Совет Одағында Жеңістің 25 жылдығы тойланған 1970 жылғы мамырдың 9-ы күні бес жасар Жомарт Дүйсембаев мерекеде шаттанғысы келген. Бірақ сол жылғы Жеңіс күні керісінше болып, мерекенің шырқы бұзылғаны, шаттанудың орнына қатты ренжігені, тіпті қорланғаны Жомарт Дүйсембаевтың есінде өмір бойына жатталып қалған.
ШЫРҚЫ БҰЗЫЛҒАН МЕРЕКЕ
Солтүстік Қазақстан облысының 52 жастағы тұрғыны Жомарт Дүйсембаев Азаттық тілшісіне:
- Жұрттың бәрі абыр-сабыр болып бір-бірін құттықтап жатқаны есімде жатталып қалыпты. Ал достарым әкелерінің [аталарының да] орден, медальдарын тағып алған. Оларға қызығып, менің де таққым келді. Үйге жүгіріп кіріп, шкафтың есігін ашсам, әлдебір медальдар жатыр екен. Әлгілерді кеудеме тағып алып, қыдыруға мен де шықтым. Келе жатсам, жолда балалар тоқтатып "Орденіңді көрсетші! Не тағып алғансың? " деді. Көрсетіп едім, бәрі ішек-сілесі қатып күлсін. Сөйтсем, "Батыр ана" орденін тағып алыппын. Ол кезде бес әлде алты ғана жастамын ғой. Өзгелер сияқты мен де "Бірінші белоруссиялық", "Екінші украиналық" деп мақтанғым келген ғой, - дейді.
Сасып қалған Жомарт жүгіріп үйіне барса, әкесі көзілдірік киіп алып, газет оқып (ол кісі әсіресе саяси және бас мақалаларды мұқият оқитын) әрі шылым шегіп отыр да, ал шешесі қамыр жайып жатыр екен – әлгі картина оның әлі көз алдында. Жомарт Дүйсембаев әке-шешесімен болған әлгі әңгімені:
- "Әке, сен майданда соғыстың ба? " - "Жоқ, балам, соғысқан жоқпын", - "Ал біздің үйде кім соғысты сонда? " - "Біздің әкеміз, сенің атаң соғысқан, ол кісі тұтқында болған". Бірақ "Ұлым, бірақ мұны ешкімге айтушы болма" деді іле-шала. "Ал неге айтпауым керек?" деп әуелгіде тіпті түсінбей қалдым. Бірақ анам (ал мен анамнан қорқатынмын) "Тісіңнен шығарушы болма! Ұқтың ба? " деді жалма-жан, - деп еске алады.
Бұрынғы әскери тұтқын атасы туралы әлгі қатаң ескертуді қаперіне әбден түйіп алған ол соғыс тақырыбында әңгімелер айтуды доғарған. Бірақ жылдар өте әлгі тыйымды атасының тағдырын білсем ғой деген әуестігі жеңген.
ФАШИСТЕР КОНЦЛАГЕРІНЕН - СОВЕТ ЛАГЕРІНЕ
Бұрынғы әскери тұтқын Махмет Дүйсембаев 1905 жылы мамырдың 28-і күні Солтүстік Қазақстан облысындағы Шағалалы ауылында дүниеге келіп, 1964 жылы желтоқсанның 20-сы күні сол ауылда дүние салған. Оның үлкен ұлы Әбдірахман Дүйсембаев 1928 жылы туып, 1982 жылы қайтыс болған. Ал Әбдірахманның ұлы, яғни Махмет Дүйсембаевтың немересі Жомарт 1965 жылғы тамыздың 24-і туған. Осылайша Жомарт Дүйсембаев 16 жасында әкесіз қалған. Атасының қазасынан бір жылдан кейін туғандықтан, ол атасын көрмеген. Сондықтан атасы туралы айтқандарының бәрі – туыстарынан естіген әңгімелер.
Махмет Дүйсембаевты әскерге соғыс бастала салысымен шақырған. Ол генерал Власов қолбасшылық еткен майданда соғысып, немістердің тұтқынына да сол жерде түскен.
- Атамның Мұстафа Шоқаймен кездескенін кейін келе білдік. Ал ол кісі лагерьге барып азиат мұсылмандарды Түркістан легионына кіруге үгіттепті. Атам легионға кірмеген, өйткені қорқынышты екенін түсінген ғой деймін, - дейді Жомарт Дүйсембаев.
