Оппозициялық газетке қатысты сот тыңдауы өтті

"Голос Республики" газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева Алматы қаласы Медеу аудандық сотының дәлізінде тұр. 27 қараша 2012 жыл. Сурет forbes.kz сайтынан алынды.

Алматыдағы алдын ала тыңдаулар барысында прокуратура сотқа берген шағымын дұрыс толтырмағаны анықталды. Сот оны түзетуге желтоқсанның 6-сына дейін уақыт берді.

Қарашаның 27-сі күні Алматының Медеу аудандық сотында «Голос Республики» газетіне қатысты шағым бойынша алдын ала тыңдаулар өтті.

– Бүгінгі отырыста Алматы қаласының прокуратурасы бізге қатысты шағымын дұрыс толтырмағаны анықталды. Олар шағымды газетке қарсы берген. Ал газет – не заңды не азаматтық тұлға емес, шығармашылық ұжым. Сондықтан оны жауапқа тартуға болмайды. Заң бойынша сотқа газетті емес, оның құрылтайшысын не иесін тарту керек, – дейді газеттің бас редакторы Татьяна Трубачева.

Осыған байланысты басылым адвокаттары процеске кірісе алмаған.

– Бүгін біздің заңгерлер келіп, өздері қорғайтын газеттің құрылтайшысы – жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) атынан сенімхат тапсырды. Ал судья сенімхатта көрсетілген ЖШС атауының сотқа түскен шағым-арызда жоқ екенін айтты. Тиісінше адвокаттар процеске кірісе алмады. Ал прокуратура шағымындағы жауап беруші тараптың нақты көрсетілмеуі себебінен алғашқы сот отырысы желтоқсанның 6-сына қалдырылды. Судья (Гульмира Бейсенова - ред) сол уақытқа дейін прокуратура бір «амалын табады» деп жауап берді, – деді Татьяна Трубачева.

«СЦЕНАРИЙДІҢ МӘРЕГЕ ЖЕТУІ»

Қарашаның 21-і күні Алматы қаласы прокуратурасы соттан тіркелмеген «Алға» партиясы мен «Халық майданы» қоғамдық бірлестігін экстремистік деп тануды, «К-плюс», «Взгляд» сияқты бірнеше ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салуды талап еткен.

Сот тыңдауы өткен күні оппозициялық "Голос Республики" және "Взгляд" газеттері Медеу аудандық сотының фойесінде сатылып жатты. 27 қараша 2012 жыл. Сурет forbes.kz сайтынан алынды.


Осы талаптан кейін тіркелмеген «Алға» партиясы прокуратураның партия мен «Халық майданы» ұйымын жабу туралы арызына қатысты үндеу жариялады. Партия өз қызметін «үнемі ашық жүргізгенін және заңдарды бұзбағанын», прокуратура шағымының «саяси астары бар екенін» айтты.

«Прокуратураның партияға және бірқатар тәуелсіз ақпарат құралдарына қарсы сот талабы – оппозиция мен өзгеше ойлайтындардың үстінен жүргізіліп отырған саяси өшпенділік сценарийінің мәреге жетуі. «Демократиялық» Қазақстан 2013 жылды оппозициясы мүлдем жойылған, тәуелсіз ақпарат құралдары атымен жоқ, түрменің бәрі ар-ождан тұтқындарына толған мемлекет ретінде қарсы алады» дейді партия.

«ТӘУЕЛСІЗ КӨЗҚАРАС»

Қарашаның 26-сы күні «Взгляд» басылымының басшылығы Алматыда арнайы жиын өткізіп, «қаладағы Бостандық аудандық соты газеттің басылуына, материалдарын Facebook әлеуметтік желісіне жариялауға тыйым салды» деп хабарлады.

Алматыда өткен баспасөз жиынында газет бас редакторының орынбасары Олеся Щелкова бұл әрекетті «саяси тапсырыс» деп бағалады. Оның ойынша, басылымды «Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси режиміне қатысты тәуелсіз көзқарасы үшін жаппақ».

– Біз енді 99 даналық жаңа ақпарат құралын шығармақшымыз. Өздеріңіз білесіздер 99 дана шығару үшін заң бойынша рұқсат алудың қажеті жоқ. Тиісінше біз жаңа ақпарат құралы болсақ, бізге соттың ұйғарымы жүрмеуі тиіс, – деді «Взгляд» бас редакторының орынбасары Олеся Щелкова.

Оның сөзінше, «Взглядқа» қатысты сот Алматының Бостандық аудандық сотында қарашаның 30-ы күні өтуі тиіс.