Порносайттарды мемлекет тыя ала ма?

Интернет-кафеде отырған жас қолданушы. Көрнекі сурет

Қазақстан парламенті порнографияға қарсы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады. Ал Исландияда онлайн порнографияға тыйым салатын заң талқыланып жатыр.
Алматы қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Назгүл Қожабекова интернетте порнографиялық мазмұндағы ақпараттардың көбейіп бара жатқанына алаңдайды.

Оның кішкентай балалары әзірге интернет қарамайды. Алайда ол балаларының болашақта "интернетсіз күн көре алмайтынын" да жақсы біледі.

Назгүл порнографияға тыйым салуды қолдаса да, оны "адамның жеке құқығына қатысты нәзік те, күрделі мәселе" деп санайды.

- Бұл арақ, темекі, наша сияқты дүние ғой. Тыйым салған сайын адамның қызығушылығы арта түседі. Негізі, осыдан 15 жыл бұрын теледидардан эротика, порно көрсететін. Соған шектеу қойғанның өзі - үлкен жетістік. Ал интернетке шектеу қою, тыйым салу тіптен қиын. Мүмкін онлайн порнографиялық өнімдерді ақылы етіп, бағасын аспандатып қойса, бір нәтиже шығар. Оған қоса, әр ата-ана өз баласының ақпараттық қауіпсіздігіне өзі жауап беруі тиіс. Мүмкіндігінше, өз компьютеріне фильтрлер қойып, барынша оқшауласа, ал мемлекет өз тарапынан қандай да бір шара қолданса, ұрпақ тәрбиесіндегі осы бір мәселеге алаңдамауға болады, - дейді Назгүл Қожабекова.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНВЕНЦИЯҒА ҚОСЫЛДЫ

Сәуірдің 25-і күні Қазақстан парламенті сенаты «Порнографиялық басылымдар айналымының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Ол құжатта "Қазақстанда порнографиялық сипаттағы материалдарды тарату, көпшілікке көрсету мақсатында дайындау немесе сақтау, жеке өзі немесе басқа адам арқылы айналысқа шығару, бизнес жасау және сату мақсатында жарнамалау - қылмыс" екені айтылған.

Заң жобасын таныстырған кезде ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұл конвенцияның Қазақстанға порнографияға қатысты қылмыстармен күресу үшін қажет болатынын айтқан.

Көрнекі сурет.


- Бұл қылмыспен бір ел аясында ғана күресу мүмкін емес. Сондықтан да осы конвенцияға қосылып отырмыз. Оған қосылу арқылы біз 60 мемлекетпен байланысқа шығамыз, - дейді ол.

Министр интернетте табылған порнографиялық өнімдердің арасында Қазақстанда өндірілгені жоқ деп санайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 2011 жылы – 23, 2012 жылы – 45, 2013 жылы екі айда – 38 порносайт жабылған.

Мемлекет 2009 жылы қабылданған интернетті реттеу туралы заңға да сүйене отырып, елдегі порносайттардың «қара тізімін» жасап, жауып келеді. Алайда бұл сайттардың тізімі ашық түрде жарияланған емес.

ИСЛАНДИЯНЫҢ ПОРНОГРАФИЯҒА ҚАРСЫ КҮРЕСІ

Әлемде онлайн порнографияға радикалды түрде тыйым салу практикасы көбіне Сауд Арабиясы, Иран сияқты мұсылман елдерінде қолданылады. Бірақ бұл мәселенің Исландияда талқылануы көп жұртқа тосын көрінді.

«Исландияның онлайн порнографияға тыйым салу туралы ұсынысы оны әйелдерге көлік жүргізуге, күйеуінің рұқсатынсыз саяхаттауға тыйым салып, дауыс беруін шектейтін Сауд Арабиясының тәжірибесіне ұқсас» дейді The Еconomist басылымы осы аптада жарық көрген «Либералдық Исландия неліктен онлайн порнографияға тыйым салғысы келеді?» атты мақаласында.

Мақала авторы "Исландияны гомосексуалист екенін ашық айтатын премьер-министрі бар, дүниеге келген балалардың 65 пайызы некесіз туатын ел" екенін айта келе, бұл елде мұндай заң жобасының ұсынылуын "парадокс" деп атап, оның жүзеге асырылуы да қиынға түсетінін жазады.

Исландияда ұсынылып отырған заң жобасында елдегі порнографиялық сайттардың "қара тізімін" құрастырып, порнографиялық қызмет ақысын төлем картасымен төлеуге тыйым салу сияқты шаралар көзделген.

Заң жобасының авторы - ішкі істер министрлігінің айтуынша, бұл жоба әсіресе қатыгез порнографияны жоюға бағытталған.

- Онлайн-порнографияға, әсіресе оның қатыгез түріне тыйым салу - балаларды қорғауды көздейтін саясаттың бөлігі. Әрі ол жыныстық зорлық-зомбылық оқиғаларын азайтады, - дейді заң жобасын құрастырған ішкі істер министрінің кеңесшісі Халла Гунназдоттер.

Исландия астанасы Рейкьявик. (Көрнекі сурет)


Заң жобасын қолдаған кейбір парламент мүшелері де есірткі және жезөкшелік ақырында әйелдер құқығының бұзылуына соқтыратынын айтып, онлайн порнографияға тыйым салу керек дегенді қолдады. Бұл бастаманы елдегі ірі феминистік қозғалыстар да жақтап шыққан.

Бірақ бұл заңға қарсылар заң жобасында порнография мен зорлық-зомбылық сияқты ұғымдарға нақты анықтама жоғын ескертіп, тыйым салу әрекетінің "заңдық тұрғыда күмәнді", "техникалық тұрғыда мүмкін емес, әрі тиімсіз" екенін айтады.

Исландиядағы қазіргі заман медиа институтының атқарушы директоры Смари Маккарти ішкі істер министріне жазған ашық хатында онлайн порнографияға тыйым салу әрекеттерін Қытай, Иран және Солтүстік Кореядағы репрессиямен салыстырды. "Исландия конституциясы цензураға тыйым салады" дейді ол.

Ал заң жобасының жақтаушылары мұндай уәжге қарсы "конституция үкіметке қоғамдық моральды қорғауға рұқсат береді" деп жауап берген.

Қазақстан билігі жоғарыда айтылған конвенцияға қосылу арқылы порнографиялық өнім шығарып, таратуды барынша шектемекші. Бірақ ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов сәуірдің басында парламент алдында осы мәселе бойынша сөйлеп тұрып балаларды интернеттегі порносайттардан аулақ ұстаудың тым қиын екенін мойындаған еді. Порнографиялық өнімдер жасау Қазақстанда қылмыс ретінде танылған. Бірақ елде азаматтардың интернет арқылы тараған порносайттарды көруіне Сауд Арабиясы, я Исландия құсап біржола тыйым салу туралы әзірше бастама көтеріп жатқан ешкім байқалмайды.