Ақтөбеден 150 шақырым жердегі Хромтау ауданы Бөгетсай ауылының тұрғыны Қаламқас Бекина күйеуі ала жаздай жем-шөптің қамымен жүретін әйелдердің бірі. Ол күйеуі Нұртуған Қонысбаевтың ауылдан 30 шақырымдай жерде шабындық жері бар екенін айтады. Отағасы күндегі әдетімен таң атар-атпастан сонда кеткен.
- Күйеуім Жаркөл деген жерде шөп шауып жатыр. Осындай аптапта жасы 60-тан асқан адамға шөп шабу да оңай шаруа емес. Өзге амалымыз жоқ. Қыста қораға қамалып, қолға қарайтын малды аштан-аш қоя алмайсың, - дейді уақ малға шөп салып жүрген зейнет жасындағы әйел.
Қонысбаевтар отбасының көршісі Рысбике Жетпейісова да Азаттық тілшісі барғанда қорасындағы бұзауларына шөп салып жүр екен. Оның айтуынша, Бөгетсайдың айналасында бейберекет шашылып жатқан қоқыс көп. Сондықтан тұрғындар бұзауларын көгалға емін-еркін жайып жібере алмайды. Полиэтилен қалта мен полипропилен жіптерді жеп (ауыл адамдары «шпагат жіп» деп те атайды - ред.) арам өле жаздаған уақ малы үшін алаңдаулы әйел «шөп шақ келтірмесе» де, бұзауларын қысы-жазы қорада ұстауға мәжбүр.
- Жыл сайын жазда 2 мың бума (тюк – ред.) шөп түсіріп аламыз. Жаз кезіндегі ең үлкен шаруамыз – осы. Биыл біздің ауылда бір бума шөптің бағасы 200 теңге болып тұр. Қалтадан қаржы суырып беріп сатып алатындай шамамыз жоқ, әрине. Қарызға аламыз, малға ауыстырамыз. Одан қалды балаларым қол күші жетпей жатқан жерлерге жалданып, еңбекақысына шөп алады, - дейді зейнеткер.
Рысбике апайдың жасы отыздан асқан үлкен ұлы Сәндібек Бөгетсай мен көршілес Көктау ауылындағы кеніште вахталық әдіспен жұмыс істеп жүр. Екінші ұлы Бағдат аудан орталығы Хромтаудағы жанар-жағар бай бекетінің күзетшісі. Бөгетсайда жұмыс жоқ болғандықтан Хромтау мен Көктауға қатынайтын ағайынды екі жігіт қолдары қалт етсе, шаруа қожалығы бар ауылдастарына жалданып шөп шабады. Өйткені өздерінің шабындығы да, техникасы да жоқ.
- Ел іші болғасын «техникам жоқ, ақшам жоқ» деп қол қусырып отырмайсың. Бүгінге дейін 1600 тюк түсіріп қойдық. Оның жартысын қарызға алдық. Ауылда қолма-қол ақша бола бермейді. Ал қарызға алсаң, түбінде бір бересің. Арасында той-томалақ болса, қарызымызды төлей алмай кідіртіп қоятынымыз да бар. Той-томалаққа да баруымыз керек қой... Ондай кездері шөп сатқан ауылдастарымыз түсіністікпен қарайды. Ауылдың сол жері жақсы. Қалада қолма-қол ақша болмаса, ешкім ештеңе бермейді ғой. Шүкірміз, - дейді Рысбике Жетпейісова.
Маусымдық жұмыстың пайдасын шабындығы бар шаруалар да көріп қалуға тырысып жатыр. Әйтеке би ауданы Аралтөбе ауылының тұрғыны Жеңісбек Мақатайұлы өз малы мен жалдамалы жұмысшыларының еңбекақысынан ауысқан шөпті саудаға шығаратынын айтады. Бірақ қолына ақшалай табыс түсетін кезі аз. Шөпті көбіне малдың жеміне, жанар-жағар май мен төрт түлікке айырбастайды. Аралтөбеде де Бөгетсай ауылындағыдай бір бума шөптің бағасы – 200 теңге. Әр буманың салмағы 20 келі тартады.
- Шөп шабуға маусымның 15-інен кейін қам қыла бастадық. Ауыл маңында 800 гектар шабындығым бар. Бидайық пен боз сияқты алуан түрлі шөп өседі. Совет Одағының кезінде бұл жерлерге мал азығын егіп, бидайық өсірген деседі. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Өзі өсіп шыққан шөпті ғана шабамыз. Техникам түгел. Бірақ қол күші жете бермейді. Сондықтан тракторист, көлік жүргізуші мен шөп тиеп беретін жұмысшы жалдауға мәжбүрміз, - дейді Жеңісбек Мақатайұлы.
Аралтөбелік шаруаның сөзіне қарағанда, шөп шабу науқаны әдетте қыркүйектің соңына дейін созылады. Күн ашық болса, жұмыс қазан айының алғашқы он күндігінде де жалғаса береді. Әзірше ауыл тұрғындары бір бума шөпті 200 теңгеден алып жатыр. Олар күзге салым ұсыныспен қатар жауын-шашын көбейгенде бір бума шөптің бағасы 150 теңгеге дейін арзандайды деп үміттенеді. Бірақ тұрмысы төрт түлікпен тығыз байланысты ауыл тұрғындары мал азығын алдын ала қамдап қойғанды жөн көреді.
Ресми мәліметке сәйкес Ақтөбе облысы бойынша 177 мың гектар алқапқа мал азығына жататын дақыл егілген. Жергілікті билік гербицид пайдаланған шаруашылықтарға субсидия бөліп, дизель отынын арзан бағамен жеткізіп береді. Биыл облыстағы шаруашылықтарға қажетті 2 миллион тонна мал азығының жартысынан астамы жиналған. Соңғы уақытта облыс әкімдігі қажетті мөлшерде жем-шөп жинаулары үшін шағын шаруашылықтарды кооперативтерге бірігуге үндеп жатыр. Ал қолындағы ұсақ малына жем-шөп жинаушылар тек өз күштеріне сенуге мәжбүр.