Қазақстаннан ұшақпен ғана баруға болатын көрші ел

Түркіменстанда салынып жатқан жолдағы белгілер. (Көрнекі сурет)

Қазақстан мен Түркіменстан тәуелсіздігінің ширек ғасырында поезбен жолаушы тасымалдауды ретке келтірмеді, автомобиль тасымалы да қиын. Екі елдің саяси жүйесі ұқсайды, бірақ аймақ деңгейіндегі экономикалық байланыстары әлсіз сияқты.

Алдыңғы жексенбі күні өткен президент сайлауында Түркіменстанның қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов, ресми дерекке сәйкес,сайлаушылар дауысының 97,7 пайызын алған. Бұл көрсеткіш бойынша ол 2015 жылғы сәуірдегі сайлауда 97,8 пайыз дауыс жинаған Нұрсұлтан Назарбаевтан ғана кейін тұр.

Екі елдің саяси құрылысында бұдан өзге де символикалық ұқсастықтар көп болғанымен, көрші екі ел тәуелсіздік алған 25 жылда әлі тығыз экономикалық байланыс орната алмай келеді. Қарапайым жолаушылардың екі ел арасындағы барыс-келісі қиын, жолаушыларды поезбен тасымалдау іске қосылмаған, совет заманында салына басталған автомобиль магистралі бітпей қалған.

ТҮРКІМЕНСТАНДА ҚАНДАЙ ТАУАР ӨТІМДІ?

Түркіменстан азаматы, этникалық қазақ Бисенғұл Бегдесінов – кәсіпкер. Совет заманынан бері салынып бітпеген жолдың кесірінен екі ел азаматтарына автокөлікпен қатынау қиын, ал Түркіменстанға, одан кейін Иранға баратын теміржолдың 2014 жылы Қазақстанның Өзен станциясынан ашылған желісі жолаушы тасымалдауға пайдаланылмайды. Бегдесінов «авиациялық көліктен өзге жол жоқ, бірақ қашанғы ұшақпен ұшасың» дейді.

Түркімен оюлары бар бұйымдар сатып отырған әйел. (Көрнекі сурет)

Ол Азаттықпен әңгімесінде адамдарға шекараның екі бетіндегі жұрттың көбінің кіріс көзіне айнала алатын алыпсатарлық бизнеспен айналысу қиын деп қынжылады. Азаттықтың «Сонда Түркіменстанда қандай тауар өтімді?» деген сұрағына ол қазақстандық «Әл-Фараби» коньягі мен сигареттері ол жақта жақсы өтетінін айтты.

- Ол жақта «Әл-Фараби» коньягі екі есе, ал сигареттер 10 есе бағасына өтеді. Коньякті бір жарым литрден артық, ал темекіні 20 қораптан артық өткізбейді, - дейді Бегдесінов. Ол түркімен валютасы манатты конвертациялау қиын екенін айтып қынжылады.

Бұдан бөлек, оның сөзінше, Қазақстан азаматтары үшін қарастырылған бес күнге визасыз кіру де өте қиын. Бисенғұл Бегдесінов «бұл проблеманы Маңғыстау облысынан сайланған сенат депутаты Бақтыбай Шелпеков те біледі, ол әлі күнге дейін шешілген жоқ» дейді.

Азаттық сенат депутаты Бақтыбай Шелпековпен бірнеше күн бойы хабарласуға тырысқанымен, ештеңе шықпады. Бірақ 2012 жылы мамыр айында өткен сенат отырысында Шелпеков сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтен көрші Түркіменстан территориясына Қазақстан азаматтарының кіру мен шығуы мәселесін шешуге көмектесуін сұраған болатын.

Қазақстан-Түркіменстан шекарасында тұрған көліктер. (Көрнекі сурет)

Түркіменстан мен Қазақстанның Маңғыстау облысымен шекараласатын тұстағы автомобиль жолы нашар екенін және Қазақстан азаматтарының Түркіменстанға бес күнге визасыз кіруге берілетін рұқсатты қазір алып тастағанын Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Алматыдағы Түркімен қоғамдық-мәдени орталығы төрайымы, этникалық түркімен Гүлнәр Аннақұлиева да айтады.

- Оны сайлауға байланысты алып тастаған. Енді оны қайтадан енгізеді. Ол уақытша болған. Мұндай шаралар қауіпсіздік мақсатында қабылданады ғой, - дейді ол. Бұған қоса, ол соңғы рет Түркіменстанда үш жыл бұрын болғанын, енді Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы этномәдени байланыстар аясында биыл жазда баруды жоспарлап отырғанын айтады.

ҮЙЛЕСПЕЙТІН ҰҒЫМДАРДЫҢ ҰШТАСУЫ

Алматылық Ratel.kz сайтында Түркіменстанда өткен президент сайлауын талдаған саясаттанушы Досым Сәтпаев Орталық Азияның барлық елдеріндегі режимдер біртектес деп санайды және оны «президенттік монархия» деп атайды.

Былтыр жаз аяғында түрмеден босаған оппозициялық саясаткер Владимир Козлов Азаттық тілшісіне Орталық Азия режимдерінің болмысын бұлай атаумен келісетінін айтты. Бірақ ол пікірін әлгі режимдерді «монархиялық президенттік» деп атаған жөн болар еді, өйткені оларда «президенттіктен гөрі, монархия көбірек» деп нақтылайды.

