Түрмедегі тінтуден соң «қатыгездік» туралы сөз тарады

Заречный кентіндегі ЛА-155/8 колониясының қарауыл мұнарасы. Алматы облысы Іле ауданы, 10 тамыз 2014 жыл.

Алматы облысы Заречный кентіндегі қатаң режимдегі колонияда ішкі әскердің қатысуымен жоспарлы тінту жүргізілді. Түрме жүйесі өкілдері мен сотталғандардың туыстары тінту нәтижесін әрқилы бағалайды.

Қыркүйектің 6-сы күні Алматы облысы Іле ауданы Заречный кентіндегі ЛА-155/8 колониясына ішкі әскер сарбаздарын енгізгені туралы Азаттық тілшісіне осы түрмеде туыстары отырған кейбір адамдар хабарлады.

Өздерін Саида және Нина деп таныстырған екі әйел Азаттыққа хабарласып, «қақпа алдында тұрмыз, түрме жақтан көмек сұрап, зарлаған дауыстар естіледі» деді. Туыстары түрмедегі тұтқындарды аяусыз соққыға жыққан деп жориды.

ЖОСПАРЛЫ ТІНТУ

Түрме жүйесі өкілдері ішкі әскер Заречный кентіндегі колонияға «жоспарға сәйкес кіргізілді әрі тұтқындарға зорлық-зомбылық көрсету әрекеттері болған жоқ» деп мәлімдейді.

Алматы қаласы мен облысы қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары полковник Ернат Ақылжановтың айтуынша, қыркүйектің 6-сы күні колонияда жоспарлы тінту шаралары өткен. Ішкі әскер сарбаздары енгізілгенін растаған ол «тінту шаралары қантөгіссіз аяқталды» деп мәлімдейді.

– Тінту кезінде 16 ұялы телефон, батарейкалар, ұялы телефонға арналған 29 қуаттандыру құралы мен 24 сим-карта, қолдан жасалған ойын картасының 12 колодасы, ұстараның жүздері, медициналық шприцтер тәркіленді. Қазір ондағы жағдай қалыпты, тұрақты, – дейді Ернат Ақылжанов Азаттыққа.

Қазір ЛА-155/8 мекемесінде тәртіп орнатылғаны туралы хабарланды.

Тексеру-өткізу пункті. Алматы облысы Іле ауданы, 10 тамыз 2014 жыл.

– Қазір тұтқындар сегіз сағат ұйықтайды, асханаға саппен барады, бәрі таңғы жаттығу жасайды. Тұтқындардың негізгі бөлігі – 80 пайызы біздің тінту жүргізгенімізге риза болды. Әйтпесе бұған дейін түн мезгілінде «бақылаушылар» тұтқындарға ұйқы бермейтін. Қазір түнде ешкім мазаламайды. Ұйқылары тыныш. Бұрын ұялы телефонның көмегімен алаяқтықпен айналысып, біреулерге телефон соғып, әлдебір ақшаны талап ететіндер болған. Колонияның сыртындағы қылмыстық ортамен хабарласатын. «Общак» сияқты құбылыстардың бәрін құртқымыз келеді, – дейді Ернат Ақылжанов.

Көбі аса ауыр және ауыр қылмыс жасап сотталған 1 мың 300 тұтқын отырған қатал режимдегі колонияны «контингенті қиын түрме» деп атайды. Түрме жүйесі өкілдерінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері ЛА-155/8 мекемесінде тұтқындар тарапынан жасалған заң бұзушылықтар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есеге өскен.

Түрмедегі жағдайды ушықтырып, жаппай бағынбау әрекетіне жол бермес үшін тәртіпке көнгісі келмейтін «асауларын» алдын ала оқшаулап, тергеу абақтысына жаптық.
Полковник Ернат Ақылжанов.

– 910 заң бұзушылық тіркелді. Біз тәртіпке шақыру сипатындағы ескерту, сөгіс жариялау сияқты заңды шаралар қолдандық. Түрмедегі жағдайды ушықтырып, жаппай бағынбау әрекетіне жол бермес үшін тәртіпке көнгісі келмейтін «асауларын» алдын ала оқшаулап, тергеу абақтысына жаптық. Заречный кентіндегі қатал режимдегі колониядан Алматы шетіндегі СИ-18 тергеу абақтысына осындай 50 тұтқынды ауыстырдық, – дейді полковник Ақылжанов.

ЛА-155/8 мекемесіндегі тінту шаралары «қантөгіссіз, қиындықсыз» жүргізілгені хабарланды.

Азаптау әрекеттерімен күресетін ұлттық превентивтік (алдын алу) механизміне сілтеме жасаған полковник Ақылжановтың хабарлауынша, қатал режимдегі колонияда арнайы іс-шаралар өткізер алдында ішкі әскердің жеке құрамымен резеңке таяқты қолдану тәртібі сияқты ережелер бойынша нұсқаулық өткізілген. Ол «тіпті тұтқындардың өздері арандатса да, оларды бас, мойын, бұғана, шап сияқты жанды жерінен ұруға болмайтынын түсіндірдік» дейді

ТУЫСТАРЫ МЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Тұтқындардың құқын қорғаушы Руслан Оздоевтің пайымдауынша, кезіндегі қатал режимдегі «қара» колонияны түрме билігі «қызыл» түрмеге айналдыруға тырысқанымен, заңсыздықтың өршуін тежей алмайды.

Оның айтуынша, «қара» зоналарда тексеру кезіндегі сапқа тұрудан өзге ішкі тәртіпті тұтқындардың өздері белгілейді. Ал «қызыл» зоналарда бәрі – әкімшіліктің бақылауында. Руслан Оздоевтің пікірінше, бірақ қанша парадокс болғанымен, бұл азаптау әрекеттерінің көбеюіне жағдай жасайды. Өйткені тұтқын бұрынғыдай азаптауға қатысты ұялы телефон арқылы шағымдана алмайды.

Заречный кентіндегі колония. Алматы облысы Іле ауданы, 10 тамыз 2014 жыл.

Құқық қорғаушы «жаппай тәртіпсіздік немесе басқа төтенше жағдай болмаған түрмеге ішкі әскердің жеке құрамын кіргізу фактісінің өзі – заң бұзушылық» дейді.

– Әскер ішкі істер министрі бұйрығы негізінде енгізілуі тиіс. Ал мұндай бұйрық шығару үшін заңды негіз (мысалы, жаппай тәртіпсіздік немесе басқа төтенше жағдай сияқты оқиға) болуы тиіс. Тінтуді әскери қызметшілер емес, әкімшілік қызметкерлері жүргізуі тиіс, – дейді Руслан Оздоев.

ЛА-155/8 колониясының кейбір тұтқындарына туыстарымен қысқа мерзімді кездесуге рұқсат берілді. Тұтқындармен кездескен кейбір туыстары «тұтқындарды алыстан көрдік, бірақ олардың түрі бозарыңқы, қорқып қалғанын байқадық әрі жандарында бес-алты полицей тұрғандықтан бізге ештеңе айта алмады» дейді. Азаттықпен әңгімелескендердің айтуынша, денесінде соққы іздері бар-жоғына көз жеткізу үшін тұтқындарды шешіндіріп көрсетуді сұрағанымен, түрме әкімшілігі бұл өтініштерін орындаудан бас тартқан.

Түрме бастығы майор Абайжан Жаңабергенов тұтқындардың туыстарымен кездесіп, «тұтқындардың арасында зардап шеккендер жоқ» екенін айтты.