Тұтқынға түскен Махмет Дүйсембаевты Германияға жөнелткен. Ол жақта әлдебір жер асты зауыты құрылысында жұмыс істеген. Немересінің айтуынша, атасы тұтқыннан екі мәрте қашып көрген, бірақ әлгі әрекеттерінентүк шықпаған. Екінші ретінде атасын Бухенвальд концлагеріне жөнелткен, соғыстың соңғы екі жылын ол сол жерде өткізген. Тұтқындарды адам төзгісіз жағдайда ұстаған, барактардың іші адамға толы болғаны соншалық, тұтқындар бір қырымен ғана - құтыдағы майшабақтар сияқты бір-біріне жабысып ұйықтайды екен.
Жомарт Дүйсембаев атасының "Баракта ұйықтап жатамыз. Кеуде тұсың суық болып кетсе, [алдыңда жатқан] адамның өлгені. Арқаң мұздай болып кетсе [арт жақтағы] адамның өлгенін білесің. Өлген адамдарды күн сайын барактан шығарып, өртейді" деген әңгімесін туыстарынан естіген.
1945 жылы Махмет Дүйсембаевты концлагерьден америкалықтар босатып, ол оккупациялық аймақтың Америкаға тиесілі бөлігінде бір жылдай болған. Немересінің айтуынша, атасына америкалықтардың қарауында болу ұнаған – олар тұтқындарды жақсы тамақтандырып, емдеген. 1946 жылы АҚШ пен Совет Одағы әскери тұтқындарымен алмаса бастаған. "Америкалықтар атама қалсаңшы деп өтініпті, бірақ ол үйге қайтқысы келіпті" дейді Жомарт Дүйсембаев.
Әскери тұтқындарды алмастырғаннан кейін Махмет Дүйсембаев советтің іріктеу лагеріне тап болып, оған хат-хабар алу құқығынсыз 10 жыл жаза кесіп, сол жақтан Хабаровск өлкесіндегі арнайы лагерьге пойызбен жөнелткен. Хабаровск өлкесіне жеткеннен кейін атасы бірнеше жылын бұрынғы әскери тұтқындарға арналған арнайы лагерьде өтеген. Ол жерде де кез келген адамның тірі алуы неғайбіл жағдай болған. Сосын оны бұрынғы шартпен, яғни хат-хабар алмайтын және ешқайда көше алмайтын, бірақ өзін асырау үшін жұмысқа орналасуына болатын қонысқа ауыстырған. Болашақ үшінші әрі соңғы әйелімен сол жақта танысқан. Оның бірінші әйелі 1928 жылы Әбдірахманды босанғаннан кейін бір жылдан соң қайтыс болған. Екінші әйелінен Төлеген деген ұлы бар. Бірақ Махмет Дүйсембаев соғыстан оралмағаннан кейін әйелі төркініне кетіп қалған, бірақ қазақ дәстүрі бойынша Төлегенді әкесінің шаңырағында қалдырып кеткен.
- Ол (атасын айтады – ред) 1955 жылы Хабаровскіден әкеме (яғни, атасы ұлына – ред.) хат жазыпты. Әкем Хабаровск өлкесінен хат алады, бұл әкемнің үйленген, кішкентай қызы бар кезі. Әлгі хатта "Ұлым, бұл әкең. Мен тірімін, денім сау, Хабаровск өлкесіндемін. Әйелім қайда екенін айтшы. Хат жаз" деп жазылыпты. Әкем "Әке, әйелің төркініне кетіп қалған, бірақ балалардың бәрі әулетімізде қалды" деп жауап жазған. Кейін атамнан "Жаңадан үйленген әйелімді алып үйге қайтамын" деген хат келіпті, - дейді Жомарт Дүйсембаев.
ЕЛГЕ ОРАЛУ
Жомарт Дүйсембаев әжесі Раиса Хабибуллинаның (туған әжесі емес) айтқаны бойынша Махмет Дүйсембаев екеуі қалай танысқанын айтып берді. (Раиса Хабибуллина 2001 жылы қайтыс болған – ред.)
- Әжем 8-9 татар әйелімен бірге дүкенде кезекте тұрған екен. Әлгі әйелдердің бәрі сол жаққа күн көруге келген, өйткені ол кезде орталық Ресейде ішерге тамақ болмаған. Сондықтан Хабаровск өлкесіне барып жан баққан көрінеді. Содан, кезекте тұрса, бір аптаға есептеп берілетін азық талондарын жоғалтып алады. Ұрлатып алған ғой. Не істерлерін білмей қалады. Бірінші күйеуінен туған баласы бар екен, әкесі майданда қаза тапқан. Ол көздері алақтап, талондарын іздей бастаған, ал кезектегілер "талоның жоқ, кезектен шық! " деп шулап кеткен. Ал шығып кетсе, бітті, қайтадан кезекке тұра алмайды. Бір апта тамақсыз қалады. Ал қолында кішкентай баласы бар. Сол мезетте біреу қолын созып, карточкасын береді де "Менің карточкамнан кесіп алыңыз" дейді. Бұрылып қараса, азиат бір кісі тұр дейді. Әжем "Ой, мұныңыз не? Мені танымайсыз да ғой" десе, ол "Танимын. Кешке барамын" депті. Кешке үйіне барып, әжемнің үйінде қалып қойыпты, - дейді.
