Бүгін Астанада өткізген брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко «егер елді мекен әкімдері біздің нұсқауымызды дер кезінде орындаса, сәуірдегі су тасқынынан мұнша зиян келмес еді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бірнеше аймақтың төтенше жағдайлар департаменті бастығы жұмысына салдыр-салақ қарағаны үшін қызметінен босатылған.
– Кейін проблеманы тексере бастап едік, «еріген қар суы басып қалады, су тасқыны болады» дегенге ешкім сенбегені анықталды. Мысалы, Ұлытау ауданында тұтас бір ауылды су басып қалды. «Құрметті әріптестер, қар күрт еріп, алапат су келе жатыр дегенді үш күн бұрын ескерттік қой...» десек, «Кешіріңіз, бірақ бұл өзендердің арнасы кеуіп қалғанына 70 жыл болды» деп ақталады, – дейді Владимир Божко.
Билік ауыл тұрғындарына қираған үйлердің орнына жаңа үй салып беруге уәде етті. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы 700 үй суда қалған Ғабиден Мұстафин атындағы кент тұрғыны Жәлел Мінікеевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, қазір кентте екі үйдің құрылысы басталған. Онда 148 үй апатты деп танылған.
Ішкі істер министрлігі дерегінше, бірнеше облыста 3 мыңнан аса үй еріген қар суында қалған, ал саман кірпіштен салынған 198 үй апатқа төтеп бере алмай құлап қалған. Владимир Божконың айтуынша, су тасқыны кезінде 18 мың адам эвакуацияланған, қазір олардың көбі тұрғылықты жеріне оралған. Ол су тасқыны кезінде үш адамның опат болғанын да айтты.
– Ғабиден Мұстафин атындағы кентте ерлі-зайыпты қарттар қайтыс болды. Ал мерт болған үшінші адамды өз-өзіне қол жұмсау үшін ағыны қатты өзенге түсіп кеткен деп таптық. Ерлі-зайыпты адамдарға су тасқыны қаупі туралы ескертілген, бірақ олар жұртпен бірге кетпей қалған, – дейді Владимир Божко.
Оның айтуынша, су тасқынынан келген шығынның нақты сомасы әлі белгісіз. Бірақ оның пікірінше, шығын көлемі миллиардтаған теңгені құрайды.
– Қазір Ақмола облысы өтінішін әзірлеп болды. Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары 800 миллион теңге, Қарағанды облысы 8-9 миллиард теңге, Ақмола облысы да осы шамада сұрап отыр. Шығын көлемі әлі толық есептелген жоқ, әрі бұл сомаға электр қуаты мен байланыс желілерін қалпына келтіруге жұмсалған кейбір шығындар қосылмаған, – дейді Владимир Божко.
Ол «су тасқыны біраз кешігіп келгендіктен биыл қиын тиді» дейді. Ішкі істер министрі орынбасары «наурыз айында ерімеген қар сәуірде күн күрт жылынған кезде бірден еріп, су тасқынына ұласып, жеті қала мен облыстың 26 ауданындағы жалпы саны 88 елдімекенді су басты» деп хабарлады.