Қытай компаниясын сотқа берген жұмысшылар талабы орындалмады

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ қарасты "Арман-Құрылыс" ЖШС-іне қатысты еңбек дауы қаралып жатқан сот залынан көрініс. Ақтөбе, 2 мамыр 2012 жыл.

Ақтөбе облысында мұнай өндіруші «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қарамағындағы «Арман-Құрылыс» ЖШС жұмысшылары наурыз айында осы мекемені сотқа берген еді. Олар қытайлықтарға тиесілі компания «Қазақстан республикасы еңбек кодексінің талаптарын өрескел бұзып отыр» деп айыптаған. Ақтөбе қалалық сот осы оқиғаға орай 23 мамыр күні үкім шығарды.
Алғашында серіктестіктің 14 қызметкері жалақыны көбейтуді талап етіп, жұмыс берушінің үстінен сотқа шағымданған. Мамырдың 17-сі күнгі сот мәжілісінде оларға тағы 80 адам қосылған.

Ақтөбе қалалық сотының судьясы Гүлнәр Ибрайымова қазақстандық жұмысшылардың арызын қарап, 23 мамыр күні олардың талабын қанағаттандырмау жөнінде шешім шығарды. Соттың айтуынша, «былтыр тамыз айында жасалып, қыркүйек айынан бастап күшіне енуі тиіс ұжымдық келісім шарты – заңсыз».

Жұмысшылардың заңгері Раушан Шоқатаева енді облыстық сотқа шағымданатындарын айтты.

«НАРАЗЫЛЫҚ КҮШЕЙСЕ, БІР МЫҢ ТЕҢГЕДЕН ҒАНА ҚОСАДЫ»

«Арман-Құрылыс» ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ (акционерлік қоғамы) тапсырысы бойынша жол, басқа да құрылыс нысандарын салатын мекеме. Акциясының 99 пайызы – қытайлық заңды тұлғаның иелігінде.

Қазақстанда жұмыс жасай бастағанына 10 жыл болған мекеме өз жұмысшыларымен бірде бір рет ұжымдық келісім шарт жасамаған. Тек былтыр тамыз айында еңбек инспекторларының ескертуінен соң ғана шарт жасасқан екен. Ол ұжымдық келісім шартқа сай компания жалақыны 20 пайызға көбейтуі тиіс болатын.

Жұмысшылар «табан ақы, маңдай терімізді жеті ай бойы күттік» дейді. Олардың

"СНПС -Ақтөбемұнайгаз" АҚ қарасты "Арман-Құрылыс" ЖШС көлік жүргізушісі Александр Григоренко. Ақтөбе, 2 мамыр 2012 жыл.

сөзіне қарағанда, «Арман-Құрылыс» ЖШС басшылары іс сотқа жеткеннен кейін ғана – сәуір айында жалақыларын 10 пайызға өсірген.

– Айлығымыздың аздығын айта-айта шаршадық. Әлеуметтік наразылық күшейе бастаса, итке сүйек лақтырғандай бір мың теңгеден қосады. Өз басым бастықтардың жарқын болашақ туралы «ертегісін» сегіз жылдан бері тыңдап келемін, – дейді көлік жүргізушісі Александр Григоренко.

Ал программист, компанияның Ақтөбедегі офисінің қызметкері Мақсат Ғұсманов «еңбекақыны көбейтпесе, күн көрісі қиындап бара жатқанын» айтты.

– Азық-түлік те, киім-кешек те, коммуналдық төлемдер де күнбе-күн қымбаттап жатыр. Өзгермейтін – біздің жалақымыз ғана, – дейді ол.

«Арман-Құрылыс» ЖШС заңгері Раушан Шоқатаеваның пікірінше, қазақстандық жұмысшылардың сол жартымсыз жалақының өзіне зар боп қалатын кездері көп.
Қарапайым жұмысшылардың қолына тиетіні – 10-20 мың теңге ғана.

– Басшыларымыз көбіне «тапсырыс жоқ» деген желеумен жұмысшыларды демалысқа шығарып жібереді. Ондай жағдайда жалақының 50 пайызы ғана төленеді. Қарапайым жұмысшылардың қолына тиетіні – 10-20 мың теңге ғана. Есесіне тапсырыс түскен кезде жергілікті жұмысшылардың орнын қаптаған қытай басады. «Арман-Құрылыс» қазақстандық жұмысшыларды мемлекеттік мекемелерге көз қылып қана ұстап отыр, – дейді заңгер Раушан Шоқатаева.

Екі айға созылған сот кезінде жұмысшылар жалақыға ғана емес, өзге де жағдайларға наразы екендерін айтты. Вахталық әдіспен жұмыс жасап, «талабының

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ қарасты "Арман-Құрылыс" ЖШС бұрынғы жұмысшысы Данил Көшкінбаев. Ақтөбе, 17 мамыр 2012 жыл.

