Қазақстандық туризм ерекшелігі - "көкке шығу"

Табиғат аясындағы демалыс. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан үкіметі "Қазақ туризм" ұлттық компаниясын құрмақ. Шенеуніктердің сөзінше, елдің қайталанбас әсем табиғаты компанияның келер жылы шығынын өзі өтеуіне мүмкіндік береді. Азаттық тілшісі "бірегей ландшафтардың" жай-күйі қандай екенін анықтауға тырысып көрді.

Билік "Қазақ туризм" жаңа акционерлік ұлттық компаниясының негізгі міндеті - шетелдік инвесторлар мен туристерді тарту есебінен елдің туристік саласын дамыту деп атайды. Жуырда спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "24.kz" телеарнасында "Қазақстанның туристік саласына өз ақшасын салуға көптеген шетелдік инвесторлар мүдделі деп батыл айтуға болады, өйткені Қазақстанның табиғи ландшафты ерекше" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, компания келесі жылға дейін мемлекет балансында болады, ал кейін өз-өзін қаржыландыруға көшеді.

Шенеуніктер мен туристік бизнес менеджерлерінің көбі айтып жүрген Қазақстанның "табиғи ландшафтарының қайталанбас ерекшелігі" экологиялық туризмге жатады. Туризм саласы мамандарының айтуынша, Қазақстандағы табиғи орындардың көбі қазірдің өзінде шетелдік туристке таңсық болмай қалған, ал жергілікті тұрғындар "демалыс күнгі туризмді" көбінесе "көкке шығып, қарадүрсін сейілге" айналдырып алған.

ЭКОТУРИЗМДІ ДАМЫТУ КІЛТІ

Алматылық "Табиғат" продакшн-студиясының директоры Максим Левитин талай жылдардан бері Қазақстанның министр Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқан таңғажайып жерлері туралы танымдық фильмдер түсіріп жүр. Ол экологиялық туризмді дамыту қажеттігін түсіну кілті "ерекше" сөзінде деген пікірді құптайды.

Максим Левитиннің пікірінше, шетелдік турист өте талғампаз келеді әрі экотурлар ұйымдастырумен айналысқанұзақ жылдары оған айрықша бағдарламаны қажет ететін туристер жүгінген. Мысалы, сирек кездесетін жануарларды фото, видеоға түсіру мен ландшафты әсем әрі жету қиын орындарға саяхаттауды сұрайды. Бірақ Левитиннің пікірінше, Қазақстанның ерекшелігі тақырыбының қадірін кетірмей, әуелі нарық сұраныстарын біліп алу керек.

- Буклеттерде кез-келген қарабайыр дүниені "ерекше" деп атаса, турлардың қадірі кетіреді. Мысалы, Үстірт қорығында ерекше ландшафтар бар. Ондай ландшафтар өзге еш жерде жоқ. Хантәңірі де ерекше жер – солтүстік жер шарындағы жеті мың метрлік ең биік шың. Салмағы 25 килограмнан 100 килограмға дейін тартатын 50 жайынды бір күнде ұстауға болатын Балқаш көлінен балық аулау 15 жыл бұрын туристер қызығатын орын болған. Ал қазір ол әлгі ерекшелігінен айырылған, сондықтан Батыс туристері ол жаққа бармайды, - дейді ол.

"Табиғат" продакшн-студия тобы Үстірт табиғаты туралы түсірілім кезінде. Максим Левитиннің жеке мұрағатындағы сурет.

Максим Левитин тобымен бірге табиғат пен жабайы жануарлар туралы "Наедине с природой" және "Охотники за легендами" ("Табиғатпен етене" және "Аңыз құмарлар") сияқты хабарлар түсіреді. Ол Қазақстанның жолықиын түкпірлеріне экспедициялар ұйымдастырады, қорықтар мен ұлттық парктермен бірлесіп жұмыс істейді.

Оларға жеті күн жол жүргенде неліктен бір де ірі жануар көрмегенін түсіндіру қиын.

Левитин сирек кездесетін жануарлардың түрлерін сақтап қалу проблемаларын бір кісідей біледі. Оның айтуынша, "Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігі бай, туристерді қызықтыратын түрлері көп, бірақ оларды туристерге көрсету әзірше өте қиын болып тұр, өйткені туристер жануарларды фотоға түсіруге әдеттенген елдерге қарағанда, жануарлардың орташа саны бізде жүздеген есе аз".

- Оларға жеті күн жол жүргенде неліктен бір де ірі жануар көрмегенін түсіндіру қиын, - дейді Левитин.

Оның пікірінше, экологиялық туризмді тартымды ету үшін жануарлар санын туристер оларды фотоға түсіре алатындай деңгейге дейін көбейту қажет, ал бұл үшін табиғатты қорғау жүйесін қолға алу керек. Мемлекет табиғаты ерекше орындар мен жануарлардың сирек түрлерін сақтап қалу ісіне жүйелі түрде қолдау көрсетуі тиіс, бірақ мұны кейде мемлекеттік бюджеттен ақша жұмсамай да жасауға болады, өйткені экологиялық туризм табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға септеседі.

