Амангүл Соңғыбайдың қамауға алынғанын Азаттыққа хабарлаған ағасы Бердімұрат Соңғыбай: «Қазанның 25-і күні Қоянды ауылының әкімі түсірген арыз бойынша Амангүлді қамап тастады. Қарындасым – жалғызбасты ана. Үйінде 11, 9 және 7 жастағы үш баласы бар» дейді.
Қараусыз қалған үш баланы сот шешімімен Бердімұрат өз қамқорлығына алған.
Бердімұрат Соңғыбай қарындасының үш баламен Астана қаласында пәтер жалдап тұратынын, балаларды сабағынан қалдырмас үшін өзінің уақытша жұмыстан сұранғанын айтады.
«Мен өзім Павлодарда шахтада үңгуші болып жұмыс істеймін. Жұмыстан уақытша сұранып келген едім. Қайтатын да уақытым болып қалды. Қарындасыммен бір мәрте жолыққанмын. Енді екінші мәрте жолығайын десем, рұқсат бермей отыр» деді ол.
Бердімұрат қарындасын «Қояндыдағы жер дауына белсене араласып, үйсіз-жерсіз қалғандарды қорғағаны үшін қамады» деп санайды.
Астана қаласының іргесіндегі Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылының баспанасыз жүргенін айтқан азаматтары 2000 жылдан бастап бірнеше рет шеру өткізіп, наразылық білдірген еді. Ақыры билік 2004 жылдың жазында Қояндыдан 180 оралман отбасыға жер учаскесін беру жайлы шешім қабылдаған.
Біртіндеп бұл маңға жеке адамдардан жер телімін сатып алған азаматтар та келіп қоныстанып, үй сала бастаған. Бірақ кейін олардың кейбірінің сатып алған жерлерінің құжаттары дұрыс еместігі анықталып, оның ақыры ауыл әкімдігінің арызы негізінде соттың «заңсыз салынған үйлерді бұзу» жайлы шешіміне ұласқан. Ал үй бұзу туралы шешімге тұрғындар жаппай қарсы шыққан.
Ауыл әкімдігінің дерегінше, Қояндыдағы халық саны бас жоспарынан бірнеше есе көбейіп кеткен. Бас жоспарға сәйкес мұнда 6 мың адам тұруы тиіс болса, қазір Қоянды халқының саны 10 мыңнан асқан. Бұл ауылдан жер алу кезегінде тұрған жұрттың саны 4 мыңнан көп.
Амангүлдің мемлекет тағайындаған Нұрсұлтан есімді адвокаты Азаттыққа: «Амангүл Соңғыбай маған ешкімге ешқандай сұхбат, мәлімет бермейсің деп тыйым салған. Сондықтан мен ештеңе айта алмаймын» деп жауап берді.
Қамаудағы Астана тұрғынының ағасы Бердімұрат адвокаттың өзіне де ешқандай мәлімет бермей отырғанын, қарындасына қоғамдық қорғаушы болу туралы өтініші тым ұзақ қаралып жатқанын айтып алаңдайды.
«Қарындасымды «Қояндыдан жер телімін заңсыз сатты» деген күдікпен қамауға алған. Басында ондай күдікке ешқандай дәлел болған жоқ. Қазір уақыт ұзартып жатыр, не боп жатқанынан хабарсызбын» дейді ол.
Азаттық тілшісі «Амангүлдің үстінен жер сатты деп арыз түсірді» деп хабарланған ауыл әкіміне қоңырау шалған еді.
Қоянды ауылының әкімі Алтынай Мейірманқұлова негізгі мамандығының заңгер екенін, мемлекеттік қызмет пен жоғарғы сотта 7 жыл жұмыс істегенін ғана айтып, «Бұл іс – ішкі істер министрлігінің қарауында. Сондықтан мәліметті сол жақтан сұраңыз» сыпайы түрде жалтарды.
Қарашаның 21-і күні «Қазақстан-Заман» газетінде жарияланған «Қоянды ауылының ащы шындығы немесе Алтыншаштан Алтынайға дейін» атты мақалада ауылы әкімі Алтынай Мейірманқұлова Алмагүл Соңғыбайды «алаяқтық істері сот кітапшасына тіркелген» деп айыптаған.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз Азаттық тілшісінің сауалына орай «Амангүл Соңғыбайдың «Қоянды дауына» тікелей қатысы бар екенін» хабарлады. Оның Азаттық радиосына берген жазбаша жауабында:
«Целиноград аудандық ішкі істер бөлімі Қоянды ауылы тұрғынының арызы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беремін деп 9000 АҚШ доллары көлемінде ақша иеленіп кеткен А. Соңғыбайдың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабының 2-тармағы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп жазылған.
Астана қалалық ЕЦ-166/1 абақтысының Азаттық радиосына берген жазбаша жауабында бұл мәлімет расталады. Абақты әкімшілігі Амангүлдің биылғы қазанның 28-сінен бері қамауда отырғанын хабарлады.
Ресми деректер бойынша Астана қаласынан 60 шақырымдық радиустан ары жатқан Ақмола облысына қарасты 1 400 гектар бос жер бар. Ол аймақта тұрғын үй салу үшін кезекке тұрған адамдардың саны да аз. Бірақ Астана маңына күнкөріс қамымен көшіп келіп жатқан азаматтар тұрмыстың ыңғайы және көлік қатынасының қолайлылығы үшін ірі қаланың іргесіндегі Қоянды сияқты ауылдарға қоныстануды қалайды.