2014 жылы көктемде Көкпекті ауылындағы қайғылы оқиғадан бес адам болған. Олардың кейбірі сотқа арыз беріп, келген моральдық шығынды өтеуді талап етті. Жауапкер адам үшеу: апат болған су қоймасын бұрын жалға алған Владимир Крючков, Бұқар жырау аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бұрынғы басшысы Ришат Жантықұлов және ауылдың бұрынғы әкімі Бақытжан Смайылов.
ЕКІ АДАМНЫҢ ҚАЗАСЫ ҮШІН ЕКІ МИЛЛИОН
Сара Акенова сотқа арыз берсе де, өзі және отбасына келген шығын үшін толық өтемге қол жеткізе алмаған. 2014 жылы наурыздың 31-іне қараған түні Көкпекті ауылындағы су бөгеті жарылғанда Сара Акенованың 89 жастағы әкесі Тәшібай Ноғаев пен 52 жастағы әпкесі Шолпан Ноғаева тасқыннан құтылу үшін далаға қашып шыққанда, биіктігі екі метрге жететін толқын мен мұз басып қалып, қазаға ұшыраған. Туыстарының денесін таңертең Сара Акенованың бақшасынан тапты, оның үйі өзеннің екінші бетінде еді. Осы оқиғадан соң әйел әлі есін жинай алар емес. Апат кезінде күйеуі екеуі аман қалды, бірақ қарсы бетте тұратын әкесі мен әпкесін құтқару мүмкін болмады.
Туыстарымнан айрылып, барлық мүлкімді жоғалтқанымды дәлелдеу моральдық тұрғыда ауыр тиді.
– Ақылымнан адаса жаздадым. Әлі күнге дейін түнде оянамын, дауыстар естимін. Бұл тақырыпта сөйлесу маған өте ауыр тиеді. Сондықтан сотқа бармай, қорғаушыларға сендім. Туыстарымнан айрылып, барлық мүлкімді жоғалтқанымды дәлелдеу моральдық тұрғыда ауыр тиді. Қазір материалдық жағынан да қиын: үйді қалпына келтіру үшін алған бірнеше несиені әлі төлеп отырмыз. Үйді әлі жөндеп біткен жоқпыз, жихаз да сатып алу керек, тіпті төсегіміз де жоқ, - деді Азаттық тілшісіне Сара Акенова.
Екі туысының қазасы және өзінің шеккен қайғы-қасіреті үшін Сара Акенова жауапкерлерден бес миллион моральдық шығын өндіріп беруді сұрап сотқа жүгінген. Тұрғын өзіне келген материалдық шығынды екі миллионнан астам деп бағалады. Бірақ сот оның талабын жартылай ғана қанағаттандырды: Ришан Жантықұлов пен Бақытжан Смайыловтан моральдық шығынның өтемі ретінде екі миллион көлемінде ақша өндіріп алады. Сот Владимир Крючковтан Сара Акеноваға моральдық өтем өндіріп беруден бас тартты. Оған материалдық шығынның өтемін төлеткізу туралы өтінішті де қабылдамады.
"АУЫР ӘРІ ҰЯТ"
Тасқын кезінде ауылдағы балаларды құтқарамын деп ұлы қаза болған Надежда Скибицкая да сотқа азаматтық талап арыз берген. Әйел өзіне келген нұқсанды дәлелдеуге мәжбүр болғанына наразы. Әуелде зейнеткер әйел моралдық және материалдық шығын үшін 18 миллион теңге талап еткен. Бірақ сотта дәл осындай соманың зиянын шеккенін дәлелдей алмады. Өзгелер тәрізді Надежда Скибицкая да адамдардың қазасына ешкім жауап бермеді деп санайды. Оның пікірінше, опат болғандардың туыстары тым болмаса моральдық шығын талап етуге толық құқылы.
Төзімім таусылған соң сотқа: "Барлығынан бас тартамын, маған баламды қайтарыңдар!" дедім.
