Цойды энтузиастар концерт қойып еске алды

Виктор Цойдың туған күніне арналған концерт. Алматы облысы, 28 маусым 2014 жыл.

Биыл совет рок-жұлдызы Виктор Цойдың туған күніне арналған концерт Алматының сыртында өтті. Алматылық рок-топтар оның әндерін далада да орындады.

Алматыда талай жылдан бері СССР-дің белгілі рок-музыканты Виктор Цойды еске алу құрметіне концерттер өтіп жүр. Әдетте оларды рок-музыканттың туған күні - маусымның 21-іне орайластырып өткізеді. Көзі тірі болғанда, әйгілі музыкант биыл 52 жасқа толар еді.

Соңғы жылдары бұл концертті журналист Роза Есенқұлова ұйымдастырып жүр. Цойды еске алу кешін Роза Есенқұлова алғаш рет 2006 жылы ұйымдастырды. Содан бері бұл шара жыл сайын өтіп келеді. Әдетте рок-клубтар немесе жай клубтарда өтетін концертке 500-дей адам жиналады.

«ОРМАН ЕРТЕГІСІ» ЭТНОПАРКІНДЕГІ РОК-КОНЦЕРТ

Ұйымдастырушылардың дерегінше, биыл маусым айының аяғында Алматыдан 30 шақырым жердегі тау бөктерінде орналасқан «Орман ертегісі» этнопаркінде өткен Виктор Цойды еске алу концертіне 250 көрермен қатысқан.

Виктор Цойды еске алу концертінде ән айтып тұрған «Рокфеллер» тобы. Алматы облысы , 28 маусым 2014 жыл.

Концерт тормен қоршалған ашық алаңқайда өтті. Сахнаға алматылық «Транс», «Кардинал», «Парадокс», «Рокфеллер» рок-топтары шықты. Бұл топтар орындаған бірнеше композицияның ішінде Виктор Цойдың репертуарындағы әндер де бар.

Цойды еске алу концерттерін ұйымдастыруға 2012 жылы қосылған шоумен әрі блогер Вячеслав Неруш биылғы концерттің неліктен қала сыртында өткенін түсіндірді.

Оның айтуынша, қаладағы концерт алаңдарынан кеш өткізу туралы өтінішті тек «Орман ертегісі» ғана қолдаған. Көрермендерді концертке әкеліп, қайтадан қалаға жеткізу міндетін де этнопарк өз мойнына алған.

Концертке кіру тегін, ал ары-бері жол ақысына көрермендер бір мың теңге ғана төлеген. Вячеславтың айтуынша, аппаратура табуда біраз қиналған. Прокатшылар аппаратурасын қайырымдылық жасап, тегін бергісі келмейді.

«КВАРТИРНИК» КОНЦЕРТТЕРДЕН СТАДИОНДАРҒА ДЕЙІН

Кезінде СССР-дың Алматы сияқты қалаларындағы дуалдарда «Виктор Цой тірі!» деген қысқа болса да, мағынасы кең жазулар көп болатын. 1990 жылы тамыздың 15-інде көлігімен автобуспен соқтығысып қалған музыкант өмірден атағы дүрілдеп тұрған шағында озған еді. Бұл жағдайдан есеңгіреп қалған «табынушылары» оның қазасына сенгісі келмеді.

Ұйымдастырушылардың бірі Вячеслав Неруш. Алматы облысы, 28 маусым 2014 жыл.

​Виктор Цой жетекшілік еткен «Кино» тобы 1984-1987 жылдары Ленинград рок-клубы фестивальдерінде жыл сайын өнер көрсетіп, жыл сайын лауреат атанатын. Топтың атағы жайылып бара жатты. 1982 жылы алғашқы әндерін кәдімгі пәтерлерде айтатын «Кино» тобының концерттеріне 1988-1990 жылдары мыңдаған жасөспірім жиналатын болды. 1980 жылдары топ мүшелері СССР қалалары ғана емес, Дания, Франция, Италия және АҚШ сияқты шет елдерге шығып, концерт қойып жүрді.

Виктор Цой мен «Кино» тобының танымал әндері кино түсіруге түрткі болып, 1986-1988 жылдары оларға рок-музыканттың өзі түскен. Олардың ең елеулілері - Сергей Соловьевтің «Асса» және Рашид Нұғымановтың «Ине» («Игла») фильмдері.

«Кино» тобы «Асса» фильмінің соңғы бөлімінде «Өзгеріс!»(«Перемен!») әнін орындағаннан кейін топтың аты дүркіреп шығып, «киномания» басталды. Бұл ән сол заман жастарының өзіндік әнұранына айналды. Режиссер Сергей Соловьев 2011 жылы берген бір сұхбатында «Кино» тобының фильмге арналған әнін түсіру кезінде Виктор Цойға қосылып «Перемен!» деп айқайлаған он мың адамның ішінде бірде-бір жан оның қандай өзгерістерді қалайтынын білген жоқ әрі ондай өзгерістерді шын қалайтын бірде-бір жан болған жоқ» деген еді.

