Жатақхана шатырын жөндеуге бастамашылар керек

Эльмира Түндібаева балаларымен бірге отыр.

Алматыдағы көп балалы отбасы шатырынан су ағатын жатақхананың сыз бөлмесінде тұрады. Ипотекалық несиеге баспана сатып алуға шамасы келмеген, ал шатырды жөндеуге ақша таба алмаған. Мамандар шатырды жөндеуге тұрғындардың өздері кірісуі тиіс екенін айтады.

Алматы қаласында тұратын Мүсәпіровтер отбасының аядай бөлмесінің төбесі, жиһаз бен киім-кешегі дымқыл тартып, көгеріп кеткен. 18 шаршы метрлік бөлме - алты жаннан тұратын отбасының жалғыз баспанасы. Ерлі-зайыпты Мүсәпіровтердің кәмелетке толмаған төрт баласы бар.

Эльмира Түндібаева бұл бөлмені 12 жыл бұрын Алматы қаласындағы политехникалық институттың жекешелендірілген жатақханасынан сатып алған. Ол кезде жас отбасының бір жасар баласы болған. Қазір Эльмира Түндібаеваның төрт баласы бар: Сағдат - 13 жаста, Сәкен - тоғызда, Ақнұр - жетіде, Өркен - екіде.

Жалғыз бөлме - көп балалы отбасының ұйықтап, ас ішетін жатын бөлмесі әрі асүйі. Балалардың кезектесіп сабақ оқитын бұрышы да осында. Көп балалы отбасы 12 жыл бойы шатырынан су ағатын жатақхананың бесінші қабатында тұрады.

- Қыс келген сайын төбені зең басып, бүкіл киім-кешек, жиһаз көгеріп кетеді. Бөлмеде жалғыз терезе бар. Газ пеші тұрған кіре берістегі электр шамы күндіз-түні жанып тұрады. Электр қуаты үшін айына 12 мың теңге төлейміз, - дейді Эльмира Түндібаева Азаттық тілшісіне.

Балалар еденде ұйықтайды, бөлме тар болғандықтан, диван сатып алуға жағдай жоқ. Таңертең бәрі ваннаға кезекке тұрады. Балалардың анасы «Оның үстіне, төбеден үнемі су тамшылап тұрады, сыздан бәріміз бронхитке шалдықтық» деп шағынады.

Түстен кейін оқитын Сағдат пен Сәкен таңертең інілерін бағады, ал түстен кейін оны жеті жасар Ақнұрға қалдырады.

«ИПОТЕКАҒА ШАМАМЫЗ КЕЛМЕДІ»

Коммуналдық кәсіпорында бақылаушы болып істейтін Эльмира Түндібаева айына 60-70 мың теңге (350 долларға жуық) жалақы алады. Отағасы Мақсат Мүсәпіров Алматыдағы жеке меншік құрылыс компаниясында монтаждаушы болып жұмыс істейді.

Эльмира Түндібаеваның отбасы тұратын пәтердің төбесі.

Төрт баланың анасы «Жұмыстан кейін үйге кешкі сағат сегізде әрең жетемін. Екі жастағы кіші баламды қатты уайымдаймын. Жұмысқа жағдайға байланысты амалсыздан шықтым» дейді. Алматы қаласы тұрғын үй департаменті қызметкерлері «муниципалдық пәтер алу үшін мемлекеттік мекемеден анықтама қағаз керек» деген соң келіншек коммуналдық кәсіпорынға жұмысқа тұрған. Жұмысқа орналасып, тиісті анықтаманы әкелген кезде «сіздің атыңызда пәтер бар екен, енді мемлекеттен тегін пәтер берілмейді» деген жауап қайтарған.

Шенеуніктер көп балалы отбасына баспаналы болудың басқа жолын - «Ипотекалық несие» бағдарламасы бойынша 15 жыл бойы айына 100 мың төлеп, Алғабас ықшамауданынан үш бөлмелі пәтер алуды ұсынған.

– Ондай ақша төлеуге шамамыз келмейді. Күйеуімнің жұмысы кейде тоқтап қалады. Ертең не боларын кім біледі. Ал уақытында төлемесең, өсімақы қосылады. Мемлекет мені мазақ еткісі келе ме? – дейді Эльмира Түндібаева.

ЖЕКЕ МЕНШІК ЖАТАҚХАНАНЫ ЖӨНДЕУ

Эльмираның айтуынша, шенеуніктер Мүсәпіровтер отбасын муниципалдық пәтер беретін жалпы кезекке қосуға уәде еткен, бірақ көп балалы отбасы кезекке тұрғаны туралы қағазды әлі алмаған. Оның үстіне, 15 мың адамнан аса адам тұрған кезек өте баяу жылжиды.

Жұрттың көбі проблемасын ашық айтуға арланады, кейбір адамдар есік жағалап, мемлекеттен көмек сұрауға қорқады.

– Жұрттың көбі проблемасын ашық айтуға арланады, кейбір адамдар есік жағалап, мемлекеттен көмек сұрауға қорқады. Ал менің басқа шарам жоқ. Кезегім келгенше балаларым туберкулезбен ауырып қалмаса игі еді деп уайымдаймын. Енді не істерімді білмеймін, – дейді Эльмира Түндібаева.

Жуыр арада баспана сатып алудан күдерін үзген отбасы биліктен тым болмаса жатақхананың шатырын жөндеп беруді сұраған. Бірақ ол «қала билігі бұл шаруамен айналыспайды, тұрғындардың өздері бастама көтеруі тиіс» деген жауап алған. Жекешелендірілген жатақхана кіретін «Жалын» пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) мамандары Азаттық тілшісіне: «Ақшаны тұрғындардың өздері жинауы тиіс, ал шатырды ПИК сол ақшаға жөндетіп береді. Жеке меншік болған соң заң солай» деп түсіндірді. Ал егер тұрғындар ақша жинай алмаса, бастамашы топ несие алу мүмкіндігін іздеуі тиіс.

Екі жыл бұрын Алматы қаласында көп қабатты үйлердің инфрақұрылымын жөндеуге үкімет ақша бөлетін республикалық «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы іске қосылған. Заң бойынша тұрғындар жөндеуге жұмсалған ақшаны біртіндеп қайтаруы тиіс. Алматы қаласы тұрғын үй департаменті мамандарының айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы қазір де жұмыс істейді.​