"Сталинге сыйлыққа" Америка конгресмендері қызығушылық танытып отыр

"Сталинге сыйлық" картинасынан жалпы кадр.

Мәскеулік кинорежиссер Павел Финнің сценарийі бойынша түсірілген «Сталинге сыйлық» фильміне - өткен ғасырдың 40-жылдарындағы қуғын-сүргін оқиғалары негіз болған. Совет үкіметі жер аударған мыңдаған адам тиелген вагондар қазақ даласына қарай жол тартады. Адамдар арасындағы қилы қарым-қатынастар суреттелетін фильмде қазақ жеріндегі ұлттар достығы дәріптеледі.

«Сталинге сыйлық» фильмі алда Америка Құрама Штаттарының конгресінде көрсетілмек. Бұл турасында фильмнің үйлестірушісі Дарья Дьякова мәлімдеген еді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде.
– Әрине, бұл іс Америкадағы Қазақстан елшілігінің көмегімен жүзеге аспақ, - деді ол өз сөзінде.

Бұған дейін «Сталинге сыйлық» фильмі Оңтүстік Кореядағы халықаралық Пусан кинофестивалінің шымылдығын ашқан болатын. Ал, фильмнің Қазақстандағы премьерасы қараша айында Алматыда өткен еді.
Актер Нұржұман Ықтымбаев пен Дәлен Шынтеміров "Сталинге сыйлық" фильміне түсу сәтінде.


Адам құқы жөніндегі фильмдердің XIV халықаралық «Сталкер» фестивалінде ең үздік шетелдік туынды деп танылды. Сол байқауда, фильмде қарт Қасымды сомдаған Нұржұман Ықтымбаев, ең үздік рөл номинациясында жеңімпаз атанған. Дарья Дьякованың сөзіне қарағанда, о баста аталмыш номинация белгіленбеген көрінеді. Алайда, қазылар алқасы картинаны көріп, актердің еңбегін атап өткенді жөн санаған екен. Ал, Нұржұман Ықтымбаев болса, бұл фильмде сол кездегі қазақ халқының дархандығы суреттелгендігін айтады.

- Қазақта «Қазақтың дастарханының еншісі бөлінбеген» деген мақал бар. Мен сізге айтайын, қазақтың көңілінің де пейілінің де еншісі бөлінбеген. Мәселен, біреулер құдайы қонақ болып келгенде, оның кім екендігіне мән берместен, төрге шығарып, тамағын алдына қояды. Қазір ондай бар ма..? Бұл біздің қанымызға сіңген дархандылық. Құдай одан қазақты жаман қылған жоқ. Өткен ғасырдың 50-жылдары жалғыз үй деген болатын, ондайды қазіргі жастар көрген жоқ. Сол бір бөлмелі үйге егер қонақ келсе, бөлменің ортасына шымылдық құрып тұрып жатқандарды мен өз көзіммен көрдім.

Фильмнің сценарийін жазған ресейлік Павел Финн болса, режиссері бүгінде көпшілікке танымал Рүстем Әбдірашев. Бұл кино Павел Фин мен израильдік атақты жазушы Давид Маркиштің естеліктері бойынша түсірілген.
"Сталинге сыйлықтың" түсірілу сәттері

Картинаның көп көріністері Сарыөзекте түсіріліп, уақыт пен табиғаттың қатал кезеңдерін қамтиды.

Оқиға 1949 жылғы сталиндік режимнің ауыр зардаптарын суреттейді. Осы жылы Сталиннің туылғанына 70 жыл толуын атап өту үшін елде үлкен дайындық жұмыстары жүріп жатады. Осыған байланысты фильмнің бас кейіпкері кішкентай Саша атты еврей баласы да көсемге сыйлық жасау үшін түрмеде отырған әке- шешесін іздеп, атасы екеуі Мәскеуден Қазақстанға аттанады.

Жол-жөнекей атасы өліп, көп өліктің арасында шала- жансар жатқан баланы теміржол бекетінің жол жөндеушісі Қасым тауып алып, бала етіп алады. Оның атын Сабыр деп қояды. Сабырдың бұдан кейінгі өмірі ауыл балаларымен өтеді. Олар көсемге арнап сыйлық әзірлесе, Сабыр да әке-шешесін түрмеден құтқару үшін Сталинге ақ лақ дайындап, оны НКВД-ның майоры арқылы береді. Сонымен қатар, халық жауының әйелі Вераның тағдырының фильмге қатысы бар. Оның тағдыры да аянышты. Фильмдегі Сашаның рөлін Дәлен Шынтеміров ойнаса, оның есейген шағын израильдік жазушы Давид Маркеш сомдайды. Ал Вераны сомдаған Ресейдің атақты актерінің бірі – Екатерина Редникова болса, Қасымды белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев, милиционер Балғабайды Бақтияр Қожа ойнайды.
Актер Бақтияр Қожа (сол жақта) "Сталинге сыйлық" картинасында Балғабай рөлінде.


Фильмдегі ең бір жағымсыз кейіпкер осы Балғабай еді. Ол рольде ойнаған Бақтияр Қожа, бұл образды сомдауда біршама қиындықтар туындағандығын айтады.
- Жалпы жеккөрінішті адамды ойнау немесе өзінше ерекші мінезді адамды ойнау, бір жүйенің қалпына түсіп қалған бейнені ойнау маған өте қиынға соқты. Бұл сол кездегі Сталиндік тәртіпке бағынатын, өлтір десе өлтіретін, сотта десе соттайтын, өзінің көзқарасы жоқ адам. Ешнәрсеге және ешкімге махаббаты жоқ, отбасы да жоқ, жалғыз адам. Міне сол жалғыздықты ойнау маған қиынға соққаны рас.

Картинаның режиссері Рүстем Әбдірашевтың айтуынша, өткен жыл қазақ киносы үшін өте табысты болған. Алайда әлі де кемшін тұстар жетерлік.

- Технология, қаржы жағынан болсын бізде мүмкіндіктер жоқ. Соған қарамастан, фильмдер түсірудеміз. Қаражаттың да асып-тасып жатқаны шамалы. Алайда, шығармашыл адамда қанағат пайда болса, онда ол адамның берерінің таусылғандығы. Сондықтан әлі де болса ізденістер үстіндеміз. Енді, өткен жылдарды емес бүгінгі Қазақстанды көрсететін фильм түсіру ойымда бар. Алда уақыт көрсетер.

Айта кету керек, «Сталинге сыйлық» фильмінің DVD дискісі шығарылды, енді кез- келген көрермен аталмыш туындыны өз үйінде тамашалай алады.