«Ине» фильмінен алынған кадр.

Қазақстандық режиссер Рашид Нұғымановтың басты рөлде Виктор Цой ойнаған «Ине» (1988 жыл) фильмі СССР-де жұрт табынатын фильмге айналды. Фильмде Виктор Цойдың «Қан тобы» («Группа крови») және «Күн есімді жұлдыз» («Звезда по имени Солнце») сияқты жеті хит әні орындалады. Түсірілім кезінде режиссердің Алматыдағы пәтерінде тұрған Виктор Цой соңғы әнді осы фильм үшін арнайы жазған. Алматылықтардың көбі «Ине» фильмінің Алматыда түсірілгенін мақтан тұтады.

Виктор Цойдың алматылық фанаттарының арасында Виктор Цойдың «Ине» фильмін түсіру кезінде Алматыда қойған концертін әлі ұмытпаған адамдар көп.

Журналист Полина Шиманская ол кезде мектепте оқып жүрген екен. Ол тіпті концертке билет үш сом тұрғанын да ұмытпаған. Рок-музыканттың топтың барабан аспабы таяғын кім ұрлап алғанын табуға тырысқанын да есіне түсірді. Оқушылар мен ата-аналардың мектепте Виктор Цоймен кездесу өткізгені де, құрбылары сияқты Виктор Цойға «тірі құдайдай табынып қарағаны» да есінде қалыпты.

ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

Бір қызығы, 2011 жылы Беларусьте радио тыңдаушылар Виктор Цойдың «Өзгеріс!» («Перемен!») әнін қоюды жиі сұрай бастағаны билікті алаңдатқан. Ақпарат құралдарының жазуынша, радиостанцияларға бұл әнді эфирден беруге тыйым салған.

Виктор Цойды еске алу концертін ұйымдастырушылардың бірі Роза Есенқұлова (сол жақта) мен концертке келген қонақтар. Алматы облысы, 28 маусым 2014 жыл.

Беларусь елінде тұратын, өзін сарапшы әрі жазушы деп атайтын Александр Бурьяк Виктор Цойды «әлемнің орыс тілді бөлігінде тұратын кез келген жасөспірім балаға қауіпті құбылыстардың бірі» деп атаған.

Бурьяк «Виктор Цой жасөспірімдер әншісі әрі деструктор ретінде» деген мақаласында «Саясаттағы фактор ретінде Цойды революцияшыл дегеннен гөрі бүлдіргіш деп атаған жөн. Революцияшылдық та бүлікке ұдасуы мүмкін, Цойдың тұла-бойы тұнған бүлік. Сондықтан Цойдың әндері жастарды жаппай тәртіпсіздіктерге арандатуға пайдалану ыңғайлы. Цой - ұлт, тап, партия, отан сияқты ұғымдардан тыс құбылыс. Жалпы, нақтылауға жатпайды. Ол – бүлік салушы символист әрі абсурдист, Ресейдің тұрмысы күйлі болса да тойымдылықты білмейтін интеллигенциясының іріп-шіріген өнімі» деп жазған.

Виктор Цойдың әндерінен кім болсын көкейіндегісін табатыны рас. 2013 жылы Ресейдің бір қаласында Виктор Цойды еске алу концерті өтті. Оған қатысқан коммунистік партиядан сайланған мемлекеттік дума депутаты «Цой мені СССР-дағы әділетсіздікпен, жоғары билік органдарындағы бюрократиялық озбырлықпен күреске үндеген әндерімен оқушы кезімнен баурап алған» деген сарында сөйледі.

"Кино" тобы.

1991 жылы «Советская музыка» журналында Вадим Зинкевичтің «Отандық рок: кеше және бүгін» деген мақаласы жарияланды. Онда советтік рок-топтарды лириктер, экспериментшілер және радикалдар деп шартты түрде үш кланға бөлуге тырысқан. Автор Виктор Цойдың «Кино» тобын лириктер тобына жатқызады.

Виктор Цойды біреулер «бүлікші», «күрескер», «әлеуметтік өткір сын өкілі» ретінде таныса, енді біреулер оны «радикализмге ұрынбаған лирикалық рок-музыкант» деп бағалайды.

Ал Виктор Цой өзін бүлікші де, күрескер де санамаған. 1988 жылдың мамырында «Эстония жастары» газетінің «Өзіңізді әділдік жолындағы күрескер ретінде сезінесіз бе?» деген сұрағына рок-музыкант «Мен көңілім қалаған нәрсемен ғана айналыстым, ал жолымда кездескен кедергілерге философиялық тұрғыдан қарадым. Өйткені жұрттың бойында жиреніш тудыратындай ештеңемен айналысып жүрмегенімді анық білдім. Шын мәнінде рокқа қатысты дау-дамайдың маған әсері тиген жоқ. Оған бас қатырмаймын. Ең бастысы, адамдардың көзқарасы дұрыс болса болғаны» деп жауап берген.