Азаттық тілшісі Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургияcы орталығының бөлім меңгерушісі, кардиохирург Қайрат Қуатбековпен балалар арасында кездесетін жүрек ауруларының себептері және емдеу тәсілдері жайында сұхбаттасты.
Азаттық: Қазақстанда балалар арасында жүрек ауруларының қандай түрлері жиі кездеседі?
Қайрат Қуатбеков: Қазақстанда туған әрбір 1000 баланың 7-10-ында туа біткен жүрек ақауы кездеседі. Қанша ғылым дамыды дегенімізбен, оның нақты себебін дөп басып айту қиын болып жатыр. Біз әншейін, тек болжаммен ғана айта аламыз. Ол әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларда, жағдайы жақсы отбасыларда да бірдей кездеседі. Егер бұл ақау баланың атасында немесе әжесінде кездессе, оның балаға берілу мүмкіндігі көбейе түседі.
Сол сияқты ақаудың пайда болуын тездететін жағдайларды атауға болады. Жүктілік кезінде қысымды түсіру сияқты дәрілерді нормадан тыс ішу, қайталап аборт жасату, токсикоздың жиілеуі сондай себептерге жатады. Кейбір аналар автобекетте немесе лак бояулары шығаратын зауыттарда істеуі мүмкін. Олардың балаларында осындай ауру кездесу қаупі жоғары.
Бірақ ғылымда дәлелденген жайтты айтайын. Екінші аптадан бастап құрсақта жатқан баланың жүрегі пайда бола бастайды. Сол кезде ана вирустық инфекциялармен ауырса, туа бітті жүрек ақауының пайда болуы мүмкіндігі арта түседі. Сол сияқты аяғы ауыр кезде қызылшамен ауырған аналардың балаларында міндетті түрде туа біткен жүрек ақауы болады деген ғылыми жұмыстар бар. Сондықтан жүкті аналарға үшінші мен сегізінші апта арасында абай болған абзал.
Азаттық: Балалар арасындағы жүрек ақауы елімізде қалай емделіп жатыр?
Қайрат Қуатбеков: Қазіргі кезде жүректің ақауын көп жағдайда толық емдеуге мүмкіндігіміз бар. Кейбір ақау түрлеріне туа салысымен бірден толық емдеп жібермесек те, өмірін ұзартатын паллиативтік операциялар жасаймыз. Өкпеге баратын тамырды кеңейтеміз, не тарылтамыз деген сияқты әдістер. Кейбір жүректің күрделі ақауларына гемодинамикалық коррекция операциясын жасаймыз. Ол саты-сатымен жасалады. Жүректің туа бітті ақауын егер алдын-ала диагнозын дұрыс қойып, дұрыс емдесек, ақаумен туылған балалардың 95 пайызын әрі қарай сау балалар деп есептейміз.
Азаттық: Құрсақтағы балада жүрек ақауы барын алдын-ала болжай аласыздар ма?
Қайрат Қуатбеков: Иә, қазір қондырғылардың көмегімен оны анықтай аламыз. Сондықтан кейбір ата-аналарға «бала туған кезде алғашқы күндерінде операция жасамасаң, қайтыс болады» деп ескертеміз. Жалпы 17-18 аптадан кейін қарай бастаймыз. Біздің орталық (Перинатология және балалар кардиохирургия орталығы – ред.) бір жағынан перзентхана болғандықтан, 2011 жылы ашылғаннан бері 32 мыңнан астам әйелді қараппыз. Оның ішінде 220 әйелде баласының жүрегінде ақау бар екенін анықтадық.
Азаттық: Балалар арасында басқа қандай жүрек аурулары жиі кездеседі?
Қайрат Қуатбеков: Мүмкін бізде қондырғылар аз болды ма немесе мамандар аз болды ма - білмеймін, жүрек ырғағының бұзылуы - аритмия жиі кездесіп жатыр. Соңғы кездері ондай балалар саны көбейді. Бұдан бөлек, жүре келе пайда болатын жүрек ақаулары бар. Мысалы, біз көп жағдайда «ой, баланың ангинасы бар» деп оған мән бермей жүре береміз. Егер «хронический тонзилиттерді» (созылмалы баспа – ред.) дұрыс емдемеген жағдайда жылдар өте ревматизмге соқтырады.
Ал ревматизм дегеніміз ол бірінші кезекте буындарды ауыртқанымен, тамырларға, соның ішінде жүректің қақпақшаларына зардабын тигізеді. Яғни сол жер тарылады немесе жұмысын дұрыс атқармайды. Сондықтан туа бітті ревматизмнің кесірінен пайда болатын да ақаулар бар. Бұдан бөлек, қазір жүрек ишемиясы көбейіп барады.
Азаттық: Қазақстанда жылына қанша бала жүрек ауруынан шетінейтіні туралы дерек бар ма?
Қайрат Қуатбеков: Мен тек орталығымыз жайында ғана айта аламын. Негізі жылына республика бойынша 2 мың 500-дей балаға жүрек операциясы жасалады. Орталығымызда 380 балаға жасадық. Оның 6 пайызы, яғни 24 бала шетінеді.
Жүрек-қан тамыр ауруларынан өлетін адамдардың саны соңғы үш жылда күрт азайыпты. Үш жыл бұрын жүз мың адамның 400-ден астамы жүрек қан-тамыр ауруынан қайтыс болды десек, қазір бұл көрсеткіш 251-ге түскен.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2010 жылы адамдардың 45 пайызы жүрек дертінен өлген. 2011 жылы бұл көрсеткіш – 35 пайызға, 2012 жылы – 30 пайызға түскен.
Азаттық: Қазақстанда балалардың жүрек операциясы қанша тұрады?
Қайрат Қуатбеков: Қазір Қазақстанда жүрекке жасалатын операциялардың бәрі жүз пайыз тегін жасалады. Өз орталығыма қатысты айтайын, бірде-бір ата-ана баласына тиын шығарып жасатты дегенді соңғы жылдары естіген жоқпын. Жалпы жүрек ауруларын емдейтін республикалық дәрежедегі бес орталық бар. Оның екеуі – Астанада, үшеуі Алматыда орналасқан. Бұдан бөлек, аймақтық кардиохирургия орталықтары бар. Республика бойынша жүрек емдейтін 27 орталық бар екен. Олардың тоғызында жүрек ақауы бар балаларға көмек көрсетіледі.
Жалпы біздің орталыққа негізінен аяғы ауыр әйелдер келетіндіктен, негізінен операцияны 0 мен 1 жастағыларға жасаймыз. Олар - операция жасалған балалардың 60 пайызы. 20-25 пайызы ғана 1-3 жас аралығында. Қалған 20 пайызы – 3-18 жас аралығындағылар.
Азаттық: Жүректі сау сақтау үшін көпшілікке қандай кеңес берер едіңіз?
Қайрат Қуатбеков: Қазір интернет заманы болғандықтан оның бәрі белгілі. Өзіне жаны ашитын адам оның бәрін біледі. Негізі денсаулықтың әліппесі екі-ақ нәрсе – режим мен диета. Егер осы екеуіне қатысты қағидаларды сақтасаңыз болғаны. Бұл – көзге көрінбейтін ем. Мұны істемейінше, мейлі, қымбат күшті дәрі ішіңіз, еш пайда болмайды. Әрине, қазы-қарта жеме, тұзды тамақ ішпе деп айтпаймын. Тек мөлшермен ішіңіз. Дененің салмақ индексі дейміз. Бой мен салмақ пропорциясының дұрыс сақталуын қадағалау керек. Бар айтарым – осы.
Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет!