2002 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева негізін құрған Еуразия медиафорумының ресми ашылуы жұма күні EXPO-2017 халықаралық көрмесінің орталығында өтеді.
"Мәміле іздеу сценарийі" тақырыбындағы бұл жиын Қазақстанда жақында жабылған оппозициялық "Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамайды сотқа тартқан тұста өтіп жатыр. Өзі жоққа шығаратын қылмыстық айып бойынша тұтқындалған журналист биылғы ақпан айынан бері қамауда отыр. Жанболат Мамайдың ісіне қатысты сот тергеуі кезекті мәрте кейінге шегерілген күні Астанада медиафорум аясында жергілікті журналистер үшін мастер-класс ұйымдастырылды.
ТӘУЕЛСІЗ БАҚ – ЖАУ ЕМЕС
Азаттық алдын ала өтініш бергенімен, БАҚ өкілдерін тіркеу орнында Азаттық журналистеріне жиынға кіруге рұқсат беретін бейдждер болмай шықты. Ұйымдастырушылар оларды ертең әзірлеп қоюға уәде етіп, мастер-класқа қатысу үшін қонаққа арналған уақытша бейдж берді. Бұл жолы журналистерді металл іздегіш рамкалардан кейін, күзетшілер мұқият тексеруден өткізіп кіргізді. Мастер-класс тыңдаушыларының жартысына жуығын құраған медиа саласы шенеуніктері тексеруден қалай өтіп кіргенін көрудің сәті түспеді.
Алғашқы мастер-класты Financial Times басылымының арнайы өкілі Дэвид Эпплфилд ашты. Ол "шығармашылық ойлау контент пен сауданы қалай қоректендіретіні", "ерекше ойлаудың құндылығы және оның БАҚ-қа ықпалы" туралы пайымдарымен бөлісіп, өлең оқыды және АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтонмен бірге түскен селфиін көрсетті.
Эпплфилд Қазақстанды "таңғажайып жер" деп атады. Бірақ ол бұл жерде "қызу пікірталас БАҚ-та емес, әлеуметтік желілерде жүріп жатқанын байқағанын" айтты. Оның сөзінше, ақпарат министрлігіне жүгініп, реформалар жүргізу керек. Оның пікірінше, журналистер жаман нәрсе айтпайды, халыққа болып жатқан оқиғалар жайлы хабар таратады, сондықтан олармен және қоғаммен диалог орнатудан қорықпау керек.
- Олармен сөйлескен кезде сіздер үлкен аудиторияны қамти аласыздар. Қорқыныш – иландыруға айғақ бола алмайды. Біздің жауымыз – әдеттеріміз, қорқақтық, күдікшілдік, өз-өзіңді шектеу және дәстүрге жабысу, - дейді Дэвид Эпплфилд.
Бұған қоса, ол креативті тұрғыдан ойлауға дағдылану үшін ойыңды іштей шектеуден бас тарту керек, сол кезде медиа саласы оқырмандары мен көрермендері де өзгереді дейді.
- Әлемде мемлекет демеушілік жасайтын медиа ұйымдар көп, сондықтан ондай БАҚ-тар мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болғандықтан материалдарын абайлап жазуға көшеді. Бұл – зиянды қорқыныш. Тәуелсіз медиа – жау емес, олар қауыммен диалогты күшейтеді, - дейді Дэвид Эпплфилд.
Тәуелсіз медиа – жау емес, олар қауыммен диалогты күшейтеді.
14-ші Еуразия медиафорумының баспасөз хабарламасында Financial Times газетінен келген мейманның "Қазақстан контент тұрғысынан да, ақпаратты креативті негізде тарату жағынан да дамуы тиіс. Нарық ішіндегі бәсекелестік дегеніміз сенсация қуып жарысу емес, оқырманға күн сайын қызықты болатын жаңа тақырыптар іздеудегі шексіз мүмкіндіктер" деп мәлімдегені жөнінде жазылған.
Дэвид Эпплфилдтен кейін "Trafalgar Strategies" негізін салушы әрі Ұлыбритания премьер-министрі кеңсесі баспасөз бөлімінің бұрынғы бастығы Джайлс Кеннингам сөз сөйледі. Мастер-кластардың күн тәртібінде "Bloomberg" агенттігінің халықаралық директоры Тодд Бэйр, америкалық "Newseum" журналистика және жаңалықтар мұражайы төрағасының орынбасары Шелби Коффи, "Now This" интернет-порталының басқарушы редакторы әрі аға тілшісі "Сандық дәуірдегі фактчекинг" туралы баяндама жасайды деп көрсетілген.
