Бес жыл бұрынғы бүгінгі көрініс

Алматыдағы жолаушы тасымалдайтын автобус көліктері. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы «Құлагер» шағын ауданы тұрғындарына күнделікті сабаққа және жұмысқа қоғамдық көлікпен жету оңайға түспейді. Азаттық тілшісі бұл көріністі араға бес жыл салып тағы бақылап көрді.
Алматыда қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустардың қызметі сынға жиі ілігеді. Жұртшылық таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта шағын аудандардан оқуға және жұмысқа қатынау жылдар бойы шешімі табылмаған проблемаға айналғанына шағым айтады.

«Құлагер» ықшам ауданы тұрғындарының күнделікті таңертең қоғамдық көлікке бір бірімен таласа-тармаса мінуге мәжбүр. «Әйтпесе оқуға я жұмысқа кешігіп қаласың» дейді олар.

Білегі мен жүрегі әлсіздер қоғамдық көлікте кісі аяғы басылғанын аялдамада еріксіз тосады. Ал автобустан орын тимей, шаруасынан қалғысы келмеген енді біреулер жол-жөнекей кезіккен жеңіл көлікті тоқтатып, соларды такси есебінде жалдап діттеген жеріне жетіп алуды жөн санайды.

Азаттық тілшісі «Құлагер» шағын ауданы аялдамасында таңертеңгі сағат жеті мен сегіздің арасында қоғамдық көлік жағдайын араға бес жыл салып бақылаған еді.

Видеолар 2013 жылы 8 қарашада және 2008 жылы 15 қыркүйекте түсірілді.

Your browser doesn’t support HTML5

«Құлагер» тұрғындары автобусқа машақатпен мінеді


Қазақстандағы ең ірі қаладағы жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындардың қызметі тұрғындардың көңілінен шықпайтыны туралы Азаттық бірнеше рет жазған. Қала билігі бұл саладағы қызметті жақсартуға үнемі уәде беріп келеді. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде қалада жекеменшік компаниялардан бөлек, 13 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын муниципалдық автобус паркі де құрылған. Сонымен бірге «Алматы электротранс» ЖШС-іне қарасты парктің құрылтайшысы – Алматы қаласының әкімдігі.

БІрақ күнделікті жағдайда, әсіресе қарбалас уақыттарда қала ішінде жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлікке машақатпен отыру – Алматыда үйреншікті көрініске айналған.