СКРИНИНГТІК ТЕКСЕРУ
Алматы тұрғыны Сәния биыл жазда омырауында болмашы түйін пайда болғанын байқаған. Арнайы өткен медициналық тексеру оның рак екенін анықтаған.
Your browser doesn’t support HTML5
- Қазірге дейін төрт рет химиялық терапиядан өттім, бейсенбі күні бір омырауыма операция жасады. Осы аптада өткен тексеру – екінші омырауымда да түйін пайда болғанын анықтап, дәрігерлер енді оған операция жасау керек екенін айтты, - дейді Сәния.
Өзі де дәрігер болып еңбек ететін 50 жастағы әйел жыл аралатып дәрігерлік тексеруден өтіп тұратынын, омырауында ісік бары туралы хабарды естігенде абдырап қалғанын айтады.
- Жыл сайын болмаса да, екі жылда бір рет дәрігерге қаралып жүретінмін. Ракқа шалдығамын деп ойламаппын. Дәрігерлер қанша жігерлендіргенімен, жағдайымды, аурудың қандай екенін, әрі қалай не боларын ішім сезеді. Бір Аллаға ғана сыйынып отырмын, - дейді ол.
Сәния соңғы төрт ай емделіп жатқан Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында сенбі, қазанның 22-сі ашық есік күні өтті. Бұл күні осында келген қыз-келіншектерге сүт безін тексеру және дәрігер-маммологтар кеңесі қызметі тегін көрсетілді. Тексеруден өтуге ондаған әйел, негізінен егде жастағы адамдар келді.
- Уақыт пен қаржының тапшылығынан дәрігерге қарала алмай жүрміз. Жасым 51-де, отбасы, бала-шаға, одан қалды жұмыс деп шапқылап жүргенде уақыт қайдан болсын. Бүгін әйтеуір сенбі, әрі дәрігерлер тегін қарап жатыр екен, соған қуандым, - дейді кезекте отырған Наталья есімді келіншек Азаттық тілшісіне.
Алматыға Шымкент қаласынан келген 45 жастағы Розаның сөзінше, осы уақытқа дейін ол маммолог дәрігерге тек екі рет қаралған.
- Біріншіден, қаражаттың жоқтығы қолбайлау болады. Көп жерде қазір қызмет ақылы. Екіншіден, дер кезінде дұрыс көңіл бөлмейтініміз де рас. Әйтеуір қашан ауырып, басыңа келмейінше дәрігерге бармайсың да ғой, - дейді Роза.
ЕРТЕ АНЫҚТАЛҒАН РАКТЫ ЕМДЕУГЕ БОЛАДЫ
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда ракқа шалдыққан әйелдер арасында бірінші орында тұрған сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына себептер көп.
Аурудың алдын алудың жалғыз жолы: уақытылы, яғни жылына екі рет маммолог дәрігерге қаралу керек. Бұл кеңес 12-13 жастағы жасөспірім қыздарға да, жасы 80-ге келген апаларымызға да қатысты.Әсем Тоғызбаева
- Оларға стресс, экологияның нашарлауы, әйелдердің жасанды түсік (аборт) жасатуы, дұрыс тамақтанбауы, дер кезінде бала көтеріп, сәбиді тиісті мерзімге дейін емізбеуі тәрізді себептер жатады. Аурудың алдын алудың жалғыз жолы: уақтылы, яғни жылына екі рет маммолог дәрігерге қаралу керек. Бұл кеңес 12-13 жастағы жасөспірім қыздарға да, жасы 80-ге келген апаларымызға да қатысты, - дейді ғылыми-зерттеу институтының маммолог дәрігері Әсем Тоғызбаева.
Оның сөзінше, Қазақстанда жыл сайын төрт мыңға жуық әйелде сүт безі рагы анықталады. Мамандар төрт сатыдан тұратын ракты алғашқы екі кезеңінде емдеуге болатынын, дертті неғұрлым ертерек анықтап, тиісті ем қабылдаған жағдайда оған қарсы тұрып, тіпті бетін қайтаруға мүмкіндік артатынын айтады.
- Мәселен, «люминалды А» типтегі рактан емді ертерек қабылдаса, толық жазылып кетуге болады. Өкінішке қарай, дерті емделмейтін кезде, яғни әбден асқынғанда ғана дәрігерге келетіндер аз емес, - дейді Әсем Тоғызбаева.
Бес жыл бұрын Қазақстанда ракты ерте анықтаудың скринингтік бағдарламалары іске қосылғаннан кейін қатерлі ісікке шалдыққан жандар көбірек анықтала бастаған.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қабылдау және кеңес беру бөлімінің жетекшісі Құралай Қанафиянова Қазақстанда әрбір азаматтың тұрғылықты жеріндегі онколог дәрігерге қаралуы мен қатерлі ісікті емдеу тегін екенін еске салады.
- Аймақтардағы онкологиялық диспансер рак диагнозын анықтаған соң науқасты емдеу жолдарын қарастырады. Олар науқасты диспансерлік жағдайда емдейді немесе ауру асқынған болса, портал арқылы емдеуге кезекке қойып, бізге жібереді. Бізге жоспарлы түрде жіберілген науқасты тегін емдейміз, - дейді Құралай Қанафиянова.
Дәрігерлер мәліметіне қарағанда, аурудан қайтыс болғандар көрсеткіші бойынша жалпы онкология дерті Қазақстанда 2-орында тұр. 2015 жылы рактан елде 16 мыңға жуық науқас бақилық болған. Жыл сайын бір жарым мыңға жуық адам сүт безі рагы салдарынан қайтыс болады. Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда сүт безі рагына шалдыққан әйелдер саны көбейіп келеді. Бұл елде 18 онкологиялық орталық жұмыс істейді.