Жаңаөзенде куәгерлер тергеуге алынды

Марқұм Базарбай Кенжебаевтың қызы, Жаңаөзен тұрғыны Әсем Кенжебаева. К+ телеарнасының сюжетінен жасалған скриншот

Жаңаөзендік полицияның зомбылығын көрдім деп мәлімдеген Әсем Кенжебаеваның өзі тергеуге алынды. Ал оның әпкесі полиция қамауынан шыға сала қайтыс болған әкесінің қан сіңген киімдерін прокуратура қызметкерлері алып кетті дейді.

Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі қанды толқу кезінде әкесін іздеп жүріп полицейлер қолына түсіп шыққан Әсем Кенжебаеваның үлкен әпкесі Майраның айтуынша, сіңілісі Азаттық радиосына сұқбат берген соң прокуратураға шақырылған.

«ПРОКУРОР ӘКЕҢДІ ӨЛТІРГЕН АДАМҒА ҮКІМДІ ӨЗІҢ ШЫҒАРАСЫҢ ДЕДІ»

— Әсемді шақырып, «Неге айттың, сен қыздарды зорлағанын көзіңмен көрдің бе?» деп сұрады. Ол сіздерге айтқандай «Қыздарды көрші бөлмеге алып кетті, шыңғырған дауыстарын естідім» дегендерін айтқан, — деді Майра Кенжебаева қаңтардың 5-і Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Әсем Кенжебаеваның өзі денсаулығына байланысты сөйлесе алмады. Майра Кенжебаева әкесінің өлімінен соң сотқа шағымданғанын айтады. Қазір Базарбай

Марқұм Базарбай Кенжебаевтың полиция қамауына түскенде киіп жүрген жейдесі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. "Новая газета" тілшісі Елена Костюченко түсірген сурет.

Кенжебаевтың қазасына қатысты прокурорлық тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр деді ол.

— Бізге Оралдан, Атыраудан келген прокурорлар болысып жатыр. Олар «Әкелеріңді өлтірген адамды табамыз, олардың үкімін өздерің айтатын боласыңдар» деді, — дейді Майра Кенжебаева.

«АЙҒАҚ ЗАТ»

Әсем Кенжебаева желтоқсанның 16-сы күні перзентханада босанып жатқан ортаншы қызына кеткен әкесін іздеп жүріп, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратына қамауға түскен еді. Ол сол күнгі оқиғаға қатысы бар деген себеппен қамауға алынғандарды құқық қорғау органы қызметкерлерінің «ұрып-соғып, қорлағанын» көзімен көргенін Азаттық радиосына баяндап берген болатын. Сол жолы қамауға алынған оның әкесі Базарбай Кенжебаев іш құрылысы қатты зақымдалып, үйіне қайтарылғанымен, кейін ауруханада көз жұмған еді.

Базарбай Кенжебаевтың денесіне түскен жарақатты көзімен көріп, суретке түсіріп алған ресейлік «Новая газета» басылымының тілшісі Елена Костюченко Азаттық радиосына сұқбат беріп, бұрын жарияламаған фотоларын ұсынған болатын. Ол суреттердің бірінде марқұм Базарбай Кенжебаевтың Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына түсіп шыққан күні киген қан сіңген жейдесі бейнеленген.

Базарбай Кенжебаев, жарақатынан көз жұмардан бірнеше күн бұрын "Новая газета" басылымының тілшісіне денесіндегі көгерген жерлерін көрсетіп отыр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. Елена Костюченко түсірген сурет.


Марқұмның үлкен қызы Майра Азаттық радиосының вебсайтында әкесінің осы жейдесі туралы мәлімет жариялана сала прокуратура қызметкерлерінің ол киімді «айғақ зат ретінде» алып кеткенін хабарлады.

МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІҢ МАШАҚАТЫ

Қазір Жаңаөзеннен 18 шақырым қашықтықтағы Қызылсай ауылында тұратын Кенжебаевтар отбасы бұған дейін хабарланғандай мемлекет тарапынан бөлінетін миллион теңге ақшалай жәрдем алуға құжат жинап жатыр. Олар ақпанның 3-і күні өтетін марқұм Базарбай Кенжебаевтың қырық күндік кәдесін (асын – ред.) өткізуге дайындалып жүр.

— Туғандарымыздың да үнемі көмектесуге мүмкіндігі жоқ. Үкіметтен берілетін ақшаны қалай алуға болатындығын да біле алмай жатырмыз. Туысқан әпкем мен анам екеуі құжаттармен айналысып жүр. Жаңаөзен әкімдігінен де көмек күтіп отырмыз, — дейді Майра Кенжебаева.

Жаңаөзендегі үкіметтік комиссия жетекшісі Өмірзақ Шүкеев бұған дейін «Тәртіпсіздіктер кезінде қаза болғандардың отбасыларына миллион теңгеден, ал жаралыларға жарты миллион теңгеден өтемақы» төленетінін жария еткен болатын.

«КҮЙЕУІМДІ ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПТЫ»

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының мұнайшысы Жанат Мұрынбаевтың зайыбы күйеуінің жазықсыз қамауға алынғанын айтып шағымданады. Күләш Мұрынбаеваның айтуынша, күйеуін 29 желтоқсан күні алдымен үш күнге, кейін екі айға қамауға алған.

— Сол күні жаңадан ашылып жатқан мекемеге құжаттар тапсырып, әрі алдын-ала берілген 50 мың теңге ақшамызды, жаңа жылдық сыйлықтарымызды алып үйге келе жатқанда оны прокуратураға шақырып әкетті. Кейін ішкі істер басқармасы мен екі ортада күні бойы тергеуде жүрді. Кеш бата оны 72 сағатқа қамауға алатыны белгілі болды, — дейді Күләш Мұрынбаева Азаттық тілшісіне.

Бұдан соң Жанат Мұрынбаевқа қаңтардың 2-сі күні екі айға түрмеге жабылатыны туралы сот шешімі шыққан екен.

Полиция көлік тексеріп жатыр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. "Новая газета" тілшісі Елена Костюченко түсірген сурет.


— Тергеу кезінде ішкі істер басқармасындағылар бейнетаспада күйеуімнің дыбыс күшейткіш аппаратты теуіп тұрғаны бар дегенді көлденең тартты. Мен көршілерім куәгер екенін, ол жерде Жанаттың болмағанын айттым. Кейін оған мас болды деген айып тағыпты. Ол ішпейтін, намаз оқитын адам, — дейді Күләш Мұрынбаева.

Ол өзінің прокуратураға, «Нұр Отан» партиясына барып, күйеуімен кездесуге мүмкіндік сұрап ала алмай жүргенін айтады.

— Содан бері жұбайымды көргенім жоқ. Халінің қандай екенінен де хабарсызбын, — деп көзіне жас алды әйел.

Майра Кенжебаева мен Күләш Мұрынбаеваның мәлімдемелеріне қатысты Азаттық тілшісінің Жаңаөзен қалалық прокуратурасынан қандай да бір түсіндірме алуы аса қиынға соқты. Тілші оқтын-оқтын телефон шалса да, хатшы қыздың айтуынша, прокурор әлі «жиналыстан босамай жатыр». Соңғы бірнеше күн бойы Кенжебаевтар отбасы мен Күләш Мұрынбаеваның барлық телефондары «сөніп қалды».

Жаңаөзендегі төтенше жағдай президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша қаңтардың 31-іне дейін ұзартылған.