1952 жылы Махмет Дүйсембаев пен Раиса Хабибуллинаның Жиенше деген ұлдары дүниеге келеді (ал оның алдында майданда қаза тапқан бірінші күйеуінен бір ұлы болған). 1954 жылдың аяғында тағы бала көтереді. Ал осы тұста Махмет Дүйсембаевқа енді боссың, хат жазуыңа, үйіңе қайта беруіңе болады деген хабар келеді. Төлқұжат та берген. Бірақ ол әйелін не тастап кете алмай, не бірге ертіп кете алмайды, өйткені соғысқа дейін Төлеген деген ұл туып берген әйелім үйде деп ойлаған. Үйде қалған әйелін сұрап ұлы Әбдірахманға хат жазғаны сондықтан екен. Ол кезде хаттар жолда ұзақ жүретін, бірақ 1955 жылы әйелінің кетіп қалғанын естігеннен кейін сол жылғы көктемде атасы әйелін, екі ұлын (өзінің ұлы Жиенше мен әйелінің бірінші некеден туған ұлын) алып Петропавлға поезбен дәл қашан жететінін көрсетіп, Әбдірахманға хат жазған.
Солтүстік Қазақстан облысы Чистополье ауылынан Петропавлға дейінгі 400-дей километр жолда арбамен бір аптадай жүргенімен, туыстары оларды дәл уақытында күтіп алған.
- Ол кісі [атасы] 1964 жылға дейін өмір сүріпті. Қара жұмысшы болған кісі екен, бірақ совхозды басқарыпты [ресми емес]. Мұның бәрін анықтап сұрап алғанмын, - дейді Жомарт Дүйсембав.
Бұған қоса, Жомарт Дүйсембаевтың айтуынша, атасы ауыл мен округта сыйлы кісі саналатын «бейресми» молда болған әрі Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жыл сайын барып тұрған.
Жомарт Дүйсембаевтың әкесі Әбдірахман Дүйсембаев бухгалтер, басқарушы болып жұмыс істеген. Жомарт Дүйсембаевтың айтуынша, 1944 жылы 18 жасқа толған кезінде әкесін әскерге алмай қойғаны болмаса, оның тағдырына әкесінің тұтқында болғанының кесірі тимеген сияқты.
Әуелі неміс тұтқынына түскен, одан ары ГУЛАГ-та болған 25 мың қазақтың ауыр тағдыры (видео - орыс тілінде):
Your browser doesn’t support HTML5
ІЗДЕУДЕН ӘЗІРШЕ НӘТИЖЕ ЖОҚ
2005 жылы Жомарт Дүйсембаев интернеттен Дина Игсатованың «Забытые казахи Великой Отечественной» деген мақаласын көріп қалып, комментарий жазған. Ол кісі комментариіне жауап қайтарып, кейін екеуі хабарласып тұрған.
- Хабаровск өлкесіне талай хат жаздық. Бірақ ондай кісі болған деген жауап әлі жоқ. "Жоқ" деген хаттар ғана келеді. Ол жақтың тізімінде аты-жөні жоқ, ол жақта мүлде болмаған адам сияқты, - дейді мұндай жауаптарды "сырғытпа жауап" санайтын Жомарт Дүйсембаев.
Бірақ Жомарт Дүйсембаевтың айтуынша, атасының Хабаровск өлкесінде болғаны даусыз факт.
- Өйткені шешеміз бөлек екі ағам сол жақта - Хабаровск өлкесі Благовещенск қаласында туған. Мұның бәрі бар. Бірақ ол жақтан әлі ештеңежоқ деген жауаптар келеді. Ақыры Бухенвальдқа жаздым, интернетте сондай тобымыз бар – атам жайлы деректерді енді сол жақтан іздеп жатыр. Бұған қоса, бір топ жолдастармен – америкалықтармен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір атам жайлы деректерді, нақтысы, Америка жағында болғанын растайтын мәліметтерді олар да іздеп жатыр. Әзірше күтіп отырмыз. Күтеміз, - дейді Жомарт Дүйсембаев.
Интернеттің арқасында Жомарт Дүйсембаев көптеген соғыс хроникаларын көріп шыққан. Әр фильмнен азиат нәсілді әскери тұтқындарды көріп, олардың арасынан атасын тануға тырысады екен.