көптігі үшін жұмыстан қуылған» Данил Көшкінбаев «жатақханамыз лас, ішінде құрт-құмырсқа қаптап жүреді, ішетін асымыз да құнарсыз» дейді.

Жұмысшылардың заңгері Раушан Шоқатаеваның сөзіне қарағанда, «компанияда әлеуметтік наразылық күн сайын өршіп бара жатыр – бірақ олар мәселені заң аясында шешкілері келеді».

– Біз артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз. Бар мақсатымыз – өз отанымызда өгей баланың күйін кешпеу, – дейді заңгер Раушан Шоқатаева.

«ЗАҢСЫЗ» ШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙҒАН – «ОРЫСША ТҮСІНБЕЙТІН» ҚАРЛЫҒАШ

Сотта «Арман-Құрылыс» ЖШС серіктестігінің мүддесін қорғаған адвокат Зоя Дружининаның айтуынша, «жұмысшылар арқа сүйеп отырған құжат, яғни былтыр жасалған ұжымдық келісім шарт – заңсыз».

– Ұжымдық келісім шарт жасаудың өзіндік талаптары бар. Ал мына құжатты әзірлеушілер апыл-ғұпыл жиын өткізіп, қол жинаған. Бас директор бұл жайттан

«СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» Жаңажол кенішіндегі мұнай ұңғымасы. Ақтөбе, 22 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

хабарсыз. Сол кезде бас директор Тұнық Төлеуханның міндетін атқарған Қарлығаш – Қытайдың қазағы. Орыс тілін түсінбейді. Сондықтан мен адвокат ретінде бұл құжаттың заңды күші жойылуы тиіс деп санаймын, – деді «Арман-Құрылыстың» адвокаты Зоя Дружинина.

«Арман-Құрылыс» ЖШС-ның тағы бір заңгері Геннадий Пак адвокаттың бұл сөзіне қарсы дәлел келтіріп, «бас директор көбіне Ақтөбеде болмайтындықтан құжаттарға Қарлығаш (төлқұжатында тегі көрсетілмеген) қол қоятынын» айтты.

– Оның бір емес, бірнеше аудармашысы бар. Банктік, қаржылық операциялардың бәрінде Қарлығаштың қолы тұр. Мысалы, Қарлығаш былтыр қыркүйек айында «СНПС-Ақтөбемұнайгазбен» арадағы құны 1,5 миллиард доллар болатын маңызды келісім шартқа қол қойған еді. Ал ұжымдық келісім шартқа келгенде тіл білмейтін кейіп танытып отыр, – дейді заңгер Геннадий Пак. .

Сот мәжілісінде сөз алған серіктестік басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш «әріптестерінің сөзіне иланып қалғанын», «орыс тілін білмейтінін» айтты.

Қарлығаштың сөзіне қарағанда, «қазір компанияның жұмысшылар жалақысын 20 пайызға өсіретіндей мүмкіндігі жоқ».

«БІР ЖҰМЫСШЫҒА – ЕКІ ҚЫТАЙ КЕҢЕСШІ»

Серіктестік басшыларының сотта келтірген деректеріне қарағанда, «мекемедегі 207 еңбеккердің бәрі – қазақстандық». Бірақ «құқымыз бұзылды» деп сотқа арызданған

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ қарасты "Арман-Құрылыс" ЖШС бас есепшісі Жұмагүл Қалжанова. Ақтөбе, 2 мамыр 2012 жыл.

қызметкерлердің бірі, «Арман-Құрылыс» ЖШС-ның бас есепшісі Жұмагүл Қалжанова ол мәліметті жоққа шығарды.

– Былтыр «Арман-Құрылысқа» Қытайдан еңбек визасымен 58 адам келді. Сол жылы іскерлік визамен келген қытайлықтар —360 адам. Басшыларымыз олардың кәсіби кеңес беру мақсатында келгенін айтады. Яғни әрбір қазақстандық жұмысшыға қытайлық екі кеңесшіден келеді екен. Осы ақылға сыя ма? – дейді Жұмагүл Қалжанова.

Азаттық тілшісі осы деректің анық-қанығын «Арман-Құрылыс» ЖШС бас директоры Тұнық Төлеуханнан сұрап еді, ол «адвокатыммен сөйлесіңіз» деп жауап берді. Ал адвокат Зоя Дружинина:

– Бұл мекеменің техникалық жабдықтары негізінен Қытайда шығарылған. Демек, жергілікті жұмысшыларға кеңес беретін мамандар ауадай қажет. Сондықтан да компанияның негізгі құрылтайшысының Ақтөбеге өз өкілдерін жіберіп тұруға құқы бар. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қытаймен меморандумға қол қойып, көршілеріміздің ел аумағында еңбек етуіне рұқсат берген жоқ па? – деді.