Ауылдың тасқыннан бүлінген дүкені толық қалпына келмеді

Қарағанды облысындағы Чкалов ауылының дүкені. 20 наурыз 2016 жыл.

Қарағанды облысы Чкалов ауылындағы жалғыз азық-түлік дүкені былтырғы тасқыннан әлі қалпына келмеген. Мүлкін сақтандыруға тырысқан дүкен иесіне жаңа тасқын қатерін айтып, төменгі сөрелерден заттарды алып тастауды ескерткен.

Былтыр Қарағанды облысына жайылған судан зардап шеккен Чкалов ауылындағы шағын дүкеннің ғимараты зақымданған, сөрелері жартылай бос тұр. Оның иесі – көп балалы Тамара Цечаеваның айтуынша, 2015 жылдың сәуірінде өткен ерте президент сайлауы қарсаңында билік материалдық көмек көрсетуге уәде еткен. Бірақ жуырда өткен мерзімінен тыс парламент пен мәслихаттар сайлауы қарсаңында ауылдық кәсіпкер әйелге мемлекет тарапынан да, шағымын жолдаған кәсіпкерлер палатасынан да көмек күтпеуді ескерткен хат келген.

- Ғимаратты жөндеуді қоспағанда, дүкеніме бір миллион теңгеден көп зиян келді. Дүкенді сол күйі жөндей алмадық, оған әзірше шама жоқ. Сөрелер жартылай бос тұр, оларды толтырып қоюға ақша жетпейді.Мұның зардабынсатып алушыларым мен тауар жеткізушілер тартып отыр. Су тасқынынан келген шығынның орнын толтыруға әзірше ақшам жоқ. Оның үстіне, мына дағдарыс та қиын болды. Ал несие алудан қорқамын. Бес балам бар, несиені қайтара алмай қаламын ба деп қорқамын, - дейді Тамара Цечаева.

«МҮЛКІМІЗДІ САҚТАНДЫРМАЙДЫ»

Бұрын кентке ешқашан су жайылып көрмегендіктен, кәсіпкер әйел де мүлкін сақтандырып көрмеген. Бірақ ол былтыр мүлкін сақтандырып үлгермегенін айтады. Ал кей тұрғындардың айтуынша, кейбір сақтандыру компаниялары кент қауіпті аймақта орналасқан деген уәжбен олардың мүлкін сақтандырудан бас тартқан.

Азық-түлік дүкенінің иесі Тамара Цечаева тасқыннан келген зардапты көрсетіп тұр. 2015 жылы түсірілген сурет.

- Бізге бірдеңе етіп қамданып, мүліктеріңді сақтандырып қойыңдар дейді. Бірақ қалай сақтандырамыз? Сақтандырайық десек, жолатпайды. Менің білуімше, қауіпті аймақта тұрсыздар деген желеумен Чкалово тұрғындарын сақтандырмайды. Оның үстіне, сақтандыру жүйесіне де сенбеймін. 1990-жылдары басымызға тиген. Ол кезде мені шешем сақтандырып қойған, кейін жиналған бір мың рубліміз құнсызданып, екі теңге болып қалған. Бірақ бәрібір мүлкімді сақтандырып көруге тағы бір мәрте тырысамын, өзге сақтандыру компанияларына барамын, - дейді ауылдық кәсіпкер әйел.

Дүкен иесі мемлекет су тасқынынан зардап шеккен жеке азаматтар ғана емес, шағын бизнес өкілдеріне де көмектесіп, зиянды өтеуі тиіс деп есептейді.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КЕҢЕС

Ресми дерек бойынша, былтырғы су тасқынынан Қарағанды облысындағы кәсіпкерлердің мүлкіне жалпы сомасы 70 миллион теңгеден астам зиян келген. Кәсіпкерлер палатасының облыстық өкілдігінің мәлімдеуінше, азық-түлік өнімдері, тауарлары, тұрмыстық техника мүлде жарамсыз болып қалған.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы жолдаған хатта «2015 жылы кәсіпкерлер палатасы мен аудандық филиалдарға су тасқынынан зардап шеккендерден материалдық көмек сұраған көптеген өтініш түсті. Бірақ кәсіпкерлер палатасы материалдық көмек көрсету қоры емес, ол кәсіпкерлік субъектілерін заң тұрғысынан қорғап, қаржылай емес қолдау ғана көрсетеді» деп хабарлайды.

Чкалов ауылына кірер жол. Қарағанды облысы, 20 наурыз 2016 жыл.

Әлгі хатта заң бойынша, кәсіпкерлік субъектілеріне табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан келген зиян бюджет есебінен өтелмейді деп ескертілген.

Аймақта биыл да су жайылуы мүмкін. Кәсіпкерлерге күні бұрын қамданып, бүкіл тауарларын төменгі сөрелерден алып, бүлінуі мүмкін кез келген өнімді мықтап орап, қаптауға кеңес берілген. Мүлікті сақтандыру сияқты өзге шараларды қарастыруды ұсынады.

ЗАҢГЕР ПІКІРІ

Қарағанды обылысындағы заңгер Әбілда Әбдікәрімовтің айтуынша, табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен жеке азаматтарға да, заңды тұлғаларға да мемлекет көмектесуге міндетті.

- Бұл - форс-мажор, яғни табиғи сипаттағы төтенше жағдай. Сондықтан жауапкершілікті мемлекет алуы тиіс. Бюджетте төтенше жағдайларға деп қыруар ақша қарастырылады. Кәсіпкерлер салық төлейді, сондықтан олардың мемлекеттен өтемақы сұрауға құқығы бар. Әкімге, төтенше жағдайлар жөніндегі органдарға өтемақы сұрап арыз жазу керек. Егер бас тартса, сотқа шағымдансын. Ал егер 15 күн ішінде жауап қайтармай, созбақтаса, бұл азаматтардың шағым-тілектерін қарау талабын бұзу болып саналады, олардың үстінен прокуратураға арыз берсін, - дейді заңгер Әбілда Әбдікәрімов.

Заңгердің айтуынша, жоғарыда аталған кәсіпкер әйел мен өзге тұрғындар «мүлікті сақтандырудан бас тартты» деп шағымданған сақтандыру компаниясы лицензиясынан айырылуы мүмкін.