Бір топ зерттеуші 2000 жылдардың басынан бері Verint және Nice Systems сияқты компаниялар Өзбекстан мен Қазақстанға адамдарды жаппай әрі құпия аңдуға көмектесетін құрал-жабдықтар мен технологиялар сатқанын анықтады деп хабарлайды Associated Press агенттігі. Ол компаниялардың израильдік мамандары Өзбекстан астанасы Ташкентте жабдықтарды орнатып, техникалық қызмет көрсетумен айналысқан деген болжам айтылады. Осы технологиялардың көмегімен Өзбекстан арнайы қызметі телефон немесе электронды пошта арқылы құпия ақпаратты талқылаған адамдарды тез анықтап, ұстайды.
– Биліктің басты қаруы – адамдарды үрейде ұстау. Сөз бостандығы, пікір еркіндігі дегеннің бәріне тыйым салынған, - дейді Швецияда тұратын өзбекстандық диссидент Толқын Караев.
Былтыр Human Right Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Өзекстанда кейінгі 20 жылда мыңдаған адам түрмеге жабылды деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар Өзбекстанда өзгеше ойлаудың құны тым қымбатқа түседі – ондай жандарды себепсіз ұстап әкетіп, мәжбүрлі түрде жұмысқа жегеді және азаптайды дейді.
Associated Press агенттігінің жазуынша, адам құқығын жиі бұзатын авторитарлы елдер үкіметтері Батыс елдерінен полиция және арнайы қызмет орындары пайдаланатын құралдар мен технологияларды сатып алады. Құқық қорғау топтарының айтуынша, осы технологиялардың көмегімен алыс-беріс хаттары және телефон қоңырауларының жазбалары биліктің қолына түскен адамдар түрмеге қамалып, азаптауға ұшырайды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, қуғындағы диссиденттер, олардың адвокаттары мен өзге серіктерінің электронды құрылғыларына тыңшылық бағдарламаларды орнатуға тырысқан хакерлер, болжам бойынша, Қазақстан үкіметінің тапсырмасымен жұмыс істеген. Хакерлік шабуылдар билікке жақпайтын адамдардың жүріс-тұрысын аңду, оларға зорлық-зомбылық әрекеттерін қолдану кампаниясының бірі бөлігі болып саналады. «Кейде, сирек болса да, кибер шабуылдар нағыз қылмысқа ұласып жатады» деп жазады Reuters агенттігі.
Зерттеушілер тобы арасында оппозициялық саясаткер әрі БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің мүддесін қорғаған нью-йорктік заңгер Питер Салас; Мұхтар Әблязовтің әйелі, 2013 жылы кішкентай қызымен Италиядан асығыс депортацияланған Алма Шалабаеваның (бірнеше айдан кейін Шалабаева қызымен Еуропаға оралып, Италия соты екеуін депортациялауды «мүлде заңсыз» деп атаған) мүддесін қорғаған италиялық адвокат Астольфо Ди Амато; бірнеше жыл бұрын Қазақстаннан қашып кеткен баспагерлер Ирина Петрушева мен Александр Петрушев бар бір топ қолданушыға жолданған электронды хаттарды зерттеген. Хакерлер жалған электронды хабарламалар арқылы әлгі адамдардың құрылғыларына тыңшылық жүргізетін бағдарлама орнатуға тырысқан. Хаттарды жолдаумен осы мақсат үшін арнайы жалдаған үндістандық компания атқарған деген болжам бар.
Reuters агенттігінің бұл мәселеге қатысты электронды пошта арқылы жолдаған сауалына Вашингтондағы Қазақстан елшілігінің баспасөз хатшысы жауап қайтармаған.
Журналист Ирина Петрушова мен «Республика» порталының тең құрылтайшысы Александр Петрушев кезінде Қазақстан билігі «экстремистік» деп танып, 2012 жылдың аяғында сот шешімімен жабылған «Республика» газеті мен оның қосымшаларын шығарған. Сот тыйым салғанымен басылым редакциясы өз материалдарын Қазақстан аумағында бұғатталған respublika-kaz.info сайтына шығарып тұрған. Биыл порталда журналистердің қолына түскен үкімет шенеуніктерінің өзара жазысқан хаттары жарияланған.
«Біздің пайымдауымызша, үкіметтің зиянды бағдарламаларды саяси диссиденттерді, әсіресе биліктің қолы жетпейтін жерде қуғында жүрген диссиденттерді аңду үшін пайдалануы барған сайын жиілеп барады» деген ұйғарым жасаған зерттеу тобы баяндамасының егжей-тегжейі осы аптада Лас-Вегаста кибер-қауіпсіздік тақырыбына арналған конференцияда көпшілікке таныстырылады деп жазады Reuters.
(Мақала Associated Press пен Reuters агенттіктері жарияланымдары негізінде жазылды.)