Accessibility links

Ресей Twitter-ге ықпал етудің жолын тапты


Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведевтің Twitter аккаунтындағы кейбір сөздердің қолданылу жиілігі. (2011 жылдың қаңтары)
Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведевтің Twitter аккаунтындағы кейбір сөздердің қолданылу жиілігі. (2011 жылдың қаңтары)

Twitter желісі Ресейде байланыс, ақпараттық технологиялар мен коммуникация саласын бақылайтын федералдық қызметтің нұсқауына құлақ аспақшы.

Twitter әлеуметтік желісі енді «Роскомнадзор» мекемесімен арадағы келісім бойынша Ресейдегі қолданушыларының "адам құқықтарына қайшы келетін" жазбаларын шектейді.

«Роскомнадзор» сайтындағы ақпаратқа қарағанда, наурыздың басынан Twitter микроблогтар қызметінің әкімшілігі "суицидті насихаттаған" - үш материалға, "есірткі заттарды тарату жайлы ақпарат жазылған" екі материалға тосқауыл қойған. "Есірткіні жарнамалады" деп танылған қолданушының аккаунтын жойған.

«ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН АҚПАРАТ ЕКЕНІ АНЫҚТАЛДЫ»

Ресейде 2012 жылы қабылданған заңға сәйкес, сайт және хостинг-провайдерлер басшылығы өз ресурстарынан балалар порнографиясы, суицид пен есірткіні жасау мен оны пайдалануға қатысты кез-келген ақпаратты алып тастауы керек. Мұндай ақпарат анықталған жағдайда сайттар «қара тізімге» ілінеді. Алдымен «Роскомнадзор» ресурс басшылығы мен хостинг-провайдерге ескерту жібереді. Егер жазба немесе ақпарат алынып тасталмаса, сайтқа провайдерлер арқылы тосқауыл қойылып, Ресей аумағында сол жазбалар ашылмай қалады.

Ресей үкімет басшысы Дмитрий Медведевтің Twitter-дегі ресми парағы. (Көрнекі сурет)
Ресей үкімет басшысы Дмитрий Медведевтің Twitter-дегі ресми парағы. (Көрнекі сурет)
«Роскомнадзор» Twitter-мен келіссөзді бұл желіде жаңа заңға қайшы келетін алғашқы ақпараттар пайда болғаннан бері жүргізе бастаған.

Бұған Султан Сулейманов (@sult) атты интернет қолданушының 2012 жылы қазанның 31-і күні «Достар, суицид жасаңыздар. Бұл - көңілді іс. Мен жасап көрдім, ертең тағы жасаймын» деген твиті себеп болған еді.

Қазір бұл жазбаға тосқауыл қойылған, бірақ Google арқылы кіруге болады. Сулеймановтың бұл жазбасының «тыйым салынған ақпарат» екені ертеңінде-ақ анықталып, реестрге енгізілген. Алайда твит иесіне ол туралы тек 2013 жылы наурыздың 12-сі күні ғана хабарланған.

- Бұл жазбаны заң күшіне енген алғашқы күні жаздым, оның қалай жұмыс істейтінін байқап көргім келді, - деді жазба авторы Султан Сулейманов Азаттық тілшісіне.

НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ БІР ТҮРІ

Аталған заң бойынша «Роскомнадзордан» ескерту алған интернет-ресурс үш күннің ішінде тыйым салынған ақпаратты алып тастамаса, байланыс операторы IP-адрес арқылы сайтқа толығымен тосқауыл қоюға құқылы.

Тыйым салынған сайттардың тізімі Ресейде 2012 жылдың қараша айынан бастап жасала бастады. Бірақ ондай сайттар тізімі еш жерде жарияланбаған.

Қазақстандық блогшы Дмитрий Щелоковтың ойынша, «Ресей билігі Султан Сулеймановтың қалжыңын түсінбеді» .

Қазақстандық блогшы Дмитрий Щёлоков. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
Қазақстандық блогшы Дмитрий Щёлоков. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
​ - Ресейлік твиттерде #ОккупайАбай хэштегін ойлап тапқан Султан Сулеймановтың бұл твиті – Ресейдегі тыйым салынған интернет-ресурстар реестрін құру мен оның орындалуына байланысты заңға қарсылығы еді. Ол өз твиті арқылы билікті сынап көрмекші болды. Меніңше, оның сол жазбасының ешқандай насихаттық, ақпараттық сипаты жоқ. Тек қалжың арқылы жаңа заңды сынаған еді. Бірақ билік қалжың түсінбейді, олар Twitter-ді Сулеймановтың твитіне тосқауыл қоюға міндеттеді, - деді ол.

Ол «Ресей билігі бұдан бұрын YouTube-тен зомби-парадқа арналған гримнің видеосын алып тастауды талап еткенін» еске алады.

- YouTube талапты орындауға мәжбүр болды, әйтпесе Ресейдегі YouTube жабылып қалушы еді. YouTube - жарнамалық платформа. Сондықтан оның тіпті бір күнге тоқтап қалуы - қыруар зиян. Бірақ кейін олар «Роскомнадзорды» сотқа берді. Twitter де өз позициясын солай қорғауы керек еді. Ал егер жазбаға тосқауыл қоймағаны үшін Ресейде Twitter-ді жауып тастаса, қолданыстағы заңның күшін жоятындай резонанс болуы әбден мүмкін еді, - деді Дмитрий Щелоков.

Ал «Роскомнадзор» Twitter-дің қойылған талаптарды орындағанын «конструктивтік позиция» деп атады.
XS
SM
MD
LG