Максим Левитиннің сөзінше, балықшылардың көбі жұрт көрмеген үлкен балық ұстап немесе бүкіл дағдысы мен ептілігін танытды талап ететін жаңа орындар іздейді, бірақ оларды уақытты бұлай өткізуіне әдетте спорттық қызығушылық қана түрткі болады. Балықшылардың жазылмаған қағидасына сәйкес, олар ұстаған балығын айдынға қайта жібере салады.

Максим Левитин сирек кездесетін құстар туралы түсірілімге дайындық кезінде.

Құстарға қатысты да осылай. Әлемде құстарды бақылаудан ләззат алатын мамандар бар. Олар құстарды видеоға немесе фотоға түсіреді, суреттерін орнитологиялық журналдарда жариялап, ғылыми жұмыстар жазады. Максим Левитиннің айтуынша, кейінгі кезде ауру және кәрі жануарларды ату ісі көп тараған.

- Қазір экологиялық ұйымдар қанжыға майланатын саятшылықты туризмнің ресурстарды сақтау түрі деп санайды. Браконьерлердің қырған арқарларын көлікке тиеп, шұжық жасайтын цехқа апарғанынан гөрі репродукциялық құндылығын жоғалтқан кәрі аталықты ату үшін туристің қыруар ақша төлегені ресурстарды пайдалану үшін әлдеқайда тиімді амал, - дейді ол.

Максим Левитин экологиялық туризмнің мұндай бағыттары қорықтар мен ұлттық парктерге жақсы кіріс әкелер еді деп санайды, бұған қоса, жағажайға "көкке шығуды" қолайлы көретін "туристерден" экологиялық туристердің бір артықшылығы - оларға құрылысы экожүйеге зиян келтіретін инфрақұрылым қажет емес. Оның сөзінше, экотуристер палаткаларда түнеуге әзір, яғни демалушы адамдардың табиғатқа тікелей әсері азаяды.

АЛМАТЫДАН ЫСТЫҚКӨЛГЕ ЖОРЫҚ

Совет заманында Алматы тұрғындары таулы соқпақтармен шалғай жерлерге жорыққа көп шығатын. Қоржындарын асынып алған жас-кәрісі аралас, дайындық деңгейі әр түрлі адамдар тәжірибелі инструктордың басшылығымен бірнеше күн бойы таулы соқпақтармен жол жүріп, палаткаларда түнейтін, ал түнде жұлдыздары жарқыраған түпсіз аспан астында алаудың жанында отырып гитарамен ән айтатын.

1990 жылдары Азаттық тілшісі Алматыдан Ыстықкөлге дейін жаяулатып барған болатын. Дара тұрған айбарлы белестерден асып, тар шатқалдар мен суы тастай суық, буырқанған өзендерден өткен, жарқыраған мұздықтарды көріп, жол-жөнекей аспанда қалықтаған бүркіттер мен сығалаған суырлар болмаса, айналада тірі жан көрінбеген сол жолғы естен кетпес тәжірибесін ол әлі күнге дейін еске алады. Қазақ-қырғыз шекарасында да адамдар жолықпай, оны кесіп өткенін тіпті ешкім байқаған жоқ болатын.

Ыстықкөл жағасында.

Ертеректе Сергей Бродский де Алматыдан Ыстықкөлге дейін қилы маршруттармен жаяу жорықтарға шығып тұратын. Биыл ол Ыстықкөл жорықтарын жаңғыртуға тырысып көрген еді, бірақ қазір саяси карта өзгеріп кетті. Егемендік алған екі елдің мемлекеттік шекарасы пайда болды.

Негізі, тауларда Қазақстан мен Қырғызстан арасында қазір де совет заманы кезіндегідей шекара бекеттері, тікенек сымдар, жолды бөгейтін жолақтар жоқ. Бірақ ештеңемен белгіленбеген шекараны кесіп өту бәрбір заңды өрескел бұзу ретінде қарастырылады. Сондықтан Сергей Бродский туристерді Қордайдағы кеден бекеті арқылы автобуспен өткізіп, сосын Ыстықкөлге жаяу жорықты таудағы белгілі бір нүктеден бастауды ұйғарған. Ол жорыққа қосылғысы келетіндерді шақырып, әлеуметтік желілерде пост жариялағанымен, құлық танытқандар мүлде аз болды.

Сергей Бродский бұл сәтсіздіктің себебін адамдардың менталитеті өзгеріп кетуімен байланыстырады. Егер ертеректе адамдар қиындық пен мұқтаждыққа төзіп, азды қанағат тұтуды, сол арқылы өзін рухани тұрғыдан дайындауды"кайф" санаса, қазір олар тауға біреулер апарып, ол жақта тамаққа лықа тойып алғаннан кейін қайта алып кетсе деп ойлайды.

Алматының іргесіндегі Іле Алатауы ұлттық саябағы территориясында тау өзені жағасындағы қоқыс. 2013 жылдың жазы.

