«Алашорда» деректі фильмі президент Н.Назарбаевтың БҰҰ-да сөйлеп тұрған сәтімен аяқталады

"Алашорда" деректі фильмін түсірген жұмыс тобы. Алматы, 16 наурыз, 2009 жыл.

16 наурызда Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрындa «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Алашорда» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. «Киноға Н.Назарбаевты неге қостыңдар?» деп наразылығын білдірген азаматтар да табылды.
Ал, фильмнің өзегі ретінде Алаш зиялыларының саяси қызметі мен өмірі тарихи дәйектер негізінде жалпылай алыныпты. Фильмді түсіру тобы Ресейдің Орынбор, Петербор, Қазақстанның Семей қалаларында болып, сол кездегі Алашорда үкіметінің жиылыстары өткен және оның көшбасшылары тұрған тарихи ғимараттарын түсіріп қана қоймай сол жерлердегі тарихи деректерге де үңіліпті.

Әу баста 26 минут болып жоспарланған деректі фильмнің 52 минуттық толық метражды болуының себебін, «Қазақфильм» киностудиясы АҚ ның директоры Ермек Аманшаев: «Алаш туралы мұндай фильм жылда түсіріле бермейтінін және тақырыптың ауқымдылығын ескеріп, қосымша қаржы тауып, толыққанды етіп түсірдік» деп түсіндірді. Оған көрермендер ырза болмаса кейіген жоқ.

1905 жылы Қарқаралыда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлері патшаның атына 13000 адам қол қойған петиция, яғни құзырхат жазады. Ондағы мақсат Ресейдің қазақ жерін отарлауын тоқтату болған. Міне, Алаш қозғалысының саяси қызметі осыдан бастау алған.

Содан кейін 1913 жылы «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Алаш зиялылары халықты оятуға күш салды. Сөйтіп, Алаш қозғалысы 1917 жылға дейін саяси қозғалыс ретінде пісіп жетілді. Сөйтіп, 1917 жылы 12 желтоқсанда Алашорда үкіметі құрылды.
"Алашорда" деректі фильмінің сценарий ауторы Болат Мүрсәлім. Алматы, 16 наурыз, 2009 жыл.

Бұл айтылғандар фильмде екі кезең ретінде қарастырылса, совет өкіметі орнағаннан бастап, қазақ зиялыларының 1937 жылы нақақ атылып кеткендеріне дейінгі аралық деректі киноның үшінші кезеңін қамтыпты. Әңгімесін осылай бастаған фильмнің сценарий ауторы Болат Мүрсәлім қаржының және басқа да дүниелердің қолбайлау болғандығынан, Алаш қайраткерлерінің және Алаш үкіметінің негізгі іс-қимыл жасап, жұмыс жүргізген жерлеріне бара алмағандарын айтты. Ал, әуелде батыстық деректі фильмдер үлгісінде түсіру жоспарланғанымен, ақырында бұрынғы деректі фильмдер негізінде түсірілген екен.

Фильмде 20-шы ғасыр басында партияға өткен қазақ зиялыларының Алаш зиялыларына қарсы болғандығы әрі олардың арасында көзқарас, пікір қайшылықтары орны алғаны таразының басын тең ұстағандай етіп жеткізілген. Десек те, тарихшы Хазіретәлі Тұрсұн Алаш зиялыларына қарсы болған адамдардың бірі Тұрар Рысқұлов болғандығын тарихи деректер дәлелдеп отыр дейді.

— Қазақ зиялылары екіге бөлініп, бірі партияға еніп, соған сенімін тұрақтандырса, енді бірі ұлт қамында Алашордада болды. Партияға енгендер кейіннен ұлттық нигилизмге кетіп қалды. Ол дегеніңіз, ұлттық құндылықтардың бәрін жоққа шығарып, барлығын таптық, советтік төңіректе топтастырғысы келді. Біздің кейбір зиялыларымыз осылай ағат басып, қателесті. Менің айтайын деп отырғаным, Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хаты, – деді Хазіретәлі Тұрсұн Азаттық радиосына берген сұхбатында.

«Алашорда» деректі фильмі Алаш қайраткерлері арман еткен Тәуелсіздік бесігі ретінде Астана қаласы және президент Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның басшысы ретінде БҰҰ ында сөйлеп тұрған сәтімен аяқталған екен.

Дәл сол кезде фильмнің режиссері Қалила Омаровқа «Назарбаевты неге киноға енгіздіңдер. Бұларың ұят іс», - деп айқайлаған адамның сөзінің ізінше жұрт шапалақ ұрып жіберді. Әлгі кісінің аты Нағашыбай Есмұрзаев екен. Оның ойынша, әп-әдемі киноны Президенттің қыстырыла қалуы бұзып тұрған көрінеді.

— Бәрі қазақтың қазақ, Алаштың Алаш болып тұрғанын Нұрсұлтанға әкеп тіреп қояды. Оу, айналайындар-ау, Нұрсұлтан Назарбаев коммунистік идеологияда қалған адам. Ол Алаштың идеясын бойына сіңірмеген. Дәл осы жерге Нұрсұлтанды қыстырып қажеті қанша? Біз Алаш идеологиясын халыққа насихаттасақ қана ел боламыз, – деді Нағашыбай Есмұрзаев.

Дегенмен, көптеген көрермендер деректі фильмді жоғары бағалады. Соның бірі Тоқтарәлі Таңжарықтың пікірінше, фильм нақты тарихи деректі көп қамтыған әрі бастан-аяқ ұлттық көзқараста түсірілген.
"Алашорда" деректі фильмінің қоюшы -режиссері Халила Омаров. Алматы, 16 наурыз,2009 жыл.


Рәсімнен кейін режиссер Қалила Омаровқа жүздесіп қалғанымызда, ол кісі бір «әттеген-ай» болғанын айтып қалды. Сөйтсек, шығармашылық топ Алашорда көшбасшыларының тірі бейнесі сақталған кинотаспаны іздеп, бармаған мұрағаттары қалмапты. 1925 жылы түсірілген бір пленка табылып, ондағы бір адамды Әлихан Бөкейхановқа ұқсатқан екен. Бірақ, тарихшылардың бір тобы Ә.Бөкейханов десе, енді бір тобы ол кісі емес деп әлі дауласып жатқан көрінеді.

Алашорда үкіметі құрылған күнінен бастап 2 жыл 3 ай өмір сүрген. 1937 жылы Алаш зиялылары жаппай ұсталып, нақақ атылып кетті.