«АльБаракат Компани» бас директоры Бақытжан Тойымбетов өзінің инвестиция-құрылыс компаниясы адал жұмыс істейтінін дәлелдеуге тырысып жүргеніне екінші жылға айналды. Қала билігі оны «ісіне жауапсыз компания» деп атайды.
Бақытжан Тойымбетов мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігіне «компаниямның Астанада эконом-класс баспана салуына мүмкіндік бермей отыр, бізді жұртқа «алаяқ» деп жариялады» деген шағым берген. Тамыздың 11-і күні ол «инвесторлар» деп атайтын жақтастары әкімдік ғимараты алдында рұқсат етілмеген жиын өткізді. Ол жерге келген жұрттың қолында Астана билігін айыптаған сөздер жазылған плакаттар болды.
«АЛЬБАРАКАТ» ҮЙЛЕРІ
Бақытжан Тойымбетовтың айтуынша, Астанада оның компаниясы «Прага», «Құрылтай» және «Жайлау» сияқты бірнеше тұрғын үй кешенін салып жатыр. Бірақ қазіргі сәтте құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген нысан жоқ.
Алғашқы жоба – «Прага» тұрғын үй кешені Интернациональная көшесінде, Астана гольф-клубы маңында орналасқан. Қоршау сыртынан әлі салынып бітпеген үш қабатты екі үйдің сұлбасы көрінеді. Компания басшысының айтуынша, оның әрқайсысында 30 пәтер болады.
Құрылыс нысанында компанияның бас директорымен бірге болған Азаттық тілшісі бір ғимаратта ғана құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын байқады. Екі жұмысшы кірпіш қалап жүр. Ал әлі салынып бітпеген екі үйдің ортасында қазылған шұңқыр жатыр. Бақытжан Тойымбетовтың айтуынша, компания паркингтің орнына тағы пәтерлер салуды ұйғарған.
Мына құрылысты бастаған кезде бір үй салу үшін 50 шақты рұқсат қағаз жинау керек болды. Бәрі ақша сұрайды, ал біз принципті түрде пара бермейміз, үлкен қиындықтарымыз осыдан басталды.Бақытжан Тойымбетов
– «Прага» кешенінің 70 пайызы салынып, дайын тұр. Пәтерлердің бәрі дерлік сатылып кетті, оларды шаршы метрін 800 доллардан саттық. Енді тағы 15 пәтер салмақпыз. Нысанды салуға арналған рұқсат құжаттарымыздың бәрі бар, кешенді 3-4 айда ішінде бітіреміз деп жоспарлап отырмыз, - дейді Бақытжан Тойымбетов.
Оның айтуынша, құрылыс жұмысы «бюрократия мен коррупцияның кесірінен» баяу жүріп жатыр.
– Мына құрылысты бастаған кезде бір үй салу үшін 50 шақты рұқсат қағаз жинау керек болды. Бәрі ақша сұрайды, ал біз принципті түрде пара бермейміз, үлкен қиындықтарымыз осыдан басталды, - дейді Бақытжан Тойымбетов.
«Құрылтай» тұрғын үй кешені – «АльБаракат Компани» атқарып жатқан тағы бір жоба. Ол Астананың Қосшы ықшамауданында орналасқан. Азаттық тілшісі қоршау сыртынан экскаватор мен «КАМАЗ» жүк көлігін көрді. Бірі жер қазып, екіншісі топырақ тасып жүр. Құрылыс вагонынан шыққан ер кісі өзін «құрылыс прорабымын» деп таныстырып, қазір құрылыстың бастапқы циклі бітіп, енді болашақ кешеннің іргетасын құя бастайтындарын айтты. Нысан жанында кешеннің паспорты бар билборд жоқ.
Бақытжан Тойымбетов тексеру органы өкілдері жұмыс істеуге кедергі жасап, тыныштық бермейтінін айтады. Компания басшысы түрлі инспекциядан келетіндер «заңсыз салып жатырсыңдар, құрылысты тоқтатыңдар деп талап етеді» деп шағынады.
АСТАНАДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЙЛЫ ВИДЕО:
Your browser doesn’t support HTML5
МАРКЕТИНГТІК АМАЛ
Бақытжан Тойымбетов құрылыс бизнесіне журналистика саласынан келгенін айтады. Өз айтуынша, ол Алматыдағы ұлттық арналардың бірінде жұмыс істеген, бірақ «ақшадан тарығудан шаршап», өз бизнесін бастауды ұйғарған. Кәсібін әуелі риелтор ретінде бастап, сосын пәтер жөндейтін бригадалар жинап, кейінірек компания ашқан.
Оның айтуынша, шағын компания қызметін коттеждер салып, әкімшілік ғимараттарға жөндеу жүргізу сияқты қосалқы мердігерлік жұмыстардан бастаған. Бірақ әріптес, достарымен ақылдасып, «қосылып жер сатып алып, халыққа қол жетімді көппәтерлі тұрғын үйлер» салуды ұйғарған, ақыры 40 гектар жер сатып алған.
Кәсіпкер өзін және қызметкерлерін жылжымайтын мүлік нысандарын салып, тиісті процестерді ұйымдастырумен айналысатын «девелоперлер» деп атайды.
Бақытжан Тойымбетовтің айтуынша, компания «халықтың игілігі үшін» қол жетімді баспана салудың маркетингтік бағдарламасын да жасаған.