Тау жорықтарын ұйымдастырушының айтуынша, мұндай туристер тіпті тастаған қоқысын жинауға да ерінеді. Оның сөзінше, Алматы маңындағы таулар біртіндеп қоқыс үйіндісіне айналып барады. Мыңдаған қала тұрғыны өзен жағасында шашлық пісіру үшін ғана баратын "демалыс күнгі" тұтынушылық сипаттағы жабайы туризмнің экологиялық туризмге еш қатысы жоқ. Экологиялық туризмнің басты идеясы – адам табиғатпен етене жақын болып, оны түсінуді, қадірлеуді және оған зиян келтірмеуді үйренеді. Жаяу жорықтардың мақсаты дәл осы философияға негізделген.

Сергей Бродский "Қазақстандағы тау тізбегінің ұзындығы 700 километрден асады, сондықтан таулы жерлердегі экологиялық туризмді дамытуға құдай берген мұндай мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?" деп қынжылады.

Бірақ Сергей Бродскийдің сөзінше, Қазақстанда нені болсын бірден "ғаламдық" ауқымда жасауға әдеттенген. Алда-жалда жергілікті туризмді дамыту бастамасы қозғалса, ол міндетті түрде ғаламат дүние, мысалы, ең үлкен шипажай болуы тиіс деп ойлайды.

- Ешкім шағын істі місе тұтып, айналысқысы келмейді, ал үлкен дүние ұсақ-түйектен басталады емес пе. Ыстықкөлге барғысы келетін жаяу туристерге шекараны ашу жайлы Қырғызстан жағымен келісу онша қиын шаруа емес қой. Тым болмаса жазғы маусымға сондай келісім жасалса, - дейді ол.

ТУРИЗМ ӘУЕСҚОЙЛАРЫ ҚОҒАМЫ

Совет заманында альпинизм әуесқойлары қоғамы мен таулы жорықтар туризміне мемлекет қолдау көрсететін. Тауларда базалар салынып, инструкторларды даярлайтын. Бұл процеске тауды кезу тағдырына айналмаса да, әуесқой ісіне айналған қилы мамандық иелері мен жас шамасы әр түрлі адамдар тартылатын. Ал қазір Сергей Бродскийдің айтуынша, бәрі біртіндеп коммерцияға айналып кеткен. Қазіргі азды-көпті шаруа негізінен бұқаралық спортты дамыту немесе жұрттың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды емес, имидждік мақсатты көздейтін коммерциялық компаниялардың қатысуымен атқарылады.

Сергей Бродский тау басында тұр.

Қазақстанның альпинистер құрама командасының мүшесі, альпинистер үшін ең қауіпті К-2 шыңын өзге "сегізмыңдықтар" қатарында екі мәрте бағындырған Сергей Бродскийдің сыни тұрғыдағы пікірі осындай. 2002 жылы ол Гималай тауындағы Канченджанга (8586 метр) шыңына шығып, ТМД чемпионына айналған. Алматылықтардың Алматы маңындағы Іле Алатауы ұлттық паркі кіретін тауларымыз әсемдігі жағынан Альпі тауларынан кем емес деген пікірін жиі естуге болады, бірақ олар Альпіде табиғаты қорғауға алынған территорияларға жергілікті халық пен билік әлдеқайда ұқыпты қарайтынына да назар аударады.

"Зеленое спасение" экологиялық қоғамы жетекшісі Сергей Скуратов Азаттыққа ұлттық парктердің жұмысын мемлекет тарапынан қаржыландыру жағы мүшкіл халде дейді.

Жерді көлденең пайдаланушылар қаптап кетті, парктердің шекарасы айқын белгіленбеген. Тіпті туристік карталары да жоқ.

- Парктердің жай-күйіне қарасақ, оларға бөлінген мардымсыз қаржы жетіспейді. Алматы іргесіндегі парктердің бәрі жұтаң көрінеді. Қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Жерді көлденең пайдаланушылар қаптап кетті, парктердің шекарасы айқын белгіленбеген. Тіпті туристік карталары да жоқ. Былтыр Іле Алатауы ұлттық паркінің 20 жылдығын атап өтті. Амал не, парктің ол жерге келген туристер пайдалана алатын картасы әлі күнге дейін жасалмаған, - деп түйіндейді ол.

Айтпақшы, Алматы маңында жыл бойы жұмыс істейтін "Көкжайлау" тау шаңғысы шипажайын салу жобасы да талай дауға ұласқан. Билік сән-салтанаты келіскен шипажай салсақ, Қазақстанға бай туристер ағылатын болады деп мәлімдейді. Тәуелсіз экобелсенділер мемлекеттік бюджет есебінен салынуы тиіс шипажай бір жағынан коррупциялық, кейін әделетсіз жекешелендірілетін нысанға айналады деп алаңдаса, бір жағынан, шипажай құрылысы биік таудағы қорық ормандарына орны толмас зиян келтіреді деп қауіптенеді.