Ерсайлықтар «қара» тізімді жойып, жұмыс беруді талап етеді

«Ersai Caspian Contractor LLC» («Ерсай Каспиан Контрактор») компаниясы жұмысшыларының 11 мамырда басталған ереуілі аштыққа ұласқан еді. Маңғыстау, 25 мамыр 2011 жыл.

Маңғыстау облысының Қарақия ауылындағы Құрық кентінде орналасқан Ersai Caspian Contractor LCC («Ерсай Каспиан Контрактор») компаниясы 2011 жылы мамыр айында ереуілге шыққан 700-ден астам жұмысшымен еңбек шартын бұзған еді. Олар Азаттық тілшісіне содан бері жұмыссыз жүргендерін айтты.

Жұмысшылар «наразылық білдіргендерді Батыс Қазақстанда ешқандай шетелдік компания жұмысқа алмайды, өйткені сенімсіздер тізімі жасалған» дейді.

«ҚАРА», «ҚЫЗЫЛ» ЖӘНЕ «САРЫ» ТІЗІМ

Жұмысшылардың айтуынша, былтырғы мамыр ереуіліне қатысқандар тек «қара» ғана емес, «қызыл» және «сары» тізімдерге енгізілген.

Мәселен «қара тізімге» ереуілде белсенді болғандар кірсе, «қызыл тізімге» ереуіл барысында жұмысшыларға түрлі қолғабыс жасағандар, көлік тауып бергендер, суретке түсіргендер, бейнетаспаға жазуға әркеттенгендер еніпті. «Сары тізімге» ереуілге қатысы болмаса да, наразылармен араласатын жұмысшылар кірген. Ersai Caspian Contractor LCC компаниясынан жұмыстан шығарылған Кәрім Жалын:

Ерсай компаниясының жұмыстан қуылған жұмысшалыры наразылық шарасында. Орал, 11 қаңтар 2012 жыл.


- Билік Жаңаөзендегі ереуілден соң «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражанбасмұнай» компанияларының мұнайшыларына жұмыс тауып беріп жатқанымен, Ерсай жұмысшыларының жағдайы өзгермей тұр. Былтырғы наразылықтан соң «қара тізімге» енген жұмысшылар саны қазір 120 адамнан асты. Оларды ешқандай компания жұмысқа алмайды. Өйткені, бұл тізім Батыс Қазақстандағы барлық шетелдік компанияларға таратылған. Кез келген компанияға барсаңыз, алдымен осы тізімнен іздеп, тексереді, - дейді.

Кәрім Жалынның айтуынша, 2011 жылы мамырда өткен наразылық шарасынан кейін, ереуілшілерді қайта жұмысқа шақырған Ersai Caspian Contractor LCC компаниясының басшылығы 28 адамнан басқаларының жұмысқа шығуына болатынын ескерткен.

Алайда жұмысшылар жаз бойы талаптарын бірге қойып келе жатқандықтан, «жұмысқа бәрімізді алыңыздар» деген арыз айтқан. Ерсай жұмысшылары «бәріміз бірдей бұрынғы орындарымызға қабылданбайынша, жұмысқа кірмейміз» дейді.

- Осылайша отыз шақты адамнан басталған «қара» тізім ұлғая келе жүзден асты. Қазір тепсе темір үзетін жігіттер екі қолға бір жұмыс таба алмай қаңғып жүр. Олардың арасында Орал жақтан келген 300-ден астам жұмысшы да бар, - дейді Кәрім Жалын.

«ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БАР»

Ерсайлықтар «Ақтау мен Жаңаөзендегі еңбек дауынан туындаған талаптың соңы билік пен халықтың қақтығысына ұласып, енді тынши бастағанымен, тағы бір жаппай наразылық Ерсайдан шығуы әбден мүмкін» екенін айтты.

Ерсай компаниясының жұмыстан қуылған жұмысшалыры наразылық шарасында. Орал, 11 қаңтар 2012 жыл.


- Өйткені ел қажып бітті. 12 мың тұрғыны бар Құрық кентінде бүгінде тек жұмыссыздар тұрады. Адамдар аш құрсақ өмір сүре алмайды ғой. Тағы бір наразылық осы Ерсайдан шығуы әбден мүмкін. Бұған дейін біз қойған талаптар - қарапайым жұмысшылардың жалақысын 24 мың теңгеден 48 мың теңгеге дейін көбейту, шетелдік және қазақ жұмысшыларының жалақысының арасындағы теңсіздікті жою. Бұл талаптарымыз сол беті жерде қалды. Еңбек шартына өзгеріс енгізуді, әлеуметтік пакеттерді сұрағанбыз. Ол жұмыс берушіге ұнаған жоқ, бір сөзбен айтқанда, құл болдық, - дейді Кәрім Жалын.

Ерсайлықтар бір үйден 6 мұнайшыға дейін жұмысқа кіре алмай жүргендер бар екенін айтып, «шыдамның да шегі бар» дейді.

«ҚОЛЫ ТИМЕЙТІН БАСШЫЛАР»

Ersai Caspian Contractor LCC компаниясының бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері Әділет Адамға Азаттық тілшісі үш күн ұдайы хабарласып, сөйлесуге тырысты. Алайда жұмысшылар шағымы туралы сұрақтарды қоюдың реті келмеді. Компания хатшысы Алтынгүл Ахметованың айтуынша, ол үнемі кеңседен тыс жерлерде жұмыспен жүреді.

- Әділет Адамның қолы тимейді, тек сәуірдің 9-ы босауы мүмкін. Ал Ерсай компаниясының бас директоры Камелло Тереза мен оның орынбасары Ян Чан жұмыста жоқ, - деді Алтынгүл Ахметова.

2011 жылы мамырдың 11-і осы компанияның жүздеген жұмысшылары аштық жариялап, наразылық акциясын бастаған еді. Олар компания басшылығынан шетелдік және жергілікті жұмысшылардың жалақысындағы айырмашылықты жойып, айлықты көбейтуді, еңбек шартына өзгерістер енгізіп, қайта жасауды және «Қарақия» тәуелсіз кәсіподақ ұйымы мен компания басшылығының арасында келіссөздерді бастауды талап етті. Ереуіл кезінде мұнайшыларға ауыл тұрғындары да қосылды. Олар компания мен ауыл арасындағы жолға шығып, оны жауып тастаған болатын.

«Ersai Caspian Contractor LLC» - Италияның «Сайпем Интернешнл Б.В.» және Қазақстанның «ЕРС Холдингз» компаниялары арасындағы тең үлеспен 2003 жылы құрылған кәсіпорын.

Компанияның негізгі активтері шоғырланған «Каспийская верфь» металды конструкциялар заводы Маңғыстау облысының Құрық ауылына жақын маңда орналасқан. Бұл компания Қашаған кенішіндегі «D» аралы үшін құбыр эстакадаларын салады, монтаждау жұмыстарын жүзеге асырады.