– Бағдарламаға сәйкес адам әуелі пәтер құнының 25 пайызы көлемінде жарна төлейді, ал қалғанын бес жылға бөліп төлейді. Бізде бір шаршы метрдің өзіндік құны – 570 доллар. Мұны құрылыс компанияларының бәрі біледі. 570 доллар екенінің дәлелі – «Қол жетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасы. Үстінен небәрі 100 доллар маржа қосамыз. Бұл да жаман табыс емес. Қабат жоғарылаған сайын пәтердің өзіндік құны да арзандай түсетінін құрылысшылардың бәрі біледі. Халық үшін жұмыс істеп, эконом-класс баспана салуды ұйғарған соң осылай істеуді жөн көрдік, - дейді Бақытжан Тойымбетов.
Бас директордың айтуынша, шаршы метрі 800 доллар тұратын пәтер пайызсыз әрі бес жылға бөліп төлеп сатып алғысы келетіндер Астанада көп. Бірақ, оның айтуынша, бәсекелестер компанияға қарсы үлкен ақпараттық соғыс жариялаған, нәтижесінде фирманың нарықтағы беделіне нұқсан келіп, ал инвесторлардың (үлескерлер) бір бөлігі ақшасын қайтарып алғысы келген.
Қазақстан астанасында жылжымайтын мүлік бағасы бұрыннан қымбат екені белгілі. Оны Еуропаның ірі қалалары мен Жерорта теңізіндегі курортты қалалардың бағасымен салыстырады. Астанада жаңа салынған үйлерде әрбір шаршы метрдің құны екі мың доллар немесе одан қымбат. 100 мың теңге (530 доллар) жалақы алатын қарапайым астаналықтың мұндай баспана сатып алуға шамасы келмейді.
Бақытжан Тойымбетовтің пікірінше, арзан баға саясатын ұстанған компаниясына бағаны арзандатқысы келмейтін ірі құрылыс компаниялары жауығып алған, ал олардың мүддесін әлдебір билік өкілдері қорғайды.
Мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Қайрат Қожамжаровқа жазған шағымында Бақытжан Тойымбетов «мұндай мәселелерді шешу ставкасы үй қабаты мен құрылыс ауқымына қарай 1-3 миллион АҚШ доллары тұрады. Оның үстіне, коррупциялық топ арзан баға – алаяқтықтың бір түрі деген сарында үгіт-насихат жүргізіп отыр» деп жазған.
ӘКІМДІК МӘЛІМДЕМЕСІ
«АльБаракат Компани» мен Астана әкімдігі арасындағы тартыс осыдан бір жыл бұрын басталған. Жергілікті органдар «бұл құрылыс компаниясы сенімсіз» деп талай мәлімдеме жасап, компания үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Бас директоры Бақытжан Тойымбетов іс қозғалғанын жоққа шығармағанымен, тағылған айыптарды заңсыз деп санайды. Оның айтуынша, Астана ішкі істер департаменті бұрын үлескерлер деп атаған инвесторлардан ақша жинағаны үшін оның үстінен әуелі «Ақша жымқыру әрекеті» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бірақ, Тойымбетовтың сөзінше, кейін істі «Жалған кәсіпкерлік» бабына ауыстырып, мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдаған. Қазір істі агенттік тексеріп жатыр.
Бұл құрылыс компаниясының қолында «Прага» тұрғын үй кешенін салу үшін алған бір ғана рұқсат қағазы бар. Бірақ инвесторлардан ақша жинауға рұқсат алмаған.Сергей Хорошун
Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығына сілтеме жасаған Астана әкімдігі «АльБаракат Компани» компаниясы үлестік құрылыс жүргізуге берілетін рұқсат құжаттарынсыз кейбір құрылыс нысандарын салу үшін үлескерлермен келісім-шартқа отырғанын айтады.
Астана әкімдігі алдында жуырда өткен жиыннан соң республикалық арналар Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның биыл шілдеде өткізген баспасөз жиынынан үзінді көрсеткен.
Баспасөз жиынында Сергей Хорошун: «Бұл құрылыс компаниясының қолында «Прага» тұрғын үй кешенін салу үшін алған бір ғана рұқсат қағазы бар. Бірақ инвесторлардан ақша жинауға рұқсат алмаған» деп мәлімдеді.
Әкім орынбасары «үлескерлердің проблемалық нысандары бюджет есебінен салынбайды» деп мәлімдеп, астаналықтарды мұқият болуға және арзан бағаға қызығып, күмәнді құрылыс компанияларымен азаматтық-құқықтық шартқа отырмауға шақырған.
Astana.gov.kz ресми сайты Сергей Хорошунның «мұндай «тиімді» әрі «еліктіретін» шарттар инвесторлардан ақша жинап алу үшін ғана жасалады. Мысалы, жауапсыз компаниялар алдын ала төлем жасамаған үлескермен келісім-шартқа отырмайды ғой» деген сөздерін келтірген.
Астана билігі әлі салынып бітпеген тұрғын үй кешендері инвесторларына «аяқталу мерзімі, орналасқан жері көрсетілген нысанның құрылысы туралы және барлық рұқсат құжаттарына қатысты дұрыс ақпаратты Астана әкімдігінің ресми сайтынан алуға» кеңес береді.
Азаттық «АльБаракат компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөнінде түсініктеме беруді сұрап, қала әкімдігіне ресми сауал жолдаған еді. Бірақ мақала жарияланған сәтке дейін әкімдіктен жауап келмеді.