Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Сунақата ауылында тұратын Ақынбай Сариев "мал шаруашылығымен айналысатын кооператив құрған шаруаларға мемлекеттен субсидия беріледі" деген хабардан кейін кооператив құруға асыққандардың бірі. Көршілес ауылдарда кооператив құрып, субсидия ала бастағанын көрген ол ауылдастарын бірігіп кәсіп істеуге шақырған.
Your browser doesn’t support HTML5
ШАРУАЛАР ШАҒЫМЫ
- Былтыр желтоқсанның 2-сінде Сунақата ауылының көптеген жеке шаруалары кооперативке біріктік, сөйтіп кооперативтегі сиыр саны 513 басқа жетті. Мал тұқымын асылдандыру үшін субсидия алатынымызға сенімді болдық, - дейді ол.
Алайда көп ұзамай-ақ ауыл тұрғындарының үкіметтен жәрдем болады деген үміті үзіле бастаған. Оған үкіметтің биыл қаңтар айында шығарған "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" қаулысы себеп болған.
Қаулы бойынша кооперативтің әрбір сиырына шаққанда үш гектардан жері болуы тиіс екен. Ондай жерді қайдан аламыз?
- Бұл қаулы бойынша кооперативтің әрбір сиырына шаққанда үш гектардан жері болуы тиіс екен. Ондай жерді қайдан аламыз? Өйткені кооперативке біріккендер негізінен ұсақ шаруалар. Оның үстіне әр шаруаның жерінің мемлекеттік актісі бөлек. Әлі жұмысы жүрмеген кооператив үшін олар қолындағы аз-маз жерінің құжатын қайта жасап, ортақ жерге айналдыра алмайды. Тіпті, жерінің мемлекеттік актісін бұзып, қайта жасауға да қыруар қаражат керек, - дейді Ақынбай Сариев.
Шаруа "әр сиырға үш гектардан жер болуы тиіс болса, сиыр көбейген сайын жер де ұлғая беруі тиіс пе" деп таңырқайды. Оның сөзінше, мемлекеттен көмек аламыз деп кооператив құрып, құлшына бастаған ауыл шаруалары қазір дағдарып тұр.
Жаңақорған ауданындағы теміржол бойында орналасқан Талап станциясының тұрғыны Сатылған Ниязов та кооператив құрып, субсидия алуға әрекеттенген.
- "Кооперативке бірігіңдер, құрылтайшылар 20-дан, сиыр саны да елуден кем болмауы керек" деген соң іске кірістік. Ол кезде "кооперативтің меншікті жері болуы тиіс" деген сөз жоқ еді, - дейді ол да.
Сатылған Ниязовтың сөзінше, кооперативке ұйымдасуды насихаттаған билік өкілдері кооператив мүшелері ауыл айналасындағы әкімдікке қарасты жерді пайдалана беретінін айтқан.
- Әр сиырға үш гектардан жер болуы, оның кооперативке бекітілуі тиіс болса, онда кооператив мүшелері иен даладан жер алып, сонда көшіп бара ма, қисынға келмейді, - деп ренжиді ол.
Жаңақорғандық шаруалар "енді кооперативті жабу үшін де мол ақша керек" деп қынжылады.
"ҚАУЛЫ ҚАЙТА ӨЗГЕРЕДІ"
Азаттыққа хабарласқан Жаңақорған ауданы шаруалары үкімет қаулысымен жаңа талап қосылғаннан кейін бұрынғы ынта азайып қалғанын айтады. Үкіметтің кооперативтерге субсидия беретіні белгілі болған соң кейбір ауыл шаруалары бірігіп, былтыр алғашқы субсидияны алып та үлгерген.
- Бұл субсидия жері жоқ, малы аз, өз бетінше шаруа қожалығын дөңгелетіп кете алмай отырған қарапайым тұрғындарға үлкен көмек болды. Мемлекет жәрдемдесетінін көрген жұрт жаппай кооперативтерге біріге бастады. Сөйтіп субсидия талабы бойынша асыл тұқымды бұқа сатып алып, малды көбейтіп, тұқымын жақсартуға құлшына кіріскен. Енді соның бәрі текке кеткелі тұр, - дейді олар.
Шаруалар ауыл шаруашылығын кооперативтер құру арқылы дамыту жөнінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке өзі тапсырма беріп, жеке қадағалауында болатынын айтқанын еске алады. "Президент үкіметтің ойланбай қабылдаған қаулысынан хабарсыз" деп санайды.
Шаруалардың сөзінше, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан аудан аралап, кооперативтің мән-жайын насихаттап келген өкілдері үкімет қаулысын өздері де түсінбей отырғанын айтқан.
Азаттық тілшісімен сөйлескен Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері Медет Заненов шаруалардың шағымдарымен таныс болып шықты. Оның айтуынша, "кооперативтерде әр сиыр басына үш гектардан жайылым болуы тиіс" деген норманы алып тастау жөнінде үкіметке өтініш жіберілген.
Азаттық шаруалар шағымы бойынша ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазған еді. Ауыл шаруашылығы кооперациясы департаментінің хабарлауынша, "жергілікті атқарушы органдардан ауыл шаруашылығы субъектілерінің аталған нормаға сәйкес бағдарламаға қатыса алмайтындығы жайлы көптеген шағымдар түскен. Осыған орай әр мал басына үш гектар болуы тиіс дейтін норманы жою жөнінде жұмыс істеліп жатыр". Ресми жауапта даулы норманың күші қашан жойылатыны жазылмаған.
Биылғы сәуір айында премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Қазақстан бойынша бордақылау алаңдары үш есе көбейтіліп, шаруаларға әр асыл тұқымды ірі қара мал басын сатып алғанда қайтарымсыз 150 мың теңге субсидия берілетінін айтқан. Министр қайтарымсыз қаржылай көмек кооперация мүшелеріне де бөлінетінін хабарлаған.
2015 жылы күзде "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" заң күшіне енген. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "ауыл шаруашылығының құрылымын өзгеріп, кооперативтер негізгі ядросына айналуы тиіс" деп мәлімдеген. Осыдан кейін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөнінде республика бойынша түсіндіру жұмыстары басталып, билік ауыл тұрғындарын кооператив құрып, субсидия алуға шақырған еді.