- Біз тіпті оның майданға Көкшетау облысы Арықбалық ауданынан аттанғанын растайтын [құжаттарды] да таппай жүрміз. Оның аты-жөні тіпті майданға кеткендер тізімінде де жоқ. Сонда 16 жыл қайда болған деген сұрақ туады. Әлі күнге дейін еш дерек жоқ, - деп қынжылады Жомарт Дүйсембаев.
"БУХЕНВАЛЬДТАН ҒАНА ЖАУАП КЕЛДІ"
Бұрынғы қазақстандық әскери тұтқындардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген жетекші мамандардың бірі Дина Игсатова жуырда Алматыда өткен "Репрессия тарихы" конференциясында Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының қолдауымен жарық көрген "Право на добрую память. Возвращенные имена казахстанцев Второй мировой" жинағын таныстырды. Әлгі конференцияда атасы әрі бұрынғы әскери тұтқын Махмет Дүйсембаевтың тағдыры жайлы айтып берген Жомарт Дүйсембаевтың сөзіне комментарий берген Дина Игсатова «талай өтініш жолданғанымен, Ресейдің де, Қазақстанның да мұрағаттарынан Махмет Дүйсембаевтың тағдырына қатысты әзірше ешқандай құжат табудың сәті түспегенін» айтқан.
- Бухенвальдтан ғана жауап келді, ол жақта мұражай бар ғой. Бухенвальд мұражайы "Күтіңіздер, бізге күн сайын бір мыңға дейін өтініш түседі. Соларды қарап шығып, карточка табылған бетте сіздерге жолдаймыз" деді. Ал өзі [Жомарт Дүйсембаев] көмек сұрап, америкалықтарға жүгініпті, олар да "көмектесеміз" депті. Кезінде көптеген мұрағат құжаттарын Америкаға [АҚШ] алып кеткен ғой, енді көреміз. Ал Бухенвальд мұражайымен былтыр жазда хабарласқанмын, - дейді Дина Игсатова.
Дина Игсатова бұрынғы әскери тұтқындардың ұрпақтарына тән қорқынышын жеңіп конференцияда атасының тағдырын баяндап берген Жомарт Дүйсембаевтың батылдығын мақтайды.
- Осы күнге дейін қаншама адамның туыстарымен кездескенімді білсеңіз ғой. Немерелері әлі күнге дейін қорқады. Тек бірер жыл бұрын ғана айта бастады. Мен алғашқы мақалаларымды жаза бастағанда ғана әйтеуір еңселерін тіктеді,- дейді Дина Игсатова.
Дина Игсатованың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерге қанша қазақстандықтың кеткені әлі күнге дейін белгісіз. Сондықтан оның сөзінше, олардың қаншасы тұтқында болғанын дәл анықтау мүмкін емес. Оның сөзінше, бұл проблеманы шешу үшін әскерге 1938 жылдан бастап шақырылғандарға қатысты мәліметтердің құпиясын ашу керек. Дина Игсатова бұрынғы әскери тұтқындардың аты-жөндерін анықтап, оларды ақтау ісімен ең әуелі мемлекет айналысуы тиіс; ал әзірше бұл проблемаларды шешумен туыстары ғана айналысып жүр деп санайды. Игсатова бұрынғы әскери тұтқындарды Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестіретін кез жетті дейді.
Азаттық тілшісімен қоштасар сәтте мұндай ойын бұрынғы әскери тұтқын Махмет Дүйсембаевтың немересі Жомарт Дүйсембаев та айтты. Немересі «марқұм болып кетсе де, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан атамның соғыс ардагері деп аталуға моралдық құқығы бар» дейді. Бұрынғы әскери тұтқын Махмет Дүйсембаевтың немересі "егер мемлекет мұндай қадамға барса, бұл қадам майданның екі шебіне еріксіз бөлініп кеткен жазықсыз қазақстандықтарды өзара татуластырып қана қоймай, фашистік концлагерьлерден оралғаннан кейін советтің лагерьлеріне тап болған жандарға қатысты тарихи әділетті де қалпына келтірер еді" дейді Азаттыққа.
Мемлекет бұрынғы әскери тұтқын Махмет Дүйсембаевтың аруағын заң, мораль және пихологиялық тұрғыдан әлі толық ақтамағанымен, оның немересі Жомарт Дүйсембаев Жеңіс күні біреулер атасының тағдырын өзінің және туыстарының бетіне басады деп енді қорықпайды.
Биыл жеңіс күнінде Көкшетауда әскери тұтқын Махмет Дүйсембаевтың ұрпақтарының биліктің рұқсатын күтіп отырмай оны Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестіріп әрі портретін көтеріп «Мәңгі өлмес полк» легінде жүріп өткені осыны дәлелдейді.