– Шығынды дәлелдеу өте ауыр әрі масқара ұят болды. Маған соншама қорлайтын, өте орынсыз сұрақтар қойды. Талап ақша сомасын бірнеше рет кемітуге мәжбүр болдық, қазақстандықтар көрсеткен көмекті, тіпті достарым мен әріптестерімнің жәрдемін тізіп санап шықтық. Бірақ мен айыпты адамдардан шығынды өндіріп беріңдер деп талап еттім ғой! Басқалардың не қатысы бар? Төзімім таусылған соң сотқа: "Барлығынан бас тартамын, маған баламды қайтарыңдар!" дедім. Қайғылы оқиғадан кейін Крючков берген миллион теңгені де шегеріп тастадым. Ұлымнан айрылғаным, денсаулығым мен мүлкімді жоғалтқанымның қасында бұл түк те емес, - деді Азаттыққа Надежда Скибицкая.
Нәтижесінде сот Бақытжан Смайылов пен Ришат Жантықұловтан 500 мың теңге моральдық шығын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Владимир Крючковтан моральдық шығынға ақша алмайтын болды. Мұны толықтай болмаса да жәбірленуші тараптың пайдасына шешілген шамалы сот процестерінің бірі деуге болады.
Тасқын салдарынан қаза тапқан егде әйел Евдокия Ромащенконың туыстары сотқа арызданбады. Қызының айтуынша, апаттан әзер аман қалған әкесі әлі күнге дейін күйзеліп жүр, сотқа баруға дәрмені жоқ. Тасқын құрбандарының тағы бірі - 88 жастағы М. Нагибинаның туыстары да сотқа жүгінбеді. Қарт әйелдің қазасынан соң көп ұзамай қызы да дүние салыпты. Ауылда туыстары қалды ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.
ЖАУАПКЕРЛЕР ТАЛАППЕН КЕЛІСПЕЙДІ
Жауапкерлердің үшеуі де шығынды өтеу туралы талап арыздармен келіспейді. Олар соттан шығын сомасы дәлелденбегендіктен талапкерлердің арыздардын қанағаттандырмауды сұрады. Владимир Крючков пен оның өкілі соттан бірнеше миллион теңгені өндіртіп беруін сұраған талапкерлердің арызымен келіспейді. Азаттыққа бірнеше мәрте пікір білдірген Крючковтың өкілі Инна Ворованың сөзінше, "ол оқиғаның алдын алу үшін, кейін шығынды азайту үшін бәрін істеген, адамдар мен техниканы іске қосып, шығынды барынша кеміткен".
Тасқын апатына күдікті саналмай тұрып Владимир Крючков қаза болған бес адамның отбасына бір миллион теңгеден бөлген. Айтпақшы, азаматтық іс бойынша шешім қабылдаған кезде осы факті есепке алынған. Сот Крючковтың "өз еркімен шығынды өтегенін" ескеріп, одан ақшалай өтем талап еткен қаза тапқандардың туыстарының арыздарын негізсіз деп танып, оларды қанағаттандырудан бас тартқан. Өзге екі жауапкер – Смайылов пен Жантықұловтан сот моральдық шығын өндіріп алу туралы шешім шығарды, бірақ арыз иелері талап еткен сомадан әлдеқайда аз.
"Жауапкершілігін сезінген Крючков ішінара айыбын өтеу үшін өз еркімен тиісті шара қабылдаған, соның ішінде, қаза болғандардың туыстары алдында моральдық шығынын өтеген", - делінген сот шешімінде.
Жауапкерлер арасында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының әкімі мен "Қарағанды облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті" мемлекеттік мекемесі де бар. Олардың өкілдері де арыз иелерінің талаптарын мойындамай, өздерін жауапкер санатына жатқызбайтындықтарын айтқан. Сот шешім шығарған кезде Көкпекті ауылын тасқын су басуына олардың айыптары қылмыстық тәртіпке сай анықталмағанын айтып, оларға қарсы берілген талап арызды негізсіз деп тапты.
2014 жылы наурыздың 31-іне қараған түні Көкпекті ауылында су бөгеті жарылған кезде бес адам қаза тауып, ондаған адам түрлі жарақат алды. Су басқан 323 үйдің 50-і толық бұзылды, көршілес Рабочий кентінде 21 үй бүлініп, тоғыз үйді толықтай бұзып кетті. Көпшілігі әлі күнге дейін үйлерін өз күштерімен қалпына келтіріп жатқан тұрғындар қаржы тапшылығына, денсаулығына нұқсан келіп, күйзеліске түскендері туралы шағым айтады.