Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі, жұрт «Малышка» деп атап кеткен ауданда арнайы жасақ пен қарулы топтың арасында алты сағатқа жуық атыс болды.
Арнайы операция Краснощеков және Лермонтов көшелерінің қиылысы маңында болды. Бас прокуратураның мәліметі бойынша, полициямен атысқан үш адам. Екі күн бұрын Ақтөбеде бір полицейді атып кеткен еді. Марқұмның сүйегі жер қойнына бүгін тапсырылды. Ресми ақпарат бойынша, атысқандар - полициядан қашып жүрген сол адамдар.
БАС ПРОКУРАТУРА МӘЛІМДЕМЕСІ
Бас прокуратураның мәлімдемесі бойынша, "Бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар мен жәбірленушілер жоқ, құқық қорғау органдарының бір қызметкері жеңіл жарақат алды".
Мәлімдемеде оларға алдымен берілу жөніндегі ұсыныс жасалғаны, Бекбауов, Құрманқұл және Мырзағалидың қарулы қарсылық көрсеткені жазылған.
Бас прокуратураның маусымның 23-і түнгі сағат ондар шамасында шұғыл жариялаған хабарламасында "қазір оқиға орнында шұғыл тергеу шаралары жүріп жатқаны" да айтылған.
Алайда құқық қорғау органдарының мәліметі екі түрлі. Прокуратура мәлімдемесінде "Құқық қорғау органдарының бір қызметкері жеңіл жарақат алды" деп айтылса, оқиғаны бақылап тұрған жергілікті тұрғындар:
- Ұрыс алаңынан полицейлер сүннет киім киген (ақ дамбал мен ақ көйлек) діндар адамды алып шықты, оның қолына кісен салынбаған, шамасы атысып жатқандармен келіссөз жүргізген дін өкілі болса керек. Одан бөлек, екі полицейдің жараланғанын көрдік, оларды жедел жәрдем алып кетті, - деді.
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев екі полицейдің жараланғанын, оның бірі - СОБР жауынгері екенін растады.
"КІРПІШТІ" АУДАНЫНДА ДА АТЫС БОЛҒАН
Атыс болып жатқан жерді полиция қоршаған бетте (жергілікті уақытпен түскі екі-үштер шамасы) Лермонтов, Герцен, Краснощеков көшелерінің үйлері электр қуатынан ажыратылып, газ өшірілді, тұрғындар жаппай қауіпсіз аймаққа шығарылды.
Ауданды қоршауға арнайы жасақтан басқа, полиция, жол полициясы жұмылған. Өрт сөндіруші көліктер де тұрды. Жедел жәрдем машиналары да алдын ала шақыртылды.
Ақтөбеліктер "Түске дейін де "Кірпішті" ауданындағы қорымда атыс болды" десе, Людмила атты тұрғын "Кірпіштіге" біреуді жерлеуге бардым. Зиратқа тақағанда елді полиция тоқтатты. Басқа басқа - кісі жерлеуге өте алмадық. Ол түскі екілер шамасы болатын" деді.
Үйлерінен қауіпсіз аймаққа шығарылған тұрғындардың бірі:
- Сағат түскі үштер шамасында (Алматы уақытынан бір сағат кейін) үйімізге маска киген арнайы жасақ жауынгерлері шұғыл кіріп, "Тез жиналып, кетіңдер" деп, ай-шайға қарамастан, ақша мен құжаттарды алуға да мүмкіндік бермей үйімізден шығарып жіберді, - деді.
Көшеде тұрған Людмила атты келіншек үйінде жүре алмайтын кәрі шешесі қалғанын, жасақ жауынгерлері "Бұл кісіні тастап кетесіз" дегенін, 5-6 сағат қараусыз жатқан ауру шешесіне қатты алаңдап тұрғанын айтты.
Ұрыс жүрген маңдағы үйлердің тұрғындары Шернияз, Герцен, Лермонтов көшелерінің бойында үй киімдерімен, бала-шағаларымен қараңғы түскенше топталып тұрды.
САҚАЛДЫ АДАМДАРДЫ ҰСТАУ
Сағат кешкі алтыларға дейін (жергілікті уақытпен) атыстың даусы оқтын-оқтын естіліп тұрды. Ескі қаладағы элеватор маңында, темір жол бойындағы өндірістік ғимараттардың бірінің төбесінде арнайы жасақ жауынгерлері жүгіріп жүрді. Жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, ғимараттан түтін шығып жатты.
Полиция осы маңдағы үйлерден дін ұстайтын тұрғындарды да ұстап әкетіп жатты. Матросов көшесінің бойындағы 25-үйден діндар адамға ұқсайтын, сақалды екі азаматты ұстап, алып кетті. Сол жерде жүрген тұрғындар оған дейін де осы ауданда тұратын, түрі дін ұстайтын кісіге келетін бірнеше адамды полицияның алып кеткенін көрген.
Оқиға маңында Ақтөбе қаласының троллейбус паркінің автобусы тұрды. Игорь есімді жүргізуші:
- Арнайы операция болып жатыр, таңертең "Кірпішті" ауданына 40 шақты арнайы жасақ жауынгерін апардым, одан кейін осында жауынгерлер тасыдым, - деді.
Кешкі сағат тоғыздан кете атыс болған маңдағы көшелердің үйлеріне жарық беріліп, газ қосылды.
Оқиға орнындағы полицияның саны да кешкі тоғыздан кете азайды. Қауіпсіз аймаққа шығарылған тұрғындар да үйлеріне жіберілді.
Маусымның 21-іне қараған түні Ақтөбеде полицей Темірбек Жақсылықбаев оққа ұшты.
Жақсылықбаев пен тағы бір полицей "Кірпішті" ауданында таксиске шабуыл жасалғаны туралы хабарды естіп, оқиға болған жерге барғанда Жақсылықбаевты тасада тұрған белгісіз адамдар атып өлтірді деп хабарланған еді. Бүгінгі ресми хабарлама бойынша маусымның 23-і полициямен атысқандар сол шабуылға қатысы бар адамдар ретінде сипатталды.