Компаниялар маман дайындағаны үшін субсидия алады

Политехникалық колледж студенттері лабораторияда отыр. Қарағанды облысы Теміртау қаласы.

Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту ісі қолға алынып жатыр. Шенеуніктер бұл істе ірі кәсіпорындардың көмегіне үміт артады, ал өндіріс орындары өз шарттарын қояды.
Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беретін 900 орта және арнаулы оқу орны бар. Осы 511 мемлекеттік, 385 жеке меншік оқу орнында 600 мыңнан аса адам оқиды (2012 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша).

Теміртау қаласында өткен республикалық семинарда техника саласында кәсіби мамандардың жетіспеуі сөз болды.

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласқанға дейін еңбек жолын металлургиялық өндірісте, дәл осы Теміртаудан бастағанын», «Техникалық және кәсіптік білім беруде оқытудың дуальді жүйесін енгізу тәжірибесін зерделеу» атты республикалық семинардың өткізілетін орны «кездейсоқ таңдалмағанын» айтты.

Семинар қарсаңында Теміртауға парламент депутаты, президент Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева келіп қайтқан болатын. Ол Теміртау политехникалық колледжіне соқты.

ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ

Бұл бас қосу студенттердің оқу орнында алған теориялық білімін кәсіпорынның тікелей өзінде өндірістік практикамен ұштастыру әдісін енгізіп қойған «Қазақмыс»

Политехникалық колледж студенттері лабораторияда. Қарағанды облысы Теміртау қаласы.

корпорациясының Сәтпаев қаласында орналасқан технологиялық колледжі, «Қазцинк» компаниясы және республиканың басқа да оқу орындарының іс-тәжірибесімен тереңірек танысу мақсатында өткізілді.

– «Қазақмыс» корпорациясының технологиялық колледжі 2008 жылы құрылды. Колледжде оқуға ниет білдірген талапкер мен корпорация арасында жасалатын екі жақты келісімде корпорация болашақ студенттің оқу шығынын толық көтеріп, оның алған мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруға кепілдік береді. Сондай-ақ 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлеу, күнделікті ыстық тамақпен және арнайы киіммен қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік тұрғыдан қолдауды да өз мойнына алады, – дейді «Қазақмыс» корпорациясының технологиялық колледжінің директоры Елена Букашкина.

Ол «компания колледждің оқу-материалдық базасын жаңартуды жыл сайын қаржыландыруға міндеттеме алып отырғанын» айтты.

ОРТАҚ МҮДДЕ

Кәсіптік білім берудің кооперативті (дуальді) жүйесін қарқынды енгізу кәсіпорындар үшін де тиімді. Мысалы, кәсіптік білім берудің дуальді жүйесін енгізу жөніндегі ұсыныс-кеңестер жобасында мұндай кәсіпорындар үшін субсидия немесе салықтық жеңілдіктер қарастырылғаны жазылған.

Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев «өз кәсіпорындарында білікті мамандардың жұмыс істеуіне мүдделі компаниялар оқушылардың сапалы білім алуына қазірдің өзінде көмек көрсетіп жатқанын» айтады.
Тау-кен металлургиясы саласына 30 мыңға жуық, ал химия өнеркәсібіне 12 мыңдай маман қажет.

– Олардың ішінде «Қазақмыс», «Қазцинк», «АрселорМиттал Теміртау», «Имстальком» және басқа да кәсіпорындар бар. Туындайтын мәселелерді шешудің жолы ынтымақтастық туралы меморандум бекітуде деп білеміз. Тау-кен металлургиясы саласына механик, балқытушы, қорытушы, дәнекерлеуші, темір ұстасы сияқты 30 мыңға жуық, ал химия өнеркәсібіне 12 мыңдай маман қажет. Бұл саланың ауқымы бұдан да ұлғайып, минералды тыңайтқыштар мен жаңа өнімдер өндіріледі. Көмір өнеркәсібі бір мыңдай маманға зәру, – деді Әсет Исекешев.

Білікті мамандарды даярлау үшін оқытушы-шеберлер де қажет. Арнайы құрылымдарға түрлі пән оқытушылары мен өндірістік оқу шеберлерін жыл сайын кәсіпорындарда міндетті түрде машықтанудан өткізу тәжірибесін енгізу жөнінде ұсыныс айтылды.

Алматы және Астана қалаларының білім басқармаларына «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестік диалог» атты аймақтық форумдарда өндірістік оқу мен кәсіпорында практикадан өтуге бөлінген оқу уақытының 60-70 пайызын қамтамасыз ету жөнінде колледждер мен кәсіпорындардың өзара келісім-шартқа отыруына ықпал жасауға тапсырма берілді.