. Ол 3-4 күнде келді. Ақтөбе су қоймасына жеті күнде 285 миллион текше метр су келді. Шлюздер сондықтан ашылды. Халықпен кездескенімде «Неге шлюзді аштыңыздар?» деп жатыр. Шлюзді ашпасақ, су екі есе асады да екі су қоймасынан айрыламыз. Су қоймасынан айырылсақ, бүкіл қаланы су басады... Табиғатқа ешкім қарсы тұра алмайды. Мұндай жағдай тек біздің облыста емес, біраз өңірлерде болып жатыр. Күннің аяқ астынан ысуына, ылғалдың көп болуына байланысты, - деді.

Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен тасқын зардаптарын жою жайлы жиында отырған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев (оң жақта). Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

«Қазақ су шаруашылығы» РМК АФ директоры Бекзат Наметовтің айтуынша, сәуірдің 11-інен бері Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларына 500 миллион текше метр су құйылған. Мамандар тағы 200 миллион текше метр су келеді деп болжайды. Қоймаға сыймаған су қоры Елек пен Қарғалы өзендеріне жіберіле береді. Наметов те «Қазгидрометті» айыптайды.

- Маған «қоймадағы суды неге ертерек жібере бермедіңіздер?» деген сұрақ көп қойылады. Осынша енапат су келетінін білмей қалдық. Гидромет 120-240 миллион текше метр су келеді деп болжам жасады. Соның кем дегенде 80 пайызы келеді деп күттік. Бірақ тасқын үш күнде лап ете қалды. Бұл кінәні біреуге итеріп салу емес. Ақтөбе облысында гидропостылар санын 95-тен 25-ке азайтып тастаған. Синоптиктер болжамы сондықтан нақты емес. Бәрін қайта қалпына келтіру керек. Қанша су келетінін гидромет пен гидропост білмесе, біз қайдан білеміз? Екіншіден, су арнасындағы жер бос жатуы керек. Су өз жолымен жүруі керек, - деді Наметов кейінгі жылдары өзен аңғарлары тұрғын үйлерге толып кеткенін меңзеп.

Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен тасқын зардаптарын жою жайлы жиында отырған қызметкерлер. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

«Су шаруашылығы» РМК АФ басшысы Бекзат Наметовтің «облыста гидропостылар аз, болжамдары нақты емес» дегеніне орай Азаттық тілшісі «Қазгидрометтің» Ақтөбе филиалына хабарласты. Филиал директорының орынбасары Қуандық Төлебаев «Тасқын су келе жатқанын тиісті орындарға бір емес үш рет - сәуірдің 7-сі, 13-і, 17-сі хабарладық. Ал гидропостыларға келсек, облыста 19 бекет бар. Болжам жасауға молынан жетеді» деді.

Азаттық тілшісі Қуандық Төлебаев мырзадан әкімдік жиынында айтылған су қоймасына құйылған судың көлемі туралы "қате болжамдар" жайын да сұрап көрген еді. Алайда қызметкер сауалға:

- Ақтөбедегі су қоймаларына нақты қанша су келгенін қазір ешкім де тап басып айта алмайды. Тасқын аяқталған соң қолымызда бар мәліметтерімізді Алматыдағы ұзақмерзімді болжам жасайтын мамандарға жібереміз. Солар ғана қанша су келгенін нақты есептеп бере алады, - деп қана жауап берді.

Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

Сәуірдің 17-сі өткен брифингте Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Бауыржан Сыздықов:

- Екі тәулік ішінде яғни, наурыздың 30-ы мен 31-і күндері Ақтөбеге қардың бір айлық нормасы жауды. Бұл - тасқынның бір себебі. Екінші себебі, қыс ұзаққа созылып кетіп, өзендердегі мұз еріп болмады, қырда қар ұзақ жатып алды. Артынша оның бәрі жылдам еріп, сәуірдің 8-і күні ауа температурасы +20 градусқа жетті. Жердің тоңы жібіп үлгермей, еріген қар суы жерге сіңбей, су қоймаларына құйылды, - деп, су тасқынын табиғаттың тосын мінезінен көретінін білдірген еді.

Ал табиғат жанашыры, экологиялық жобалармен айналысатын жергілікті «Медет АТК» қоғамдық қоры директоры Александр Мандрыкиннің сөзіне қарағанда, бұл мәселенің ауа-райы болжамынан да басқа қырлары бар. Ол «әрбір орган өз ісіне жауапкершілікпен қарағанда апаттың алдын алуға болатын еді» деген пікір айтады.

Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

- Ұзақ жылдар бойы Елек пен Қарғалы арнасы тазартылған жоқ. 1990 жылдары өрт болды. Өртенген ағаштың бәрі өзенге құлады. Жыл сайын өзендерге көп мөлшерде тұрмыстық қалдық тасталады. Су шаруашылығы мекемесі 2006 жылғы құрғақшылық кезінде арна тазалаумен айналысуы керек еді. Тазалаған жоқ. Арнаның қоқысқа толуы өзен тасуының басты бір себебі. Биыл тасыды, - дейді ол.

Ақтөбеде тасыған екі өзен - Елек пен Қарғалыны елді мекендер мен саяжай ұжымдары жағалай қонған. Қала орталығы тасқыннан аман. Әйтсе де Кірпішті, Заречный, Садовый тәрізді елді мекендерді айтпағанда саяжайларды мекен етіп отырған жұрт та қала тұрғындары санатында. Олардың балалары жақын ықшам аудандардағы мектептерде оқиды.

Ақтөбедегі су тасқынынан қираған үйдің бірі. 18 сәуір 2017 жыл.

Қала әкімдігі су басқан аудандарды жетіге бөлген. Әр ауданда келтірілген шығын көлемін анықтау үшін жеті мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Ақтөбе қаласы әкімі Ілияс Испановтың сөзіне қарағанда, «жеті топ жиған мәлімет арнайы комиссияға тапсырылып, комиссия нақты ахуалды анықтайды».

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сәуірдің 19-ы таратқан мәліметіне қарағанда, сол күнге дейін 644 үй мен аула тасқын су астында қалды. Су басқан жерлерден 1907 тұрғын эвакуацияланып, 70 адам құтқарылды. Ал Ақтөбе облыстық прокуратурасы қазір қалыптасқан ахуалды мониторинг жасап, су тасқыны қарсаңында қолға алынған шаралардың тиімділігін тексеріп жатыр.