Уран банкін қорыммен шатастырмауды сұрайды

«Казатомпром» қызметкері жартылай тазартылған уран кені салынған ыдысты тексеріп тұр. (Көрнекі сурет)

Қазақстан жерінде аз байытылған уран қорын сақтайтын депозитарий ашу туралы Астананың ұсынысы жақында қабылдануы мүмкін. Жоба ядролық қарудан бас тарту процесінен кейінгі бейбіт бастаманың жалғасы ретінде ұсынылған.

Қазақстан территориясында аз байытылған уран банкін құру жөнінде халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) жасалған келісім жобасын мақұлдау туралы Қазақстан үкіметінің 2015 жылдың 27 сәуіріндегі қаулысы жуырда Tengrinews сайтында жарияланды.

«Казатомпром» корпорациясының бұрынғы вице-президенті Нартай Дүтбаев Азаттық тілшісіне «ядролық отын банкі мен ядролық қалдықтарды сақтау қоймасы деген мәні мүлде екі бөлек, тіпті бір-біріне кереғар нәрселер болғанына қарамастан, жұрт аз байытылған уран банкін ядролық қалдықтарды көметін қорыммен шатастырады» деп түсіндіреді. Оның айтуынша, бұрынғы ядролық полигонның бос жатқан ұңғымаларын ядролық қалдықтарды көмуге пайдалануға болады деген сөздер Семей ядролық полигоны жабылған 1992 жылы-ақ шыға бастаған. Бірақ, бұл әңгімелер көбінесе популистік сарындағы ұсыныстар болатын.

«Ал аз байытылған уран банкін орналастыру жөні мүлде бөлек. Әрине, бұл идеяның пайда болғанына да біраз жыл болып қалды. Бірақ, бұл жолы популистік идея емес, технологиялық тұрғыдан негізделген әрі Қазақстан үшін саяси және өзге мақсат тұрғысынан алғанда тиімді идея ұсынылды» дейді Нартай Дүтбаев.

АСТАНАНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АМБИЦИЯЛАРЫ

Аз байытылған уран банкін құру идеясы 1990 жылдары пайда болды. Ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан 2010 жылы өз территориясында аз байытылған уранның халықаралық қоймасын орналастыруды ұсынған. Бұл банкте шағын көлемде кепілдендірілген шикізат қоры сақталуы тиіс әрі оны ядролық қаруы жоқ елде орналастырған жөн деп шешілген. Регламентке сәйкес, уран байыту технологиясы жоқ кез келген ел өзінің атом электр станцияларына (АЭС) қажет көлемде ядролық отын алу үшін депозитарий операторына тапсырыс бере алады.

Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытындағы радиоактивтік материал салынған контейнер. (Көрнекі сурет)

Аз байытылған уран банкін сақтайтын алаң ретінде Өскемендегі ядролық материалдар мен сирек кездесетін түсті металдар экспорты жөніндегі ұлттық оператор – Үлбі металлургиялық зауытын таңдауы ықтимал деген болжам бар.

Қазақстан уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші, ал уран қоры жағынан екінші орында. Қазақстан ядролық қаруы бар ел статусынан 1992 жылы өз еркімен бас тартқан.

2013 жылдың сәуірінде «Экспресс-К» газетіне берген сұхбатында Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстан территориясында аз байытылған уранның халықаралық банкін орналастыру елдің халықаралық беделін нығайта түсуге септігін тигізетінін айтқан.

Ол сұхбатында Ерлан Ыдырысов «халықаралық аз байытылған уран банкін Қазақстан территориясында орналастыру жаһандық ядролық қатерді таратпау режимінің белсенді жақтасы әрі ядролық қару-жарақты азайту процесінің негізгі көшбасшыларының бірі ретінде республикамыздың халықаралық беделін нығайта түсуге көмектеседі» деп мәлімдеген.

2013 жылдың қазанында Қазақстан парламенті сенатында сөйлеген Ерлан Ыдырысов депутаттарды «халықаралық ядролық отын банкінен ел экологиясына ешқандай қатер жоқ» деп сендірген. Банкте 60 тоннаға жуық отын сақталмақ. Бірақ, министр депозитарийде ядролық отын қалдықтары емес, аз байытылған уран сақталады деп ескерткен.

Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, қазір халықаралық уран нарығы тұрақсыз әрі бұл проблема Иран, Солтүстік Корея сияқты елдердің ядролық проблемасымен де байланысты. Бейбіт мақсаттағы ядролық станциялар жұмысына қажет уран қоры жетпей қалуі мүмкін деген қауіп бар. Әлем елдері өздерінің энергия нысандарының жұмысы үшін қажет уранды әлдебір саяси кедергілерсіз тиімді бағамен сатып алуы үшін МАГАТЭ-нің қолдауымен тәуелсіз халықаралық банк құру идеясы ұсынылған.

БОЛЖАМДАР МЕН ЖОСПАРЛАР

«Казатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы вице-президенті Нартай Дүтбаев Қазақстанда аз байытылған уран банкін орналастыру жобасының астарында ел беделін нығайтып, халықаралық ұпай жинау мақсаты жатқанын жасырмайды. Нартай Дүтбаев уран банкін Қазақстанда орналастыру идеясынан әлеуметтік тұрғыдан да көп ұтамыз деген болжам айтады.

Ядролық сынақ кратерінің қасында арнайы құрал радиация мөлшерін өлшеп тұр. Көрсеткіш - 255 микро рентген/сағат. Семей полигоны, 22 тамыз 2011 жыл.

– Аз байытылған уран банкін қазір жұмыс істемей тұрған Үлбі металлургиялық зауытында құру жоспарланған. Бұл жоспар іске асса, зауыт жұмысы жанданып, жұмыс орындары ашылады, демек аймақтағы әлеуметтік климатты сауықтырамыз, – дейді «Казатомпром» корпорациясының бұрынғы вице-президенті Нартай Дүтбаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда аз байытылған уран банкін орналастыру озық технологияларды енгізуге әрі бұл сала жақсы дамыған елдермен тәжірибе алмасуға көмектеспек.

Төрт жыл бұрын ядролық энергияны қауіпсіз әрі инновациялық мақсатта пайдалану мәселелеріне арналған Киев саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев аз байытылған уранның халықаралық банкін өз территориясында орналастыруға Қазақстанның әзір екенін растаған.