Президент сайлауы кезінде Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов ескерткішінің жанынан өтіп бара жатқан әйел. Ашхабат, 12 ақпан 2017 жыл.

Өзін оппозициялық деп көрсететін жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшілерінің бірі Айдар Әлібаевтің пікірінше, Орталық Азия аймағындағы «ең мықты президенттік монархия» Түркіменстанда орнаған. Бұған қоса, ол Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы тағы бір ұқсастыққа назар аударып, «екі елдің экономикасы да құлдырап бара жатыр» дейді.Бірақ оның сөзінше Қазақстан билігі экономикалық дағдарыс бар екенін жасырмайды.

Түркіменстан мен Қазақстан режимдерінің ортақ болмысына қатысты пікірін Айдар Әлібаев «[Халықтың] экономикалық жағдайы нашарлап барады. Экономикалық жағдай нашарлауымен қатар әлеуметтік наразылық ұлғайып, тұрмысына риза емес адамдар көбейіп келеді. Халық күңкілдей бастады. Ал халық наразылығын білдіре бастаса болды, әлеуметтік наразылықты басып-жаншу үшін демократиялық емес режим қысымды күшейте бастайды» деп түйіндейді.

Ол былтыр азаматтық белсенділерді ұстап, қамауға алуды, қолайсыз журналистерді қудалауды және жуырда тұтқындалған оппозициялық газет редакторы Жанболат Мамайды қазақстандық мысал ретінде келтіреді.

МАҢҒЫСТАУДЫҢ ҮМІТІ

Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхаммедовтің соңғы президент сайлауларындағы жеңістерін сенаттың бұрынғы депутаты Ғани Қасымов «ұлттық және тарихи дәстүрлердің заңды көрінісіне» балайды.

Бірақ «түркімендік айнаға» үңілген Ғани Қасымов әсіресе Қазақстан сыртқы саясатында ұстанатын басымдықтарға қатысты үлкен проблемаларды да байқаған. Қасымов оларды дереу өзгерту қажет, яғни алыстағы мемлекеттер емес, көрші елдермен байланыс орнатуға басымдық берілуі тиіс деп санайды.

Сондықтан оның сөзінше, саяси тақырыптарды «ауыз қыбырлатпай қаузайтындар» емес, кәсіпқой пікіріне сүйенуге болатын «түркіментанушылар», «өзбектанушылар» сияқты өзге де «елтанушыларды» кәсіби негізде даярлайтын Орталық Азия академиясын құру қажет. Бұрынғы сенатор Қазақстандағы шекара бойында бос жатқан, оның ішінде Түркіменстанмен шекаралас үлкен территорияларды азаматтарға тегін беріп, оларға жеңілдікпен несие арқылы көмектесіп, әлгі жерлерді тез игеруді ұсынады.

Қаңырап қалған кемелерден суға секіріп жүрген балалар. Баутино порты, Маңғыстау облысы.(Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржановтың Азаттыққа айтуынша, екі ел шекарасында Түркіменстанмен ұтымды байланыс бар.

- Біз Түркіменстанның жеміс-көкөніс өнімдерін сатып алуға мүдделіміз, өйткені ол жақта олар бұрыннан арзан. Оларды сатып алуды станцияларда іске асырғымыз келеді, өйткені қазір бізде тікелей теміржол қатынасы бар. Ал Түркіменстан бізден металл өнімдерін алғысы келеді, өйткені оларда металлургиялық зауыт жоқ қой, - дейді ол.

Бірақ Қазақстан, Түркіменстан және Иран президенттері 2014 жылы желтоқсанда салтанатпен іске қосқан үш елдің территориясын жалғайтын халықаралық темір жол желісі әзірше жолаушы тасымалдауға пайдаланылмайды. Түркіменстан азаматтары Ашхабаттан әлгі магистраль арқылы Мәскеуге тіке бара алар еді, ал қазір олар әуелі Өзбекстан, одан кейін Қазақстан арқылы айналма жолмен жүруге мәжбүр.

- Негізі, біз бұл мәселе жайлы Түркіменстан тарапымен сөйлескенбіз, біраз уақыттан кейін шешілетін шығар деп үміттенемін. Түркіменстан жақтан келетін жолаушылар легі облыс территориясы арқылы өтсе, экономикалық жағынан аймақ үшін тиімді болар еді, - дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.

Ал Қазақстан жағындағы ондаған қилометрі совет заманынан бітпей қалған Маңғыстау облысын Түркіменстанмен жалғайтын автомобиль жолына қатысты Рахымбек Әміржанов «Орталық органдар бұл проблеманы біледі. Тез бұзылатын өнімдер автокөлікпен жеткізіледі, сондықтан оны шешу - экономикалық қажеттілік» дейді.

Түркіменстанда ақпанның 12-сінде өткен президент сайлауында Гурбангулы Бердімұхаммедов үшінші мерзімге қайта сайланды. Табиғи газ қоры жағынан Түркіменстан әлемде төртінші орында, бірақ БҰҰ дерегінше, халқының тұрмысы нашар. Түркіменстанды Орталық Азия мен әлемнің ең жабық елі деп атайды. Құқық қорғаушы ұйымдар Гурбангулы Бердімұхаммедовті адам құқығын шектейді, оппозицияны басып-жаншиды, сөз бостандығы жоқ деп айыптайды.