Үздік үш комментарий

Көрнекі сурет.

Azattyq.org оқырмандары соңғы аптада (13 – 18 мамыр) сайтта жарияланған мақалаларға қатысты жазған комментарийлердің назар аудартқандары.


ЕРКЕК, ШЫМКЕНТ

Мен Қазақстанда атқарылып жатқан істерді көріп, "Шүкір, мұның бәрі мұнай табысының арқасы" деп ойлайтынмын. Ал жақында Қырғызстанға бардым. Онда мұнайсыз-ақ көпқабатты үйлер салынып жатыр екен. Әрі олар соңғы үлгіде. Көпқабатты үйлердегі дәретханасының өзінде едені ысып тұрады. Сөйтсем, астынан жылу өткізілген екен. Әрі оның есігін ашқанда ауаны сыртқа жіберетін вентилятор жұмыс істейді. Ал бізде мұндай үйлер сирек. Ал Астананы теледидардан көріп, масаттанып жүрміз. Өз астаналары жөнінде дабыра көтермей жүрген Түркіменстанның астанасы біздің бас қаладан әлдеқайда әдемі, ертегі қалаға ұқсайтындай.

Мұнайлы елдегі әлеумет неге жүдеу тартады?» атты мақалаға жазылған пікір)


STUDENT, ЖАТАҚХАНАДАН

Негізі өзім білетін шындықты айтар болсам, өз дипломын өзі жаза алатын студенттер аз, аз болғанда қандай! Көбісі неге осы мамандықты оқып жүргенін білмейді және мамандықтарына қызықпайды да. Сондықтан диплом жазу тақырыбын қаншалықты айтсақ та аздық етеді, ең өкініштісі түк білмейтіндер дипломын алып "маман" атанып кете барады. Бұл біз білетін ең үлкен өкініш. Себебі мемлекет ақша бөледі, грант береді, бірақ студент оқымайды. Себебі ол тек оқу оқыса, аш қалады. Студент 4 жыл бойы жұмыс істейді де әйтеуір диплом алып шығады. Мамандығын түк сезбейтіндер бір өмір өзі де желініп, өзгеге дегізіп өмір сүреді. Иә, біз осындай қоғамда өмір сүреміз, қаласаңыздар да, қаламасаңыздар да! Бұл жағдай жуық арада өзгереді дегенге ешбір сене алмаймын. Ол үшін бәрі өзгеру керек, сана, көзқарас, ой, адами қасиет, өзіне деген құрмет, ұстазға деген құрмет және т.б. Көп нәрсе өзгермейінше... диплом жазу, алу, қорғау өзгермейді.

Диплом жаздырту» үйреншікті іс боп барады» атты мақалаға жазылған пікір)


АТЫ-ЖӨНІ КӨРСЕТІЛМЕГЕН

Ағылшын премьер-министрі Уинстон Черчильдің өзі кезінде "Мұғалімнің қолында премьер-министрдің түсіне де кірмейтін құдіретті билік бар" деген. Рас, шала сауатты мұғалімге қарсы шығып көр, балаңның өмірін тозаққа айналдырсын. Жемқорлықпен жемқорлардың өздері "күрескен" заманда мектептегі жемқорлықтан құтылмаймыз. Оған біріншіден біз, ата-аналар өзіміз кінәліміз. Шынын айтқанда, әдетте класта ақша жинауға бірер адам ғана қарсы болады. Оларды ата-аналардың біреуі де қолдамайды. Сыртқа шыққасын ғана немесе бір-бірімізбен телефон арқылы күңкілдесеміз де қоямыз. Бізде ауызбіршілік жоқ. Егер ашық күресуге шамамыз жетпесе, қорықсақ, сонау совет заманындағы домалақ арызды (анонимка) ешкім отменить еткен жоқ қой. Белгілі бір директордың немесе завуч, мұғалімнің үстінен прокуратураға арыз жазсаң болды. Тексерудің астына алсын. Жоғарыда біреу жазғандай, олар прокуратура, финпол десе зәре-құты қалмайды. Былтыр Алматыдағы бір мектепте оқитын жиенімнің сынып жетекшісі балаларға "Мен мүшел жасқа кіремін, соны тойлап беріңдер" дегенде, директорына звондап, прокуратураға жазамын деп едім. Директор сасқанынан әлгі мұғалімді жұмыстан шығарып жіберген. Тіпті бүкіл ата-ана қол қоймасын, бір адамның өзі де жарайды. Атын да жазбасын. Ал районо, гороноға жазып қажеті жоқ. Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Сосын жасырын камераға түсіріп алу да тиімді тәсіл сияқты. Түсіріп алып, интернетке жариялай салсаң болды. Меніңше, гөй-гөйге басудың орнына, белсенді әрекетке көшкен жөн сияқты.

Мұғалімдерден ақша жинаудың бірнеше түрі бар» атты мақалаға жазылған пікір)


P.S. Құрметті оқырмандар, Азаттық сайтында апта ішінде жарияланған пікірлердің арасынан ең үздігін өздеріңіз анықтай аласыздар. Ол үшін сайтқа тіркеліп, ұнаған комментарийге дауыс беру керек. Әр пікірге қанша адам дауыс бергені сайтта көрініп тұрады.