Белсенділер Әблязовты экстрадициялауға қарсы шықты

Your browser doesn’t support HTML5

Франция президентіне хат

Франция сотының Мұхтар Әблязовқа қатысты үкімінен кейін Қазақстанда оны экстрадициялауға қарсы акциялар өте бастады. "Әблязов ісі" туралы америкалық басылымға Қажыгелдин пікір айтты.
Мұхтар Әблязовтың тағдыры Қазақстан қоғамы үшін әлі жұмбақ. ТМД елдерінің біріне жіберілуі мүмкін екендігі белгілі болғаннан кейін елде оны Қазақстанға қайтармауды талап еткен шағын акциялар өте бастады.

Қаңтардың 9-ы күні Франциядағы Экс-ан-Прованс қаласының соты былтырғы шілдеден бері осы елде қамауда отырған қуғындағы олигарх, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынаушы оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы үкім еткен.

"ӘБЛЯЗОВ ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛМАСЫН"

Сейсенбі күні Алматыда бір топ белсенді Францияның Қазақстандағы консулдығына барып, Мұхтар Әблязовты Қазақстанға қайтармауды сұрап, бас консулмен кездесті.

Консулмен қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина, саясаткер Жасарал Қуанышәлин, заңгер Ерлан Қалиев жолығып шыққан. Кездесуде олар Франция елшілігіне осы ел президенті Франсуа Олландтан Әблязовты экстрадицияламауды сұраған хат тапсырған.

Әблязовты Қазақстанға қайтармау туралы Франция елшілігіне семейліктер де хат тапсырды. Алматы, 14 қаңтар 2013 жыл.

Бұл акцияға бір топ семейлік қосылды. Семей тұрғыны Марлен Есілбаев бес адам қол қойған хатты белсенді Марат Жанұзақов арқылы беріп жібергенін, оның консулға жеткенін айтты.

«Мұхтар Әблязовты Украина немесе Ресейге экстрадициялаған жағдайда Қазақстан билігі оны қайтарып, өміріне қауіп төндіруге бар күш салатынына күмәніміз жоқ» деп жазады хат авторлары.

«ҚАЗАҚСТАН ӘБЛЯЗОВҚА СҰРАУ САЛҒАН»

Қазақстан мен Франция арасында экстрадиция туралы келісім жоғына қарамастан "Қазақстан билігінің одан Әблязовты елге қайтаруға күш салып жатқаны" туралы хабар пайда болды. Қаңтардың 14-і күні бас прокуратурадағы белгісіз ақпарат көзіне сілтеме жасаған «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі Қазақстанның Францияға Әблязовты қайтаруға сұрау салып қойғанын хабарлады.

Әблязов пен БТА

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.


«Біз әуелі француздармен жұмыс жасаймыз. Бұл туралы арнайы талапты жолдадық» деген белгісіз ақпарат көзі.

Ол Қазақстанның әуелі Франциямен келісіп алу керектігін, егер мақұлдаса, Ресей болсын, Украина болсын, екеуі де оны беретінін айтқан.

«Француз жағынсыз ештеңе шеше алмайсың» дейді ақпарат көзі.

Франция соты Әблязовты экстрадициялауға қатысты Ресейге басымдылық берген еді.

ҚАЖЫГЕЛДИННІҢ ПІКІРІ

Осы аптада Quartz онлайн-басылымында жарық көрген америкалық журналист Стив Левиннің мақаласында Мұхтар Әблязовтың жолы Лондонда ұзақ жылдар бойы тұрып жатқан саяси эмигрант Әкежан Қажыгелдиннің жолы сияқты неге «сәтті» болмағаны сипатталады.

Мақала авторына сұхбат берген Қажыгелдин 2009 жылы Әблязовтың басына қара бұлт төнген кезде оған: "Адал бизнесмен екеніңді дәлелдеуің қажет" деп кеңес бергенін айтады. Қажыгелдин Әблязов үшін Ұлыбританияның сот жүйесін қорғаныс қамалына айналдыру мүмкіндігі болғанын атап өтеді.

Автор Лондон жоғары соты Әблязовты "сотты сыйламағаны үшін" 22 айға қамау туралы үкім шығарған соң оның үнемі қашумен болғанын, паспортын Лондон сотына өткізіп қойғанына қарамастан "Марат Аян" деген атпен Оңтүстік Африка Республикасынан алған қосымша паспортпен елден сытылып шыққанын баяндайды. Бұған қатысты Қажыгелдин: "Өкінішке қарай, Әблязов өзін қылмыскер сияқты ұстады" деген пікір айтқан. "Әблязов үшін Қазақстанда істегендері емес, Ұлыбританиядағы істері проблемаға айналды" дейді Қажыгелдин.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Қазақстан билігі БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыптайды. Әблязов бұл айыптарды жоққа шығарып, өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп мәлімдеді.