БИШІ МИЛЛИАРДЕРДІҢ МАСТЕР-КЛАСЫ
Ratel.kz сайты тілшісі Болат Әбілқасымов кейінгі кезде, әсіресе ақпарат министрлігі деректерді тексеру туралы салалық заңға түзету енгізу бастамасын көтергеннен кейін "жаңадан сәнге енген фактчекинг" жайлы көп еститінін айтады. Жұма күнге белгіленген негізгі шараны да қызық емес деп санайтын ол мастер-кластарға бармаған.
- Шынтуайтында, сайтқа тіркелсем де, маған мастер-класты кім қандай тақырыпта өткізетіні туралы жоспарды сол күйі жіберген жоқ. Шақыруды қалай жолдағандары түсініксіз, - дейді Болат Әбілқасымов.
Сонымен бірге қазақстандық журналист былтыр яхтасында әйелі екеуінің әсерлі биінен кейін жұртқа танылған италиялық миллиардер Джанлука Вакки бұл медиафорумда не туралы айтатынын түсінбеймін дейді. Форум спикерлері тізімінде оның қызметі SEA Società Europea Autocarav компаниясы президенті деп көрсетілген. Ұйымдастырушылар оны "шалт қимылдың адамы" деп атайды, бірақ қандай баяндама жасайтынын әзірше көрсетпеген. Ол маусымның 24-і күні медиафорумның "Оңайлаған әлемдегі өмір. Қазіргі заман адамының мән-мағына дағдарысы кезіндегі бақыты неде?" секциясына қатысады.
Маусымның 23-і күні парламент сенаты депутаты Дариға Назарбаева қатысатын форум әлемдегі жаңа тәртіп туралы "Көпір орнату мен дуал тұрғызу дұрыс па?" ("Наводить мосты и возводить стены?") тақырыбындағы секция жұмысымен басталады. Оның спикерлері Ресей мемлекеттік думасы халықаралық істер комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий, Еуропа комиссиясының бұрынғы төрағасы, португалдық Жозе Мануэль Баррозу, Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл, БҰҰ-дағы АҚШ экс-елшісі, АҚШ-тың бұрынғы энергетика министрі Билл Ричардсон және Израиль премьер-министрі әкімшілігінің бұрынғы басшысы, келіссөз жүргізу жөніндегі бас маман Гилад Шер болмақ.
СӨЗ ЕРКІНДІГІНЕ АРНАЛҒАН СЕССИЯ ЖОҚ
Ұйымдастырушылар сайтында көрсетілгендей, "өзекті тақырыптар" тізіміне "Мессенджерлер мен әлеуметтік желілер ғасырында ақпараттық шабуылға қалай ұшырамауға болады?", "Астана процесі", "Күнделікті өмірде "блокчейн" технологиясын қолдану қатерлері" деген сессиялар енгізілген. Сөз еркіндігі мен журналистер құқығын қорғауға арналған жеке сессия жоқ.
Ratel.kz сайты тілшісі Болат Әбілқасымовтың сөзінше, "бұл медиафорум – көз алдау, кезекті халықаралық шара өткіздік деп есеп беру".
Бірақ Қазақстанның медиа саласындағы жағдайы Астана жақсы етіп көрсетуге тыраштанып жатқандай мәз деп айтуға келмейді. 2017 жылғы баспасөз еркіндігі рейтингінде бұл ел үш сатыға – 160-орыннан 157-орынға көтерілді, бірақ биыл сәуірде "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF) Қазақстан баспасөзі әлі күнге "еркін емес" елдер қатарында тұрғаны туралы мәлімдеген. Қазақстандағы негізгі оппозициялық басылымдар 2013 жылдан бері жабылып қалды, ал санаулы қалғандары айыппұл салғаннан кейін жабылып жатыр.
"Журналистерді жиі қамайды, жаппай аңду, блогерлерді түрмеге отырғызу, жаңалық сайттарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге кіруді шектеу арқылы интернетті мұқият бақылауда ұстайды" делінген аталған зерттеудің Қазақстанға арналған бөлімінде.
Ескертпе: Бұл репортаж жарияланған күннің ертесінде италиялық миллиардер Джанлука Ваккидің Астанадағы Еуразия медиафорумына келуге және пленарлық сессияда сөйлеуге әлі келісім бермегені белгілі болды. Әуелгі пресс-релизде бұл шараға келеді деп жазылған еді. Вакки Астананың шақыруына жауап қатпаған болып шықты. Бірақ кейбір жергілікті Today.kz сияқты БАҚ оның келе жатқанын хабарлап үлгерген. Медиафорумның PR-директоры Эльмира Сейдазимова Азаттыққа Джанлука Вакки маусымның 24-і "Оңайлатылған дүниедегі өмір. Мән-мағына дағдарысқа ұшыраған шақта қазіргі адамның бақыты неде?" атты секцияда сөз сөйлейтіні туралы ақпаратты вебсайттарынан алып тастағандарын айтты.
Еуразия медиафорумы маусымның 24-інде жұмысын аяқтайды.